Шенділерге тиесілі 14 пәтер тәркіленді

0
280

Жиренше шешен аядай күркеден аяғын созып, жата кетіп: «Өз үйім өлең төсегім» деген екен. Сол Жиренше айтқандай тауықтың күркесіндей болса да өз баспанаң болғанға не жетсін! Әлімсақтан келе жатқан  жер дауы, жесір дауына енді баспана дауы қосылды. Он сотық жер телімін ала алмай жүргендер мен басапана кезегі сағызша созылғандардың айғай-шуынан құлақ тұнады. Мұнда да бармақ басты, көз қыстылардың айы оңынан туып тұр. Қолында билігі барлар тамыр-таныстарын  жарылқап, өздері де заңсыз баспана алыпты.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталыпты» демекші, қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасынан кейін бұрынғы шенді-шекпенділердің былық-шылықтары су бетінде көлкіген көбіктей қалқып тұр. Отыз жыл елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Елбасы Н. Назарбаевтың айналасынан басталған рейдерлік басып алу, баспанаға да жетіпті. Облысты, қаланы басқарған әкім-қаралардың атына тіркелген заңсыз пәтерлер әшкере болуда. «Құрқылтайдың ұясындай үй алу үшін жылдар жылжып, қаншама адам баспанаға кезегін күтіп, зарығып жүргенін айтудың өзі әбестік. 15-20 жылдап кезекте тұрғандар осыдан бір жарым жыл бұрын кезегіміз жақындағанда кері сырғып кетті деп, бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан-ды. Бұл қалай болды деп қалалық  «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына бас сұққанбыз. Үй кезегінің кері сырғуына баспана алудың жаңа реформасы себеп болғанын, тұрғын үй бөлімінің басшысы Нұрым Әлиұлы, Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары заңы қайта қаралып, алты санатқа біріккенін айтқан-ды. Бұрын 19 санатта болған баспана кезегі ықшамдалып бір арнаға жинақталғанын, реформаланған жаңа санатқа орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жарымжан топтар, жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан осал топтар, мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер, сонымен қатар әскерилер мен ғарышқа ұшуға үміткерлер және үйлері апатты жағдайда деп танылғандар заңда айрықша көрсетілгенін айтып, 2000  жылдан бастап  бұрынғы жүйе, яғни, 19 санат жойылып, олардың бәрі ретке келтірілді. 2017 жылдан бастап «ЦСП» деген орталықтандырылған  (Сервистік өнімдік) бағдарлама енгізілуге байланысты кезекте тұрушылардың бірыңғай тізімі бекітілді. Бұл бағдарлама  Нұр-Сұлтанда орталықтан басқарылады. Оны ешкім өзгертіп, кезекті сырғыта алмайды. Баяғыдай тамыр-танысына береді, әкімдік сатып жіберді. Туған-туысына, анаған-мынаған бөліп береді деген қауесет енді болмайды. 2020 жылдан бастап Қазақстан бойынша біріңғай база өндіріске  алынды. Бұл бағдарлама 2021 жылдан бастап  іске аса бастады. Бұл заңға сәйкестендіру жоспары заңсыздықтардың барлығын біріктіріп, заңға сәйкестендіріп, алты санатқа бөлінді деген-ді. Алайда «қолынан келгендер қонышынан басып, пәтерлерді тәбәрік таратқандай таратыпты. Оны анау-мынау емес, шенділердің өздері алған. Халықтың кезексіз баспана алғандар бар деген қауесеті шындыққа айналды. Алты санатқа біріккенше, жаңа заңды айналып өткен шенділер заңсыздыққа барғанын, Талдықорған қалалық әкімдігінің баспасөз өкілдері жариялап отыр.

Баспанаға кезекте тұру,  он сотық  жер телімін алу бітпейтін жыр, таусылмайтын аңызға айналды. Екі ортада сарылып кезегін күтіп жүрген қара халық, олардың ішінде әлеуметтік осал топтар мен мүгедектер, көп балалы жанұялардың жан айқайын естісеңіз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Олардың көбі әкім-қаралардың іс-әрекеттеріне көңілдері көншімейтінін ұдайы айтып келеді. Бір ғана Талдықорған қаласында соңғы жылдары қарқынды дамыған құрылыстың бірі – баспана салу. Тіпті 6-7, 8-9-шы шағын аудандар ашылуда. Мұндағы салынып жатқан пәтерлер кезекте тұрғандардың санын азайтып жатқан жоқ, керісінше кезекте тұрғандарда өсім бар. Арасында әкімдер спортшыларға, қаламгерлерге, әртістерге баспана сыйлап жатады. Бұл енді әкімдіктің жеке қорынан бөліне ме, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз. Мәселен Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов жомарттық танытып біраз  журналистерге үй берген болатын. «Баспаналы болдық» деп  бөріктерін аспанға атқан сол қаламгерлер қазір қамығып жүр. Себеп, әлі күнге дейін сол үйлеріне құжат ала алмай жүрген тілшілер:  «Баспана заңсыз берілген деп тартып алса, далада қаламыз ба деп қорқамыз. Не меншікті, не коммуналдық үй екенін біле алмай дал болдық», – дейді. Қаламгерлерді жарылқап тастадым деген экс-әкім Амандық Баталовтың төңірегіндегі айғай-шу шиыршықтанып ушығып барды. Бұрын осы баспанаға қатысты істі болып, төрт жылға абақтыға тоғытылған журналист Дина Искакова өзінің жазықсыз сотталғанын дәлелдеу үшін кезінде Талдықорған қаласын басқарған Амандық Баталовтың туысы Ермек Алпысовтың және тағы да біраз шенді-шекпенділердің заңсыз баспана үлестіргені, қалай саудалағаны жөнінде жоғары билікке дейін шағымдануы біраз жайдың бетін ашуда. Әділдіктің түбіне жетпей қоймаймын деген тілші іс-әрекетінен кейін және баспана кезегін даулаушылар мен қалалық әкімдік қазір сотқа жүгініп жүр.

