«Мұхамеджановқа» аудандық аурухананың аты берілсе…

0
553

Келте ғұмыр, қамшының сабындай ғана жалған дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеді. Тірісінде сол жайсаңдардың бірінің қадірін білдік, енді бірінің қадірін білмедік. Жылы сөз айтып жүрегін жылытқан, қатты сөз айтып қадірін түсірген кездеріміз де болды. Әсілі адам баласы жер басып тірі жүргенде бір-бірінің қадірін аса түсіне бермейді. Бақилық болғанда «оу, жарықтық-ай жақсы адам еді, талай шапағатын көріп едік, елеусіз, ескеруісіз қалды ғой» деп күрсініп жатады. Сондай нар тұлғаның бірі де  бірегейі Мұрат Мұхамеджанов еді. Мұрат ағаның шапағатын, шарапатын көрмеген адам кемде-кем шығар. Қойдай қоңыр мінезді, арда азамат еді. Қашан көрсең айналасына таң нұрындай шашырап жадырап жүреді. Өмірден өткенше адам жанының арашасы болған ардақты ағаның алақанының шипасы қандай еді, шіркін! 1969 жылдан 2020 жылға дейін денсаулық сақтау саласында үздіксіз қызмет атқарған, медицина ғылымдарының кандидаты Мұрат Мұхамеджанов неге елеусіз, ескерусіз қалды деген толғақты ой қолыма қалам алдырды. Ел ерімен, ер елімен мақтанатын халық едік қой!

Терек бойлы, өн бойында артық еті жоқ, ащы тері алынған, бәйгеге жаратылған сәйгүліктей Мұрат Мұхамеджанов өз ісінің хас шебері еді. Қолы жеңіл, талай науқасқа ота жасаған, ажалдың аузынан алып қалып, бірінші Алла деп  екінші асқынған кеселді кесіп тастап, өмір сыйлаған дәрігер жайлы талай адам тебірене айтқанын өз құлағыммен естігенмін. Өзімде сан мәрте көмек сұрап жүгіндім. Сонау 2000 жылдардың басында, тұрмыстық ахуал ауыл тұрмақ қаланың өзінде мәз емес еді. Ел-жұрт ала дорба арқалап, базар жағалап кеткен кез! Аш-құрсақ ауылда жоқшылық жайлаған уақытта анам қатты ауырды. Үйдегілер түзде жүрген маған айтпай, емдетуге қаражат тапшы болып, анамның  ауруы асқынып жатып қалған. Тіпті әне-міне демі үзіледі деп оң жаққа жатқызып қойып, маған хабарласып, «тез кел, анаң ауыр жағдайда» деді. Ұшып-қонып барсам расында кетеуі кетіп қалыпты.  Ас ішпейді. «Кім айтты сендерге өледі деп» дедім де жедел жәрдем шақырып, анамды  аудандық ауруханаға әкелдім. Мұрат ағаға кіріп, жағдайды айттым. «Бауырым» деп  орнынан ұшып тұрып, қабылдау бөлімінде  зембілде жатқан анамның тамырын басып, дереу талдау (анализ) жасатты да, ауруханаға жатқызып, өзі екі-үш сағат сайын келіп бақылап тұрды. Анамның қасына мені жатқызды. Бір жетіден кейін анамның беті бері қарады.  Әл жинаған соң қайтадан талдау жасап, хирургиялық кеселге тексеру жүргізді.   «Қорықпа бауырым, асқазанда кесел бар ма деп күдіктеніп ем, жаман ауру жоқ екен. Бәрі дұрыс тамақтанбағандықтан. Емдейміз, өмір сүреді», – деді. Жиырма күн өзі ем-дом жасатып, бақылауға алып, ауруханаға  зембілмен барған анамды қолыма жетектетіп жіберді. Одан  кейін анам он екі жыл өмір сүрді.  Үлкен бауырымда қан қысымы көтеріліп үйде құлапты. Тағы Мұрат ағаға қоңырау шалдым. Көкталға білікті дәрігерлерді жіберіп, өзі бақылауға алып, ағамды аяғынан тұрғызды. Әрине, көрер жарығы болған ғой. Алайда мүлдем сал болып қалуға жол бермеді. Бір аяқ қолы тартылып қалса да, емдеу  шарасын жалғастырып  бауырым өз аяғымен біртіндеп жүруге келді. Қолы сәл икемге келді. Аллаға шүкіршілік айттық. Ол бауырымда он жылға жуық өмір сүріп 70-ке қараған шағында бақилық болды. Сол  арада Мұрат Мұхамеджановтың өзінен айырылып қалдық. Қаншама адамға өмір сыйлаған, кеселінен айықтырған ардақты, абзал дәрігердің игілікті ісі кейінгіге үлгі-өнеге болды. Ол кісі қарапайым дәрігерден  аурухананың бас дәрігеріне дейінгі сатыда адамгершіліктен бір танбаған адам. «Мен бастықпын» деп кеуде кермеген, қол астындағыларды алаламай бірдей қамқорлық жасаған Мұрат ағаның өмірден өткеніне де үш жылдың жүзі болыпты. 1978 жылдан 2008 жылдары  Панфилов аудандық бас дәрігері, одан кейін 2020 жылдан  өмірінің соңына дейін бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарды. Әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген. Осы үш  қарудың  екеуі Мұрат ағаның бойында болды. Медицинаның негізін қалаушылардың бірі  Ибн Сина: «Науқас адам дерт пен дәрігердің ортасында тұрады. Егер ол дәрігерді жақтаса, екеулеп дертті жеңеді. Ал егер науқас дерт жаққа шықса, ол екеуі бірігіп дәрігерді жеңеді» деп тәмсілдеген. Мұрат Мұхамеджанов та науқасқа «Сіз мені жақтауға міндеттісіз, екеулесек дертті жеңіп шығамыз» деп айтқаны айдан анық. Саусағының шипасы бар,  асқынған кеселдер мен сан мәрте бетпе-бет келген дәрігердің өмірден өткеннен кейінгі екінші ғұмыры жалғасуы тиіс. Оны жаңғыртатын да, ер есімін ел жадында мәңгі қалдыратын да  туған өлкесі, жергілікті билік өкілдері. Шынымен өзі жоқтың көзі жоқ болғаны ма? Мұрат Мұхамеджановтың есімі неге көлеңкеде қалып қойды?! Елеусіз, ескерусіз қала бере ме?! деген көптің сауалымен  Панфилов ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Қанат Нүркешұлы Досмайловқа қоңырау шалдық.

