Бейсен Құранбекті еске алуға арналған жарыс өтті

0
394

Талдықорғандағы  «Жастар»  спорт сарайында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан белгілі  журналист, қоғам қайраткері  Бейсен  Құранбекті еске алуға арналған турнир өтті.

Игі  іске «Жетісу» телеарнасы мен «Жетісу» газеті және Janr әдеби клубы ұйытқы болды. Осымен екінші рет ұйымдастырған жарысқа Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Өскемен, Талдықорған қалаларынан келген 8 команда қатысты.

Турнирдің салтанатты ашылуына Бейсен Құранбектің жақын туыстары, Жетісу облысы әкімінің орынбасары  Рустам  Әли, «Жетісу» телеарнасының бас директоры Серік  Әбікенұлы, MediaLab коммуникация агенттігінің директоры Ришат Асқарбекұлы, Талдықорған қалалық әкімдігі өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Доданы өткізудегі басты  мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастырып, қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосқан әріптестің есімін ұлықтау.

Шағын футбол жарысына келген 8 команда өзара екі топқа бөлінді. Жалпы ойын уақыты 30 минутты құрады. Бұл тізімде Астанадан келген «Хабар» агенттігінің командасы да бар. Олар жуырда  Грузияда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында өткен халықаралық жарыста топ жарған болатын.

«Бейсен ағаның аты ешқашан өшпейді. Ол кісі көзі тірісінде тазалыққа қаншалықты құмар болса, қаншалықты әділдікті жаны сүйсе, бізде осы бәсеке барысында сол құрам жағынан тазалықты сақтап, әділ жеңіске жете білсек, осындай турнирлердің өзінің мақсатына жеткені деп білеміз», – дейді «Хабар агенттігі» спорттық бағдарламалар бөлімінің продюсері,  Айбек Қабылша.

Бұл жарыстың өзге турнирлерге қарағанда ерекшелігі  – ұйымдастырушы тарап алаңда тек БАҚ өкілдерінің ойнауын талап етті. Әрбір команда мүшесі жеке-жеке тексерілді. Сонымен қатар жарыстың барлық ойыны «Жетісу» телеарнасының ютуб сайтынан тікелей эфирде көрсетілді.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 миллион  200 мың теңгені құрады. Бұл сында келген әрбір команда аянып қалған жоқ. Нәтижесінде алдын-ала кездесулерді  сәтті өткізген «Экспресс-К» командасы мен жергілікті «Қарекет» командасы финалда өзара жолықты. Бірінші тайм 1.1 есебімен аяқталды. Дегенмен екінші кезең ойналған жоқ. Себебі «Қарекет» ұжымы қонақжайлылық танытып, жеңісті елордалық тілшілерге ұстатты. Осылайша, «Экспресс-К» Бейсен Құранбек атындағы турнирдің жеңімпазы атанды.  Екінші орынды жергілікті «Қарекет» командасы қанжығасына байлады. Қола жүлдені «Хабар» агенттігің ұжымы иеленді. Ал 4-ші орынға «Тараз-пресс» командасы тұрақтады. Сонымен қатар «Алматы» құрамасына Жұматай Жақыпбаев атындағы, «Шығыс Ақпарат» құрамасына Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы арнайы сыйлық тапсырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай кубок және медальдармен марапатталды. Сонымен  бірге үздік өнерімен көзге түскен ойыншылар бірқатар аталымдар бойынша сый-сыяпаттарға ие болды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