Нұржігіт Жүнісбекұлының алғашқы кітабы шықты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру, адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту ісінің негізгі элементі — кітап оқу мәдениетін насихаттау – деген еді. Өйткені кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы,білім мен тәрбиенің қайнар көзі болып табылады. Кітап оқыңыздар, жетісулықтар! Алдарыңызда шежіреші –жырау Нұржігіт Жүнісбековтың алғашқы кітабы. Оның өлең-дастандары, шежірелері жазылған қолжазбалары кезінде ел ішінде кеңінен тарап кеткен. Сол жазбалардың сақталған нұсқаларын жинастырып, кітап етіп құрастырып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Жетісудың жырау мектебі негізін қалағандар
Ақындық өнер – қасиетті өнер. Жер жаннаты Жетісудың Қаратал-Көксу өңірінен талай белгілі жырау, ақындар, шешендер шыққан.
Солардың бірі — қазақтың аға тайпасы Ұлы жүздің ноқта ағасы, 13 ата Тарақ таңбалы Жалайыр Нұржігіт Жүнісбеков. Оның есімі Жетісудың жыраулар мектебінің негізін қалаған:
Қаблиса (Қабан) жырау Асанұлы (1733-1824 жж.)
Сиыршы (Байкөбен) баба ұрпағы Бақтыбай Жолбарысұлы (1835-1903 жж.)
Мырза Қыдыралы Меңлібайұлы (1868-1933 жж,),
Сыпатай Қалқа Жапсарбаев (1886-1976 жж.),
Күшік Мәулімбай Саяқбайұлы (1871-1919 жж.),
Сыпатай Мәйке ақын Байғозқызы (1858-1932 жж.),
Андас Керімқұл Назаров (1860-1929 жж.),
Сиыршы Темірғали Рүстембеков (1906-1976 жж.),
Андас Артық Жексембекұлы (1905-1981 жж.),
Бәйшегір Асыл Керімқұлұлы (1908-1973 жж.),
Есенгелді Ілімұлы (1872-1954 жж.) тағы басқалармен қатар аталады. Нұржігіт шежіреші олардың біріне шәкірт болса, біріне замандас. Жалайырдан талай дүлділ, суырыпсалма ақындар, шешендер шыққан, Құдай қаласа, аруақ қолдаса, алда да шыға бермек!
Қаратал-Көксу өңірінде өткен тарихымызды, ежелгі рухани қазынамызды жетік біліп, жалықпай жинап, артына баға жетпес мұра қалдырған ғұлама қарттар болған. Олар сол жиған-тергенін білген-түйгенін өзінше сұрыптап, қорытып, дамытып, қағаз бетіне түсіріп қана қоймай, тірлігінде замандас-тұстастарының құлағына сіңіріп, санасына құйып, жан дүние, ой-өрісінің өсіп-жетілуіне айтарлықтай үлес қосумен болған.
Дарынды, дара Нұржігіт Жүнісбекұлы
Шежіреші және жырау Нұржігіт ақсақал Жүнісбекұлы — Сиыршы Жақсымбет, Қаумен-Топайдан шыққан өзіне дейінгі, өзімен тұстас жыр алыптарынан үлгі ала отырып, өзіндік ақындық шежірелік шеберлігін ширатып, дамытып, көркемдік билігіне жеткізе білген Жетісудың белгілі, сыйлы, белді ақыны.
Ол ақындық дәстүрге тән белгілерді қолданумен қатар жанашырлығымен, өз ру-аталарының шежіресін жетік білетін, өзіндік стильдік дәстүрлі жалғастық көрінісі бар тұлға. Оның бойында керемет ақындық талант, қабілет, бейімділік, сөз өнерінің жауһар құндылықтарын бағалай, саралай білетін қасиет барлығы өлеңдерінде, дастандарында айқындалып тұрғандай.
