Ақсу елі қуанышқа бөленді

0
36

Ақсу ауданының орталығы Жансүгір кентінде аудандық аурухана үйінің күрделі жөндеуден өтуін көптен күткен халық орталық аурухана ғимаратының ашылу салтанатының куәгері болды.

1974 жылы қызыл кірпіштен тұрғызылған үш қабатты «Ақсу аудандық орталық ауруханасы» ғимаратына 13.12.2023 жылдан сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нысан бойынша тапсырыс беруші – Жетісу облысының құрылыс басқармасы. Аталған нысанды сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді мердігер ұйым – «RAKADA GROUP» ЖШС бастаған болатын.
Елдің алдына шыққан аудан әкімі Тынышбаев Берік Тынышбайұлы толық жаңартылған аурухана ғимаратының қолданысқа берілетіндігін жария етті. Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасынан келген уәкіл Кенжеғұлова Алмагүл Сахиқызы, облыстық денсаулық сақтау саласының кәсіподақ төрағасы Шалтабаев Асан Мұқанұлы құттықтау сөз сөйледі. Әкімнің сәл ғана оңаша сәтінде одан «не себепті аурухана жұмысы ұзаққа созылды» деп сұрап қалдық.
— Иә осыдан 3 жыл бұрын тендрді ұтып алған «RAKADA GROP» ЖШС құрылыс компаниясы жұмысты жылдам жүргізе алмай уақытты созып жүріп алды. Сондықтан басқа құрылыс компаниясына алып бере қою да қиындау соқты. Себебі оның да белгілі заңдылықтары бар. Ақырында облыс әкімі Б.Исабаевтің көмегінің арқасында жөндеу жұмысын басқа құрылыс компаниясына ауыстырып бере алдық. Нәтижесінде сол кейінгі құрылыс компаниясы осындай сапалы жұмыс жасады. Компания қызметкерлеріне көп алғыс білдіреміз.
Аурухана директоры Құрымбаев Байқадам Болатұлы бірінші қабаттағы ішкі бөлмелерді аралатып таныстыруды кіре берістегі ауруларды қабылдау бөлмесінен бастады. Өте ауыр жағдайда келген ауруларды қызыл аймақ, жасыл аймақ, сары аймақ деп жатқызатын бөлмеде 3 төсекті көрсетті. Бұл бөлмеде алғашқы көмек көрсетіліп, ауруларды реанимацияға немесе басқа емдеу бөлмелеріне жіберуді анықтайтын орын. Келесі бөлме жарақаттан, отадан (операциядан) немесе ауыр сырқаттан кейін адамның денсаулығын, қимыл-қозғалысын және ағза қызметін қалпына келтіруге арналған. Жаттығу қондырғылары қойылған. Бұл іспен айналысатын Реабилитолог маман (дәрігер) жаңадан «дипломмен ауылға» бағдарламасымен келгендігі және оның жолдасы ЛОР дәрігер екеуі бірге келгендігі айтылды. Жалпы осындай бағдарламамен барлығы 5 жас маман дәрігер келген екен. Бұған тұрғындар қатты қуанды. ЛОР дәрігердің жоқтығынан облыс орталығындағы дәрігерлерге жүгінуші едік. Жолдың қашықтығы тәп-тәуір қиыншылық тудыратын еді деп айтып жатты тұрғындар. Келесі бөлмеге «заманауи цифрлық рентген аппараты» қойылыпты. Бас дәрігер бұл аппараттың бұрынғы аппараттармен салыстырғанда жақсы ерекшеліктерін көрсетті. Жақын уақыттарда КТ аппараты әкелініп, мына бөлмеге қойылады деп келесі бөлмені көрсетті.
Толық күрделі жөндеуден өткен ауруханада ауруларға жақсы жағдай жасалынатындығы байқалып тұр. Екінші қабатта терапия, үшінші қабатта хирургия және реанимация орналасыпты. Жағдайы төмен болып келген ауруларды екінші, үшінші қабатқа апару үшін арнайы жедел саты( лифт) қарастырылған.
Орайы келген тұста бас дәрігер Байқадам Болатұлынан «жаңа техникалық қондырғылар қашан толық қойылып бітпек» деп сұрап қалдық
— Иә өте орынды сұрақ. Жаңа технологиялық қондырғыларды шетінен әкеп орнатып береді, біз оны тексеріп барып қабылдап аламыз. Егер алдын ала әкеліп қойса, арада уақыт өтеді де бір деталі жетіспей қалса, аппарат жарамсыз болып тұрады. Сол себепті, мердігерлермен келісімді жоғарыдағыдай талапта жасадық . Жалпы алғанда, бөлімдер бойынша қабылдайтын ауруларымыздың төсек саны мынадай :
— тәуліктік стационардың ғимаратында — 122 төсек бар.
— Терапия бөлімінде — 46 төсек,
— Хирургия бөлімінде – 33 төсек,
— Перзентхана бөлімінде – 14 төсек,
— Балалар бөлімінде – 20 төсек,
— Реаблитация оңалту бөлімінде – 9 төсек бар.
— Мекемеде штат бойынша қанша адам қызмет атқарады?
— Мекемеде 21 дәрігер, 64 мейірбике, 48 тазалықшы, 11 өзге қызметкерлер, жалпы саны 144 қызметкер жұмыс жасайды.
— Байқадам Болатұлы, жаңа бір сөзіңізде КТ аппараты, кислород станциясы жақын арада орнатылады деп қалдыңыз. Нақтырақ қай уақытқа жоспарлап отырсыздар?
— Компьютерлік томография (КТ) аппаратын, кислород станциясын орнату 2027 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта КТ аппараты мен кислород станциясына орын белгіленіп қойылды. Аталған жоба бойынша қажетті қаржыландыруға облыстық маслихатқа 40,0 млн. теңге көлемінде бюджеттік өтінім ұсынылды. Кислород станциясын орнату және пайдалануға беру жұмыстары 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
«Бас ауырып балтыр сыздамай тұрмайды» дегендей аудандағы орталық аурухананың бүкіл аудан жұртшылығына тиімді екендігі айтпаса да түсінікті. Ақсу ауданының ел-жұрты осы аурухананың толық күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілгені үшін, тікелей ықпал еткен Жетісу облысының әкімі Б.Исабаевқа шексіз алғыс білдіріп жатты.

Сембек Абдрахманов