Қазақ жастары «Хэллоуин» тойлауда
Бүгінде 31-қазан күні күнтізбеде бейресми мереке ретіндегі хеллоуинді жыл сайын жастар жаппай тойлауда. Беттерін түрлі бояулармен бояп, қайта тірілген өлілер кейпіне енген жас буынды бұл мейрамның түп-төркіні қызықтырмайды да. Тарихы ХІХ ғасырда АҚШ-тан бастау алған хеллоуинді алғашында тек христиан дінін қабылдағандар тойласа, кейіннен бұл мейрамды атап өтушілер дінге, ұлтқа бөлінбейтін болған. Бала түгілі үлкендер шошитын сан түрлі образдарға еніп таң атқанша мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтарында көңіл көтеруді әдетке айналдырған жастарымызға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Әлеуметтік желіде де хэллоуинді тойлауға шақырған жарнамалардан көз сүрінеді. Әсіресе, балаларға түрлі кеш ұйымдастырушылардың хабарландырулары жиі ұшырасады. Баласының ортасынан кем болмауын ойлайтын ата-аналар кіру құны әжептәуір қымбат болса да осындай арнайы ұйымдастырылған іс-шараларға алып барады.
Осы орайда 2010 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Құрманғали Уәли хэллоуиннің жастарға кері әсерін, ислам дінінің қағидаларына қайшы келетінін, қазақ топырағында бұл мейрамды тойлауға еш негіз жоқ екенін айтып «Мемлекет тарапынан тыйым керек» деген мәселені көтергенімен, мемлекет тарапынан қандай да бір шешім қабылданбаған. Тойлаған ел, әлі сол қалпы тойлап жүр. Ал әр нәрседен ақша табудың амалын қарастырғандар салт-дәстүрімізге мүлде жат мейрамды өз пайдаларына шешуде. Жыл сайын тойланатын хеллоуин қарсаңында бетке арналған бояулар, арнайы тігілген киімдер, үйді безендіруге арналған түрлі бұйымдарға сұраныстың артары анық. Ұлттың келешегін емес, қалталарының қамын ойлайтын алыпсатарлар осы тұста да қара бастарының қамын күйттеуде. Ең сорақысы бір күндік көңіл көтеру үшін барын беріп, жан-тәнімен мереке тойлаушылар қатары күннен күнге артуда. Соның кесірінен жапа шегушілердің саны артқан. Жақында Корея астанасы Сеулде болған хеллоуинде тар көшеге бір мезетте ондаған мың адам жиналып, бірін-бірі таптап кеткен. Салдарынан 150-ден астам адам қайтыс болды. Өкініштісі, солардың ішінде достарымен көңіл көтеруге барған қазақстандық азаматша да бар. Бүгінгі жастардың ненің жақсы, ненің жаман екендігін айырып жатпайтыны жан ауыртады. Еш нәрсенің парқын білмей, байыбына бармай,өзге ұлт мейрамдарын бойларына сіңіріп жатыр. Қалай айтсақ та қызық қуып, артынша орны толмас қайғыға ұшырататын мерекенің алдын алуда мемлекет тарапынан әлі күнге дейін нақты заң қабылданбай келеді. Неге?
А. МОЛДАЛІМ