Өңірден  эпиджағдай қалай?

0
273

Жетісу облысында 2022-2023 эпидемиологиялық маусымында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 26 774 жағдайы тіркелді.  Бұл туралы өңірлік  коммуникациялар  алаңында  өткен брифингте Жетісу облысының  санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау департаменті басшысының  орынбасары  Асхат  Чарапиев  мәлім  етті.

Оның  сөзінше  өткен жылғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылық 24 пайызға  жоғарылаған. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 60 пайызды  құрайды. Зертханалық расталған тұмау жұқпасының 331 жағдайы, былтырғы эпидемиологиялық кезеңде тұмаудың 20 жағдайы тіркеліпті.

Айта кетейік, облыста тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинамен иммундау жұмыстары өз мәресіне жетті. Жергілікті бюджет есебінен 92 913 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 24,8 пайызды, ересектердің 75,1 пайызы  қамтылып, жалпы облыс халқының 13,7 пайызы иммундаудан өткен.

«Тұмауға қарсы ақысыз иммундаумен ұйымдасқан жабық мекемелердің контингенті жиі ауыратын иммунитеті төмен балалар мен созылмалы аурулары бар ересек адамдар медициналық қызметкерлер мен 2-ші, 3-ші триместрдегі жүкті әйелдер  қамтылды», – дейді  Асхат Сәкенұлы.

Спикердің  айтуынша,  қазіргі уақытта тұмау және жіті респираторлық вирустық жұқпаның жедел және жоспарлы түрде алдын алу үшін дәрілік заттардың түрлері кеңінен таралған. Жұқпаның жоғарылау кезеңінде тұмаудың алдын алуының ең қолайлы, кең таралған, қолжетімді түрі – тыныс алу жолдарын қорғау үшін қолданылатын бетперде. Осы кезеңде жіті респираторлық вирустық жұқпаның және тұмаудың алдын алу үшін мүмкіндігінше халық тығыз орналасқан және жаппай  шаралар ұйымдастырған жерлерге баруды, әсіресе балалар үшін жұқпа көзі мүмкін болатын қарым-қатынасты шектеу қажет.

– Тұмаудың  алдын  алуда жеке бас гигиенасын сақтаудың да пайдасы мол, қолды жиі сабынмен жуу қажет. Түшкірген және жөтелген кезде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу керек. Барлық мүмкіндікті мүлт жібермей уақытында емханаға қаралып,  жұқпалы аурулардың алдын алған жөн. Сырқаттануды емдегеннен көрі алдын-алу анағұрлым жеңілірек екенін естен шығармаңыз, – деп ескертті Асхат Чарапиев.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 


ПІКІР ЖАЗУ