Ұмытылмас сапар немесе Бұрқан Бұлаққа бардыңыз ба?

0
1730

БҰРҚАН  БҰЛАҚ сарқырамасы. Атауын сан рет  естігенмен бұл жерге барудың жолы түспеген-тін. Сарқыраманы  көріп, көзайым  болғандар  оның кереметтігін құдды бір  ертегіге  балап сипаттағанда, «шіркін, бір барып көрсе ғой»  деуші едік. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында  «Қоғамдық келісім» КММ   арнайы пресс-тур ұйымдастырып,  сол арман  ойда  жоқта орындалды.

АЛ  сарқырамаға жету жолы «соқпақты-соқтықпалы». Тау аңғарындағы бұл кереметке жәй автокөлікпен жетіп бару мүмкін емес. Қылқан жапырақты самырсынды қалың орманды түре бойлай отырып, үшкір тасты сүрлеу жолмен  келетін  машина  алты сағаттық жолды  артқа  тастап, діттеген жеріңе жеткізеді. Әу баста-ақ  осылай жаратылған табиғаттың көрінісін сол қалпында тамашалап,  Бұрқан бұлаққа «уһ» деп жеткен кезіңде,  сонша машақатпен келген жолды  әп-сәтте-ақ  ұмытып сала бересің. Осы бір таңғажайыпты көру үшін алты сағат қана  емес, тұтас бір күн бойы жолда титықтаудың өзі еш өкініш емес екендігін де түсінесің. Кереметтігі сонша,  айнала жәннаттың  миуа бағындай жайнап  тұр.

Қазақ энциклопедиясында: «Бұрқан – Іле өзені алабында. Ұзындығы 50 км, су жиналатын алқабы 255 шаршы шақырым. Жоңғар Алатауындағы Тышқан жотасының оңтүстік беткейінен басталып, Жаркент қаласының тұсында Өсек өзеніне құяды. Арнасы тау арасында тар, жағасы тік жар болып келеді. Жауын-шашын, жер асты суымен қоректенеді»,  – делінсе, өзге мәліметтерде  Бұрқан бұлақ Жетісудағы, тіпті Орталық Азиядағы ең үлкен сарқырама саналады. Қора өзенінің сайында, теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Оның үш сатысының биіктігі – 112 метрге, ең биік тұсы 120 метрге жетеді. Тонналаған мұзды су төменге бұрқырай құлап, айналаны шашыранды сумен жуып өтеді. Жап-жасыл мүкке оранған қызғылт түсті тастардың аясында мөп-мөлдір су тамшылары күн көзіне шағылысып, түрлі-түсті кемпірқосақты толықтырып отырады. Су қатты ағынмен баспалдақтар мен кемерлерді жасырып, төменге құлдилайды. Текелі қаласынан 55 шақырым  жердегі Қора өзенінің шатқалындағы Бұрқан бұлақтың бірегей күкіртті-сутегі тұмасы емдік қасиеттерімен де танымал.

ОСЫНДАЙ керемет жерге табан тіреп, тұмса табиғатты тамашалаудың орайын келтірген «Қоғамдық келісім» КММ  директоры Серік Бимұханбетов бастап барған жандарға   журналистер қауымы  өздерінің шынайы ықластарын да білдірісіп жатты.  Жәннаттың миуа бағындай жайнап тұрған жерде  «Неміс үйі»  қоғамдық бірлестігінің ағаштан  жасалған шатырлы үйлері бой  көтеріпті. Яғни, бұл жерде демалушыларға  барлық лайықты  жағдай жасалған.

БІЗ де осы үйлердің біріне келіп жайғастық. Шаршағаныңды лезде ұмыттыратын  тұмса табиғаттан бөлек тау баурайындағы шыршалар мен арша ағаштарының хош иісі мұрынды жарады. Түскі асымызды ішкен соң талайлардың аңсарын аударған Бұрқан бұлақты көруге бет түзедік.

Ал сарқырама атауының шығу тарихына байланысты ел ішінде  түрлі аңыз-әңгімелер  көп тарапты.   Соның бір-екеуін мысал ретінде келтіре кетейік.

