Желге ұшқан қайран ақша немесе сиқы сын көтермеген «Ардагерлер саябағының» жыры
Жалпы ауданы 13, 16 гектарды алып жатқан Талдықорған қаласындағы «АРДАГЕРЛЕР САЯБАҒЫ» тұмса табиғатымен ерекшеленген көрікті жер. Шаһардың шеткі аймағында орын тепсе де саябақ жас пен кәрінің демалатын орнына айналғалы біраз жылдың жүзі болды.
Жасыл желек жамылған саялы бақта адам қарасы кешке қарай көбейе түседі. Бұл мекен, әсіресе, тыныштықты жаны сүйетін, бір мезгіл бой сергітіп, таза ауамен тыныстағысы келетіндер үшін таптырмас орын. Таң ата, кеш қарая саябақ ішінде жүретіндерге қарап жап-жасыл бақтың жайлылығын сезіну де бақыт қой…
Осы жылға дейін саябақ жайында сан түрлі мақала жарық көріпті. Соның басым бөлігі қалалық «Вечерний Талдықорған» газетінде жарияланған. Аталмыш басылымның әр санында қоғамдық палатаның мүшелері мұндағы олқылықтар туралы жанайқайларын білдіреді. Дей тұрғанмен, бұған құлақ түргендер қатары некен-саяқ. Құлақ түрілмегеннің салдарынан ба саябақтан сән кеткен. Бүгінгі күні сиқы сын көтермей тұрған саябақ мәселесіне қатысты мақала жазудағы басты себеп те осы.
Әңгімені әріден бастасақ… Осы уақытқа дейінгі жазылған мақалаларға зейін қойсақ, соңғы онжылдықта саябақ екі мәрте қайта қалпына келтіруден өткен. Алдымен қаланы абаттандыру бағдарламасы аясында демалыс аймағына жаңа кіреберіс арка, сәндік қоршау, беседка, орындықтар орнатылып, бұрынғы балалар алаңы асфальтталған. Бір кездері сиқы қашқан саябаққа сән кіргенімен, бұл қуаныш ұзаққа созылмапты. Осылайша, мұнда тағы келеңсіздіктер орын алған. Бірақ, бұған немқұрайлы қарамайтындар жаппай дабыл қағады. Қалалық әкімдіктегілер елдің үніне құлақ түріп, бұл жолы саябақты абаттандырудың тағы бір керемет жобасын ойлап табады. Алайда саябақтың сәнін кіргіземіз деп табиғатқа зиян келтірілген. Кіреберістің жанынан жаңа ойын алаңын салу үшін бірнеше ағаш кесіліп, аумаққа қосымша асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы облыстық «Огни Алатау» газетінің сайтында (23.07.2018) «Не губите, мужики, Парк ветеранов» атты мақала да жарияланған. Дәл осы жазбада айтылғандай, жөндеуден сәні кірмей, табиғатқа қаншама зиян келтірген қайта қалпына келтіру жұмысынан көзге көрінгені аллеялар мен жолдарда жүргізілген жарықтандыру, көліктерге кіруге кедергі келтіретін орындықтар мен тосқауылдардың көбеюін ғана атап өтуге болады.
Бұл істің аяғы басылмай жатып әкімдіктегілер үшінші мәрте саябақты қайта қалпына келтіру жұмысы бойынша жобаны мақұлдап үлгерген. «Не губите, мужики, Парк ветеранов» атты мақалада жазылғандай, жобада суару жүйесі, жарықтандыру, кіреберіс арка, кіре берістегі автокөліктерге арналған тұ-рақтар, бір футбол алаңы, бір теннис алаңы, балалар ойын алаңы, воркаут алаңы, шахмат үстелдері, орындықтар, урналар, аумақты қоршау, қоғамдық дәретханалар орнату кіріктірілген. 2018 жылғы 30 наурыздағы № 123 сәулет-жоспарлау тапсырмасы негізінде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді Алматыдағы «Нұр Құрылыс-80» ЖШС қолға алған. Бұл туралы жоғарыда тілге тиек еткен мақалада айтылады. Осы материалдағы кейбір ойды тәржімаламай беруді жөн көрдік. «Важная деталь – проектировщики видят покрытие аллей и дорожек исключительно асфальтовым и плиточным в виде брусчатки. Вполне резонно задаться вопросом: «А нужна ли нам такая реконструкция?» Ведь во имя нее снова будут спиливать деревья, закатывать в асфальт лужайки… Не лучше ли все оставить как есть, сохранив уголок нетронутой природы? Сделать лишь подсыпку гаревых дорожек, установить дополнительные скамейки, вычистить заилившийся пруд, посадить новые деревца и все!»
