Су тапшылығы болмасын десек

0
943

Талдықорған егістіктері мен Ескелді ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері суару желілеріндегі құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуына байланысты тағы да қиын жағдайға тап болуы  мүмкін. Жобаның жалпы  құны бір миллиард теңгеден асады.  Алайда  қаржы тапшылығына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Бүгінде 19 каналдың  біреуі де  дайын емес. Неге?  Себеп қандай?  Осы орайда  «Қазсушар»  РМК  Алматы филиалының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Талдықорған өндірістік учаскесінің басшысы  Мырзахан Әбдішевке  хабарласып,  өзекті мәселенің түйінін тарқатып   беруін сұрадық.

Мекеме басшысының сөзінше, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында шаһарда қаланың суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстары 2020 жылдың күзінде аяқталуы тиіс. Алайда, бүгінгі күнге дейін жұмыс аяқсыз қалып келеді. Бұл жобаға тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы, жобалаушы «Аспект Строй»  ЖШС,  бас  мердігер «Монолит» ЖШС болып табылады. Ал,  жоба  құны 1,8 млрд. теңгені құрайды.

«Күрделі құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталды. Қаланың суару желілерінің жалпы ұзындығы 132,2 шақырымды құрайды. Оның ішінде күрделі құрылыс 113,2 шақырымды қамтыды. Бұл ақша бір жылдың ішінде игерілуі  керек еді. Өкінішке орай,  екі жыл өтті, нәтиже жоқ. Жалпы, қанша жұмыс атқару жоспарланған дегенге келсек,  жобаға 19 каналды жөндеу және күрделі құрылыс жұмысы, оларды механикалық тазалау, лоток  желісін тарту,   гидротехникалық құрылыстарды ауыстыру сынды  жұмыстар кіріктірілді. Мұның  барлығы қолданыстағы 6,2 мың гектар егістік алқапқа қосымша 1,5 мың гектарды айналымға енгізуге мүмкіндік берер еді. Жөндеу аяқталған  соң сумен қамтамасыз ету жақсарып, шығын азаюы тиіс болатын.

Қазіргі таңда 19 каналдың бірде-бірі соңына дейін  жасалып біткен жоқ. Бас мердігер  «Монолит» ЖШС-нің  жұмысына  жауапсыздық танытуына қаржыландырудың жоқтығы себеп болып отыр.  Одан кәсіпорын жанар-жағармайларды да, басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып ала алмайды» – деген  М. Құдайбергенұлынан    егер барлық канал жойылса, егістіктерге су қалай берілетіні туралы да сұрағанбыз.  Бұл орайда мекеме басшысы:

– Әрине,  2021 жылғы суару маусымы үлкен мәселелермен өтті. Уақытша айналма каналдар салған мердігер жұмыс кестесін бұзуына байланысты суды 2021 жылдың 15 мамырында ғана бере алдық. Топырақ каналдары – бұл  бағалы суару суының үлкен  шығыны, оның түбі   мен  беткейлері  бөлшектелген құрылыстар арқылы ағуы,осының барлығы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің елеулі наразылығын тудырды. Әрине, оларды түсінуге болады. Су жеткіліксіз болса, жақсы егінді қалай өсіруге болады. 2021 жылы табиғи апаттар мен қалыптасқан жағдайға байланысты каналдарға су айналымын енгіздік, сол арқылы жағдайдан шығып, тауар өндірушілер алдындағы шарттық міндеттемелерімізді орындадық. Өкінішке орай, каналдағы жұмыс әлі басталған жоқ. Бұл жағдай бізді  алаңдатады және құрылысты жалғастыру және нысанды мүмкіндігінше тезірек аяқтау үшін барынша қатаң шаралар қабылдау қажет, – деді.

Айта кетейік, күні кеше  облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен өткен алқалы жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралып, онда суару желілерін салу мәселесі де нақты айқындалды.

С. БАЗАРҚҰЛОВА


ПІКІР ЖАЗУ