ЖАҚҰТ МЕКЕН ЖЕТІСУ
Елімізде табиғаты сұлу, көрікті орындар жетерлік. Иісі аңқыған, гүлдерге толы құлпырған дала мен биіктігі бұлттарға дейін жететін аспан таулар немесе табиғаттың тылсым құпияларына толы түрлі мекендер бар. Мұндай жерлердің жұртшылық қызығушылығын арттырып келетіні қуантады. Алыс-жақын шетелдіктердің қызығушылығын арттырған орындарға саяхаттап бару бізге де бұйыыпты.
Ат басын тіреген елді-мекен – Жетісу жерінің сұлу аймағы аталатын, хан тәңірі, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған өлкесі – Кеген ауданы. Атап айтсақ, Алатау мен Аспан таудың (Тянь-Шань) табиғи байлығы саналатын – Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы. Бұл ауданда орналасқан осы аймақтарға келу – кез келген турист үшін қызық әрі жұмбақ.
Көлсай – күнгей Алатаудың Күрметі және Саты асуларынан бастау алған кішігірім өзендер: Шелек, Қайыңды, Көлсай суларынан пайда болған үш көл жүйесі. Олар 1887 жылы және 1911 жылдары пайда болған. Әлемге әйгілі көлдің екі ғасырға жуық тарихы бар. Ал Мемлекеттік Ұлттық парк болып 2007 жылдың ақпан айында ҚР үкіметінің №88 қаулысы негізінде құрылған. Бүгінде ол – ең жас саябақ саналады. Сол себепті де Көлсай табиғатқа жаны құмар жандар үшін шебер мүсінделген тау шатқалдарындағы табиғат көрмесі тәрізді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның мұндай көрікті жерлеріне көптеген туристік фирмалар арқылы баруға мүмкіндік бар. Олар жолаушыларды тасымалдап, арнайы демалысты ұйымдастырумен қарқынды айналысады. Әсіресе, демалыс күндері саяхаттаушылардың саны күрт өседі екен. Саяхатқа туристік автобустар Алматы қаласынан әдетте таңғы сағат 06:30-да жиналып, жолға шығып, түнгі сағат 11-лер шамасында қайтып оралады.
Табиғатына қарасаң көз тоймайтын өлкеде небір көрікті дүниелерге куә боласың. Жап-жасыл, жазық далаға көз жүгірткен кез келген жанның миы сергіп, демалып қалары анық.
Бірінші бағыттағы аялдаған жер – Көлсай көлі. Ол Алматы қаласынан 280 шақырым жерде орналасқан. Автобуспен барсаң шамамен 4 – 4,5 сағат жол жүру керек. Кеген ауданына кіргеннен бастап, Көлсайға жеткенше үш ауылды басып өттік. Жалаңаш (Жалағаш), Қарабұлақ пен Саты елді мекендері. Бұл ауыл Қазақстандағы ең бай ауылдардың көшін бастап тұр екен. Отандық белгілі режиссер Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина» және «Аким» атты екі фильмі де осы Саты ауылында түсірілген. Бұл жерде кез келген үй иесі туристерді үйіне қонақ етуге әзір. Қарапайым жандар өз үйлерінен асхана ашып, жолаушыларды түскі және кешкі астармен тамақтандырып, тіпті, кейде түнейміз деушілерге де орындар дайындап береді. Шап-шағын ауыл туризмнің қыр-сырын кәдімгідей меңгеріпті. Мұндағы халық туристердің арқасында өз нәпақаларын тауып отырғандарын айтады. Ауылға тоқтап, бел жазып ендігі 15 шақырым қалды деген сәтте көңіліміз бен лүпіл қаққан жүрегіміз Көлсай жаққа бізден бұрын жетіп алған тәрізді.
Осы арадан шамамен бір сағаттай жол жүрсең, Алатаудың арғы бетін жайлаған айырқалпақты ағайын, қырғыздармен шекаралық асуға тап боласың. Оның арғы жағында мұнартып – Ыстықкөл жатса, ал бергі жағында жаңағы сөз еткен Көлсай көлдері жарқырайды. Қырғызстанмен шекаралас жатқандықтан мұнда келушілер өзімен бірге жеке куәлігін алып жүруі тиіс. Өйткені демалыс аумағына кірмес бұрын шекара қызметкерлері барлық демалушының төлқұжатын тексереді. Ал өзімен болмаған жағдайда ҚР ӘК 510 бабына сәйкес 5 АЕК айыппұл салынады. Яғни, шамамен он бес мың теңгеге жуық айыппұл төлеуді қажет етеді. Мұнан соң келушілер табиғи парктің аумағына кіру үшін ең бірінші эко-посттан өткізіледі.
