Еркін құсты еркіне көндірген

0
539

Құсбегілік  –  халқымыздың  сүйікті  де төл өнері.  Қазақтың асыл дәстүрін, мәдениетін  дамытуда  бұл  өнердің  маңызы  зор  екенін  айтады танымал  құсбегі,  ұлттық  спорттың  жанашыры  Бүркітбай Файзоллаұлы.

 Жетісу облысы, Текелі қаласының маңында тұратын Бүркітбай ағаның отбасы  – саятшылықты кәсіп етіп, аңшылықпен айналысып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, өнеге көрсетіп жүрген  жандар.

 – Құсбегілік ата-бабамыздан келе жатқан өнер. Менің атам мен үлкен атамды репрессия кезінде ату жазасына кескен. Сонда осындай өнерді, қазақы салт-дәстүрді халық ішінде насихаттағандар деген айып таққан көрінеді. Оларды алып кеткенде есік алдында екі бүркіті  байлауда қалған. Мұнан аңғарсақ, ол кісілердің құсбегілік қасиеттері қанмен бізге жетсе керек. Міне  бүгінде  оны  бір-бірімізге мұра етіп сақтап келе жатқан атаның ұрпағымыз. Мен туғанда әкемнің үш-төрт бүркіті болыпты. Атымды Бүркітбай деп қоюының да төркіні осында жатыр. Көзімді ашқалы қыран құсты серік етіп келе­мін. Бүркіт баптау өнеріне бүгінде отба­сымызбен берілгенбіз,  – дейді бүркітші.

Еркін құсты еркіне көндірген құсбегі 13-14 жасынан бастап әкесінен бүркітшілікпен айналысуды үйренген. Өсе  келе осы өнердің  қыр-сырын терең меңгерді. Білім алып  жүрген шағында да  академиядан жазғы демалысқа шыға салып, бірден бір айналысатын сүйікті ісі  –  саятшылық болды. Солайша қолында бүркіт, астында жылқы, жанына ерткені тазы болды. Бұл оған  ермек болып, өзі де бір сергіп қалатын.

Облыс  бөлініп  Жетісу  жері  өз  еншісін алған  соң  ұлттық спорттың  деңгейін көтеру мақсатында  аймақта  «Жетісу  саятшылары» атты  федерация  ашылды. Бүркітбай Файзоллаұлы  сол  федерацияның  президенті  болып  сайланды. Өңір басшысы да жаңа бастаманы қолдап, тапсырмалар жүктепті. Бүгінде Бүркітбай Файзоллаұлы  жоспар құрып, осы  өнерді қайтсек  те дамытамыз  деп  шапқылап  жүр. Ұлы  Жасұлан Талдықорғандағы Ұлттық спорттан балаларды дайындайтын жасөспірімдер мектебінде құсбегіліктен жаттықтырушы болып қызмет етеді. Онда әртүрлі мектептерден балалар таңдалып, құсбегілік өнерге үйреніп жүр.

– Олардың  барлығы құсбегі болып кетеді деп айта алмаймын. Дегенмен қазақтың осы өнерінің қасиеті, адамның тыныс-тіршілігіне тигізетін пайдасы туралы мәлімет алып, соны түсінсе, осы бекзат өнерді бағалай алса, соның өзі құсбегілікке бір қадам жақындағынының белгісі деп білемін, – дейді құсбегі ағынан  жарылып.

Кейіпкердің айтуынша, құсбегілік   –   күрделі  өнердің  бір  түрі. Бұл  –  бүркітті қолға  ұстап алып, аң алдыру емес. Бірінші, құсты  дағдыландырып  үйрету  керек, екінші, оны атпен алып жүруге жылқыңды үйретесің. Үшінші, аңды қалай  алып  шығу  керектігін  қағушыға  түсіндіру  қажет (аң үркітетін адамды қағушы деп атайды). Ол да ізшіл болу керек, аң қай жерде жатады, қай тұстан барсам қалай қашады деген секілді барлық әдіс-тәсілді игеру керек.

Бүркітті, әдетте, екі тәсіл арқылы алады. Бірін – ұяда жатқан кезінен әкеледі, оны қолбала деп атайды. Қолда үйренген құс – берген жеміңді жеп, көзіне не көрінсе соны ұстаймын деп ұғады. Солайша өскен соң білместікпен үйдегі мал-жанға түсіп жатуы да әбден мүмкін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақтың киелі сөзі осыдан қалса керек.  Сол үшін де балапанның тәрбиесі қиындау келеді. Оны үйрету кәсіби білгірлікті талап етеді.