Екі заманды көрген абыз ата Нұржігіт елдің тілі болған, заманның зілі мен зарын көтерген, мұңдыны жұбатқан, дүлейді тежеген, сараңды күйреткен, надандықты әшкерлеген, әділетті жақтаған, сөздің құнын өз ғұмырымен дәлелдеген ірі тұлға. Оның осы күнге дейін баспа бетінде жарық көрмеген мұрасын бір мақалаға, бір кітапқа сыйғызып қамту мүмкін емес. Бірақ соған қарамастан, әр буын Нұржігіт жырау, шежірешіні санамызға қайта жаңғыртуға міндетті.
Нұржігіт атаның бізге жеткен мұрасы көп қабатты рухани әлем. Оның өсиеттері, батасы, өлеңдері, дастандары, шежірелері бір бөлек әлем дүние. Сол мұраны жинап, газетке басу елден жинау, жеке кітап етіп баспаға әзірлеу насихаттау – бұлар екінші үлкен мәселе.
Нұржігіт абыз атаның киелі өмір иесі, тылсым болмысы бар жырау, шежіреші екенін мойындауымыз керек. Енді жырау шежірешінің туған, өскен жері, ататегі, тұрмыс жолы, өнер қонуы, ел ішіндегі беделі өзінен кейінгі мұрасының сақталуы, насихаттау тарихы, ұрпақтарының тағдырына көңіл бөлейік.
Нұржігіттің өмірдеректері
Нұржігіт Жүнісбекұлы 1903 жылы 25 ақпан айында қазіргі Ескелді ауданы,
(Октябрь колхозы) ауылында дүниеге келген. Әкесі Жүнісбек Малтабарұлы (1875-1924 жж.) мен анасы Даржан (Дарбала 1879-1930 жж.) колхоз мүшесі болған. Олар бес ұл — Бұршақбай, Нұрахмет, Баяхмет, Мырзахмет, Нұржігіт, 4 қыз – Дәнипа, Әнипа, Қайша, Мәйкен тәрбиелеп өсірді. Ата-бабаларының қыстауы Текелі аймағындағы Кеңсай, Тарсай болған, орта шаруа болып өмір сүрген. Атамыз 1927 жылы 15 шілдеде Мырза-Артық Сүгір қызы Нұрилаға ( 1911-1990жж.) үйленген. Жаршапқан ауылынан некесін қиған Ұлдарбек молда екен.
«Бес жігіт» дастанын қалай жазғандығы туралы ақын былай деген: «Осы өлеңді 25 жасымда жазған едім. Оны ескермей, жинақсыз әрбір парақ қағазда қала берген. Кейін ойыма түсіп 1947 жылы сол парақтардағы өлеңдерді жинап, құрастырып көшіріп, 1962 жылы жазып қойдым» — дейді.
Жасынан оқу-білімге зерек, халықтың арғы-бергідегі тарихи, әдеби мұраларын уызынан жарып, бойына сіңіріп өскен ол сөз өнерінен, ақындық дарыннан құралақан емес-тін. Араб әрпімен маржандай тізіп толтырған дәптерлері, Жетісу аймағындағы ел мен жер тарихынан сыр толғайтын шежіре, хикаялары, заман мен адам хақындағы, имандылық, тәубе-тәупиық, қанағат-рахым, мейірім-қайырым, ізет-ілтипат сықылды жалпы адами ізгі қасиеттер иірімдеріне бойлаған уағыз-толғамдары, өмірдің көнеден бергі ең өзекті философиялық өрістеріне шарлап, әрі уақиға желісімен де, әсерлі-әсем тілімен де тыңдаушы мен оқушыны кәміл баурап әкететін төл туындылары – қисса дастандары, өлең жырлары терең де мағыналы, маңызды.
Шежіре не сыр шертеді?
Сиыршы (Байгөбен, Тоқсары) қазақтың аға тайпасы, Ұлы жүздің «ноқта ағасы» 13 ата тарақ таңбалы Жалайырдың бір беделді, көп тараған көп тарихи тұлғалар шыққан руы екенін қазақ тарихында шежіресінде белгілі.
