Бірінші сыныпқа тіркеу басталды

0
301

Балаларды бірінші сыныпқа тіркеу 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Өтінімді egov.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз түрінде де өткізуге рұқсат  беріледі.

Сәуір айының бірінші аптасында Жетісу облысы бойынша 1-сыныпқа қабылдау туралы 352 өтініш келіп түсті. Оның 278-і облыс орталығы Талдықорған қаласының тұрғындарынан келген. Жетісу облысының білім басқармасы орта білім беруді дамыту, қорғаншылық және қамқоршылық, тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Роза Тұрғанбаеваның  қатысуымен өңірлік коммуникациялар алаңында 1 сыныпқа қабылдауға байланысты баспасөз мәслихаты  өтті.

Спикердің айтуынша  Жетісу облысы бойынша құжаттарды қабылдау https://e-zhetysu.kz/ электронды қызмет көрсету порталы арқылы жүзеге асырылады.  «Ата-аналардың құжаттарды  электронды қызмет көрсету порталы арқылы өткізу үшін облыстың барлық білім беру мекемелерінде  интернет желісі  қосылған, өзіне-өзі қызмет көрсету орны ұйымдастырылған. Бұл  жерде электронды цифрлық кілт алуға, құжаттарды порталға енгізуге білім беру мекемелері тарапынан практикалық көмек көрсетіледі», – дейді  бөлім басшысы.

Баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері (бос орын болған жағдайда)  оқыту үшін кез келген білім беру ұйымдарын таңдауға құқығы бар. Қалалық жерлерде мектепке ең алдымен тұрғылықты мекен-жайы бойынша қабылданады, егер бос орын болған жағдайда ата-ана білім беру мекемесін таңдай алады.

Баланы  жалпы білім беретін мектептерге қабылдауда емтихан немесе тестілеу өткізілмейді, ал гимназия мен лицейлерге қабылдау  конкурстық негізде жүзеге асырылады.

«Жалпы білім беретін мектепке қабылдау үшін 4 құжат жинау қажет. Бұл өтініш туу туралы куәліктің көшірмесі, баланың денсаулығы туралы құжаттар және 3х4 см өлшемді 2 фотосурет», – дейді Роза Максимқызы.

Айта кетейік,  Жетісу облысы бойынша 339  жалпы білім беретін метепте 2022-2023  оқу  жылында 128 758 білім алды. Оның ішінде, өткен оқу жылында 1-сыныпқа 13 758 бала қабылданды. Ал  2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа 14  мыңға жуық баланы қабылдау жоспарлануда.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