Қарттарым,  аман-саумысың?

0
728

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген аталы сөздерді жиі айтқанмен іс жүзінде  қарттарға деген құрмет бүгінгі қоғамда мардымсыз. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету парызымыз» екенін  білсекте бұл міндетті кешегі Кеңестік және бүгінгі қоғамның сүреңсіз көріністерінен жиі байқап жүрміз.

Анығын айтқанда, бір ауылды бір ақсақал билейтін байырғы дәуірді аңсаймыз, көксейміз. Қартқа бағыну, оның қадірін білу, үлкеннің алдын кеспеу үрдісі қазақ қоғамынан жойылып барады. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген тәмсілді де көнекөз қарттар айтқан. Бірақ осы тәмсілден нәтижеге шығып жатқаны шамалы. Халықаралық қарттар күні – 1990 жылы 14 желтоқсанда  БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп жарияланды. Бұл айтулы мереке Қазақстанда 1-ші қазанда аталып өтеді.

Осы тұста ақын Сағи Жиенбаевтың ауыл қарттары деген жыр жолдары еріксіз ойға оралады. Себебі 1-қазан қарттар күні.

 – Дүниеге келер бір рет,

Дария-кеуде,

Тау-мүсін,

Құрыштан құйған құдірет –

Қарттарым, аман-саумысың?

Өздерің болсаң жанында,

Ел іші жомарт,

Еңселі,

Дән иісі жүрген қанында

Даламның бір-бір бөлшегі, –  деп жырлаған Сағи ақынның құрыштан құйған құдіреті, дән исі сіңген қарттар неге жабығып жүр. Аштықты, зобалаң жылдарды, қуғын-сүргінді, қан майданда тобықтан қан кешкен қарттардың қатары сиреді. Көбі Мұқағалидың жырымен айтқанда келместің  кемесіне  мініп  кетті. Бірлі-жарымы кемені күтіп, қалт-құлт етіп жағада тұр. Көгілдір экранның түймесін басып қалсаңыз бала-шағасынан зәбір көрген, қартайғанда далада қалған қарттардың кескін-келбетін көресіз. Кіндігінен өрбіген бала-шағасының тасбауырланып,  қариядан теріс айналып тұрған сүреңсіз сұрқын көріп «Әкеңе істегенің, түбі алдыңа келеді-ау» деп кіжінесің. Сол далада қалған қарттардың зейнетақысы жақсы да, өздері жаман болып, қарттар үйіне өткізіліп жатады. Сенбесеңіз қарттар үйіне барыңызшы, сондағы қариялардың көбісінің бала-шағасы бар. «Айналшық жегендей» шыр айналып қарттар үйінен шықпайды екен десеңіз қателесесіз.

Қазір қарттардың қадірі қашқан заман. Сан мәрте қарттар үйіне барып қаузаған тақырып. «Неге қартайған шағыңызда бұл араға келдіңіз?» деген сауалды қойғанбыз. «Қызмет бабымен жүріп бала тәрбиесін қолдан шығарып алыппын немесе шалдың көзі кетіп еді, келінге жақпадым, бала екеуінің ұрыс-керісінен жалықтым, болмаса балаларының айтатын сылтауы кезінде шешемізді тастап кеткен, ішеді көргіміз келмейді» деген қатқыл жауаптарды сан естігенбіз. «Үкімет өлтірмейді деп осында келдім. Таза төсек, ыстық тамақ бар, өлсем осылар жерлейді» деген әлгі қарттардың балалары зейнетақыларын алуға келіп тұратынын  қарттар үйіндегі қарттар да жасырмайды.

– Қаусаған қасіретті қара шалмын

Бұл күнде қара шалмен санасар кім

Жанымды жегідей жеп қарттар үйі

Күн сайын қуат кеміп аласардым.

Онша тар емес еді-ау пәтеріңде,

Осында тастап кеттің әкелдіңде.

Сынаптай сыртын берсе туған балаң,

Тірідей өлгені ғой әкеңніңде, –  деп бозінгендей боздаған Алтынбек Қоразбаевтың ақын Абдрахман Асылбековтің «Қара шал», «Қара Кемпір» әніндегі қарттар үйіндегі қариялардың тұрманы түгел болғанмен жан дүниелеріндегі жараны ешкім де емдеп жаза алмайды. Қарттар күніне орай ғаламтор желісін ақтарып отырып Қазақстан бойынша бес жылғы мәліметті көзіміз шалды. Яғни, 2017 жылдан кейін қарттар үйіндегі қариялар туралы толық мәлімет жоқ. Демек, үкімет те және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де қарттар үйіндегі қариялардың бес жылғы есебін жарияламаған соң олардың санының не өскенін, не кемігенін білмедік.

2017 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда қарттар үйінде тұрып жатқан қарттардың саны 35 мыңнан асады екен. Жалпы республикада 70-ке жуық қарттар үйі бары айтылған. Екіге бөлінген Алматы облысында бұрын екі бірдей қарттар үйі болған. Оның бірі Текелі қаласында, ондағы қарттар үйінде бүгінгі таңда 317 қарт тұрады. «Олардың 213-і ер адам, 104-і әйел адам, ал 62-і жарымжан жандар. Жас ерекшеліктеріне тоқталсақ, ең жасы 37-де, ал ең кәрісі 87-де. Жылына қарттар үйіне 50-60 адам келіп түседі», – дейді «Шапағат» қарттар үйінің директоры Алма Мұханғалиқызы.

