Қабанбай батырға арналған айтыс өтті

0
561

Қаракерей  Қабанбай  батырдың 330 жылдық мерейлі мерекесі ғылыми  конференциямен  басталып,  аламан айтыспен аяқталды. Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста даңқты қаһармандардың бірі болған Ерасыл батырдың ерлікпен аты шыққан кезде халық қойған лақап аты Қабанбай болған. Қабанбай қатысқан ауқымды соғыстардың алғашқысы 1718 жылғы Аягөз шайқасы. Осы соғыста асқан ерлігімен көзге түсіп, 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды»  кезінде қарулас достары Елшібек, Бердіғожа, Малайсары батырлармен бірге Түркістанды қорғауға қатысқан. Абылай хан ордасының ішкі-сыртқы саясатын толық  бастан-аяқ  қолдаған хас батырдың тарихтағы ерлігі, аңызға айналған нар тұлға жайлы «Дарабоз батыр – Қабанбай» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушыларға Жетісу облысы әкімінің орынбасары  Рүстем  Әли қонақтарға жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін Артықбаев Жамбыл Омарұлы, Камал Әбдірахман, Нұржұма  Елесбай, Еңсенов Қанат Әлібекұлы, Қарамаңдаев Қайрат Сағатайұлы Қабанбай батырдың ұрыс даласында жасаған сан ерліктері жайлы баяндама жасады. Конференциядан кейін Қабанбай батыр рухына ас берілді. Айтыстың ашылу салтанатында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ақындарға сәтті қадам тілеп, ізгі ниетін білдірді.

Жетісу облысында  өткізілген бұл айтыстың әу бастағы бағыты Қаракерей Қабанбай батыр мен би шешен, әулие атанған күллі қазақ халқына қауіп төнген ХVІІІ ғасырда ел қорғаған Ескелді би Жылгелдіұлына  да  330 жыл толуына орай  екі тұлғаның  құрметіне  республикалық  ақындар айтысы біріктіріліп өткізу жоспарланғанды. Маусым айына жоспарланған додалы жыр сайысы Алматы облысының бөлінуіне байланысты кейінге шегерілгенді. Одан  кейін қазан айында өткізіледі деп республикаға сауын айтылып, айтыскерлер шақырылып қойғанда жыл басында бөлінген қаржы облыстың бөлінуіне орай кешеуілдегендіктен жыл аяғы желтоқсанның 7-де өтті.

Қуырдақтың көкесін  айтыс болады дегенде көрдік. «Бүйректен сирақ шығарған Қабанбай батырдың ұрпақтары «Біз бабамыздың тойын Ескелді бимен біріктіріп өткізбейміз» деп бұра тартты. Екеуі де қазақтың нар тұлғасы, бірі әулие, бірі нар батыр, Ескелді би де соғысқан, бөліп жаратын ешнәрсе жоқ, айтыс екі тұлғаға арналады, бөлінген  қаржы 10 миллион дегенге көнбеген Найман атаның ұрпақтары ақыры дегендеріне жетті. Тіпті айтыстың ішкі асханасына дейін араласуға барды. Біз «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» демократиялы ел боламыз десек, мұндай рулық кеселден айырылмайтын болсақ, ел болып қалыптасуымыз екі талай болады-ау.

Сонымен «сиырдың бөлшегіндей бөлектеніп» Ескелді  биді бөліп тастап, оның мерейлі мерекесін тойлауды келер жылға қалдырып,  Қабанбай батырға арналған айтыс басталды. Ырылдасып-дырылдасып жүріп, әу баста бекітілген бес қазылар алқасына тағы екі әділқазыны қосып, он ақынға жеті бағалаушы тағайындап, басталған айтыс орта деңгейде өтті. Үш мәрте айтыс өтеді деп шақырылып, жолға алған билеттерін қайта-қайта өткізген айтыскерлер де сахнада өкпе-реніштерін ақтарып салды. Айтысқа республиканың әр аймағынан он айтыскер келді. Батыс Қазақстаннан Мұрадым Мирланов, Ақтөбе облысынан Данияр Алдабергенов, Жамбыл облысынан Асхат Қылышбеков, Ақмола, Қостанай, Алматы, Жетісу аймағынан  Сырым  Әуесхан, Жалғас Мақсұтов, Аяулым Жұмабекқызы, Абзал Жұмабек,  Жандарбек  Бұлғақов, Астана, Алматы қаласынан Арзыгүл Қайыңбек, Аягөз Серікқызы жыр додасына түсті.

