Жетісу облысының төлтаңбасы таныстырылды
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жетісу облысының жаңа төлтаңбасы таныстырылды. Журналистер үйінде өткен басқосуда Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбеков төлтаңба авторы Есет Жеңісұлын БАҚ өкілдеріне таныстырды. Басқосуда белгілі болғандай, Жетісу облысының төлтаңбасын жасау үшін шілде айында арнайы комиссия құрылып, конкурс жарияланыпты. Байқауға суретшілер, фотографтар, дизайнерлер, архитекторлар және қарапайым қала тұрғындары қатысып, жалпы 17 үміткерден 55 эскиз түскен. Қазан айындағы комиссиялардың алғашқы отырысында бірауыздан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Есет Дәуренбаев нұсқасы таңдалып алынған.
Баспасөз мәслихатында байқау жеңімпазы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Есет Жеңісұлы қатысушыларға эскиз жобасының аннотациясымен таныстырды.
«Ұсынған жобамда Жетісу облысының гербі шеңбер ішінде орналасқан. Мұнда мемлекеттік тудың көк және алтын түсіне негізделіп құрылды. Жобадағы негiзгі нышандардың бірі – шаңырақ, Жетісу жерінің асқарлы, биік тауларын алдық. Сонымен қатар Талдықорған қаласының символына айналған «Жетісу монументі», Ұлы Жібек Жолының нышаны – керуен көші, жеті өзен, Балқаш, Алакөл көлдерінің айдынын көрсетіп, өңіріміздің ерекшелігін айқындауға тырыстық», – деп атап өтті ол.
Айта кетерлігі Жетісу облысының төлтаңбасын жасап шыққан суретші авторлық еңбегі үшін қаламақы алмаған. Оның сөзінше, туып-өскен жеріне деген махаббаты мен патриоттық сезімін білдіру мақсатында төлтаңбаны салып шыққан. Сонымен қатар автор алдағы уақытта өзге мекемелердің де бұл гербті қолдануына еш қарсылығы жоқ екенін айтты.
Жиын соңында БАҚ өкілдері рәміздің авторына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Журналистер қауымы төлтаңбаның эскизін сызу барысындағы өзгертулер жайында ақпараттар алды. Сонымен қатар Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Бақбергенұлы болашақта авторлық құқықты міндетті түрде заңдастыратындарын да тілге тиек етті.
Айдана СМАҒҰЛ