Ұлттық аспап күні мерекеленді

0
1848

Домбыра – қай қазақтың болмасын жүрегіне жақын ұлттық аспап. Себебі ол ата-бабадан қалған мұра, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени туындыларды жеткізуші. Домбыра бар  жерде қазақтың тілі,  діні, салт-дәстүрі қатар жүреді. Талдықорғанда ұлттық домбыра күніне орай  «Жанды Арбат» іс-шарасы өтті.

Ұлттық аспабымыздың бүгінде заманауи музыка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосып келе жатқаны мәлім. Мерекеге орай орталық арбатқа бұқара халық жиналып, ауқымды іс-шара өтті. Шара барысында жиналған қала тұрғындары мен қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылды.

«Домбыра пати» деп аталған іс-шарада өнерлі жастар көрермен қауымның көзайымына айналды. Жас толқын өздерінің жүрек қалауымен қатысып, құрбы-құрдастарымен бірге күмбірлете күй төкті. Күй атасы Құрманғазының, Дәулеткерей мен Тәттімбеттің шығармаларын нақышына келтіре орындаған өнерпаздарға жұртшылық дән риза болды. Іс-шара барысында күй мен бірге ұлттық әндер де шырқалды.

Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетін ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке 2018 жылдан бері елімізде кеңінен атап өтіліп келеді.

Халық қазынасы саналған домбыра аспабын насихаттау – жастарды рухани тәрбиелеу, өнерге деген қызығушылығын арттыруға баулиды. Бүгінде осы мақсатта облыс, аудан мектептерінде домбыра үйірмелері жұмыс істейді..

Жыл сайын аталып өтілетін мерекенің ру-ханиятымызға қосар үлесі салмақты. Ұлт аспабы – ұлық домбыраны мерекелеу елдің еңсесін көтеріп, халықтың рухын оятты. Елімізде төрт жыл қатарынан тойланып келе жатқан бұл мереке келер жылы да өз жалғасын таппақ.

Арайлым НҰРЖАПАР

 


ПІКІР ЖАЗУ