Кітап оқудан қалдық
Халқымыз әр ғасырда ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың рухани қазына аталуы да сондықтан.
Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген екен. Қазіргі хәлімізді қасіретке теңемеймін, десек те, Мұхтар Шаханов айтпақшы, «компьютербасты» жарты адамдар көбейіп жатыр емес пе?! Осындай олқылықтарды көрген сайын ес білгелі кітаппен дос болған жазушының естеліктері еске түседі. Олардың «Біздің кезде» деп басталатын әсерлі әңгімелерінің көбі кітап туралы.
Ауыл кітапханасына келетін барлық кітапты сол кездері жастар жарыса оқыған. Бас қосыла қалса, оқыған әңгіме, жыр-дастандары ауызға түспей, оқыған-тоқығандарын ортаға салып, талас-тартысқа түседі екен.
Ал қазіргі жастардың бастары біріксе талқылайтын тақырыптары әлеуметтік желілерде қандай жаңалық бар, жұлдыздардың парақшасында не болып жатқаны, одан қалса әңгімелесудің орнына, ұялы телефонға үңіліп отырады.
Қазіргі кезде том-том кітап құшақтап, кітапханаға жиі баратын адамды сирек кездестіретін болдық. Мерекелерде, туған күндерде адамдар бір-біріне кітап сыйлаудан қалған. Соның салдарынан жастар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіздік таныта бастағандай. Әдеби шығармаға деген құлықсыздық пайда болды. Оның орнына психологиялық, мотивациялық, қаржы тақырыбына арналған кітаптар үлкен сұраныста – дейді кітап дүкендерінің мамандары. Ал кітапхана қызметкерлері бұл пікірмен келіспейді. Көркем шығармаларға деген қызығушылық бәсеңдемегенін алға тартады. Дегенмен, оқырмандардың 35 пайызы зейнет жасындағы адамдар екенін жасырмайды. Ал жастардың үлесі небары 25 пайыз ғана.
Мамандар енді «неге кітап оқылмайды?» деп емес, «неге кітап оқыта алмаймыз?» деген сұраққа жауап іздегеніміз жөн дейді. Ал ол үшін кітап дүкендері мен кітапханаларда жарнама қызметін дұрыс жолға қою керегін алға тартады. Бүгінгі нарық заманында халық дәулетті болып кетудің жеңіл амалдарын көрсетеміз деп, майын тамызып ақыл айтқан әлеуметтік желі жұлдыздарына көбірек құлақ асады. Сәйкесінше, рухани азық үшін емес, коммерциялық мақсатта шығарылған кітаптар сөрелерде шаң басып тұрмайды дейді.
Бүгінде кітапханаға барып, қазақ және шетел әдебиетінің төл туындыларын оқимын, ой-өрісімді кеңейтемін деген жастарға барлық жағдай жасалған. Кез келген іздеп жүрген шығармаңды кітапхананың бай қорынан іздеп табуға болады. Соған қарамас-тан балалар яки ересектер болсын бұл мекемеге анда-санда болмаса, жиі бас сұқпайды екен. Неге?
А. БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.