Екінші тәсіл – түз бүркітін ұстау. Ұядан ұшып шыққаннан кейін балапан, тірнек, тастүлек деп аталатын жас бүркіттерді тормен,  не қақпанмен, не болмаса тояттатып  ұстайды. Оның да өзіндік әдісі  бар. Түз құсы  – аңнан басқасына түсе бермейді.

Тәжірибесі мол бүркітшілер кез келген құсты алмайды.  Бүркіттің екі түрі болады. Ұрғашысы – ұябасар, еркегі – сарша. Соның ішінде саршасы әлсіз келгендіктен, оны көбіне қолға ұстап, аңға салмайды. Сондай-ақ  ішінде  кездесетін аңға қауқары жоқ, қыран еместерін мүлдем ұстап әуре болмайды. Бірден түріне, келбетіне, бас пішініне қарап, жақсысы таңдалады.

Бүркіт ұясын көбіне қуыстау үңгірлерге салады. Оған үстінен келсе де, астынан көтерілсе де тура, дөп түсу мүмкін емес. Жоғарғы жағынан түскенмен ұяға жете алмай, арқанда салбырап тұрады. Осындай жағдайда ол айналып кетпеу үшін  ұяға түсетін адамның арқасына қазақ үйдің керегесін байлап қойған. Сонда  кереге тасқа қағылып, бір орында тұрады. Сондай-ақ бүркіт адамға шабуыл жасаған жағдайда қорғап қалады. Бүркітті алудың  өзі  ержүрек,  батыл, мықты азаматтарды қажет етеді.

«Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген Абай атамыздың өлеңінен-ақ ата-бабаларымыздың құсбегілікпен айналысып, қыран құстың сырына қанық болғанын аңғаруға болады. Ерте заманда жақсы бапталған қыранды бірнеше түйеге айырбастаған және халықтың басына күн туған қысылтаяң шақта, жұт кезінде қыран құс пен тазы тұтас бір ауылды асыраған деген аңыз бар. Мәселен, ит-құс көбейіп, малдың тоз-тозын шығара бастаған уақытта аңшылар бірігіп бүркітпен шығып, бөрілер мен түлкілерді алған. Солайша мал-жанын сырттан келген қатерден сақтап отырған. Сонымен қатар кезіндегі хан-билер бүркітті сән салтанат үшін де ұстаған. Сол себепті, бұл өнердің тарихы да қасиеті де бір төбе. Қазақпен бірге жасасып келе жатқан өнердің де киесі, өзіндік ырымы бар екен.

– Құсты аңға алып шығар алдында қолға қондырып, отқа тұз сеуіп немесе аршамен аластап алып шығады. Бұл бүркітімізге тіл-көз тимесін, пәле-жаладан сақтасын деп  жасалынатын  ырым.

Құстың  өзі  танымпаз әрі кекшіл болады. Оған тиіспейді, ұрыспайды, ұрмайды. Қанша жерден қиғылық салып, жаман мінез көрсетіп жатса да баласындай әлпештеп, басынан сипап, ақылын айтып, әңгімелесу керек. Біраз үйренгеннен кейін жан дүниеңді түсінетін болады. Қой десең қойып, кел десең келіп, кет десең кететіні сияқты. Сонан кейін ол өте сезімтал болады. Мәселен, сырттан мен кіріп келсем, бір бүркіт қана дауыс шығарады. Көбіне ұлым жемдерін бергендіктен, ол кіріп келсе, екеуі де жан таппай, шулап қоя береді. Сонда көзінде томағасы тұрса да, адамды көрмесе де дыбысынан таниды. Жанына келмей жатып, иісінен сезеді, – дейді құсбегі.

Қазақ халқының тектілігін танытатын бұл өнер аса білгірлік пен мықтылықты талап етеді. Жыртқыш құспен тіл табысып, оны айтқаныңа көндіру  үшін де төзімділік пен қайсарлық қажет. Жаратылысынан жабайы, жыртқыш болып жаралған қыран құсты шошытып, үркітіп алмай байланысу да аса маңызға ие.

Бүркітшінің айтуынша, құста да мінез болады. Қыран құстар кең мінезді келсе, ішінара қиқарлары да кездесіп жатады. Сонан кейін  бүркіттің ерекшелігі – танымпаздығы мен кекшілдігі. Егер кектендіретін болса, қайткен күнде де өшін алмай  қоймайды  дейді.