Кейбір егеменді ел болғалы қаптап кеткен білгіш шежірешілер сияқты Сиыршыны Бірманақтан таратпай, шежіреші бабасы Сиыршыны Сырманақтан тарағанын өлең, дастандарында анық жазады. 13 ата Жалайырдың ру-аталарының тізімдерін жазып, екі жерде 12 ата деп жазған. Бұл аудармашының қателігі сияқты, бірақ кестеде 13 ата Жалайыр Сыпатайды Супатай, Сопат деп жазғаны да кездеседі. Бірақ шежіреші Нұржігіт Сыпатайдың 3 атадан тарағандығын анық жазады.
Шежіренің ІІ, ІV бөліміндегі шежірелерінде Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз ру-аталары аралас жазылатындығына таң қалмасқа болмайды. Орақты ата — Жалайырдың «ноқта ағасы» екендігін тарихтағы орны туралы жазылмаған. Қарашапанды «қарашан» деп қате жазылғаны аудармашының қателігі болуы керек. Жалпы өзі шыққан Сиыршы Жақсымбет шежіресіне өте көп көңіл бөлген. Шежіреде өткен ғасырдың 70-ші жылдарға дейін өскен ұрпақтары толық қамтылған сияқты.
Енді көп сұрақ, талас тудыратыны Байгөбеннің (Тоқсарының) қалай Сиыршы аталғаны туралы шежіреші Нұржігіт Жүнісбекұлының осы кітаптағы екі нұсқасы бар: алғашқысын шежірені оқып, жинап, жазып жүргендерге керек болар деп қысқартпай толық бергенді жөн көрдім.
Сиыршы шежіресі
Сиыршы атамның ұрпақтары. Байбөген, Әлімбай. Байбөгеннің жалған аты — Сиыршы. Сиыршыдан туған балалар: Жақсымбет, Сырымбет, Тоқымбет, Жолымбет, Шалымбет.
Бұл бес атамызды «бес бет» деп атайды.
Ағасының құнын сұрауға жалғыз барған Байбөген
Байбөген, Әлімбай ағайынды адам. Сиыршының шын аты Байбөген. Ерте кезде ел арасы жер таласы, жесір таласы дегендей, екі елдің қақтығысынан Әлімбай атамыз Қарақалпақ елінің азаматынан қаза табады. Содан Қарақалпақ елі күш бермей, құн бермей кете барады. Бірнеше жыл өткеннен кейін Байбөген атамыз қарақалпақтан құн алу үшін Ұлы жүздің Табынынан көмек сұрайды. Әні-міні деп, құн алу үшін көмекке ешкім бара қоймайды. Содан Байбөген атамыз өзінің жанкүйер адамдарымен Қарақалпақ халқына аттанады.
Қарақалпақта Үргеніш қазірше Дүбірехан деген жерге барып бергі шетіндегі жалпақ даланың белес-белес көрінген жерден маздатып от жағып, түтінді будақ-будақ еткізіп тастайды да, Қарақалпақтың еліне барып, бір үлкен ақ үйге келіп:
— Кім бар ау? — деп дауыстайды.
— Кімді сұрайсың? Біз бар, — деп, бір жігіт шығып үйге кіргізеді.
Байбөген атамыз сәлем беріп төрге шығады. Төрде жақсы адамдар би мен болысты инабатты адамдар көрінеді. Сонда отырған бір жақсы адамы: «Шырағым таныспадық, кім боласың?» — дейді.
— Атым Байбөген, әкем Сырманақ, менің Әлімбай деген бауырымды сендердің бір тентектерің өлтіріп кетіпті. Соған құн сұрай келдім.
Сонда отырғандар: «Қанша адам келдіңдер?» — дейді.
Соған әлгі отырған адамдар мырс етіп күліпті. «Өзіңнен басқа адамдарың бар ма, жалғыз өзің не тындырасың?» — дейді. Сонда, Байбөген : «Менің аз-көбімді сонау қостан байқарсың. Бүткіл Ұлы жүз боп аттандық. Содан бас батырымыз жақсы адамдарымыз, би мен болыстарымыз мені жіберді. «Қолы қанға тиген қарақалпақ елі өлтірсе, сені тағы қоса өлтірсін. Екі адамның құнын бірақ алып қайталық, олар тұрысатын, ұрысатын жерін көрсетсін» деді,» — дейді. Сонда үрейі ұшқан қарақалпақ жақсылары : «Олар келмей-ақ сізге құнды беруге бола ма?»- деп сұрайды.