Қазылар құрамында белгілі айтыскер Балғынбек Имашев, ақын, Жазушылар одағының мүшелері Ахмет Кендірбек, Әміре Әрін, Жангелді Немеребаев, Күмісжан Байжан, Нүсіпбай Әбдірахым, Серік  Қалиев болды. Жеребе бойынша алғашқы жұп болып сахна төріне көтерілген Алматы облысының айтыскері  Жалғас Мақсұтов пен Алматы қаласының ақыны Арзыгүл Қайыңбек арасындағы жыр бәсекесі қыз бен жігіт арасындағы айтысқа өрбіді. Тақырыпты да, әлеуметтік мәселені де қарсыласты қағыта отырып, әдемі айтыс жасаған Жалғас  суырып салу мәнерін толық меңгерген. Өзіндік айтысу стилі қалыптасқан айтыскер екенін осы жолы толық дәлелдеді. Қарсыласы Арзыгүл кеше қой бағып жүрген бала едің деп қағытқанда:

Жалғас  МАҚСҰТ:

Қойшы болу қазақта мол еңбек қой,

Қойшыларда айтатын өлең көп қой.

Қойларға емес, шошқаға ақша шашып,

Үкімет қойшыларды шегермек қой.

Жылқыға бөлінетін бір тиын жоқ,

Шошқа бақсаң көп ақша төленбек қой.

Төрт-түлігің тұрғанда көтерем боп,

Шошқаға теңге бөлу тек ермек қой.

Бұл істі осы жерден тоқтатыңдар,

Тамырын одан әрі тереңдетпей .

Айналайын үкімет тыңда бізді,

Шошқаны шопандарға кедергі етпей.

Қой етімен қоректендір қазағымды,

Сасып жатқан салыға елеңдетпей.

Қабанбай Қубас атпен жауды қуған,

Осыған да отыр ма өрең жетпей.

Қаржыны бөлер болсаң жылқыға бөл,

Шошқадан мал төресін төмендетпей.

Қабанға қарсы шапқан Қабанбайлар,

Ұрпағым шошқа бақсын деген жоқ қой,  – дей келе,

– Шабайын енді алдыма қара салмай,

Жүйрікке оза шабу жарасардай.

Дәуіттің де бір-ақ  ұлы болған ғой деп,

Арзыгүл біздерменен таласардай.

Дәуіттің отыз ұлы болған екен,

Әрбірі шыңға шығып тау асардай.

Отыз ұлын Жаратқан бір күнде алып,

Күңіреніп кетіпті дала сондай.

Отыз ұлға татитын бір ұл беріп,

Жаратқан жүрегіне жара салмай.

Солайша Сүлейменмен жұбаныпты.

Аңызды білмейсің-ау шамасы ондай.

Кешегі Найман шалдың қызы емес пе ең,

Даналық жасасаңшы дана шалдай.

Шамаң барда шарықтап қалмайсың ба,

Жолдасыңмен жүрсің бе, жараса алмай.

Әрекет етсеңдерші екі жақтап,

Екеуден қалып қомай әрі аса алмай.

Өзіңнің бойыңдағы жалқаулықты

Әзіреті Пайғамбарға жаба салмай – деп Арзыгүлдің «Атбайларым мен тақия тігерім бар» деген уәжіне осылай жауап берді.