Ерте заманда Бұрқан есімді жігіт болған деседі. Ол  сіңірі шыққан кедей екен. Шамасына қарамай, байдың бойжеткен қызына өлердей ғашық болады. Қыздың аты Қора екен, ол да жас жігітті ұнатады, сөйтіп екі жас бір-бірін көрмесе тұра алмайтын халге жетеді. Әрине, есігіндегі жалшысына жалғыз қызын берсін бе, бай олар-дың қосылуларына үзілді-кесілді қарсы болады. Қандай айла-тәсіл қолданбасын мейлі, жігіт пен қыз арасындағы махаббаттың отын өшіре алмайды. Содан ызаланған бай жартастың ұшар басына қамал соғып, Бұрқанды сонда қамайды. Бір-біріне қосыла алмаған жігіт пен қыздың көз жасынан сол жерде бұлақ пайда болып, кейін ол алып сарқырамаға айналыпты. Ал шатқалды халық қыз есімімен Қора деп атап кеткен. Осылайша ғашықтардың есімі ел ішінде қатар аталатын болған.

Тағы бір  аңызда бұл аймақта есте жоқ ерте заманда бір әйелдің өмірден өткені айтылады. Әлгі әйелдің Бұрқан есімді баласы болыпты. Баласын жанынан артық жақсы көрген анасы оның өзіне әйелдікке көргенді, мінезі ұяң қызды алғанын қалайды. Алайда ақылы көркіне сай Бұрқан өзі ерке, өзі тәкаппар Қора сұлуға ғашық болады. Бұрқанның анасы бұл некеге қарсы болып, баласын  жар  басындағы  қамалға қамап тастайды-мыс. Махаббат күш-жігер берген Бұрқан қапастан құтылып шығып, Қора сұлумен бірге осы жартастар арасына сіңіп, жоқ болып кетеді. Олар неше ғасырдан бері осы жартас қамалдарды қол ұстасып бірге кезіп жүр-мыс. Ал Бұрқанның анасы баласын жоқтап әлі де жылайды… Айтпақшы, Бұрқанбұлақтан алыс емес маңайда «Ананың көз жасы» деп аталатын кішкентай бұлақ  та бар екен.

САРҚЫРАМАНЫҢ шығу тарихына байланысты тағы бір аңыздарда «Бұрқан» деп моңғолдар Будданың бейнесін атағаны айтылады. Бұл жерлерде ежелгі уақыттарда моңғол тайпаларының көш жолы болуы кәдік, олар сарқыраманың сұлулығына тәнті болып, бұл жерді өздері сыйынатын жерге айналдырған-мыс. Ал шынында Қора шатқалында Будданың ежелгі мүсіні де сақталған.

Ендігі бір деректе былай делінген. Ертеде Бұрқан бұлақ сарқырамасының жанынан өтіп бара жатқан Қобыланды батыр жол үстінде қазан қайнатып жүрген екі сұлу қызды көреді. Жас батыр Қобыланды қыздарға өзі атып алған құстарды ұсынады. Қыздар батырды асқа шақырады. Асты аузына апарар алдында батыр әдеттегідей дұға жасайды. Сол уақытта алдындағы ас малдың тезегіне айналып кетеді. Бұған ашуланған қыздар әп-сәтте жезтырнаққа айналып, жігітке тарпа бас салады. Қобыланды батыр шоқпарын алып, әлгілердің басын мыжып өлтіріпті. Одан кейін олардың мекені болған орманды түгелдей өртейді. Бұрқан бұлақтың құпиялылығын аңыз-ертегіге құмар халық осылай түсіндіріпті деседі.

ШЕКЕ тесер аптап ыстықта  сарқырама маңында адам жанына жайлылық сыйлар салқындық сезіліп тұрады екен. Тау суы жартасты бойлай белбеумен ағып, қора шатқалының оң жақ бөктерін жиектесе, жартастардың арасында сумен қайралып қалған тар науаларды сығалап өтіп, төменгі жақта ірі құз шоқысына соғылады, осылайша ағыны арттырылған тау суы сарқырап келіп, қуатты ағынмен табиғи су алабына қосылады.

Сарқырама  сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны  көзбен көру керек. Қиядан құлаған су құз тастарына күркіреп соғылып, жан-жаққа сыңғырлап шашырайды. Ал, оған жақын маңда тұрған адамдар лезде-ақ суға малшынып шыға келеді. Судың сарқыраған дауысынан жаныңдағы адамның айтқанын да есту мүмкін емес. Алайда судың гүрілі мен сыңғырын естудің өзі бір ғаламат әсерге бөлейді.

