Кеншілер қаласында «BABY LAND» орталығы ашылды

0
380

Кеншілер қаласының тұрғыны  Жайна  Қанатқызы  1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың көмегімен  балаларға  массаж  жасайтын  және  дамытатын «Baby land» орталығын ашты. 

Оның  айтуынша « Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, бизнес-жоспарын қорғапты. Өткен жылдың желтоқсанында  ашылған орталықта логопед қызмет көрсетсе, дамыту сабақтары топпен және жеке де жүргізіледі екен. Мұнда балаларға қажет массаждың  барлық  түрі жасалады.

Балаларға арнап білім беру орталығын ашу туралы біраз ойланған жас кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың  арқасында арманының орындалғанын айтады.

Орталықта балалар массажымен 12 жыл тәжірибесі бар маман айналысады. Мұнда негізінен 1 жасқа дейінгі сәбилерді әкеледі. Егер қандай да бір медициналық көрсетілімі немесе нақты диагнозы болса, 3-тен 5 жасқа дейінгі балаларды да қабылдайды. Орта есеппен массаждың 1 сеансы  2500-3500 теңге аралығында. Кәсіпкердің өзі де балаға арналған түрлі дамыту сабағын жүргізеді. Әр топта бала саны сабақтың түрі мен мақсатына қарай 2-ден 6 балаға дейін жетеді.

– Орталықты одан әрі кеңейту үшін бізге балалар психологы мен дефектолог қажет. Әзірге оны таба алмай отырмыз. Жалақысы шамамен 100 мың теңге. Бізде жұмыс істеуге ниеті бар адам болса, жұмыспен қамту орталығы арқылы жүгінуге болады. Көп ұзамай жақсы маман табылады деп үміттенемін. Әзірге ғимаратты жалға алып отырмыз. Оған жөндеу жұмысын жүргізіп, жабдықтар сатып алдық. Екі ай ішінде орталықтың жұмыс істейтінін жергілікті тұрғындар жақсы біле бастады. Жерлестерге бізге сенім артып, қолдау танытқандары үшін алғыс айтамыз. Біз өз ісімізге жауапкершілікпен қараймыз. Өйткені, бала денсаулығы – ең маңызды мәселе, –  дейді Жайна  Қанатқызы.

Текелі қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Жасұлан Қапалов өткен жылы Текелі қаласы бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 21 өтінім мақұлданғанын айтты. Бұл ретте жалпы сомасы 25  725  000 теңге өтеусіз грант берілген.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