«Мұрат Мұхамеджановты біз елеусіз қалдырмаймыз. Осы кісі мен қатарлас замандас, бірге қызмет жасаған Рақыш Бірімқұлов бар. Осы екі тұлғаның есімдерін мемориалды тақтайшаға жазу үшін, құжаттар Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жіберілді. Сол жақтан құжаттар келсе,  Рақыш Бірімқұловтың есімі аудандық емханаға, ал Мұрат Мұхамеджановтың есімі аудандық аурухананың қабырғасындағы тақтайшаға жазылатын болады. Мұрат Мұхамеджановтың есімін аудандық ауруханаға беру үшін бес жыл күтуіміз керек, оның үстіне ол  кісі «Ұлы Тұлғалар» тізіміне қосылмаған оған да құжаттар рәсімделіп жатыр. Осы тіркеуден өткен соң оның құжаттарын ономастикаға жібереміз. Сол жақтан әрі республикалық сатыдан өтіп келу керек. Сонан соң  бес жылдан кейінгі мерзімде қаралатын болады» – деді аудан әкімінің орынбасары Қанат Нүркешұлы. Бұған біздің де алып қосарымыз жоқ. Араға уақыт салып бұл да ретке келер. Ердің есімі еленер, жақсының өнегесін дәріптеуге, атын мәңгі есте қалдыруға ауруханаға есімі берілсе деген азаматтардың да қозғау салып жатқанына түсіністікпен қарауға тырыстық.

Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ: Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күндері мемлекетіміздің экономикалық жағдайы өте қиын болды. Барлық сала, соның ішінде медицина саласыда үлкен дағдарысты бастан кешірді. Міне, сол жылдары Мұрат Мұхамеджанов ауданымыздың орталық ауруханасында бар күш жігерімен, адал  қызмет етіп, ел алдында жақсы абырой тапты. Сол қиын жылдары халықтың көңілінен шығып, елдің махаббатына бөленді. Ауданымызда жеті жастан жетпіс жасқа дейін бәрі Мұрат ағаны біледі десем артық айтқандық емес. Мұраттың қайырымдылығы, адамдар мен қарым-қатынастағы жылулығы, шыдамдылығы мен төзімділігі, қажымас қайраты мен  еңбекқорлығы үшін, кәсібилігі үшін өте құрметтеймін. Оны халық та бәрі қуана қабылдайтынына сенімім зор. Оның Гиппократтың мына бір сөзін келтіріп айтқан әңгімесі әлі есімде. «Ежелгі грек дәрігері,  философ былай деген: Дәрігер науқастың өзіне жүгініп, ауру туралы пайымдауды және түсініктемені емес, көмек күтетінін ұмытпау керек». Сол үшін науқасқа әрқашан дәрігерлік және психологиялық көмегің дайын болу керек. Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар.  Пандемия кезінде өзінің білімін, тәжірибесін тұрғындардың денсаулығы үшін сарп етіп еңбек етті. Өкінішке орай індетпен арпалысып жүріп, өзі ажал тырнағынан құтыла алмады. Күллі елі құрметпен ақтық сапарға шығарып салды. Осы еңбегі бағаланып бұйырса алдағы уақытта Мұрат Мұхамеджановтың есімін орталық ауруханаға беру керек деп санаймын. Оның еңбегі, халыққа тигізген пайдасы, ауруханадағы азапты жолдары осы құрметке лайық.

