Бала саудасының басында акушерлер тұр

0
426

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары экономикалық  дағдарыс  басталғанда,  дүниенің  бәрі  алып-сатуға тірелгенде, «балалар үйінде шетелге бала сату қызу қарқын алды. Тіпті  бұл үлкен бизнеске айналды. Шетел асып кеткен  талай  жетімектің  ауыр  тағдырлары туралы Парламент отырыстарында  жиі  көтерілді. Шетелдік асырап алушылардың кей балаларға зорлық-зомбылық  көрсеткені  айғақталды.

Әйтеуір  қоғам  болып  улап-шулап  жүріп  балалар  үйінен  бала сату кәсібі тоқтатылды. Араға отыз  жыл салып, сәби кезінде сатылып кеткен қазақтың талай қаракөздері ержетіп, бойжетіп, ес жиып, етектерін жапқанда Қазақстаннан ата-аналарын іздей бастады. Бірақ шыр етіп көзін ашқанда ана сүтінің уызынан нәр алып, ана тілінде жатық сөйлемей, шетел асып кеткен жетімектердің жаны, тәні қазақ болғанымен, тілдері жат тілде сайрап тұрды. Жетімін сатқан қазақ енді омыртқа  белін  сындырып тапқан сәбилерін саудалап жүр. Жоқшылықтан емес, ашкөздік пен ақшаға құныққаннан.

Ойпыр-ай, баланы да базарда мал сатқандай  саудалай  салатын тасжүректер көбейді бұл қоғамда. Олар обал-сауап дегенді білмейді емес біледі. Біле тұра пайдакүнемдікке, бас пайдаларын күйттеуге көшкендер. Көзі қарақты, көкіректері ояу, бала  саудасының  басы  қасында ақжелеңді дәрігерлер жүр. Басқа-басқа  дәрігерлер  күнін  көре алмай  жүр  деп  кім айта алады. Олардың жалақысы жоғары. Адам  жанының арашасы деп жүргеніміз, адам саудасының делдалы  болып  шықты. Күлесің бе, жылайсың ба?

Жақында құқық қорғау органдары  Жамбыл облысындағы Тараз қаласының прокуратурасы мен полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесе отырып, жаңа туған сәбиді сату фактісін анықтаған. Қылмыстың басты дәнекері Тараз қалалық көпбейінді аурухананың 2 медициналық  қызметкерлері  болып  шыққан. Қазір уақытша ұстау изоляторында  қамаққа  алынған  дәрігерлер сәбиді сатып жіберген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 1-бөлігімен (Кәмелетке толмағандар саудасы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.  Тергеу шарасы барысында жаңа туған қызды акушер мамандар 39 жастағы Тараз тұрғынына 1,5 миллион теңгеге сатып жіберген. Баланы сатып алушыға қолхат пен босату түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.

Мұндай  көлеңкелі кәсіптер бірінші рет болып  тұрған  жоқ, бұған  дейінде сан  мәрте  болған. Бала саудалаушылар торға  тоғытылған.  Бірақ  айылын  жиған  дәрігерлер  жоқ. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей  айналып  келіп  қылмыстың ұршығы перзентханадан шығып тұр. Қазір әлеуметтік желіге кіріңізші, сәби саудасының жарнамасын көзіңіз шалады. Тіпті қара  нарықтағы бала саудасының бағасы малдан арзан. Әлеуметтік  желіде адамдар ашықтан-ашық «Бала асырап аламын, рақметім болады» деп жазса, бала саудалаушылар баласын 300 мың теңгеге беремін деп нақты бағасын тағайындап қойған. Бала саудасына қатысты қылмыс жасағандар 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын білмейді емес біледі. Қылмыстың жазасыз қалмайтын басқа білмесе де дәрігерлер анық біледі ғой. Ал  сатып  алушылар  шынымен шақалақ  сәбиге зар болса, заң талабын бұзбай  неге перзентханадан емес, балалар үйінен барып асырап алмайды. Неге  олар перзентханадағы акушерлермен ым-жымы бір болып жүр.