Құдайдың берген екі баласы бар, сен болсаң әлі  қу тізеңді құшақтап, жұбыңды таба алмай жүрсің. Қабанбайдай қара баламын дейсің, Қабанбайдай болу үшін таудай болуың керек қой деп Арзыгүл де сөздің сүңгісімен түйреді.

Арзыгүл  ҚАЙЫМБЕК:

– Жалғасқа енші бөліп жырдан бүгін,

Көрейік желден озса жылдамдығын.

Қарғам-ау, Қабанбайға теңеу үшін,

Таудай болу керек қой тұлғаң бүгін.

Сен өзі Қабанбайды білесің бе?

Хан батыр болып билік құрғандығын.

Атанып Абылайдың бас сардары,

Алашқа тұтқа болып туғандығын..

Жеріне ентелеген қалмақтарды,

Қалдырмай бел асырып қуғандығын.

Ел үшін сексен жаста атқа мініп,

Садырды желкесінен жұлғандығын.

Ал, енді, сен балаға қарап тұрсам,

Шамалы белді бекем буғандығың

Бойдағы албастыңды деген сөзді

Албасты деп түсінбей тұрғандығың.

Мен сені Қабанбайға теңер ем ғой

Көрінсең аласармай қырдан  бүгін

Ер бабам елге істеген тірлігінің

Ірілігінен көрсетсең мыңнан бірін, – деп сұр бойдақтығын бетіне басқан Арзыгүлге Жалғас әдепті жауап қайырды.

Жалғас:

– Қосылмай жүрсің дейсің жұбыңменен

Жараны тырнай берсең іріңдеген

Қарағым білесің ғой, бұйырмаса

Қармаққа алтын балық ілінбеген

Бұйырған күн бір қызға үйленермін

Ақ некемді қидырып түбінде мен

От болатын, шоқ болатын жастамын ғой

Жасым бар жиырма бесте гүрілдеген

Отызда орда бұзам, қара  да тұр

Мен әлі қыз-қырқыннан түңілмеп ем

Дәп саған күйеу бала болмасам ба

Найманның бір қызын ап, күлімдеген

Күмісжандай апамды ертіп алып

Көшіріп әкелемін жүгін де мен

Сенің жаның екі баламен тоқтап қапты

Тазыдай аңға салса жүгірмеген

Алла берсе көп балалы боламын мен

Сондықтан от көсеме тіліңменен

Кешегі сенің атаң найман шалдай

Түске дейін түңлігі түрілмеген, –  деген Жалғас Арзыгүлден басым түсті. Бұдан кейін сөз бәсекесінде жетісулық Жандарбек Бұлғақов пен Қостанай облысының намысын қорғаған Сырым Әуесхан айтысты. Жыр көкпарын жұлқып тартқан Сырым Жандарбекке «Әу баста екі тұлғаға арналған айтыс еді. Ескелдіні бөліп тастапсыңдар. Рушылдық  дерт Жетісуда асқынып тұр екен, былтыр қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатып тындыңдар. Талдықорған ел-жұрты  жуас десек, жуастан жуан шықты, енді тас тұғырға  кімді  қоясыңдар?» деп тілінің тікенін қадады. Жандарбек те Сырымның танауын Павлодардағы қыстың күні жарылып жатқан құбырға теңеп, сендей «анемиядан» жауға  шабар ер шықпайды. Қабанбайдың мінген атының қиын тазаламасаң» деп сілікпесін шығарды.

Сырым ӘУЕСХАН:

– Құдай берген мұрыным пұшық болды-ау,

Пұшық мұрным көзіңе түсіп қалды-ау.

Екібастұзда жарылған құбырды айттың.

Қайтейін, қайран халық үсіп тоңды-ау.

Халықтың мұң мен зарын байқамаған,

Үкімет қанымызды ішіп болды-ау.

Сол құбырға қарайтын бастықтардың,

Көздері сенікіндей қысық болды-ау, – деген Сырым Қабанбай батырды жырына арқау етті.

Сырым:

– Басқа түгіл Абылай хандарың да,

Сеніпті Қабанбайдай сардар ұлға.

