Түркістанға сапар
Қарттар күні қарсаңында жетісулық ардагерлер үшін облыста киелі Түркістанға экскурсиялық сапар ұйымдастырылды. Бұл сапар тек Түркістанмен ғана шектелген жоқ, жол-жөнекей тоқтап, арнайы аралайтын бағытттар белгіленген қызықты сапар болды. Сапарды ұйымдастырып, басшылық жасап жүрген Жетісу облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сапардың мақсатына тоқтала келе: «өнеге жақсы болса өріс кеңейеді,- деп, — ардагерлерге жасалған құрмет бүгінгі ұрпаққа өнеге болар», — деген тілекжарды ниетін білдірді.
Ермек Келемсейіт: «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол демекші, көп жылдар бойы бар күш-жігерін елге, жерге, қоғамға жұмсап, жасы келіп зейнетке шыққан қарттарымызға көңіл бөліп, үйден шықпай отырып қалмауын ескердік. Ақылдың кені қазыналы қарттарды құрметтеу, ақсақалдар қауымын ардақтау – біздің парызымыз. Елді бірлік пен татулыққа бастайтын қарттарымыздың игі қасиеттерінен үлгі алып келеміз. Үлкендеріміздің өмірлік бай тәжірибелері елдің еңсесін тіктеп, өркендеуіне мол пайдасын тигізуде. Өмір көрген ардақтыларымыздың ақылын алсақ жаман болмаймыз, керісінше тәлім-тағылымдарын өнегеге айналдыруымыз керек. Өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді. Еліміздің жан-жақты дамуында қарияларымыздың ерен еңбектері жатыр. Ол ел-жұрттың жадында. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз — абыз ақсақалдарымыздың тыным таппай атқарған жұмыстарының жемісі. Қарттарымыздың ел болашағы үшін атқарған бар игі істеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ».
Жолға шыққанға дейінгі абыр-сабыр…
Осындай керемет тарихи орынға саяхат жасау мақсатында сапар шектік. Бәріміз қуаныштымыз. 2026 жылдың 23 қыркүйегі таңғы сағат төрт. Облыстық ардагерлер үйінің алды абыр-сабыр, адамдар жан-жақтан келіп жатыр. Бір-бірімізден кімнің қайдан келгендігі туралы сұрастыра келе білгеніміз — Алакөлден бастап Панфилов ауданына дейінгі аудандар және Талдықорған, Текелі қалаларынан қамтылған адамдар саны 46 екен. Бәріміз күткен үлкен автобус та келіп тоқтады. Жамал апай ішке кіріп, әркімді орналастырып отырғыза бастады. «Жолдан Сарөзектен мінетіндерге» деп орындарға жазылған қағаздар қойды да түсіп қалды. Былай шыға бере-ақ әркім қалаған орындарға ауысып отырып алды. Жолдан мінушілер бос орындарға отырды. Бірақ ешкім ренжіген жоқ. «Қасыма өзім сияқты денелілеу кісі отырып тарлау болар ма» деп едім, оңынан келіп, Айдын Кәлемхан жайғасып, қысылмай отырдық. Тіпті арт жағымдағы отырған әйел адам өзі бір сондай жайлы кісі екен, орындықтың арқалығын біресе шалқайтып, біресе түзеп, мың құбылттық, ешбір реніш білдірмеді.Соны ойлап Жамал апай мені бір жақсы орынға отырғызыпты–ау деп ойлап қойдым.
Жолдағы көтеріңкі көңіл-күй
Алматыдан асып, Қаскелеңге тоқтап, «Тәтті шәй» деп аталатын мейрамханадан таңғы ас іштік. Сол жерде біздің бұл сапарымызға (барып қайту жолына, тамағына) демеушілік көрсеткен Бижанов Керімжан атты азамат жылы қарсы алып, ақ жол тілеп шығарып салды. Жол бойы үлкен автобус іші кішігірім театрға айналды.Ішімізде өнерпаз жандар көп екен. Жаркенттік Айнагүл мен Зинат екеуі әнді бастап, оларды қолдап Сарқандық Тұрсынай, Көксулық Жанат Ермұқанқызы, Құрметбек, Ақан, Айдын т.б. сапарлас аталар мен апа, әжелер қосылып ән жалғасып жатты. Анда-санда Айдын ақындардың және өзінің өлеңдерін жатқа оқып, бәрімізді таң қалдырып риза етті. Осындай жақсы жүріспен Меркіні басып өтіп Тараз қаласына келіп жетік. Түскі ас ішіп алып одан әрі жолды жалғастыра бердік. Шәуілдірден өтіп Отырардағы Арыстанбап кесенесіне барар жол бойындағы қызыл, көк құбылмалы шамдарды тамашалай отырып, сағат 23 шамасында Арыстанбап кесенесі жанындағы қонақүйге жетіп тоқтадық.