Ағамыз бар еді ақеділ

Ақмарал МЫРЗАТАЙҚЫЗЫ, ардагер инфекционист-дәрігер: Жаны игі жақсы адамдардың қасында жүргесін тірі кезінде қадірлеп, құрметтеп, бағалай алдық па, жоқ па осы жағы кейде өкіндіреді. Бірақ кеш емес шығар. Өйткені ағаның есімін ауруханаға беру керек. Еңбектің еленгені, жақсының атының өлмейтінін солай ғана көрсете аламыз. Пәни жалғаннан бақилыққа өтіп кеткесін ғана саныңды соғасың да қаласың. Әттең, бір қапыл дүние-ай. Бүгінде осылай күйікпен еске алар ақеділ азаматтың бірегейі марқұм Мұрат Мұхамеджанов ұзақ жыл бір салада қызмет жасасқан біз сияқты соңынан ерген іні-қарындастарын жақсы, таза, адал жолға қоя білді. Кішішыған дәрігерлік амбулаториясына алғаш жұмысқа орналасқан күннен бастап, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейінгі жолымызда осы «ақ еділ ағаның», білікті маманның әкелік қамқорлығын көп көрдік. Бай іс-тәжірибиесінен үлгі алып, зердемізге тоқыдық. Өз ісінің білгірі  Мұрат аға туралы айтарым өте көп еді. Бірақ өмірден өтіп кеткен ағаны ойлаудың өзі қазір қиындық тудырады екен. Иә, өткен шақпен қиын-ақ. Амал нешік көндігесің, көнесің. Ағамыздың жарқын бейнесі жадымызда сақталатыны анық. Рухы биік азаматтың алды жарық болсын, жатқан жері жәннәт, жамылған топырағы жұмсақ болсын! Мұрат Мұхамеджановтың есімін аудандық аруханаға беруге лайық деп есептеймін.                                           

Өнегелі өмір жолдары

Төлеу САРПЕКОВ: – «Өлді деуге бола ма, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп ақындар жырлағандай, Мұрат Мұхамеджанов саналы ғұмырын өзінің таңдап алған мамандығы дәрігер, ақылды ұстаз, тәлімгер, білікті басшы ретінде ауданымыздың тұрғындарының денсаулығын нығайтуға арнады.  Мен үшін, өзімнің өмір жолымда, алғашқы еңбек күндерімді 1990 жылдары  Мұрат Мұхамеджановтың берген батасымен бастағаным ұмытылмас сәттер. Еңбек жолымның алғашқы күндерінен бастап ағалық ақылын  айтып, тәрбиеледі.   Қазақта жақсы бір аталы сөз бар «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, 1998 жылы наурыз айында емханада науқастарды қабылдап отырған едім, хатшы келіп бас дәрігер кабинетіне шақыртып жатқанын айтты. Мен не үшін шақыртты екен деп ойлана отырып кабинетіне бардым, кабинетінде аурухананың кәсіподақ ұйымының төрағасы Әлпейісов Тұрысбек Тоқтақынұлы екеуі отыр екен, орнынан тұрып жаныма келіп жағдайымды сұрады, жұмыс істегеніңе 8 жыл болды, біраз уақыт болды байқап жүрмін тәжірибе жинадың, білемін студент болып жүргеніңде де қоғамдық жұмыстармен айналыстың, сондықтан біз ақылдасып, сені өзіме емдеу ісі жөніндегі орынбасар ретінде тағайындайын деп отырмын, ертең ертеңгісін жалпы жиналыста ұжымға таныстырамын деп, менің қолымды ұстап тұрып, ойланатын ештеңе жоқ, қолыңнан іс келеді, саған үлкен сенім артып отырмыз деп батасын берді. Ағалық ақылмен, көрегендікпен берген батаның арқасында үлкен өмір жолымды бастап кеттім, ұдайы ақылып айтып, басшылық қызметтің қыр-сырына баулыды. Мұрат ағамен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін «Саламатты Қазахстан», «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды бірлесіп, ақылдасып  атқардық. 1999-2002 жылдары орталық аурухана емханадан бөлінгенде бас дәрігерлік қызметке ұсынды, 2008 жылы зейнеткерлікке шыққанда Мұрат ағам ақ таяғын маған сеніп табыстады, мен бас дәрігерлік қызметімде Мұрат ағаның ақылына құлақ түріп жүрдім, кез келген отырыстың төрінен орын алды, сыйлы болды. Ауданымыздың денсаулық саласын қалыптастырып, көптеген мамандарды тәрбиеледі, өшпестей із қалдырды.  Осы ауданға және аурухана саласына сіңірген еңбегі үшін орталық аураухананың атын  Мұрат ағамен атаса деп ойлаймын.

 Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