Жоғарыдан түсіп келе жатқанда үш көлдің бірінші төменгі соқпағы көзге түседі. Демалушылардың көбі Көлсайдың бір емес, бірдей үш көлінің барын біле бермейді екен. Саяхаттаушылардың басым бөлігі бірінші Көлсайға барып, көркем табиғатын көріп суретке түсіп, таза ауасымен тынығып қайтады. Ал біріншісі мен екінішісінің арасы 8 шақырым. Екінші Көлсай теңіз деңгейінен 2250 метр биіктікте орналасқан. Ол жерге атпен немесе жаяу жүріп қана жете аласыз. Біз таза ауада серуендеп, жаяу жүргенді жөн көрдік. Ну орман арқылы алуан ирық жолдарды еңсердік. Алайда ол, бізге керемет әсер сыйлады. Шыдамды, төзімі берік жандар екінші Көлсайға көп келеді екен, оның ішінде шет елден келіп жатқан туристер бар. Мәселен, жол жөнекей автотұраққа көліктерін қойып түсіп келе жатқан шет елдік туристерді кездестірдік. Олардың көрікті Көлсайды көруге мыңдаған шақырымды артқа қалдырып келгенін көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді екен.
Ортаңғы Көлсайға жеткенде тұмса табиғаттан көзімізді бір сәтке ала алмай тұрып қалдық. Екі таудың ортасын қосып жатқан көлді көріп қайран қаласың. Қарап тұрып қолдан жасалған қойма дерсің. Мәселен, Қапшағай су қоймасын Іленің суын бөгеп, қолдан көл еттік. Ал мынау табиғаттың сыйлаған кішкентай тылсым сыйы ғана. Мұнда келіп осы сезімді сезінген бір басқа.
Көлдің жағалауында қайықтар мен катамарандар қойылып, жалға беріледі екен. Егер ауа-райы қолайлы болса, онда демалушыларға жүргізуге рұқсат етіледі. Алайда жел соғып, күн бұзылса, онда жәй ғана жүргінші жолдарды аралауға мүмкіндік бар. Ауа-райының қолайлығына байланысты біз катамаранды жарты сағатқа жалға алдық. Жүргізуді білмейтін, мүлдем жүргізіп көрмеген көлігімізді біресе ары, біресе бері бұрып жәйлап түсініп алдық. Көлдің ортасына келген бетте жан-жағымызға көз тастадық. Иә, келушілердің ішінде тау сұлулығына тамсанып жүргендерге қарап, тау сұлу ма әлде су сұлу ма дейсің… Осындай бір тұмса табиғаттың үзіліп түскен бір бөлігі алдыңнан жәудіреп шығып тұрса көңілің де, жүрегің де тазарып шыға келетіндей. Таудың басындағы жап-жасыл қарағай, шыршалардың бейнесі судың бетіне түсіп, оны жақұттай жасыл түске бояйды. Суға түскен көк шалғынға көз тастасаң, айдын беті көкпеңбек болып жалтырай түскенін байқайсың. Қаракөк бұлт басқан аспаны да түстеніп, мың құбылады. Жақұттан алқа тағып, аппақ бұлттан сәукеле киіп, жап-жасыл көйлегінің етегі желбіреген Көлсай бір кездері қыз болыпты десе, сенетіндей-ақ екен. Бұлай деп тұрған себебім, автобуспен келе жатқанда жол қысқарсын деген ниетпен біздің гидіміз (жол бастаушы) осы Көлсай жайлы ел аузында қалған аңыз-әпсаналарды айтқан болатын. Солардың бірі – өзара дос болған бай мен кедей отбасылары туралы. Ертеде дәулеті тасыған бір бай отбасының үш қызы және жарлы отбасының жар дегенде жалғыз ұлы болыпты. Уақыт өтіп, балалар ер жеткенде байдың қыздары әкелеріне бірінен кейін бірі келіп, жарлы көршінің баласына тұрмысқа беруін сұрайды. Басы әбден қатқан бай не істерін білмей, Құдайға жалбарынып көмек сұрайды екен. Сонда құдіреті күшті тылсыммен үш қыз көлге, ал жігіт осы көлдерге құятын өзенге айналып кетеді. Жұрттың айтуынша, ынтық жүректер осылайша бір-бірімен табысқан.