Бала сату ауыр  және  аса  ауыр  қылмыстар санатына жататынын біле тұра жасырын қылмысқа барған тараздық дәрігерлер енді қоғам және заң алдында өздерінің  берген «Гиппократ антының» алдында қайтіп ақталмақ.  Жанымыз қиналмай  қосымша ақша тапқымыз келді дей ме? Өткен жылы Алматы қаласының  прокуратурасы сәби сату туралы қылмыстарды айғақтап, саудаға түскен сәбилердің дені бір жасқа дейінгі балалар екенін айтқанын  КТК телеарнасы көрсеткен-ді.

Сәби саудасына байланысты шетелдік сайт жұмыс жасап тұрғанын оған  21  мен  25 жастағы алматылық екі  келіншек жаңа туған нәрестесін сатып үлгергенін прокуратура органдары мәлімдеген-ді. Прокуратура  дәл  осындай  50-ге жуық  хабарландыруды,  анықталған интернет ресурстың жұмысын  тоқтатып, қазір қылмыстық топты іздестіріп жатқанын айтқан-ды. Сайтта сәбиінен бас тартқандармен қоса, асырап алғысы келетін келіншектердің  де өтініштері қаптап жүргенін, құзырлы орындардың құрығына іліккенін желі  қызметкерлері  біліп  қойып, ізін жасыру үшін парақшаларын өшіріп үлгергені де айтылған болатын.

«Бақсам бақа екен» демекші прокуратура органдары сәби сатушылардың соңына шырақ алып түсіп іздегенде анықталған бала саудасына қатысты сайт 2013 жылы тіркеліпті. Бірақ елімізде жұмыс жүргізгеніне жарты жыл ғана болғанын анықтаған. Олар жасырын әрекеттерін сәтті жүргізген. Ал туған перзентінен жеріп  саудаға  салғандардың  жастары 20 мен 35 жас аралығындағы әйелдер болыпты. Қолға түскен екі келіншектің бірі Алматы қаласынан болса, екіншісі Түркістан облысының тумасы болған. Міне бірі баласын сайттағы жарнамамен саудаласа, енді бірі дәрігерлер арқылы бала саудасын қыздырған. Сәби саудасына қатысты сайтты қырағы көзді құзырлы орган қадағалап тұрмаса, бұл жасырын кәсіп кең етек алып кетері сөзсіз. Адамның құны күн санап түсіп барады. Бәз біреулер мойнына моншақ салып әулие-әмбиелердің  мазарына түнеп,  Алладан «Бір шикі  өкпе бере гөр» деп жалбарынса, енді бірі жасанды ұрықтандыру медицинасына жүгініп перзент сүйіп жүр. Ал  Алланның берген баласын  басы ауырып, балтыры сыздап тапқан сәбиін саудаға салып жүрген тасжүрек анасымақтарға «лағынет» айтқаннан басқа не деуге болады.

Ойнақтап  жүріп  от басқандар әжетханаға, одан қалса қоқыс жәшігіне, көпқабатты үйлердің  алдына тастап кете беретін көкек аналар сәбиінен айырылғанда көкіректері  қалай қарс айырылмайтынына таң қаласың. Безбүйрек әке, тасбауыр аналардың кейбірі  туған балаларын пышақтап тастағаны жайлы бұдан бұрында жазғанбыз. Енді баласын саудалағандар  жайлы тағы суық  хабар  бұрқ  ете қалды. Сәби саудасының бас жағында дәрігерлердің ашкөздігін көргенде екі көзің шарасынан шығады. Ғаламтор желісін парақтап отырып, Қазақстанда жүріп қылмыс жасап, шет мемлекетке қашып үлгерген  қазақстандық әйел жайлы ақпаратты көзіміз шалды. Мәссаған, безгелдек деген осы да. Шет елде бас сауғалаған әйел Қазақстанда іздеуде жүрген болып шықты. Интерпол арқылы іздеу жарияланып, Оңтүстік  Кореядан  департацияланған қылмыскер жалған құжат жасап, кәмелетке толмағандарды  саудалаған  Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.  Бұлда  2021-2022  жылғы  оқиға. 39 жастағы әйел қыз бала туып, оның құжаттарын қолдан жасап, биологиялық баласын үшінші бір тұлғаға беру үшін заңсыз әрекетке барған.  2021 жылы Талдықорған қаласында сәбиін сатқан қатігез әйелге сот үкім кескен болатын.