Жыр болған саябақтың жайы мұнымен де бітпеді… Араға екі жыл салып, 2020 жылы қала әкімінің сол кездегі баспасөз хатшысы болған Нұр Қанатұлы саябақты абаттандыру жобасының жаңа эскиздерін әлеуметтік желіге салған. Жаңа жоба бойынша саябақ бірнеше аймаққа бөлініп, негізгі кіреберістегі колонна жөндеуден өтіп, жеке балалар алаңы салынатыны, жаңа орындықтар жасалып, шамдар орнату жоспарлануда екені айтылады. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы мен веложол болады. Қайта құру кезінде қосымша ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, шахмат, теннис, футбол ойнауға арналған орындар орнатылады деп эскиз жобасы мақұлданған суреттермен бірге беріледі. Ендігіде саябақты қайта қалпына келтіру және абаттандыру жұмысын «Golden City DS» ЖШС қолына алған. Алайда бұл мердігер мекеменің де жасаған жұмыстарының сапасы сын көтермегені 2021 жылы жазылған «Десятки общественников Талдыкоргана требуют наказать чиновников, курировавших ремонт в городском парке ветеранов» атты мақалада сөз етіледі. Мақалада қоғамдық палатаның мүшелері саябақтағы жұмыстарда кеткен олқылықтар туралы айтып, тіпті сол кездегі Алматы облысының әкімі болған Амандық Баталовтың атына қалалық ардагерлер саябағында кездесіп, қарамағындағылардың жұмысына жауапкершілікпен қарауды өтініп хат та жазылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолданғаны айтылады. Осы негізге сай билік өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, арыздарын тыңдауды жөн көрген. Мақалада жазылғандай палата мүшелері саябақты салу кезінде жіберілген кемшіліктердің барлығын тізімдеп, жасалған жұмыстың сапасына қатысты пікір білдіреді. Құрылысты бақыламаған сол кездегі қала әкімі Абдраимов пен оның орынбасары болған Байназаровтың келіп ел алдында түсініктеме беруін, осындай салғырттыққа жол берген шенеуніктердің, мердігерлердің де үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етеді. Бұған қатысты Талдықорған қаласы әкімдігінің қызмет-керлері барлығын ретке келтіріп, олқылықтарды түзетуге тағы да уәде берген. Алайда бұл үшін қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз делінеді мақлада. Анықтап білгеніміздей, бұған, яғни, 2020-2022 жылдар ішінде жөндеуден өткізілген саябаққа бюджеттен 475, 6 млн. теңге бөлінген. Ал бұған дейінгі саябақты жаңғырту жұмысына жұмсалған қаржы көлемі 218 миллион теңге шамасында. Дей тұрғанмен, миллиондап қаржы кеткен саябақтағы жұмыстың сапасы бүгінде сын көтермейді. Бір жыл болмай жатып тозығы шыққан саябақ сиқына қарап «желге ұшқан қайран ақша» демеске лаж жоқ. Жұмыстың сапасыздығын айтып шулаған белсенділердің арқасында біраз шаруа ретке келгенімен, кейбір айтқан мәселелер назарға да алынбаған. Бұл туралы олардың өздері айтсын.
Виктор БУКОВ, Талдықорған қаласы қоғамдық палатасының жетекшісі: «Бүкіл әлемде саябақ деген атаудың өз ұғымы бар. Мынау мынадай саябақ, ал мынау мынадай деген сықылды. Мәселен, еуропада саябақ деген саялы орынның бірі болып табылады. Мұнда ешнәрсеге тиіспейді, ағаш құласа сол қалпында жатады. Балаларды экскурсияға апарғанда әлгі құлап жатқан ағашты көрсетіп, оның неліктен құлағаны туралы түсіндіреді. Қысқасы онда барлығы да табиғи құбылысқа негізделген. Оған жол жасау, асфальттау деген болмайды, неге десеңіз бұл көріністі даладан да көре аласың. Ал саябақ деген таза табиғатпен үндесіп жатуы тиіс. «Ардагерлер саябағы» бір кездері дәл сондай табиғи қалыптағы демалыс орны болды. Бұл жерді жөндеу жайында ешкім айтқан да, жазған да емес. Көшелердегі жол жиегін жасау, қоғамдық дәретхана салу керек деген сынды талапты қойған болар, алайда саябақты жөндеу туралы ешкімнің аузынан шыққан емес.