Осылай терең ойға бойлап кеткенде жарты сағат уақытымыз да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жағалауға келіп көлікті иесіне тапсырып, сол маңда жиналып тұрған ұжымымызға қарай бет бұрдық. Олар Көлсайдың сол жағалауымен серуендеуге жиналыпты. Солайша сол жақ жағалауды бойлай жүріп кеттік. Бұл соқпақ – төменгі Көлсайдың бар сұлулығын ашатынын соңына жеткенде бірақ аңғардық. Жол бұралаң болмағанмен, еңістері мен өрлеулері көп. Сол себепті гид артынан ерген туристер бірде жылдам, бірде баяу жүрулеріне тура келді. Ашық алаңқайға шыққаннан кейін көргеніміз көзжеткісіз биік таулар мен көпғасырлық, ұзын-сонар ағаштар.
Туризмнің түр-түрі бар екені бізге мәлім. Алайда бұл маңдағы туризм – тұмса табиғат аясында демалғысы келгендер үшін таптырмайтын жер дер едік. Мұндай кереметті ең бірінші көзбен көру қажет. Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын пайда болған бұл көлдердің көздің жауын алар сұлулығына мұндағы бай өсімдіктері мен жан-жануарларын да қосыңыз. Бұл аумақта жан-жануардың 226 түрі, өсімдіктің 704 және құстың 197 түрі кездеседі.
Көлсайдың басында демалушыларға арнап салынған заманауи үйлер бар. Жоғарыда айтып өткен Саты ауылында да мұндай демалыс орындары бар. Алайда Көлсайдағы баға неғұрлым арзанырақ. Мәселен, Саты ауылында екі адамдық демалыс орны он бес мың теңге болса, Көлсайдағы баға сегіз мың теңге. Бұл соманың ішіне екі жерде де таңғы ас кіреді. Сонымен қатар Көлсайдан қазақ үйлерді де жалға алуға мүмкіндік бар. Оның бағасы жиырма бес мың теңгеге дейін барады. Ал дастархан мәзірі үшін қосымша төлем қажет. Тағы бір айта кетерлік жайт, мұнда интернет ұстамайтындықтан, туристерге өздерімен бірге ақшаларын қолма-қол ұстап жүрулері тиіс.
Көлсай көлдерінің туризмі алғаш дамып келе жатқан сәтте, яғни, 2007 жылы мұнда келушілер саны 6-7 мыңдай ғана болса, бүгінде мұнда демалушылар саны 45-50 мыңға жуық екен.
Өлкеміздің ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған Көлсай – мінсіз сұлулықтың қандай боларын дәлелдеп бергендей. Ең бастысы осындай баға жетпес құнды өлкеміздің туризмі одан әрмен дамып, көптің көзайымына айналып жүре берсе екен деген ниеттеміз. Шығармашыл адамдар осындай табиғат аясынан жанының тыныштығын іздейді. Бізде дәл сол тыныштықты осы керемет өлкеден таптық. Жетісудің Жеті кереметінің біріне осы Көлсай көлдерін ойланбастан жатқызуға болар.
Төменнен жоғарыға көтерілген сәтте жаңағы мың құбылған бұлт біздің дәл төбемізден құя жөнелді. Құдды бір, қыдырып, серуендеп болдыңдар, енді, үйлеріңе қайтыңдар деп белгі бергендей… Барлығымыз дереу жүгіріп, автобус ішіне кіріп, ары қарай жолдан өткен Саты ауылына түскі ас ішуге жол тарттық. Ауылға тоқтап ауқаттанып алғаннан кейін келесі Шарын Шатқалына қарай жол тарттық.
Жаяу жүріп әбден шаршаған жолаушылар автобус ішінде бір сәт тыныштық орнатып, барлығы ұйқыға оранды. Бір мезетте микрофонмен сөйлеген жарқын шыққан үн естілді. «Шарын шатқалына жеттік. Бұл Қара шарын деп аталатын түрі, яғни, Черный коньон деп те атайды», – деп сөз сөйлеп тұрған жол бастаушымыздың даусынан ояндық. Сыртқа шықсақ бұл жақта жауын жоқ екен, керісінше күн тас төбемізден түсіп тұр. Мұнда барлығы суретке түсіп, қап-қара түзілген тау шатқалына, оның ортасын қақ жара ағып жатқан өзенге қарап тамсанды.