— Әрине, болады. Бірақ та берген құндарың аз болмаса болды да. Олар менен хабар барғанша жата бермек. Содан қарақалпақ жақсылары жан-жаққа кісі шаптырып, малын жинап, алдына салып береді. 4 түліктің көпшілігі сиыр малы болды. Жылқы, түйе шамалы. Содан сол елдер жігіт желеңдеріне малын айдатып берген адамдары Байбөгеннің адамдарына жетер-жетпестен қорқып кейін қайтады. Байбөген атамыздың көрінген жерден от жаққаны қостары «көп кісілер» деп айтсын деген айласы іске асып, содан серіктерін қосып алып, малын айдап еліне келеді.
Содан толып жатқан сиырды бағып, атамыз Байбөген Сиыршы атанып жүре береді. Содан жалайырдың жақсылары қарақалпақтан құн алып келген жігіт кім деп сұрай береді. Сонда анау тұрған Тоқсары жігіт дейді.
Содан Байбөген атамыздың тағы бір аты «СИЫРШЫ» және Тоқсары атанып жүре береді.
Осы тарихи оқиға туралы ғылыми, тарихи-тағылымды әдебиеттердің тек біріне ғана назар аудардық.
Сегіз қырлы, бір сырлы этнограф-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбет (1942-2009 жж.) өзінің қазақ шежіресіне арналған зерттеу кітабында:
Байбөген сол кезден бастап «Сиыршы» деген лақап есіміне телініп еді, — дейді. (Қазақтың ауызша тарихы шежірелік деректерді пайымдау, зерттеу Астана «Фолиант» 2008 133-139 бет).
Бұл оқиға ХVІІІ ғасырдың орта шенінде Қарақалпақстан жерінде болғандығы ғылыми, тарихи-тағылымды көркем әдебиеттерде шежірелерде әртүрлі нұсқалары жазылып жүр. Байкөбеннің (Тоқсарының) Сиыршы аталуы осы уақыттан басталуынан күмән келтіруге болмайды.
Осы кітапты құрастырушылардың мақсаты Нұржігіт жырау, шежіресінің туындыларын жаңа буын оқырманға жеткізу, Жетісудың танымына лайықты ұсыну. Оның тек өткеніне емес, бүгіннің де, ертеңнің де дара ақыны екенін дәлелдеу. Ол туралы сөз әлі де айтыла да, жазыла да, зерттеулер әлі де тереңдей береді. Бірақ бір нәрсе анық – қазақ бар жерде Нұржігіт Жүнісбекұлының аты өшпейді, себебі ол – елдің тілі, сөз өнерінің іңкәрлігін, тарихқа адалдығын, ізгілікке ілтипатын қозғау бүгінгі ұрпақтың міндеті. Ақын – өз дәуірінің жыршысы деген ұғым бар. Тағы бір айта кететін нәрсе ол Жетісу, онда тұратын ру-аталарының тарихының, шежіресінің кең көлемде дәлелдігі.
Нұржігіт атамыз жер жаннаты Жетісудың айыр көмей, құйма құлақ, суырып салма ақын, тума шайыр, абыз жыраулардың бірі екеніндігіне таласымыз жоқ.
Ол, біріншіден, еш жерде, тарихи-тағылымды, зерттеу шежірелерде жазылмаған 13 ата Тарақ таңбалы Жалайырдың Қарашапанының тарихта белгілі дана, әулие, көріпкел, шешен, би Қарасақал қызы Дарабоз (Қанипа,1690-1770 жж.) ананың шыққан тегі Мырза, Күшік емес, Қарашапан екендігін, күйеуі Андас Құлжа екенін және Дарабоз бәйбішеден Бәзілбай, Жекен, Жанқасқыр, Нұрәлі есімді төрт баласы болғанын жазған. Ал Бәзілбайдан Әлібан би тарайды деп жазған шежіреші Нұржігіт.
