Премьер-лигаға қайтатын кез келді

0
358

«Жетісу» футбол командасы Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсетті. Елордадан келген қарсыластармен өткен тартысты ойынды Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та тамашалады.

Жергілікті клуб келер жылғы маусымда еліміздің үздіктер тобында жолдама алу үшін барын салды. Әзірге 19 турдың қорытындысы бойынша талдықорғандықтар 5-ші орында келеді.
Алаңға жігерленіп шыққан жерлестеріміз үшін қарсыластарын ұту аса маңызды болғандықтан, бұл матчта 3 ұпай иеленіп, ойын кестесінің 3-ші сатысына көтерілуге бар күш-жігерін жұмсады.

Жетісулықтар алаңның қос қапталынан кезек-кезегімен шабуылдады. Қарбалас сәттердің бірінде «Жетісу» ойыншысын шалып құлатқандықтан төреші «Жеңіс» қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Айып добын Бауыржан Тұрысбек мүлтіксіз орындап, есепті 1.0 есебімен ашты.

45 минуттық таймда «Жетісу» және «Жеңіс» командалары арасында есеп айырмашылығы болған жоқ.
Екінші таймда да қарқынын жоғалтпаған жетісу ойыншылары үздіксіз шабуылдар ұйымдастырып, қарсыластар қақпашысына дамыл бермеді.

Шабуылдың бірінде Марат Бураев есепті 2.0-ге еселеді. «Жетісу» командасын қолдаған көрермендер айғайы мен қол шапалағынан қуат алған футболшылардың бірі Сергей Гридин есепті 3.0 есебіне жеткізді. Алайда соңғы минуттарда қарсылас «Жеңіс» командасының ойыншысы Карим Смыков қақпаға доп салды.

Қорытынды нәтижесінде 3.1 есебімен жеңіс «Жетісу» командасының пайдасына шешілді. Осылайша, команда қоржынына 38-ші ұпай түсті.
Қаланың орталық стадионында өткен матчтан кейін аймақ басшысы жаттықтырушылар құрамы мен команда ойыншыларын сенімді жеңісімен құттықтап, команданың Премьер-лигаға қайта оралатын кезі келгенін баса айтты. Сол үшін барлық мүмкіндіктердің жасалынып жатқанын айтты. Ең бастысы командалық рух, еңбекқорлық және жеңіске деген жігер дей келе, облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы алдағы жоспарларды талқылап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