Біздің басты мақсат Үлкен Шарын шатқалдарының ортасымен жүріп, Шарын өзенін көру болғандықтан, мұнда ұзақ аялдамадық. Ал келесі тоқтаған жеріміз осы үлкен шатқалдың бір бөлігі Ақ шарын (Лунный коньон) болды. Бұл жердің «Лунный коньон» аталу себебі, төбесінен қарағанда тау қыртыстары айдың пішініне келеді екен. Ал Ақ Шарын дейтіндері – түзілген тастар ақ сарғыш өңді. Сонымен қатар көпшілік халық, мұны киіз үйдің пішініне ұқсатады дейді. Расында, мән беріп көз жүгіртсең, жазық далада тігілген ақ киіз үйлер көзіңе елестейді.
Алып аңғар, қызғылт қамалдардан өтіп үлкен Шарынға да жеттік. Бұл жердің де халық арасында «Долина замков» деген атауы бар. Мұны Американың аты әйгілі Гранд шатқалының кішірейтілген көшірмесі деп те атайды екен. Оның бұл аумақта пайда болғанына 12 млн. жылдан астам уақыт болған. Бұл ғажап мекен 2004 жылдың 23 сәуірінде Шарын Ұлттық паркінің құрамына кірген. Мұндағы таудың биіктігі 300 метр. Ал жалпы шатқалдың ұзындығы 3 шақырымға дейін жетеді.
Шатқал арасында жай көлік жүре алмайтындықтан, демалушылар төменге Уазик автокөлігімен немесе жаяу жетуге мәжбүр. Адам саны көп болған соң біз жаяу жүргінші жолын таңдадық. Бір жағынан өзімізге де шатқалдардың ортасымен жүру қызығушылық тудырды. Төбесі көкке тиіп тұрған үлкен тастар өздігінен салынған ертегілер қаласын еске түсіреді. Пішініне қарасаң құдды бір қолдан салынған ғимарат, мұнараларға өте қатты ұқсайды. Алып тастардың биік нүктесін бағындыру үшін асқан шыдамдылық пен төзім қажет-ақ. Шатқалды аралап, оған толық бас сұққанда ғана онымен таныса бастадық. Егер алып тастардың қасынан ілгері өтіп, жолмен тіке беттесең түрлі-түрлі көріністерге тап боласың. Таудағы үлкен тастарға қарап, ой-қиялыңызды қосар болсаңыз, мұнда көзіңізге жан-жануардың да, адамның да түрлі бет-бейнесі елестейді.
Бұрынғы уақытта ежелгі адамдар мұнда жындар мен мыстан кемпірлер өмір сүреді деп есептеген. Сондықтан болар, кейбір жартастар «Жалмауыз кемпір» шатқалы, «Айдаһар» секілді атауларға ие болған.
Шатқалмен төмен қарай түскенде жолдың оң жақ шетінде туристерге арнайы тақтайша жасалған және жаяу жүргіншілердің тынығуына арналған отырғыштар жасалыныпты. Мұнда олар өздерінің неше шақырым жүріп өткендігін, сондай-ақ ендігі қанша шақырым қалғандығын анықтай алады. Тағы бір айта кететін жайт, мұнда жан-жақта дүкендер болмағандықтан әрбір адам өзімен бірге су алып алуы міндетті.
Алғаш көрген жанға сондай әдемі, бір жағынан әсемдігімен қоса айбарлы, суық, қорқынышты елестейтін бұл каньон кімге болсын жұмбақ. Бұл өңірде өсетін өсімдіктер де мүлдем бөлек, түрі де мол. Үңіліп қарасаңыз, өсімдіктері, тіпті, бақа-шаян, құрт-құмырсқаларына дейін дараланып тұрады. Бүгінде бұл маңда 940 түрлі өсімдік өседі. Оның 60-қа жуығы эндемиктер, ал жиырма бірі Қызыл кітапқа енген өсімдіктер. Сүт қоректілердің – 60, құстардың – 300, бауырымен жорғалаушылардың – 20, ал балықтың он түрі бар.
Ұлттық баққа келушілердің қатарында туристер де жетерлік. Тіпті, олар үлкен сөмкелерін асынып, шатыр тігіп, қонуға арналған жағдай жасайды. Олардың сөзінше, мұнда тылсым күш, құпияға толы орындар көп. Сондықтан да оның барлығын зерттеп үлгергенге бір немесе екі күн жетпейді дейді.
