Ұлы деуге лайық

0
34

Нұрмолда Алдабергенов 20 желтоқсан 1906 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қараағаш ауылы, Желдіқора қыстауында дүниеге келген. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған ел ағасы (1948 жыл және 1958 жыл), Қазақстандағы колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі.
Нұрмолда Алдабергенов 1927-1930 жылдары Түркістан – Сібір темір жолын салуға қатысқан. Сол жылдары аты аңыз ел азаматтарымен кездесіп, олардың сөздерін өміріне үлгі тұтқанын білеміз.  Ескелді ауданының Шұбар, Жаңа талап ауылдары бұл өзі де аңызға айналған адамның атымен тығыз байланысты. Себебі 1930-1933 жылдары «Жаңа талап» ұжымшарына келіп, колхозшы, бригадир болып еңбек етіп, көзге түсіп, кейін ауыл басшылығын қолына алған. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып келгеннен кейін де осы ауыл төрағасы қызметін жалғастырған ол колхоздастыру кезінде Сталин атындағы іріленген ұжымшар, яғни колхоздың бастығы болады. Социалистік жарыс жеңімпазы атандырған ауылды көркейтіп, шаруашылығын дөңгелеткен жан ретінде ел есінде мәңгі сақталған Нұрмолда Алдабергеновтың биыл 120 жылдығы тойланып жатыр.

Мұқыры ауырындағы биржа мүшелері ескерткіш маңына тазалық жүргізеді

Иә, 2026 жыл тоғызыншы қыркүйек күні таңда Нұрмолда атаны еске алушылар Көксу ауданы Мұқыры ауылына ағылды. Өйткені, 1965 жылдан шаруашылығы тұралаған Карл Маркс атындағы колхозды гүлдендіруге еңбек етіп, бүгінде Мұқыры атанған ауылда 1967 жылы жерленген еді. Атшаптырым жерге ағаштар отырғызылып, қоршалған, жол жиегіне раушан гүлдері отырғызылған көгалды мекенге айналған атаның жатқан жерінің күтімі жақсы екен.
Шырақшы да гүл отырғызудың, баптаудың шебері көрінеді. Осы ауыл тұрғыны болса да, өкінішке орай, аты-жөнін біле алмадық, біз барған кезде ол үйіне кеткен көрінеді. Оны осы маңда тазалық жүргізіп тұратын Мұқыры ауылында жұмыссыздар тізімінде тұрған биржа мүшелері баяндап берді.
Бүгін осында жиналған жұрт қарасы біршама. Жұбайлардың шаңырақ көтергенде тәу ететін Алдабергенов ескерткіші алыстан ағарып көрінеді. Мәрмәр таспен көмкерілген бейіт басына гүл шоқтарын қойған ел ағалары және ата аруағына құрмет көрсетуге келген жұрт имам оқыған құранға қол жайып, іштей атаның жанына тыныштық тілеп, артындағы еліне жақсылық болса екен деген тілеуде болды.
120 жыл. Ғасыр асса да ұрпақ ұлықтаған жанды «Ұлы даланың ұлы академигі» десе де болады. Ата кесенесінде аруағына құран бағыштаған жұрт кейін Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауылдық округтің орталығына келді. Ондағы 20 Ер ескерткішінің ортасындағы алып ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды, яғни Батырлар аллеясына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сонан кейін жиналған жұрт ауылдағы атаның атындағы мәдениет үйінде болатын Нұрмолда Алдабергеновтың 120 жылдығына арналған «Елге қызмет – ерге мұра» ғылыми-мерейтойлық еске алу конференциясына қатысуға беттеді. Мәдениет үйінің алдындағы алаңда күзгі өнімнен көрме қойылған, үлкен сахна орналастырылған, онда оркестр күй ойнап, ауыл өнерпаздары концерт беріп жатты, ауылдың спорт алаңында түрлі жарыс ұйымдастырылған екен. Мәдениет үйінің кіреберісіне ұлы адамның суретімен билборд қойылған.
Конференция өтетін жер қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, зал безендірілген. LED экранда конферен-цияның тақырыбы
жазылып тұр. Сахнаға 5 адамға президиум қойылған, бұрынғыдай ұзын стол мен орындықтар емес, аппақ креслолардың арасына қойылған шағын столдарға қатысушылардың аты-жөні жазылған тақтайша, микрофондар қойылған. Конференцияны жүргізетін модератор – Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов.