Тарихта тағы да Дарабоз ананың Қаратал өңірінде Сарықұл атты әулие немересі болғандығы белгілі. Ұрпақтары 2007 жылы маусым айында басына мәрмәр тас қойғаннан басқа еш шара өткізбеді. Сол таста «Жалайыр Мырза Қарашапан» деп Мырзаны қосып жазғандары өте қате.
«Қарашапан» Жалайырдың беделді, белді талай тарихи тұлғалар шыққан және жеке дара руы, бұл 1370 жылдан Сырманақ, Шуманақ Жалайыр тайпасы біріккеннен бастап тарих бетінде жазылған. Ол туралы 1825 жылы орыс құжаттарында Ш.Уәлиханов, Шәкәрім Құдайбергенұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев және т.б. өз еңбектерінде жазған.
Екінші, бабасы әулие, көріпкел Асансиық Үргенішқұлұлы туралы еш жерде жарияланбаған, ұрпақтары әулиелігі туралы т.б. мол мәлімет берген Нұржігіт ата шежіресінде.
Үшінші, Нұржігіт тарихшы ретінде 13 ата Жалайырдың белгілі тарихи тұлғаларының да шежіресін, олардың тарихтан алған орны туралы дәлелдеп жазған.
Төртінші, шежіреші атамыз Сиыршы 5 атасының шежіресін толыққанды берген сияқты, өзі шыққан Жақсымбетке көп көңіл бөлген екен.
Бесінші, өткен ғасырда жазылған қарт жыраудың «Қызқұлаған» дастаны болса, бұл оның ақындық қуаты мен өршіл өрісін аңғартатын шығарма екені даусыз.
Текелінің тауы бар Қора, Шажа,
Бір сұлу қыздың Шажада
Болған екен қазасы,
Кер заманның содыр заңы
Жазықсыз жас қызға қылған жаза, — деп басталатын өлең шумақтары 18 ғасырдың орта шамасында болған теңсіздік пен зұлымдықты, мөлдір махаббат пен кіршіксіз таза сезімнің қылын шертіп, өзіне баурап алып кетеді.
Бір құз бар Текеліде
«Қызқұлаған»,
Белгілі кім қуанып, кім жылаған.
Сойқанды сұм тобырдың
озбырлығы,
Сорлыны ұрып жығып
жұлмалаған…
Осы Нұржігіт жыраудың «Қызқұлаған» дастаны негізінен белгілі журналист Серік Сарыбайұлының осы аттас көлемді повесть жазуына (Текелі тынысы, 2023 ж. 18.09), ал ақын Назар Қалиұлына «Қызқұлаған» атты өлеңін жазуға ықпалы болған сияқты. Дарынды атамыздың талай шығармалары жас зерттеушілерге, шежірешілерге, ақын-жазушыларға талай үлгі-өнеге боларына сенімдімін.
Нұржігіттің өнерін зерттеген Ораз
Абыз атамыздың жыраулық, шежірелік өнерін зерттеген Жетісудың белгілі жазушысы, қазақ радиосының 20 жыл Талдықорған облысы бойынша меншікті тілшісі, фольклоршысы 30-дан аса тарихи-тағылымды, естелік, көркем кітаптарының авторы Ораз Исмаиловтың (1940-2012 жж.) орны ерекше зор.
Ораз аға Нұржігіт атамен алғашқы 1978 жылы 16 желтоқсанда кездескенін Қабан (Қаблиса) жырау туралы әңгімелерін, өлеңдерін жазғанын қағазға түсірген (Ораз Исмаилов «Бабалар сөзі – даналар көзі», Алматы, «Білім», 1996 65 бет).
Нұржігіт жыраудың «Қаблиса мен Таутан қыздың айтысы» бар осы жинақта. 1984 жылы 5 наурызда Нұржігіттің Жетісудағы үйінде айтысты өзінен өлеңдерін магнитофонға жазып алған Ораз аға.
Жазушы Ораз осы екі ақынның айтысы туралы жоғарыда аталған зерттеулерде 10 бетін арнаған (65-75 бет). Сонымен қатар фольклоршы бабамыз Қабан жыраудың Қабан жыраудың туғанына 310 жыл толуы қарсаңында «Ақындардың алтын қазығы» атты көлемді мақаласын «Шаған шұғыласы» (Көксу ауданының газеті 1993 ж. 1 мамырда №18 жариялапты.