Біз сарқыраманың көз ұшындағы үш қиясын ғана көрдік. Ал ең жоғарғы бірінші қиясы тым биікте шатқал ішіне ене тереңірек орналасқандықтан,   көру үшін таудың тар соқпағымен жоғары қарай көтеріле түсу керек екен.

Жартастың табанына түскеннен кейін су ағысы жайлап, маңғаздана Қора суымен қосылып кететінін де білдік. Сонымен қатар   мұнда  келген адам кеткісі келмейтінін де айтқым келеді. Себебі бұл жерде тек демалып қана қоймай, жаңа энергиямен қуаттана аласың, өзіңді  құдды бір табиғи шипажайда жүргендей сезінесің.

* * *

АЙТПАҚШЫ,  Қора шатқалына  кірер тұста көлемі үлкен тасты да көрдік. Оны байқамай өту тіпті мүмкін емес. Халық оны әулиетас деп атайды екен.  Орасан зор, аппақ тас көзге бірден шалынады. Оны қоршаған айнала орманнан тура сондай тасты тіпті кездестірмейсіз. Жергілікті тұрғындар киелі деп ұғады. Ал енді ол бұл араға қалай келген?

Тым ертеде өзен бойында ауыл тұрыпты-мыс. Түгін тартса майы сорғалаған өрістерде мыңғырып мал жатыпты. Еш алаңсыз тірлік кешкен адамдар бір күні алапат жер сілкінісінен адам айтса нанғысыз әбігерге душар болады. Үрейі ұшқан жұрт жан-жаққа қаша бастайды. Сонау бір тау қапталынан осы тас жолындағының бәрін жапырып төмен қарай құлдилай жөнеліпті. Кімнің әлі келгендей, бір ғасыр тұрған шыршаларды қирата екпіндеген тастың бағыты тура жолындағы бір киіз үйге ентелей түседі. Үй ішінде әйел толғатып жатыпты. Енді мына кереметті қараңыз, әлгі тас талықсыған келіншек жатқан үйге бірнеше сантиметр қалғанда қалт тұра қалыпты. Іңгәлап нәресте өмірге келген.  Әулие тас аталатыны да сондықтан деседі.

Қора шатқалы арқылы Қапалға асатын тұстағы Қызылжар асуында жүз батыр жасанып келген жауды тосып, елді қорғау жолында ерлікпен құрбан болғандар үшін арнайы қойылған белгітас та бар екен. Бұл туралы әріптесіміз Қажет Андас біраз дүниеден хабардарлығын танытып, Қызылжар шайқасы туралы аз-кем айтып өтті.

* * *

ЖАН ЖАҒЫ  таумен ғана емес,  шыршалар мен арша ағаштары көмкерілген әсем жерде орын тепкен ағаштан  жасалған шатырлы үйлер  алыстан көз тартады. Демалушылар үшін қолайлы етіп жасалған бұл үйлердің бой көтергеніне де біраз жылдың жүзі болған. Бүгінде мұнда  туристер үшін  төрт жай үй және екі қабатты VIP үй  бар. Оның  бірінші қабатында екі  және үш адамдық бөлмелер болса, екінші қабаты сегіз адамға арналып жасалған.  Сонымен қатар тағы да   бір жаңа  ағаш үй салынуда.

Тау бөктеріндегі шатырлы үйлердің бой көтеруі, керемет демалыс орнын қалыптастыра  алу  әркімнің бір қолынан келер іс емес. Алайда осындай ғажайыпқа қарап  табиғат  пен адамның егіз екеніне көз жеткізе түсетіндейсің.  Жаны  жақсы көретін  істі бастап, туристер үшін жайлы демалыс орнын ашқан   Талдықорғандағы «Видергебурт» неміс қауымдастығының төрағасы болып істейтін  Владимир Молодцовтың ісіне қалайша тәнті болмасқа.

БАҚ өкілдерінің басын қосқан екі күндік  пресс-турда табиғат аясында демалып қана емес шағын  демалыс орнының ішкі жайына да қанық болдық.  Осы тұста Владимир Молодцовтың  қызы Мария Адинбековамен  танысып қана емес, тілдесудің сәті  туды.

