Жануарларды қорлайтындар көбейді
Елімізде жануарларды қорлайтындар көбейіп кетті. Тіпті онысын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салып, қатігездіктерін жария ететіндер жетерлік.
Жылқы баптап, тазы өсірген халықтың жануарға «иттік» жасауы дұрыс емес. Алайда шындығы осы. Елімізде орын алған соңғы жағдайлар бұл сөзімізді айғақтайды. Мәселен, жуырда инстаграм әлеуметтік желісінде қызыл кітапқа енген аюды өлтіріп, онымен суретке түскен қылмыскердің суреті жарияланды. Оның Жетісу облысының азаматы екені белгілі болды. Бүгінде Жетісу облысының полицейлері кінәліні іздестіріп жатқаны хабарланды.
Бұл аталған бір ғана жағдай. Ал облыс, республика көлемінде мұндай қылмыстардың жасалынып жатқаны қаншама. Тіпті, өзінің үй жануарларын да қинап жатқандар бар. Психолог мамандар адамдардың мұндай қатігездікке баруын отбасындағы тәрбиемен байланыстырып отыр. Сонымен қатар ата-аналар балалардың үйде немен айналысып жатқанына көбірек мән беруі керек екенін де айтты.
Жыл сайын әлемдегі әрбір төртінші жануар адам қолынан өледі екен. Әсіресе үй жануарларына жасалатын қиянат барған сайын өршіп барады. Humane Society International қауымдастығының мәліметіне сәйкес, жылма-жыл 3 млн-ға жуық ит пен мысық арнаулы орындардың жоқтығынан далада қаңғырып, айуандықпен өлтіріледі екен. Өкініштісі сол, жағымсыз фактілер елімізде де тиылмай тұр.
Қылмыстық кодекстің 316-бабына сәйкес жануарлардың өліміне немесе мертiгуiне әкелетін қатыгездiкті жасағандар, бұл әрекетін бұзақылық ниетпен немесе асқан қатыгездікпен балалардың көз алдында жасаса – 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ отыз тәулікке қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Кезінде бұрынғының адамы өзіне, малына қауіп төнбесе, жануарға бейберекет тиіспеген. Малды еті үшін баптап өсірсе де, кешірім сұрап барып бауыздайды, яғни еш агрессиясыз сояды. Аңшылар да бұрын өзіне қажет көлемде ғана аң аулаған. Артық алғанды «кие ұрады» деп сенген. Əр жануардың желеп-жебеуші əулиесі, пірі болады деген түсінік табиғатты киелендіру үшін жасалған. Қой айдап жүрген бала малды тепсе, оның бұл ісін үйіндегілер жай қалдырмайтын. Ата-əжелер хикая, аңыздарын айтып, малды неге тебуге болмайтынын түсіндіретін.
Қоғам үшін үйреншікті көрінген ит төбелесі де жануарларды қорлаудың бір түрі. Соған қарамастан бұл қорлықтың дәурені жүріп тұр, көрермен аудиториясы да кең. Мұның барлығына тоқтау қашан болады? Адамдардың ойы бұзылып, қатігезденіп барады. Неге?
А. БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.