Періште ЖЫРЫМА сенемін
Ақынның да ақыны бар, шынайы ақын, жағымпаз ақын, әндерге сөз жазатын хит ақын, не өлеңнің ұйқасы, не құйқасы жоқ халтурщик «қамқа тонға сіркелеген биттей» толып жүр.
Біздің мақаланың арқауы – шынайы ақын. Жеті атасынан ақындығы үзілмеген, әкеден балаға қанмен дарыған, бір отауда үш бірдей ақын бар десем сенесіз бе? Осы үш ақынның үшеуі де бір-бір үйдің келіні, көмейлерінен өлең төгілген арулар. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін жер жүзіне тарыдай шашыраған қандастарымыз туған атамекеніне оралуға асықты. Басымызға бас қосылды. Көкіректері шер мен шеменге толған, ата-жұртын аңсап жеткендердің арасында ақпа-төкпе айтыскерлер, поэзия әлеміне құлаш сермеген ақындығы арғы бетте танылған жасы да, жасамысы да бар шайырлардың бір шоғырын көріп көзайым болдық. Миллиардтың арасында жүрсе де ана тілін, ата-салтын, әдеп-ғұрпын бізден артық біліп келгендерді көргенде шүлдірлеген шүршіттей болған жергілікті қазақтар қызарақтап қалғанымыз рас-ты. Та-рихшыларының аузын бақтық, есеп-қисапқа су төкпеген жорғадай жүйрік балаларын көріп сүйіндік. Араластық, құраластық, құдаластық.
Редакцияға ақын Әмина Адайхан тойға піскен тоқаштай аққұба келіншекті қолтықтай келіп, «Мынау менің жерлесім, әпкем болады. Өзі ақын, есімі Айнұр Оразбай, сіз Айнұр атты қыздарға ғашық едіңіз ғой. «Періште жырыма сенемін атты» тұңғыш кітабы жарық көрді. Оқып көріңіз, қолайыңа жақса, сіздің қолдауыңыз қажет боп тұр. Осы кітаптың тұсаукесер рәсімі мен жыр кешін өткізуге ат салысыңыз», – деп инедей қадалды.
Бұл қайссы Оразбай? Әлгі Гүлнұр, Жәмила Оразбайдың тұқымдары емес пе, түрі соларға ұқсайды екен десем, «Дәл өзі, бұлар отбасымен ақындар командасы, енді Айнұрды да танып жүретін болдыңыз», – деді. Кітабына құтты болсын айтып, алғы сөз жазған кім екен деп үңіле кеттім. Анау-мынау емес, салмағы бар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы пікір жазыпты. Кітапқа қызығып, парақтарын сүзе түстім. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта», – деп, Мұзбалақ Мұқағали айтқандай, Айнұрдың поэзия әлемінде өзіндік орны бар ақын екеніне сүйіндім. Сүйіндім де, Дәулетбек ақын айтқан пікірге менде тоқталдым. «Өлең деген шіркінде форма жақтан ұлттық өлшем болғанымен, ой-қиял жағынан құйып қойған қалып жоқ», – дейді Дәулетбек ақын. Расында солай, бүгінгі қоғамда өлеңнің формасы да, қалыбы да бұзылған. Бұрынғы поэзияларда он бір, жеті-сегіз буынды қалыбын сақтаған өлеңдер, қазір еуропалық стильге көшіп кеткен. Өз басым кейбір ақындардың көкте шарлап жерге түспей, буын саны біркелкі емес және ұйқастық өлшемі бұзылған қияли өлеңдерін түсіне алмай-ақ қойдым. Арғы ардагер ақындарды айтпағанда Мұқағали, Тұманбай, Қадыр, Сәкен, Исрайылдар өрнектеген өлеңдерді аңсаймын. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы» көркемдігі көкіректі баурап алатын жыр парақтары қара өлеңнің қалыбын бұзбай, «шекпен жауып қазақтың өзіне қайтарғанына» қуанасың. Айнұрдың поэзияларында осы қалып мұқият сақталыпты. Өлеңдерінің өрісі кең, өрнегі көз тартып, ынтықтыра түседі. Айнұрдың ақын болып қалыптасуына ең бірінші қанмен келген ата-тегі болса, екінші өскен ортасы, арғы беттегі Алтай аумағындағы әйгілі айтыскер Құрманбек Зейтінғазы ақыннан тәлімін алған Шәкен Рахметолла, Еркін Ілияс, Қайрат Құлмұхамбет, Жәмиға Дәулетқызы, Жәмила, Гүлнұр, Айнұр Оразбайқыздары өздерін осы Құрманбектің құлындарымыз дейді. Демек, ауыз әдебиетінен сусындап, поэзияға ауысқан Айнұрдың нашар ақын болуға қақысы да жоқ. Оны өз шығармаларынан аңғаруға болады. «Мендегі бақыт» деген өлеңінде:
«Мендегі бақыт – сары далам,
Молаңа қарап қол жайып,
Обаңа басымды игенім.
Туыма қарап ойланып,
Топырағыңды сүйгенім», – дейді.