Жүз үш рет шайқасып өле өлгенше,

Жойыпты жоңғарын да, қалмағын да.

Қазақта Қабанбайдай батыр жоқ деп,

Айтыпты Мәшһүр Жүсіп шалдарың да.

Айта берсек ерлігі таусылмайды,

Құжат боп тұрған тарих тармағында.

Ол кезде қанша қолды басқара алса,

Сонымен білген батыр салмағын да.

Мыңбасы болған батыр Қабанбайдың,

Талай ерлер топтасқан жан-жағында.

Қазір ешкім сенбейтін жігіттер бар,

Ниеті арам болған соң, ар жағында.

Сондай ерлер үлгі алсын Қабанбайдан,

Айналған көш бастаған арлан ұлға.

Халықтың басын қосу оңай емес,

Ол ісі тұратындай таң қалуға.

Батырлығы жоңғарды жеңгенде емес,

Қазақты біріктіре алғанында.

 

Той жасап Ерасылдай ерің үшін,

Ағайын артып жатыр кең ырысын.

Қабанбайдай батырлар тұрған кезде,

Қазақтың көрген жан жоқ жеңілісін.

Ассалаумағалейкүм Жетісуым,

Жерұйыққа ұқсаған көрінісің.

Әлемнің жеті бірдей кереметі,

Жетісуға жетпейді менің үшін.

Өйткені, сен толғатып мені туған,

Менің аяулы анамның өңірісің.

Сондықтан өз анамдай сүйем сені,

Құр мақтап отырғам жоқ көңіл үшін.

Көңілің баяғыдай кең екен ғой,

Кішірейіп қалғанмен облысың.

Осы айтыстың боларын көп күттім мен,

Өзіңе алып-ұшып келу үшін.

Аязға да қарамай жетем саған,

Ып-ыстық құшағыңа ену үшін.

Ең керемет адамды туып берген,

Ең керемет өлкені көру үшін.

 

Жандарбек сен бұрыннан таныс едің,

Әжуаң бітпепті ғой,  әлі сенің.

Ол рас диагнозым анемия

Бұрын бірақ аурудан алыс едім.

Әйтеуір өзіңменен танысқалы,

Тоқтамай уыс-уыс дәрі ішемін…

 

Айтам деп Ескелдіге талай мадақ

Ақындар Жетісуді маңайламақ

Мерейтойын наурызда тойласаңдар

Ол да бір қуанышқа орай болад (ы)

Бастысы сол тойға аман жетейікші

Қаңтардан аман өтіп абайлап-ақ.

Сол қаңтар қайталанып кетпей ме деп,

Еске алып сол күнді әлі бәрі ойланад (ы).

Егер менің жүрсеңдер ақылыммен,

Оның тойын өткізу оңай болад (ы),

Желтоқсанды бітіріп, қаңтар емес

Наурызды бастап кетсек қалай болад.

Айттың ау жылқым жайлы, ғұрпым жайлы,

Бұл сөзге Сырым ақын құр тұрмайды.

Жылқының жұмысынан қашпаймын мен,

Қазақы табиғатым құртылмайды.

Мал ұстаймын, қорам бар өз үйімде,

Екі қолым шаруадан бір тынбайды.‏

Қубас атын баптаған Қабанбайдай,

Намысым жылқы десе шын тулайды.

Алыстан ат дүбірін естігенде,

Делебемді қоздырған шіркін бәйгі.

Жазылып белдің құрыс-тырыстары,

Атқа мінсең, денеңіз шылқылдайды.

Қазір көп еркектерден қуат кетті,

Қылшылдайтын жасында мыңқылдайды.

Атқа да, әйелге де билігі жоқ,

Тақымы бос жігітті кім тыңдайды?

Жүген мен құйысқанды айырмайтын,

Жүрміз ғой тәрбиелеп қыртымбайды.

Ертең солар ер емес, ез боп өссе,

Көреді көп кешікпей ұлтым қайғы.