Бұл әйел де перзентханадан шыққан бойда  бауыр  еті  баласын  заңсыз  жолмен  бөгде  адамға беріп жіберген. Тергеу аясын кеңірек зерттеген  із кесушелер тексеру барысында істі  болған  азаматшаның бұған дейін де сәбиін өзге адамға сатқаны айғақталған. Құдды бір инкубатордан балапан басып шығарып, сатып отырған  тауық  фермасының   қожайыны сынды. Бала саудасының  заңсыз екенін білетін әйел сатып алушының атына баласын Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде өз бетімен алып жүруге рұқсат беретін сенімхат жазып берген. «Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша (кәмелетке толмағандарды сату) қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында  күдікті  өз кінәсін толық  мойындап,  жасаған  ісіне өкінетінін айтты. Алматы облысының  кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі №2 мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен азаматша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бірақ үкімді орындау мерзімі оның қамқорлығындағы екі баланың соңғысы 14 жасқа келгенше кейінге қалдырылған.

Бала сатумен тек қана тапқан аналары мен акушер дәрігерлер ғана емес, жетімді сатпақ болған шенеуніктің де ісі әшкере болған-ды. Небәрі 400 мың теңгеге сатпақ болған білім бөлімінің қызметкеріне Талдықорған қалалық  соты  2021 жылы үкім шығарған болатын. Бала сатып пайда тапқысы келген шенеунік жетім баланы асырап алғысы келген отбасыдан 400 мың теңге көлемінде пара алған.  Бұл  келеңсіз оқиға жайлы кезінде  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабарлаған.

«Талдықорған қаласының білім бөлімі» ММ балалардың құқықтарын қорғау секторының меңгерушісіне 12 млн. теңге айыппұл тағайындалып,  (Қылмыстық кодекстің 2-бөлімі, 366-бабы) айыпталғанын, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен қаржы мекемелерінде лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды», –  деп ресми хабарлаған.

Өткен жылы Түркістан облысында 27 жастағы әйел өз перзентін 7 миллион теңгеге сатпақ болған. Баланы сатып алушы әйел құжатын заңдастыру үшін нотариусқа жүгініпті. Мұның қылмыс екенін білген құжат рәсімдеуші жергілікті арна тілшілеріне хабарлап,  олар  бірден  прокуратураға жүгінген. Бала  саудалап  қыруар қаржыға кенелмек болған әйелдің арам пиғылы іске аспай тұтылған. Тергеп-тексеру барысында баланың әкесі кім екені белгісіз болған. Демек ойнақтап жүріп от басқан  27 жастағы келіншек некесіз туған сәбиін сатып құтылмақ болғаны ғой. Әрі әйелдің есірткіге әуестіге де қылмысты зерделеу барысында анықталып, сатылымға шыққан сәби қайтарылып, бөбектер үйіне жіберілген. Тіпті қыздарының сәбилі болғанын оның ата-аналары да білмейтін болып шыққан. Қылмыстық кодекстің 135-бабы, 2-бөлігі, 12-тармағымен айыпталған әйел бұл күнде 12 жылды арқалап абақтыда отырған  болар. Бала сату кәсібі тек Қазақстанда  ғана өркендеп тұрған жоқ.