Арыстанбап кесенесінде
Таңазаннан арнайы алдырылған малға бата жасап, сойылған малдың етін аспазшыларға тапсырып, ол дайын болғанша Арыстанбап ата кесенесіне кіріп, құран оқыдық. Кесене алдында туристік жолбасшы тарихи оқиғаларды баяндап көптеген түсінік берді. Біз жолбасшыдан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) аманатын Қожа Ахметке қалай жеткізгендігі туралы айтып беруін сұрадық.
Жолбасшы: Мұхаммед (с.ғ.с.) өз заманынан 400 жылдан кейін өмірге келетін Ахметке бер деп бір тал құрманы Арыстанбаптың аузына салады, ол құрма Арыстанбабтың таңдайына қатып қалады деген аңыз бар. Пайғамбардың аманатын Ахметке жеткізгеннен кейін, яғни 400 жылдан астам өмір сүріп барып, Арыстанбап өмірден озыпты,- деп, аяқтады бір әңгімесін.
Одан әрі Арыстанбап кесенесінің маңайына әр кезеңдерде өмірден озып жерленген әруақтардың басына барып, құран оқыдық. Сол жерге жерленген Кеңес Одағы кезіндегі мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың да басына күмбез орнатылыпты. Басқа да айтулы тұлғалардың басына тәу етіп, жақсы тілеу тіледік. Қайтадан қонақүйдің асханасына келіп, сойылған құдайылық малдың етінен ауыз тиіп, Түркістан бағытындағы жолға шықтық. Түркістанға жетіп, жоғарыдағы айтылған киелі орындар мен жаңа Түркістанның әсем орындарын аралап көріп тамашаладық.
Киелі Түркістан
Түркістан – өздеріңізге белгілі, Қазақстандағы ең көне қала (2000 жылы Түркістан қаласына 1500 жыл толды) және 2018 жылы облыс орталығы мәртебесі берілген жаңа қала, Түркістан облысының әкімшілік орталығы.
Бұрынғы кезде «Шауғар», кейін ислам діні орныққан соң «Йасы» деп аталған. Шаһардың іргетасы V-VI ғасырларда қаланған. XII ғасырда бұл өңірге Қожа Ахмет Йасауи келіп, исламды таратуға үлес қосты.
Түркістан – VII-XII ғасырларда саяси-экономикалық орталық болды.
ХІІ ғасырда мұсылмандар үшін қасиетті мекенге айналды және сопылық ілімді белсенді ұстанушысы Қожа Ахмет Йасауи осы қалада жерленді. Йасауи өмірден өткен соң қабірінің басына үлкен мазар тұрғызылды. Мазар мыңдаған мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды. Кесенені тұрғызуға ұйытқы болған Әмір Темір болатын.
Киелі Түркістанға жылына жарты миллион турист келеді. Шет жерден ағылатын саяхатшылардың қызыға тамашалайтын орындарының бірі — тарихи-мәдени этнографиялық орталығы. Алты мыңға жуық құнды жәдігер сақтаулы тұрған мұражай қызметі жыл сайын жаңарып, заманға сай жетілдіріліп келеді.
Киелі Түркістанға келіп жатқан туристер қатарында біз де, Жетісудың көне тарихты қадірлейтін қарт ардагерлері де бармыз. Түркістандағы көне тарихтың жәдігерлерін көріп, қазақтың бай тарихына тағы да тамсандық.
Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің ішіне кіріп, көптеген жәдігерлермен таныстық. Ахмет Йасауидың, Аблайханның жатқан орнын көрдік. Сонымен қатар Тайқазанды да көре алдық. Суретке түсіруге рұқсат етілмейді екен. Кесенеден шықаннан соң кесененің оңтүстік жағында сәл биіктеу жерде орналасқан жерасты медресенің ішін аралап көрдік. Одан төмен шығыс жағындағы моншаның ішін көруге мүмкіндік болды. Кесене аумағынан шыққаннан соң арнайы көліктерге отырып, Күлтөбені айналып, жасанды көлдерді
жағалап жүріп өттік.