Ораз аға Жалайыр тарихының тамыршысы Нұржігіт атасының ақындығы мен өмірде көргені мен көкейге түйгендігін әдемі суреттеген.
Нұржігіт шежіресі бабасы Ескелді би, әулие туралы Ораз жазушыға «Ел жүрегіндегі Ескелді би» зерттеу кітабына (Алматы, 2006 ж.) Ескелді би туралы аңыз, әңгімелерінде де айтып берген (366 бет).
Балпық би, Жолбарыс әулие, батыр, Орақты батыр тағы басқа да 13 ата жалайырдың тарихи тұлғалар туралы Нұржігіт атаның естелігін өзінің көптомдық кітаптарында пайдаланған Ораз аға қай күні, қай жерде жазып алғандығын, жазып қалдырған, кітаптарында жазған.
Жырау, шежіреші Нұржігіт Жүнісбекұлының дастандары, өлеңдері, шежірелері жеке кітап болып баспа бетінде бұрын шықпаған екен. Бірақ «білімді өлсе қағазда аты қалар, ұста өлсе істеген заты қалар» деп, қазақ бекер айтпаған болар.
Мен, тарихшы, өлкетанушы Құлтай Нұрқалбайұлы 2024 жылы Нұржігіт атаның немересі Гүлзада Нұржанқызымен жолықтым. Ол маған атасының жеке суретін, балаларымен түскен суретін және абыз атаның өнегелі ақыл сөздерін, «нан болмаса жан болмас», ескерту, Жақсымбеттің Малтабар ұрпақтары туралы қысқаша шежіресін берген болатын. Шежіренің жалғасы жоқ болып шықты. Шежіре 1969 жылы 24 тамызда сәрсенбі күні жазылған екен.
Мен тағы бір Қаратал өңірінің белгілі ақын-шежірешісі СиыршыТоқымбет атасынан шыққан Ескелді бидің ұрпағы Нұрсағат Әлбилянов (1908-17.03.1993 жж.) атамыздың Тоқымбет-Бәйімбет шежіресі қолымен жазылған «Аманат» дастанын сақтаған Асқар Нұрдәулетұлы Әжімұратов (1940-1997 жж.) туралы өмір деректерінен құрастырып, алғаш рет «Сиыршы абыз шежірешілері» атты кітап шығардым, бірақ аз ғана данамен баспадан шықты.
Бұл жинақта Қапал уезінің ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Жалайырдың аралас картасын Нұржігіт Жүнісбеков туралы белгілі ескелдідік журналист Абдықадыр Алашбаевтың ата туралы мақаласын Нұржігіт пен Нұрсағат аталардың Жалайыр Сиыршы Жақсымбет, Бейімбет шежірешілердің кестесін жарияладым.
Былтыр «Алатау» облыстық қоғамдық-саяси газеті Нұржігіт жырау, шежірешілердің жаңадан табылған дастандарын, өлеңдерін, шежірелерін 2025 жылы 22 тамызда №33, 19 қазанда №37 екі беттен «Атадан қалған мұра» топтамасымен басты.
Осы кітаптың жинап, құрастырып шығуы туралы Жетісудың белгілі баспагері Бақберген Сүйінбайұлы ініміз былай деп еске алады: «2025 жылы шілде айында қарашаңыраққа Жетісу ауылына барып, ата-анам, бауырларыммен әңгіме-дүкен құрып отыр едік. Сол әңгіме үстінде анам Түкебаева Сәуле Айтмұхамбетқызы (1938 жылы туған) орнынан тұрып кетті де:
Балам, мына кезінде атаң Абдолланың жайнамазын салып іліп қоятын дорбасы бар еді. Сонда Нұржігіт атаңнан қалған дәптерлері сақталып тұр, — деп ілулі тұрған дорбадан 6 дәптерді алып шықты. – Мына дәптерлер Нұржігіт атаңның жазған дастандары, өлеңдері мен әңгімелері еді. Оның қаншалықты құндылығы бар екенін білмеймін, бірақ елдің барлығы атаңның жазғандарын іздеп, таппай жүруші еді. Осыны саған берейін, — деп алты дәптерді қолыма ұстап табыс етті.