Атқа мініп көрмеген әкелерден

Ел тізгінін ұстайтын ұл тумайды,  – деген Сырым ақының рулық жайлы айтқан сынына Жандарбек қарымта жауап қайырды.

Жандарбек:

– Ол рас, бізде рулар бөлінеді,

Сырт көзге біріккен боп көрінеді.

Ұлтына тиіскенде үндеместер,

Руына тиіссең еліреді.

Бір рудың қазағы басшы болса,

Соныменен мақтанады төңірегі.

Бір ру бабасына той жасаса,

Келесі ру қосылмай керіледі.

Бір рудың қазағы атақ алса,

Келесі ру жыртылып сөгіледі.

Рудың деңгейінен аспағандар,

Ұлттық мүдде жайлы не біледі.

Қабанбайлар бір ғана найман емес,

Қаймана Қазақ үшін өліп еді.

Ескелді жалайырды Сыр бойынан,

Жетісуға көшіріп келіп еді.

Бабалар тозған елді топтастырып,

Бастарын біріктіріп беріп еді.

Сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп,

Ұрпақтары бір-бірін кеміреді.

Осы әдетті қоймасақ осы бастан,

Абыройың айрандай төгіледі.

Шибөріге жем болып кетесіңдер,

Жетісудың бөлінген  бөрілері, – деп қаңтар айында көтерілістен құлаған Назарбаев ескерткішінің орнына Абай ескерткіші қойылатын айтты.

Жандарбек:

Ойнайсың ескерткішпен қалай-қалай,

Тыныш отыр басыма қан айдамай.

Президенттің мүсінін құлаттың деп,

Оғыңды ата бердің маған қарай.

Жас балалар құлатты-ау эмоциямен,

Жан-жағынан деген соң давай-давай.

Ол орын бос қалмайды уайымдама,

Әр түрлі кандидатты қарай-қарай.

Абайдың ескерткішін қоймақшымыз,

Үлгі боп жарқыраған шарайнадай.

Абайға қарап халық бой түзесе,

Ойды түзеу болады талайға оңай.

Еліміз енді өркендеп кетер ме екен,

Енді ешқандай бүлік пен лаң ойламай.

Абайды ешкім әдейі құлатпайды,

Құлатып ап жүрмесек абайламай, – деген Жандарбек те екінші айналымға алқынбай өтті. Үшінші кезекте астаналық Аягөз Серікқызы мен ақтөбелік Данияр Алдабергенов арасындағы бәсекеде Даниярдың үстемдігі басым болды.

Данияр АЛДАБЕРГЕН:

– Кетпесе ұят жұрттан, намыс ұлттан,

Қазақты ала алмайды жауы сырттан.

Жетісу мен өзіңе таң қаламын,

Тудырған ұл-қызыңның бәрі сырттан.

Ескелді, Қаблиса, Балпықтардың,

Жүрегінен даланың зары шыққан.

Абылайға ақыл айтқан Көтен тәуіп,

Ұлттың қамы дегенде жаны шыққан.

Тынышпаев, Орманов, Төлебаев,

Данияр тарихыңмен танысып таң.

Тербеткен бар қазақтың жазирасын,

Бұл жерде Саралардың әні шыққан.

Ақан болып жоқтаған Құлагерді,

Алаштың Ілиястай бағы шыққан.

Кезіндегі «Мамания» мектебінен,

Айбынды ұлттың талай нары шыққан.

Патшаны үкілеген Жетісудан,

Пайғамбардан басқаның бәрі шыққан, – деп Жетісудың жақсы мен жайсаңдарын тіліне тиек еткен Данияр, Аягөз Серікқызын аялап айтысты.

Аягөз де Даниярдың қас-қабағын бағумен болды. Әсілі айтыс деген аты айтып тұрғандықтан, ақындар бір-бірін сыйлай отырып та тама айтыстың үлгісін көрсетуге болар еді.

