Жеті қазынаның бірі зияткерлік ұстаздың қолында

0
468

Алмас Жексенбаев Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің домбыра үйірмесінің жетекшісі Астана қаласында өткен Республикалық «Жеті қазына» жобасына қатысып 3-орынды иеленді.

Алмас Жексенбаев «Жерұйық» тобы құрамында көрермендерге халық әндерінен попурри орындады. Олар қазақтың дәстүрлі ән өнері өкілдерінің танымал әндерін бес дауыста қосыла шырқап, көпшілікті саф өнердің тұнығымен сусындатты.

– Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнерімізді, ән, жыр-термелерді, күйлерді, ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дамытып, қазіргі заман талабына сәйкес жаңашаландырып келеміз. Басты мақсат – дәстүрімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, – дейді жас әнші, домбырашы Алмас Жексенбаев.

Зияткерлік мектебінің домбыра үйірмесінің жетекшісі өзінің жетістігімен оқушыларға қазақ халқының дәстүрін насихаттап ғана қоймай отансүйгіштікке тәрбиелеуде. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, болашақты білімді ұрпақ айқындайды, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаз қолында» – деп атап айтқан.

Бүгінгі таңда Алмас Жексенбаев халықаралық, республикалық байқауларына қатысып, бірнеше рет бас жүлдегер атанды. Оның ішінде Республикалық «Бозторғай», «Жасұлан», «Жас қанат», «Жырлайды жүрек» байқаулары, Санк-Петербургте  өткен  «Military songs»  халықаралық  фестивалінде 1 орынды иеленді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