– Қырағылығының өзі бір бөлек. Ең  биік  ұшатын да осы бүркіт. Кейде босат деп еркіндік сұрап, аспанға көзге көрінбестей болып жоқ болып кетеді. Шақырғанда  түймедей болып қарайып тұрады да, көзді ашып-жұмғанша қолға кеп қонады. Сондай жылдамдықпен ұшып келе жатқанда қолыңды жұлып әкетеді ме деп ойлайсың, алайда, қалай қонғанын сезбей қаласың. Қыранның қасиеттілі-гі соншалық, сипап отырғанның өзінде адамға жақсы әсер береді.

Тағы бір ерекшелігі құс бөтен адамды бірден жатырқайды. Бұрыннан ата-бабаларымыз түз бүркіттерін алғаш ұстағанда ең алдымен өзінің иісін сіңдірген екен. Ол қалай десең, мәселен, тері сіңген киімді алып, оны таза суға шайып алады, артынан сол суға өзінің бүркітін жуындырады. Көрдің  бе, осылайша әлгі бүркітке қожайынының иісі  сіңеді. Онан кейін бөтенсінбейтін болады.  Бізде дәл сол ата-баба ізімен құстарды солай үйреттік. Бүркіт туралы қызық әңгімелерді айтар болсаң, таңды-таңға жалғап талай әңгіме айтуға болады, –  дейді  Б.Файзоллаұлы.

Иә, құсбегілік екінің біріне ермек өнер емес. Қасиеті ерен, киесі бөлек. Ақылыңа айлаң сай болмаса, құс салып ит жүгіртемін деу бос далбаса. Құс тілін таппасаң, баулып бағын ашпасаң, тегеурінін қайырып, тұяғын мұқалтып, шақар шаңқылын қарғаның қаңқылына апаруың мүмкін.

Бүркітшілер саятшылыққа күздің соңынан бастап, көктемнің басына дейінгі мезгілдерде шығады. Бұл аңның қысыр жүретін уақытына тұспа-тұс келеді екен. Сонымен қатар жылқыны жарататын секілді, құс  та  жемін  тартып, жаратуды  қажет етеді. Мәселен етті жұқалап турап, суға салып нілін  кетіріп, ағартып береді. Бұл ақ жем деп аталады. Сондай-ақ құстың ішін тазалайтын өзіндік әдісі бар. Оны қоя салу деп айтады. Киізді жұмырлап тігіп, жеммен бірге жұтқызып жібереді. Ол сіңбей ішектің ішін аралап қайтадан қайтып келеді де құсылып қалады. Сол сияқты сүйек қоя, қызылша қоя, мейіз қоя деген болады.  Құс өзінің бабына келгенде сандары босап, салқындап, төсіндегі, құйрығындағы майларынан арылып, әдемі қалыпқа келіп, өң кіре бастайды. Сол кезде бабына келді деп аңға салады екен.

Бүркіттің де әбзелдері болады.  Оған  томаға, аяқбау, биалай, істік, кездік, тұмылдырық жатады. Аяқбауды қысқа қылып, екі аяғына екі бөлек тағып қояды. Кейбірі оны балақбау деп те атайды. Екі аяғындағы жіпті біріктіріп қазыққа байлайтын ұзын шылбыр қайыс болады, оны іргебау дейді. Құс үйреткенде онанда ұзын бірнеше метр жіп пайдаланылады, оны шыжым деп  атайды.

Құсбегілікті жанынан серік еткен бүркітші бұдан бөлек бірқатар жарыста бой көрсетіп, бабы келіскен қыран құстарын өңірлік, республикалық саятшылық жарыстарына қосып, маңдайы жарқырап жүлде алды. Атап  өтсек, 2011 жылы бір бүркіті 1-ші орын алған. Сол қыран онан кейін ылғи жүлделі орындардан түспей жүрген. Былтыр Көкшетауда өткен Халықаралық жарыста, Алматыда өткен Республикалық  жарыста  3-ші  орынды  қанжығалады.

Бүркітбай Файзоллаұлы бала кезден баба мұрасын қасиет тұтып, ата кәсіптің қыр-сырын жан-жақты меңгеріп, ұлттық құндылықтарды әрдайым ұлықтап жүрген жан. Ол тазы ертіп, қыран ұшырған өнерімен қоса, жылқы өсіріп, бие байлап, малдан алған өнімін ел игілігіне қолданып отыр. Ұлттық салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа үйретіп жүрген ұстаздығы өз алдына бір төбе. Бала-шағасымен  бірге қазақтың өнерін қадірлеп, айналасына үлгі көрсетіп жүрген құсбегі, атбегі  Бүркітбай Файзоллаұлының есімі тек Жетісу өңіріне ғана емес, ата дәстүрі мен кәсібін құрмет тұтатын барша қазақ жұртына мәлім.

Арайлым  НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