Шарын шатқалына көктемде барған қолайлы. Сәуір айынан бастап маусым айына дейін немесе қыркүйек-қазан айларында барса, бұл жақтағы табиғатты тіптен сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Ал жаз айларында шатқалдағы аптап ыстық өз күшіне енеді. Ауаның температурасы 36-38 градусқа дейін көтеріледі екен. Өсімдіктері де кеуіп, шатқалға түскен күн сәулесі тастарды да қыздырып, келген жандардың дегбірін алуы мүмкін. Ал қысы керісінше өте суық болады. Қысқы мезгілде шатқалда боран соғып, мұндағы ауа температурасы алты градустан төмен болады.
Сонымен қатар шатқалдағы Шарын өзінінің аңғарында ежелгі заманнан бері сақталған шағын тоғай бар. Бұл Ерен тоғайы деп аталады. Ол Орта Азия мен Қазақстан аумағында ғана сақталған өте құнды жәдігер екен. Ертедегі геологиялық замандардан бері өсіп келе жатқан ерен ағашының тоғайы қазіргі кезде дүниежүзінің екі аймағында бар. Оның бірі осы Шарын шатқалының өзең аңғарында болса, екіншісі Солтүстік Американың Невада штатындағы «Гранд» шатқалында. Ерен ағашын орысша «Ясень» деп те атайды екен.
Айта кететін тағы бір қызық жайт, осы ерен ағашы динозаврлар кезеңінің көне мұрасы ретінде белгілі екен. Ол тіпті, мұз дәуірінде міз бақпай, тірі қалған. 1964 жылдан бастап ерен тоғайы табиғат ескерткіші деп жарияланған.
Шарынның ішін аралай өзен аңғарына да жеттік. Тақтайшадан қарасақ 3 шақырым жүріппіз. Өзен жанында да отыруға арналған отырғыш бар және жерден шығып тұрған таудың суын кранмен алатындай, ыңғайлы етіп жасап қойыпты. Келген туристердің барлығы осы суды бөтелкеге толтырып алып жатыр. Бұл жерде ауылдың жергілікті бүркітшілері де жүреді. Олар келген қонақтарға көзі қырағы құстарын суретке түсуге жалға береді.
Біз судың аңғарымен бойлап, ағысы қатты өзенге көз тастап, Ерен ағашын өз көзімізбен тамашалап қайттық.
Шатқалды біраз аралап, таудың салқын суынан ішіп, естелікке суретке түсіп жүргенде қас қарайып, күн де батты. Біздің саяхатымыз өз межесіне жетіп, ендігі кезекте Алматы қаласына қайтуға жиналдық. Барлық туристер автобус маңына жиналған соң, түгенделіп жолға шықтық. Өте керемет әсерге толы болған бір күндік саяхат барлық жанның көңілінен шықты.
Табиғаттың сыйы, ғажайып жерлерді суреттен немесе теледидардан көру бір басқа, ал көзбен барып көру бір басқа. Шарын шатқалына ат басын бұрып, ондағы биік қорған-қамалдарды, өзге де дүниелерді кез келген жанға тамашалауға болады. Алматы қаласынан онша қашық емес, 200 шақырымдай жерде орналасқан осындай әдемі орын кімнің болса да қызығушылығын тудыратыны анық.
Бір қарасаң айбарлы жануарға, бір қарасаң әйел адамның бейнесі, енді бір қарасаң биік мұнаралар тізбегіне ұқсайтын қыраттар – сағымдар әлемінен мұнартып, неше түрлі бейнелерді суреттейтін тәрізді. Мұндағы жұрт мұнаралардың ішінен гуілдеп соққан дауылды жел түрлі дыбыстар шығарып, жын-пері мекеніндей болып кетеді деген болатын. Ал біздің пайымымызша, бұл ешқандай да жын-перінің мекені емес, керісінше Алланың өзі ғажап етіп жаратқан аңғарлар желдің үнімен, шатқалдың даусымен қосылып табиғи қоңыр үн шығаратын тәрізді…
Әсілі, табиғат-ана шебер ғой, шіркін! Еліміздің табиғи көрікті жерлері талайдың таңдайын қақтырады-ау. Қазақ жеріндегі шексіз далада табиғат ананың қолынан шыққан керемет туындылар жетерлік. Соның барлығын көзіңмен көріп, ауасымен тыныстай білсең, өмірдің бар рақатын сезінгендей күй кешетінің анық. Өз жеріңнің кереметін сезіне білген адамға бұдан асқан бақыт жоқ шығар…
Арайлым НҰРЖАПАР
ТАЛДЫҚОРҒАН-АЛМАТЫ-КЕГЕН