«Армысыздар Құрметті қауым! Құрметті конференция қонақтары мен қатысушылары!» деп бастаған жүргізуші бүгінгі күннің маңыздылығына тоқтала келіп, алғашқы сөзді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы Есдәулетовке берді. Ол елге жолданған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, өз атынан да елге тілек тіледі.
Конференция барысында Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің өмір жолы – адал еңбек, табандылық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсететін «Н.Алдабергеновтің мемориалдық музейіне жол жүру» (Д.Есдәулетовтің сөзі) қысқа метражды фильм көпшілік назарына ұсынылды. Модератор елді қысқа метражды деректі фильмнің толық нұсқасын Жетісу телеарнасынан кешкі сағат 18:00-де тамашалай алатындығынан құлақтандырды.
Президиум мүшелері сахна төріне көтерілді. Олар: кезінде облыс                        әкімініңм орынбасары қызметін атқарған қоғам қайраткері, ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбекұлы Досымбеков, облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейіт, дала академигінің ізбасары ретінде 2007-2019 жылдары Шұбар ауылында агроном болып еңбек жолын бастап, бригадир, басқарма төрағасы, «Алдабергенов» агрофирма директорының орынбасары және Н.Алдабергенов ауылдық округының әкімі болған Төлеген Әппақұлы Мұсапиров, Н. Алдабергенов музейінің алғашқы директоры, Еңбек ардагері, дала академигінің көзін көрген шәкірттерінің бірі, озат сауыншы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ауылдық кеңестің атқару комитетінің төрағасы қызметінде болған Шайбала Әмірисақызы Тергеуова.

Бас баяндаманы жасау үшін сөз Тынышбай Досымбековке берілді. Одан кейін Ермек Әбілмәжінұлы, Ескелді ауданының Құрметті азаматы Төлеген Әппақұлы, мемлекеттік қызметтерде болып, елге еңбегі сіңген зейнеткер ел ағасы Наурыз Қылышбаев өткен күн тарихынан сыр шертті. Естеліктерімен Шайбала Әмірисақызы мен Рабиға Нұрмолдақызы Алдабергенова да бөлісті.
Конференция соңында Республикамыздың әр аймағынан арнайы келіп, атсалысқандарға, қонақтарға шынайы көңілден алғыс айтылып, Нұрмолда Алдабергеновтің рухына арналған асқа шақырды.
Автордан: «Алатау» қоғамдық-саяси газеті де дала академигінің 120 жылдығын елеусіз қалдырмаған еді. Осы іс-шара алдында ауыл әкімдігіне, Н. Алдабергенов атындағы музейге кезінде сол ауылда ашылған мектеп-интернатта еңбек еткен оқытушы-ұстаз, ақын, бірнеше кітаптың авторы Бағила Азанбаевамен бірге арнайы атбасын бұрып барып, хабар алған едік. Сол сапарымыз жайлы, Музейдің 40 жылдығына арналған іс-шара жайлы газетіміздің 37-ші санында жарияладық. Газетіміздің 39-шы нөміріне Бағила Азанбаеваның «Нұрмолданың нұрлы жолы» атты естелік баяндамасы жарияланды. Сол газеттерден 100 дана конференцияға қатысушыларға таратылды. Ұлының ұлылығын кейінгі ұрпаққа дәріптеуге өз үлесімізді біз де осылай қостық деп ойлаймын.

Құралай Мұсанова
«Алатау»