Барып қайттық киелі Түркістанға
«Екі дүние есігі» — Ұлыстанға
Өткен өмір тарихын білген дұрыс
Болашақта болжамдап ұғысқанға
Арыстанбап, Қожа-Ахмет Йассауи деп
Аңыз тектес шындықты айта білген
Аманатын Пайғамбардың жеткізген соң
Арыстанбап өткен екен бұл өмірден
Сыйынамыз рухты бабаларға
Тарихты өткіземіз балаларға
Ондаған ғасыр жоғалмай бізге жеткен
Қасиет бар таудай үлкен даналарда, – деп Түркістаннан Таразға аттандық.
Атыңнан айналайын, Әулиеата…
1938 жылы Әулиеата қаласы мен осы өңірге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі беріледі. Сол сәтте ақын қасиетті мекеннің көне атауын иемденгеніне ыңғайсызданып, Әулиеатаның (Қарахан бабаның) рухынан кешірім сұрап, тәу ету ретінде осы екі жолды суырыпсалып айтқан екен:
«Атыңнан айналайын,
Әулиеата,
Атыңды мен алды деп
болма қапа».
Кейін Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң облыс орталығы Жамбыл қаласына Ұлы Жібек жолында тұрған көне Тараз атауы қайтарылды. Тараз қаласының бұл атауды иемденуі оның Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болған тарихымен тікелей байланысты. Көне түркі және қазақ тіліндегі «таразы» (өлшем құралы, саудада заттың салмағын өлшейтін құрал) сөзінен шыққан. X–XIII ғасырларда Қарахан мемлекетінің тұсында қала қатты гүлденіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген көпестер бас қосатын алып сауда шаһарына айналды. Мұнда келген тауарлар таразыға тартылып, үлкен базарлар жұмыс істегендіктен, халық арасында бұл жерді «Тараз» яғни көпестер қаласы деп атап кеткен. Алдын ала жоспарланған бағытпен Түркістаннан Таразға қарай жол тарттық. Бұл қайтқан сапарымыздағы көңіліміз пәстеу болды. Себебі жолға шығар алдында бізді басқарып келе жатқан ағамыз Ермек Әбілмәжінұлы ортамызға келіп, Каспий теңізінде орын алған қайғылы оқиға бойынша «қаралы күн» жарияланғанын ескертті.
Ұзақ жол жүріп, кешкі сағат 20– дан кете Тараз қаласына жеттік. Жолдағы Айша бибі мазарына баруға кеш болған соң, тікелей қалаға келіп, қонақ үйге жайғастық. Жақсы демалып, таңертең ертемен осы жердегі киелі орындар — Тектұрмас ата кесенесіне тәу етіп, Әулиеата саябағын аралап шыққан соң ең биік жотаға орнатылған Әулиеата ескерткішін көрдік. Ескерткіштің биік еңсесі бізді тамсандырмай қоймады. Әулиеата дегеніміз Қарахан баба екенін жоғарыда айтып кеттік. Қарахан батырдың кесенесіне келіп, музейін де аралап көрдік. Осылайша көне қала Таразды да аралап қайттық.
Содан бірден Алматы, Талдықорғанды бағыт етіп жолға шығып кеттік. Кешкі сағат 19-20 шамасында Қаскелеңге жетіп кешкі тамақ ішіп, елге аман-есен жеткізген жүргізушілерге де риза болдық. Жетісу облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған бұл сапардың мәнді әрі сәтті болғанына көңіліміз толған бәріміз, Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейіт ағамыз басқаратын облыстық ардагерлер кеңесіне жүрекжарды алғысымызды жаудырдық. Сонымен қатар, бізге демеушілік көрсеткен кәсіпкер Керімжан Бижановқа және «Тәтті шәй» мейрамхана қызметкерлеріне ризашылық білдірдік. Бұл азаматтардың осындай өнегелі істері бүгінгі жастарға үлгі болғай! Тағылымды істеріңіз баянды болсын!
Сембек Солтанұлы
«Алатау»
