Медицина кәсібі – мамандықтың асылы
Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің төл мерекесі болып есептеледі. Осы атаулы күнде ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше бағаланады. Адам жанының арашашысына айналған ақ желеңдер денсаулық сақтау саласына үлкен еңбек сіңірді. Бүгінде білікті кәсіп иелерінің арқасында медицина саласы қарқынды дамып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысы мен дені сау әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді Денсаулық сақтау Ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Сапалы медициналық қызмет әрбір адамзат үшін қолжетімді болуы керек. «Дәрігер мамандығының мәртебесін көтермей, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мүмкін емес» деген болатын ел Президенті. Осы орайда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының атқарған ауқымды істерін атап өткен жөн. Биыл денсаулық сақтау саласын дамыту мен медициналық емдеу және оның алдын алу, мекемелерде көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру барысында нәтижелі жұмыстар көптеп жасалды.
(Мақалада аталатын көрсеткіштер облыс бөлінгенге дейінгі статистика). Бүгінде Алматы облысында 834 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 652-і мемлекеттік, 182-і жекеменшік ұйымдар. 65 аурухана, 5 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 244 дәрігерлік амбулатория, 327 фельдшерлік және медициналық пункт бар. Оның ішінде 753-і ауыл тұрғындарына қызмет етеді.
Биыл онкологиялық ауруларды анықтауда алға ілгерілеу бар. Дерт қаншалықты ерте анықталса, соншалықты науқастың жазылып кету мүмкіндігі мол екені белгілі. Облыста онкологиялық аурудың бастапқы сатысын анықтау қолға алынған. Нәтижесінде онкологиялық аурулардың салдарынан болатын өлім-жітімнің азаюы өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға төмендеген. Атап айтсақ, 100 тұрғынға шаққанда 61,24-тен 54,31-ге дейін түсті.
Өңір медицинасының тағы бір қол жеткізген жетістігі туберкулез ауруымен күрес. Бұл дертке шалдыққан адамдар қатары едәуір азайған. Атап айтқанда, туберкулез дертіне шалдыққандар саны 100 тұрғынға шаққанда соңғы бес жылда 30 пайызға төмендеген. Оның алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін жүргізіледі. Оны ерте анықтау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туберкулезді және дәріге төзімді науқасты бактерологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикалаудың жеделдетілген әдістері енгізіліпті.
Биыл елімізде «Балалар жылы». Еліміздің өміршеңдігінің белгісі – бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Ал олардың денсаулығы мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Бүгінде Алматы облысы бала туу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында тұр. Өткен жылы 56 186 сәби дүниеге келген. Облыста балалар мен әйелдердің денсаулығына баса назар аударылып, оларға үнемі сапалы медициналық көмек көрсетілуі қадағалануда. Сонымен қатар аудандық ауруханалар мен облыстық перинаталдық орталық жанындағы босандыру бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесіне көп көңіл бөлініп жатыр. 2021 жылы заманауи техникамен жабдықтау 91 пайызға дейін жетті. Сондай-ақ бүгінде ана мен бала өлім-жітімі көрсеткіштері мемлекеттің ғаламдық бәсекелестік индексінің негізгі өлшемі ретінде қарастырылады. Бұл ретте Денсаулық сақтау басқармасы атқарып жатқан іс-шаралар – ана мен бала денсаулығын жақсартуға мүмкіндік жасап отыр. Ұлттық жобаның 5 стратегиялық көрсеткішінің бірі – осы ана мен сәби өлім-жітімін азайту болған. Облыс бойынша бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 7,72 пайыздан 7,24 пайызға азайған. Бұл ретте тиісті шаралар әлі де барынша қолданылып келеді.
Облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандарды айықтыру, емдеу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Көптеген медициналық мекеме ашылып, онда жарымжан балаларды оңалтумен жұмыс жүргізіледі. Нәтижесі де жоқ емес, ата-аналар дән риза. Дәрігерлер өткізіліп жатқан қандай іс-шара болсын баланың көңілін аулап, сауығып кетуіне өз үлесін тигізеді. Мұндай мекемелер ашылғалы бері біршама бала сауығып шығуда.
Тағы бір айта кетерлігі, облыс көлемінде нашақорлық пен ішімдікке салыну – үлкен бір мәселеге айналған. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков зиянды әрекеттермен күресуге арналған жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтады. Яғни, бұл процеске диагнозды анықтау, тестілеу, алдын алу, емдеу және оңалту шаралары кіреді. Себебі емдеу мен оңалтудан бөлек, оны дер кезінде анықтап, алдын алу үлкен істі қажет ететін шаруа. Бұған қоса халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру, жаман әдеттерден арылу жөніндегі жұмысты жандандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Аймақта бүгінге дейін белсенді санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу жалғасын тауып келеді. Мәселен науқастардың туыстарымен семинар, дөңгелек үстел, ашық есіктер мен акциялар, нашақорлықтың алдын алу үшін маңызды шешімдер шығарылып, тиісті шаралар өткізіліп келеді.
Облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартуда Жамбыл аудандық орталық ауруханасы жанынан 3 дәрігерлік амбулатория, 100 төсектік перзентхана бөлімшесі салынды. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 2 оңалту орталығы ашылды.
Облысымызға қарасты 17 ауылда медициналық пункттер қолданысқа берілген. Ескелді және Қарасай аудандарында екі модульдік пункт іске қосылса, Талдықорған қаласы маңындағы Еркін ауылында, Қарасай ауданына қарасты Долан ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Талғар ауданындағы 29 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Алдағы 2023 жылы 7 емхана, 31 дәрігерлік амбулатория, 18 фельдшерлік акушерлік пункт және 41 блокта акушерлік пункт салу жоспарлануда. Шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 17 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Ағымдағы жылы осы жылжымалы кешендердің көмегімен дәрігерлер 559 ауылдық елді мекенге барып, тұрғындарға профилактикалық тексеру жүргізіп, скринингтен өткізуді жоспарлап отыр.
Облыста жедел-жәрдем көмегін шақыруларды басқарудың біріңғай автоматтандырылған жүйесі жұмыс істеп келеді. Көшпелі бригадалар заманауи стационарлық және тасымалды байланыспен жабдықталған. Санитарлық көліктерде новигациялық жүйе және жедел-жәрдем бригадаларының қозғалыс бағытын онлайн режимде де, мұрағат түрінде де бақылауға мүмкіндік береді. GPS жүйесін пайдалану нәтижесінде жұмыс жедел жүргізіліп, тас жолдарда зардап шеккендер 15-20 минут ішінде ауруханаға жеткізілуде. Бүгінде жедел-жәрдемнің көмек көрсету сапасы артып, сәтті реанимациялық көмек көрсеткіші өсіп келеді.
Өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін емдеу мекемелерін құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы бұл салаға 4,4 млрд. теңге бөлінді. Облыстық ауруханада, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында, «ХАК», «Nova», Қарасай ауданындағы «Арай», Панфилов ауданындағы «Нуримед» медициналық орталығында жалпы саны 6 магнитті резонанстық томография орнатылды. Сондай-ақ 17 компьютерлік томограф, 4 ангиограф, 53 рентген аппараты, 606 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Биыл жергілікті бюджеттен осы бағыт бойынша 3,2 млрд. теңге бөлінген. Халыққа дер кезінде көмек көрсетуде медицина саласының қай бөлімі болса да қарқынды жұмыс атқарып келеді. Мәселен, облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары ашық жүрекке ең күрделі опперациялар жасап, өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырды.
Халықтың саулығын сақтауға облыста бар мүмкіндік қарастырылған. Оларға барлығы 5276 дәрігер қызмет көрсетеді. «Болашақтың кілті – білімді, білікті жастардың қолында» дегендей, біліктілікті арттыру үшін облыстың медицина қызметкерлері тұрақты түрде республикалық және шет елдік медицина орталықтарында білімдерін жетілдіріп, ондағы мамандармен жиі тәжірибе алмасып тұрады. Жас мамандарды қолдау мақсатында төрт жыл қатарынан жергілікті бюджет есебінен кадрларды резидентурада аса тапшы мамандықтар бойынша оқыту жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылы 2687 медицина қызметкері білімін жетілдірсе, оның ішінде 41 қызметкер Белоруссия, Ресей Федерациясы мен Түркияның клиникаларында тәжірибе алмасып келді. Бүгінде ондағы білім алушылардың жалпы саны 167 адамды құрайды, ал биығы оқу бітірушілер 51 резидент. Жыл сайын мекемелердің басшылары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында бос орындар жәрмеңкесіне қатысады. Облыс әкімідігі тарапынан медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз ету және білікті кадрларды тарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қаншама дертпен күресіп, адам жанын аман алып қалу үшін барын салып жүрген кәсіп иелерінің еңбегі орасан зор екені баршаға аян. Мойнына үлкен жауапкершілікті арқалайтын денсаулық сақшыларының еңбегі ескерусіз қалмайтыны анық. Бұл саладағы әрбір жетістік – ұлттың, халықтың, ақ халатты абзал жандардың жемісі. Сондықтан да елімізде денсаулық сақтауға үлесін қосатын білікті мамандар тұрғанда медицина саласына жаңа серпіліс келіп қана қоймай, халықтың хал-ахуалын жақсартуға, әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал ететіні даусыз.
А. БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.