Аягөз СЕРІКҚЫЗЫ:

– Айбынды батыр бабам-ай,

Айқасқа кіріп жар салған.

Қазаққа қорған болам деп,

Қолына қылыш, қамшы алған.

Бахадүр батыр сен едің,

Тарихқа даңғыл жол салған.

Даңқты дарабозым деп,

Абылайхан да тамсанған.

Қалмаққа қарсы шыққанда,

Қанжарыменен қан сауған.

Қазақты азат етем деп,

Қашпадың әуре-сарсаңнан.

Ең соңғы демі қалғанша,

Еркіндік үшін жан салған.

Ажарың неткен рухты еді,

Ажалды күліп қарсы алған.

Біз неткен бақытты ұрпақ ек,

Тойыңа келіп ән салған.

Қанымен келген бабамның,

Зарымен келген анамның,

Аяулы азаттығыма,

Мәңгілік қорған болшы Аллам

Келешегіңді ойлаған.

Кемеңгер туған даналар.

Алпыс жыл аттан түспеген,

Қабанбай сынды қара нар.

Намысы өткір нар кескен,

Қазақты ойлап қан кешкен,

Қорамсақтағы жебесі,

Қалмаққа барып қадалар.

Ал бүгінгі ұрпағың

Батыр деп кімді бағалар,

Қабанбайдай батырдан,

Үлгі алып жүрсе ағалар.

Жыламас еді аналар,

Тоңбас ед (і), бала-шағалар.

Біресе қоймаң жарылып,

Біресе құбыр жарылып,

Отыз жастағы Отаным,

Жыртығың қашан жамалар.

Жемқорлықты қоймасаң,

Тамырыменен жоймасаң,

Дүниеге жар салып,

Дұшпанның өзі табалар.

Жағдайы жалпақ жұртымның,

Жанымды менің жаралар.

Ұрпақты ойлар тегінде,

Көбейе берсін елімде,

Қарынның қамын ойламас,

Қабанбай сынды бабалар,  – деді.

Бұдан кейін сахна төріне көтерілген жамбылдық Асхат Қылышбеков пен оралдық   Мұрадым және көкшетаулық Абзал  Жұмабек пен Алматы облысының ақыны Аяулым Жұмабек арасындағы айтыстар орта дәрежеде өтіп, қазылар құрамының ұйғарымымен екінші айналымға Жандарбек Бұлғақов пен Данияр Алдабергенов, Аягөз Серікқызы мен Жалғас Мақсұтов айтысты.

Екі ақын арасындағы сөз сында Данияр Жандарбектен «Сен Ақтөбеге барғанда бәйге бергенбіз, енді сенің кезегің келді» деп жол сұрады. Жандарбек қарсыласына мықты болсаң айтысып, тартысып ал. Сұраншақтанып отырсың,  қалауың бәйге болса қазылар беріңдер, сұрап алғанның қадірі болмас деп бет қаратпады. Аягөз бен Жалғас арасындағы айтыста Жалғас қарсыласына бет қаратпай шаң боратып шауып өтті. Ұпай сандарының теңелуіне байланысты үшінші айналымда Жандарбек пен Жалғас айтысты. Екі ақын да тең ұпай санымен мәреге жетті. Сонымен алажаздай жыр болған айтыс та аяқталды. Қазылар құрамының ұйғарымымен айтыстың  Бас жүлдесі екі миллионды Жандарбек Бұлғақов, бірінші бәйге бір жарым миллионды Жалғас Мақсұтов, екінші бәйге бір миллионды Данияр Алдабергенов, үшінші орын, жеті жүз мың теңгені Аягөз Серікқызы қанжығасына байласа, бес жүз мыңнан арнайы жүлдені, екі ақын Мұрадым  Мирланов  пен  Сырым Әуесхан еншіледі, қалған айтыскерлер үш жүз мың теңгемен  марапатталды.

Жалпы айтыстың бағыт-бағдары туралы алдағы мақалаларда кеңірек тоқталатын боламыз.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