Кең байтақ сары даласынан бақыт іздеп келіп, обаларға бас иіп, ата-жұртқа сүйініп, көк байраққа қарап ойланып, осы күнге жеткізген Алласына табынып, туған жердің топырағын сүйіп, бойтұмардай қастерлеп, өлеңнің өлшеміне сыйдырады. Теңіз түбінен маржан сүзіп алғандай сөзден сурет салады. Ақынның шеберлігі де осында. Ойы орамды, айтарын астарлап жеткізеді. Ал «Торығу» атты жырында:
«Қолдан шыққан сарай сәні баураған,
Сақтың рухын сайтан арбап мүлгиді.
Байлығыңды шайлығымен жаулаған.
Ата жауың астауыңа у құйды.
Бауырына тасты басып, мұз емген,
Пенделердің пиғылынан қорқасың.
Қайдағы бір қарғы бауға үйренген,
Қамсыздарды қансыз ба деп жортасың, – деп, қара бастың қамын күйттегендерді ата жауға теңейді. Бүгінгі қоғамның асқынған бір дерті жемқорлық болса, сол кеселді асқындырып, тамыр-таныстыққа ұластырған, жең ұшынан жалғасқандар елдің етек-жеңін былғайды деп шағаладай шырылдап, шарқ ұрады. Айнұр ақынның жырларындағы иірімдер текеметке салған оюдай, көркемдік, тегеурінді теңеулері басым. Әбден ысылған сақа ақындардай салмақты ойлар айтады. Кітаптың алғы сөзінде Дәулетбек Байтұрсынұлы Айнұрдың өлеңдерін жан-жақты талдап, шығармаларына тиісті бағасын беріпті. Мен сүрлеу соқпақты қайталағандай болмаймын. Әйтсе де поэзияда өзіндік қолтаңбасымен дараланған Айнұр ақынның алар асуы әлі алда екенін нық сенімен айтуға болады. Бір тоға, тау қопарылса орнынан мызғымайтын салмақты қыздың «Ерке қыздың етегі ермек емес» деп нәзік жанды сіңлілерінің ар-намысын қызғыш құстай қорғайды.
«Ермек болып етегі ашылған қыз,
Жарнамға жабайы бас ұрмаңыз.
Өз мініңді әуелі жөндеп алмай,
Алқынып арлы азамат тасынбаңыз.
Азаматым, бекерге еліресің,
Құр намыспен шаңдатпа ел іргесін.
Ұятың ішіңді өртеп бара жатса,
Ардың ұшы сенен де жерімесін», – дейді. Бірен-саран шіріген жұмыртқаларға бола бүкіл қызды айыптаған ерді сабасына түсіреді. Бұған сенде кінәлісің, ұлтжанды ұл, ұятты қыз ұлттың мұраты екенін ұғындырады. Бұл да бүгінгі қоғамның асқынған бір кеселі. Қыз инабатты болмай, ұлдың жүрегіне иман ұяламай, ел бола алмаймыз. Табалама, еркенің етегі түрілмесін десеңіз, өрлігіңді көрсет. Сол кезде қыз ұяты өшпек түгілі оттай жанады дейді. Ақиқатты астарлап айтып тұр.
Періште жырларына сенім артып, елдің жүгін арқалаған ақын арман-мақсат, мүддесінің бәрін жыр арқылы оқырманға жеткізеді.
«Өмірдің кермек тұстары,
Аспан ойларымды жерлейді.
Көгімнің өршіл бұлттары,
Төбет ойларға көнбейді.
Көлге де, шөлге қол артқан,
Тарихым солай, көнемін.
Жетім жайларға жол тартқан,
Періште жырыма сенемін», – деген ақын қыздың «Шындық дейтін бір шың бар», «Мамық жырым маусымдар», «Анаға сағыныш», «Туған тауға сағыныш», «Ақынға сыр» деп, бес бөлімге бөлінген өлеңдерінің бәрі өміршеңдігімен құнды. Кітапты бастан аяқ түгел талдап, сараптауға газет беті көтермейді. Әрі сыншы да емеспіз. Тырнақ алды алғашқы туындысы болғандықтан сәт-сапар тілеп, ақжолтай айту парызымыз.
Алматы облыстық Жазушылар одағы филалының ұйымдастыруымен, Көксу ауданы Мәдениет үйінде ақын, Айнұр Оразбайқызының «Бейбітшілігім – бесігім атты» поэзия кеші өтіп, «Періште жырыма сенемін» атты тұңғыш жинағының тұсауы кесілді. Оған Алматыдан Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар және өнер шебері ассосоциасының жетекшісі, Әлем халықтары жазушылар одағының төрайымы Гүлхан Айтақынқызы, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, ұйымдастырушы, Райса Ақанқызы, Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағы, Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жангелді Немеребай, ақын, Әмина Адайхан, Көксу аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Дәлелхан Жаныштар атсалысты. Шығармашылық кеште ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, қоңыр күй тербеліп, кітап авторы қалың оқырманға жырдан шашу шашты. Жыр бұлағынан сусындаған көрермендер арқа-жарқа болып тарасты.
Айтақын МҰХАМАДИ