Мәселен 2019 жылы Қытайдың Чжэецзян провинциясында қарыздарынан құтылу үшін жаңа туған баласын сатып жіберген әйел қамауға алынған. Бұл арадағы бала саудасы 2018 жылы қыркүйек айында болыпты. Қолға түскен қытайлық азаматшаның айтуынша және тергеу орындарына берген жауабында әйел қарызы мен ақшасының жоқтығына байланысты қылмысқа  барғанын  мойындаған. Ал, тасбауыр  әкесі некесіз таптырған  баладан да, әйелден де бас тартып қашып кетіпті. «Шоқпар тисе сорлыға тиеді» дегендей некесіз еркектен бала көтерген әйел егіз тапқан. Қытай мемлекеті егіздер үшін 65 мың «юань» төлеген. Сол  кездегі ақшаның құнымен есептесең (606 мың теңге) берген. Бала саудасынан түскен ақшаға әлгі әйел қарыздарынан құтылып, қалған ақшаға ұялы телефон сатып алыпты. «Бір жоқты, бір жоқ табады» дегендей  Қытай полициялары бұл оқиғаны  басқа бір істі тергеу барысында  анықтаған. Қытай мемлекетінің заңы бойынша некесіз бала таптырған еркек те, әйел де қамауға алынып, сатылып кеткен балалар қайтарылып, қыздың ата-анасына бағып-қағу міндеттелген.

Қытай мемлекетінде өткен жылы ұлды болуды армандаған ер адам жаңа туған қыз баласын сатып жіберген. Қытай тұрғыны екі қызды асырай алмаймын деп жаңа туған  нәрестені баласы жоқ ерлі-зайыптыға сатқан. Бала сатамын деп абақтыдан бірақ шыққан қытайлық азамат ұлды болуды қатты армандапты. Екінші сәбиі өмірге қыз болып келгенде қатты налыған. Еркек  баланы 4  мың юаньға, біздің  ақшамен 200  мың  теңгеге бағалаған. Бір қызды  шұбыртып тауып  жатқандай, баланың  жоқтығын  сәбидің  анасы байқамапты. Немересін бағу үшін  ұлының үйіне көшпек әжесінің ұсынысына баласы бас тартыпты. «Екінші немеремді  бір-екі-ақ  рет көрдім. Содан соң ұлым үйіне кіргізбей қойды», – деген әжесі баласы жоқта келініне кіріп шығады. Баланы таппаған ол бірден ұлына хабарласқан,  бірақ, Ли  жауап бермей қояды. Сол кезде әйел полицияға хабар беріпті. Ер адам жасаған  ісін мойындап, ол ұлды болуды күтіп  жүріпті.

Жұмысы  жоқ  Ли екі қызды өсіре алмаймын деп шешсе керек. Полицияның араласуымен баланы қылмыскерлер сатып алу мүмкін деп күдіктенген. Алайда  олар он жыл бойы сәби сүйе алмаған ерлі-зайыптылардың қолына түскен. Бала сату туралы хабарландыруды желіден тауып алған көрінеді. Полиция сәбидің әкесін де, сатып алған ер мен әйелді де қамауға алып, нәрестені туған  анасы  мен  әжесінің қолына табыстаған. Қытай заңы бойынша әйелдер мен балаларды сату және ұрлау ауыр қылмыс болып саналады. Істің ауқымына байланысты бес, он жылға бас бостандығынан айыру, өмір бойына соттау немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.

Біздің қылмыстық заң бойынша бала  сату ауыр және аса ауыр қылмыс болып саналады. Қылмыс құрамына қарай бес жылдан 12-18 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Алайда Құдайдан қорықпағандар заңнан да қорықпай,  бала сатуды кәсіпке айналдырып алған. Осы қылмыстың бас жағында ақ халатты абзал жандардың жүргені бала саудасының сұранысын арттырып тұрғандай…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