«Бұрқан Бұлаққа  алғаш  табан тіреген кез әлі есімде. Сарқырама жанында  тұрып  әкем   бұл жерге демалыс аймағы емес, әйтеуір жақсы бір орын  жасайтынын айтқан-тын» – деп бастады әңгімесін Мария.  –  Әкем де, мен де әрдайым табиғатқа шығуға құмар едік. Ол үнемі үйіміз табиғат аясында болады дейтін.  Бір жарым жылдан соң ойын іске асыруға мүмкіндік туып, осында үлкен қазақ үй тікті. Мен тұрмысқа шығып, үйлену тойдан кейінгі «Бал айымыз»  өзгелер құсап шет елде емес, осы Бұрқан бұлақта өткен еді.  Әкем «жас жұбайлар» осында  демалады  деп бір қазақ үйді  берді. Жаңа отау  тіккен  біз үшін бұл керемет  «бал айы», тамаша саяхат болды.  Осылайша, қазақ үйлер саны артып,  бесеуге жетті.  Одан  соң  шатырлы палаткалар болды. Сәл кейін ағаштан арнайы шатырлы үйлер тұрғызылды. Қазіргі таңда өзіңіз көргендей,  ағаштан жасалған бес  шатырлы үй және бір шатырлы палаткамыз  бар.

Мен отбасыммен Ресейдің Воронеж қаласында тұрамын. Бірақ жыл  сайын жазда осы жерге келуге асығамын. Әкемнің бір жағына қолғабыс етіп, әрі табиғат  аясында демалып, тынығып қайтуға   келемін. Мұнда интернет мүлдем тартпайды. Бұл жерге келгендердің  миы  демалып, бойларына энергия жиап қайтады деуге әбден болады.

Жол машақаты демесеңіздер, жолдарыңыз түссе, жаз айларында Бұрқан бұлақты бір көріп қайтуға асығыңыздар. Мұнда алыс-жақын шет елден келетіндердің де қарасы көп… Келемін десеңіз,  еш өкінбейтіндей әсерге бөленеріңізге кәміл сеніңіз.   

Әңгіме желісінде Мария  қар түскенше бұл жерден адам саны үзілмейтінін айтты.  «Егер  жол қатынасы реттелсе, бұл жер нағыз туризмнің ордасына айналар еді. Дей тұрғанмен, мынадай  тұмса табиғатты көргенде жолдың қиындығы  шаршағаныңды ұмыттырады»,  – дейді Мария.

Осы орайда біз  тауқыметі көп жолмен апталап жүретін жүргізуші Серік  Есенберлиновпен де пікірлестік.

«Жеті жыл бұрын Шығыс Қазақстаннан Талдықорғанға көшіп келгенмін.  1987 жылдан бастап автобуста дальнобойшик болып жұмыс істедім. Содан Талдықорғанға көшіп келген соң  осы жерге жұмысқа тұрдым. Жеті жыл болды сіздер айтқандай «соқпақты-соқтықпалы» жолмен  демалушыларды тасып, нәпақамызды адал тауып келеміз. Жұмыстың жеңілі жоқ қой. Өз  жұмысым  өзіме ұнайды. Сондықтан да болар шарашағанды сезбей қалатынымыз. Жол қиындығы болғанымен Бұрқан бұлақтың таза ауасымен тыныстағанда барлығын  ұмытасың», – деп ағынан жарылды ағамыз.

ОСЫНДАЙ керемет сапарды ұйымдастырған «Қоғамдық келісім» КММ  директоры Серік Бимұханбетов бастаған топ мүшелері журналистердің мерейін тасытты. Сапар барысында табиғат аясында демалып қана қоймай, әріптестер арасында этно-журналистиканың ерекшелігі және Жаңа Қазақстандағы БАҚ-тың дамуы тұрғысында ой айтылып, Қазақстан халқының береке-бірлігі, ынтымағы жайлы пікір алмасылды. Артынша журналистерге арнайы  Алғыс хаттар табыс етілді.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Аслан ҚАЖЕКЕ

Дереккөз: Alataugazeti.kz

 


ПІКІР ЖАЗУ