Берілген баспаналарға жіті талдау жасаған қалалық әкімдік баспанаға қатысты заңсыздықтардың болғанын айтуда. Бұл туралы Әкімшілік істер бойынша сот алқасының төрағасы Жанат Тазабеков тұрғын үй кезегіне қатысты даулардың көп екенін, олардың көбі сот табалдырығына келгенде «Медиация» арқылы келісімге жүгініп жататынын, әкімдердің баспана берудегі қағидаларына өздері мұқият болуы керектігін, «Алатау» газетіне сұхбат бергенде тілге тиек еткен-ді. Бүгінгі таңда 16 172 азамат баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрса, оның ішінде бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 6182,  халықтың әлеуметтік осал топтары – 7030, көпбалалы отбасылар – 1652, жетім балалар – 1303, апатты үйлер – 5. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу кезегіне – 41 945 азамат, оның ішінде 37 715 адам – Өтенай ауылдық округінен,  4 230 адам – Еркін ауылдық округiнен болды.  Өтенай ауылдық округінің әкімдігі 2022 жылдың тамыз айында тұрғын үй массивінен жеке тұрғын үй құрылысына 514 жер телімін беруді жоспарлап отыр. Қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген «Жастар» – 3 шағын ауданы дайын тұр. Алайда  кезінде заңсыздықтарға жол беріліп, баспана салынып пайдалануға берілгенде сарылып кезекте тұрғандарға берілмей, шенділердің өздері үлестіріп алғаны енді белгілі болуда. Халықтың қамын жейді, жағдайын жасайды деген шенді-шекпенділер әуелі өздерін жарылқап, қала берді тамыр-таныстарын баспаналы еткен көрінеді. Талдықорған қалалық әкімдігінің баспасөзі ғаламтор желісіндегі ақпаратында арнайы комиссияның тексеруінен кейін бұрынғы шенділерге тиесілі 14 пәтердің тәркіленіп, мемлекет меншігіне қайтарылғанын – Tengrinews.kz ақпараттық порталы да хабарлаған. Хабарламада қалалық әкімдігінің мәліметінше, қалада бір кездері заңсыз берілген 1000-нан астам пәтер мен тұрғын үй тексерілмек.

«Алдағы уақытта барлық қайтарылған пәтерлер қолданыстағы заңнама аясында  қаламыздың кезекте тұрған азаматтарына бөлінеді. Сонымен қатар бұрын анықталған заң бұзушылықтар бойынша 14 пәтер қайтарылып, кезекте тұрғандарға үлестірілгенін хабарлаймыз. Олардың кейбіреулері көшіп кеткен, бірақ пәтерлер олардың атына тіркеліп, бос тұрған. Ал кейбіреулерінде туыстары тұрғаны айтылған. Демек, мыңнан аса тұрғын үй, шынайы тексерілетін болса, әлі талай заңсыздықтардың бетпердесі ашылатыны айдан-анық», – делінген ақпараттық порталда.

«Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, журналист Сандуғаш Дүйсенова да фейсбук желісінде бұрынғы қызмет атқарған жоғарғы лауазымды шенділердің баспаналарына қатысты қолында айғақ барын, олардың  атын атап, түсін түстеген бейнежазбасы жарияланды. Қарапайым халық бір баспанаға зарығып, жылдар бойы сарғайып, сарылып кезегін күтіп жүр. Ал қолында құзіреті бар шенділер өздерін де, туыстарында жарылқап, тіпті қызметтері ауысқан жағдайда алған баспаналары-на туыстарын орнықтырып кетеді. Мұндай заңсыздықтармен қанша баспана жекешеленіп, әрі сатылып кеткенін бір Құдай білсін. Сонда деймін-ау, әлгі 19 санаттан, 6 санатқа жинақталған тұрғын үй кезегі енді жүйелі жұмыс атқарса игі. Бір күндері бұдан да шикілік шығып, шенділердің  өзі заңды бұзып, баспана бөлуден тағы шу шықса, қуырдақтың көкесі сонда болмасын деңіз.

Бізде өзі реформаланбаған сала қалмады. Заман ыңғайына қарай бейімделіп, әрекет еткенге не жетсін. Бірақ біздің шенділер оңды тұсын меңгермей, бұра-тартып, бүйректен сирақ шығарып алатыны таңдай қақтырады. Әйтпесе 14 баспананы заңсыз алған шенділер «Қу  кетті, іс біттінің» керін жасап отқан жоқ па?

Жалпы мемлекеттік қызметтегі шенділерге баспана уақытша берілсе құба-құп. Олар қызметтерін ауыстырып немесе жұмыстан кеткенде уақытша тұрған баспаналарын әкімдіктің өзіне өткізіп кетулері тиіс. Ал еңбегі сіңіп, елге құрметі артқан мемлекеттік қызметшіге өзі отырған баспанасын жекешелендіру құқығы бар. Онда да тиісті бағасына алуы заңдылық болар еді.

А. БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