Сол алты дәптерді алған соң беттерін ашып қарасам, бәрі араб қарпімен, төте жазумен жазылған. Мен оны оқи алмадым. Төте жазуды қазір кім біледі деп аударатын адам іздей бастап едім, есіме бірден талдықорғандық жазушы-журналист Айдын Кәлімхан түсті. Дәптерлерді көрсетіп Айдын бауырыма «Төте жазуды аударып берудегі мүмкіндігің қандай?» деп едім, ойланбастан келісе кетті.
Қарап отырсам, Нұржігіт атамның 1930 жылдан 1980 жылдар аралығындағы өлең жолдарымен жазылған хаттары екен. Оның қандай құндылығы бар екенін оқырман өзі таразылай жатар деген оймен атамның өлең хаттарын топтастырып, жеке кітап шығаруды ұйғардық. Өйткені мұнда біраз елге танымал тарихи тұлғалардың аттары, Төлек төре, Бақтыбай мен Сүйінбай ақын атамыздың кездесуі, Қаблиса (Қабан) атамызбен Таутан қыздың айтысы, ауыл ақсақалдары, «Миғраж» деп аталатын 1978 жылы жазылған дастан өлеңдері т.б. шығармалары бар екен.
Атамыздың өлеңдерін ақын-жазушылардың іздеп жүріп оқитыны есімізде. Сондықтан мен Нұржігіт атамның осы еңбектерін оның бізге жеткен асыл мұрасы ретінде қабылдап, еш өзгертпестен оқырман назарына ұсынып отырмын. Осы еңбектерін Сиыршылар отырған топқа салып едім, Жетісу ауылының азаматы Апақбаев Орал Отарбайұлы (1957 жылғы) атамыздың қолымен жазылған «Сиыршылар шежіресін» алып келді. Оны да осы кітапқа енгізіп, көптің білгені дұрыс болар деген оймен жеке кітап қылып шығаруды ойластырдық. Сол кезде бауырым Бақыт — Сиыршылар қауымдастығының төрағасының бастамасымен, атамыздың немересі Абенова Гүлзада замандасымыз «Бес жігіт» деп аталатын тағы бір дәптерді қолыма ұстатты», — деп жырау, шежіреші ұрпағы белгілі баспагер Бақберген Сүйінбайұлы Тукибаев бұл кітаптың шығуы туралы қысқаша осылай мағлұмат берді.
Осы жырау, ақын бабасының тұңғыш көлемді кітабының шығуына бұл інімнің үлесі зор. Әлі де Нұржігіт абыз атаның асыл мұралары ел арасынан табылар деген үміттеміз.
Нұржігіт Жүнісбекұлының шығармалары оқырманды рухани ләззатқа бөлейді, тәрбиелік-танымдық әсері мол, құнды өнер, әдебиет туындылары екеніне толық сенемін.
Жырау шежіреші Нұржігіт Жүнісбекұлы бүкіл өмірін қазіргі Ескелді ауданы, Жетісу ауылында өткізді. Осында отбасын құрды, еңбек етті, ұзақ жылдар бойы ауылда хат тасушы болды. Өз жұмысын адал атқарды.
Дүниеден 1987 жылы 27 ақпанда 84 жасында өтті. Артында қалған ұрпақтары Нұрсәуле, Нұржан, Күләш, Оразғалы көбейіп, өрістері кеңейген әулет. Енді, міне, облыстық «Офсет»баспаханасынан 352 беттен тұратын шежіреші-жырау Нұржігіт Жүнісбекұлының алғашқы өлең-дастандары, шежірелер жинағы оқырманға жол тартты. Жетісудың кітапхана қоры тағы бір өлке тарихынан сыр шертер кітаппен толықты. Оқырман, оқыңыз бұл кітапты. Жаппай кітап оқитын ел зиялы, әділетті, сауатты ұлтқа айналады.
Тарихшы-өлкетанушы
Құлтай Нұрқалбайұлы.