Ал Қонаев қаласындағы қарттар үйінде 131 қария тұрады. 230 адамға лайықталған мекеме жылына 15-20 адам қабылдайтынын айтады. Мұндағы қарттардың ең үлкенінің жасы 90-да, 131 қарттың 56-ы әйел, 75-і ер адамдар, 48-і мүгедектер.

1-ші қазан қарттар күні болғандықтан, тек осы мереке қарсаңында қайырымдылық көрсетуге ниеттілер қоңырау шалып мазалайды екен. «Қандай қайырымдылық жасайсыңдар десек, концерт қойсақ, мектептен оқушыларды апарсақ деп өтінетіндер де бар екен. «Айналайын-ау оқушыларды әкелетін бұл жер мұражай емес қой, мен сендерді түсінемін, тапсырма берілген соң жан ұшырып жатсыңдар. Жарайды екі-үш баланы алып кел, одан көп болмайды, қарттармен сөйлессін деп айттық», – дейді қарттар үйінің директоры Алма Мұханғалиқызы. Қарттар мерекесі тек қарттар үйімен шектелмейді. Бірақ біздің қоғам қарттар күні келгенде ала шапқын болып, осы мекемені жағалап қайырымдылық көрсетіп жатқандарын әлеуметтік желілерге салып, эфирге шығарып тың жаңалық ашқандай қарттарды мүсіркеп жатады. Ал жайшылықта әкім-қаралардың есігін жағалап, табан тоздырып жүрген қарияларға олар «Біз заң шеңберіне ғана көмек бере аламыз, үйді кезегі келгенде ғана алады болмаса заң орындарына жүгініңіз» – деп еңселерін езіп, босағаларынан шығарып салып жататындары жасырын емес-ті.

Қарттар күніне орай оларға көрсетіліп жататын құрмет те түрлі форматтарға ойысады. Атап айтқанда, қарттарға құрмет көрсету акциялары, мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеті, шипажайларға жолдама және тағы басқаларын айтуға болады. Бір ғажабы бұл көрініс тек  қарттар  күніне  ғана  емес, жыл бойы неге ұйымдастырылмасқа?! Әлеуметтік жағынан аз қамтылған қарт адамдарға, аға буын жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық көмекті мереке қарсаңында көрсетіп, сонан соң ізім-ғайым жоқ болып кету жергілікті биліктің әдетіне айналған. Болмаса өздері баскөз болатын жұмысты кәсіпкерлерге жүктеп, қарттар күні келгенде ілуде бір көрінетін қызырдай жалт етіп, жалынды сөздермен қарттарды жұбатып, азық-түлігін беріп, соңын концерттік бағдарламалармен аяқтап жіберетін үрдіс бізде бір ізге түсіп алған. Қарияларға тек мереке қарсаңында дүние жүзінің түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар өткізіліп, білім алушылар мен жастар тарапынан қарияларға арналған алуан түрлі қызықты да танымды жобалар ұйымдастырдық деп жаһаннамға жар салудың өзі әбестік.

Қарттық ол – тірі адамның басына бір келетін кезең. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының  жіктеуіне  сәйкес,  қарт  адамдарға  60-74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Қазақстан Республикасында қарттарды әлеуметтік қамсыздандырудың аралас жүйесі қалыптасты. Ол зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін (мемлекеттік бөліп тарату және жинақтаушы) мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайына және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды, әлеуметтік қызметтер көрсетуді және әлеуметтік көмек беруді қамтиды.

Алматы облысында 238 000 еңбек және соғыс ардагері болған. Екіге бөлінген соң Жетісуда соның 87 000 қалған. Жалпы саны 8000  тыл ардагері болса, оның 2547-і Жетісу облысына тиесілі. Ұлы Отан соғысының 25 ардагері болса, Алматы облысында 17-і,  Жетісу облысында  5-еуі тұрып жатыр. Қариясын қадірлеп, қарттарын құрметтеген ел боламыз десек, қариялар туралы жаңа Заң қабылдану керек. Онда ата-анасын қарамай далаға тастаған, қарттар үйіне өткізгендердің жазасы қатаң болмай, қарттардың қадірі артпайды. Ол үшін 30 жыл бойы бақылаудан шығып кеткен идеологиялық тәлім-тәрбиені қалыпқа салмай, салымыздың суға кеткені кеткен.

Мақаланы Сағи Жиенбаевтың «Қарттарым аман сау жүрші» жыры-мен бастап, жырымен аяқтауды жөн көрдік.

Алдында жүрші көзімнің,

Асылым, алтын қазынам.

Ауыра қалсам, өзіңнің

Пейіліңмен-ақ жазылам.

Сағынтып талай жыр туар,

Оралар әлі-ақ сын жыршы.

Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым аман-сау жүрші!

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