Жалпы, саябақ жайындағы әңгіме былай басталды. Біздің қоғамдық палатаға қандай да бір сәулет мекемесі телефон арқылы хабарласып, өздеріңіздің пікірлеріңізді білдірсеңіз деді. Біз жиналып бардық. «Жеңіс» саябағынан бастау алып, «Ардагерлер саябағына» дейін жүріп өттік. «Мына жер былай өзгертіледі, ал ана жерде осындай болады» деген әлгі жандарға біз де «жоқ, олай болмауы керек» деп пікірімізді айттық, бірақ құлақ аспады. Себебі олар саябақтың жобасын алдын ала мақұлдап қойған. Бұдан кейін не дейсің енді?! «Ардагерлер саябағындағы» кеңес кезінде салынған жол, қазірге дейін бір жерде бар (аяққа жайлы құмды жол). Мұның орнына олар жиек жолдар, плиткалар төсеуді қажет етті. Біз сонда да мұның бәрін бәз-баяғынша қалдыруды өтіндік. Бірақ?… Мердігер мекеме Алматы қаласынан болғандықтан сәулетшілері де сол жақтан болды. Бізді шақырғанымен айтқанымызды елең де қылмады. Өздерінің идеялары болмағандықтан бә-рін бүлдірді де тастады. Тіпті әлгілердің арасында бірде бір бағбан, құрылысшы жоқ. Мұны сол тұстағы қала әкімі де, депутатар да көрді. Алайда бірде-біреуі мынау былай болсын деп үн қатпады. Қысқасы, саябақты жаңалаймыз деп табиғат анаға залал келтірілді. Мұндағы түрлі емдік шөптер өсетін аумақтың бір бөлігін бетондауға кірісті. Алаңның бәрін қалап тастады. Ал жасыл желекке оранған саябақта мекен еткен жәндіктер, құстардың бәрі тым-тырақай қашты. Жоба бойынша бұл жерге шахмат, теннис, футбол ойнауға арналған орындар орнатылды. Өзім осы маңға жақын тұратындықтан теннис алаңында ойнап жүрген бірде бір адамды көрмедім. Негізінде саябаққа адам тыныштықты қалап, табиғатпен етене жақындасу үшін барады ғой. «Тыныштық арқылы емделу» деген ұғым бар. Әлбетте, табиғат аясындағы тыныштықты қалап, жасыл желекке оранған тұмса табиғаттың ауасын жұту дегеннің өзі керемет қой білгенге. Аналар балаларын таза ауада ұйықтатып, тыныстау үшін осында алып келсе, ардагерлер жайлылықты аңсап, тыныш жерде отыруды қалайды.
Менің ойымша, саябақты барымен қалдыру керек еді. Ал енді мұның бәрі қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Саябақта орын алған олқылықтар туралы «Вечерний Талдықорған» газетінде сан алуан мақалалар берілді. Мәселен, жасалған амфитеатр туралы мақала дайындауда облыстық мәдениет және спорт басқармасына «Сіздермен келісіліп салынды ма?» деген сауал жібергенбіз. Одан жоқ деген жауап алдық. Яғни, бұның бәрі мердігер мекеменің (Golden City DS» ЖШС), адамдардың келісімінсіз салынған дүние болып тұр. Негізінде әрбір дүние халықтың игілігі үшін жасалуы керек. Сол салынған амфитеатрда бүгінге дейін бірде бір шара өтікізілді ме? Саябақта төрт дәретхана бар. Оның үшеуін жаңадан орнатты. Алайда екеуінің есігі мүлдем ашылған емес. Тағы бір миға қонбайтын дүние, паркті айналдыра қоршап тастағаны. Бұл не үшін керек?
…Бейнекамералар орнатылды. Алайда, бірде бірі қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Газетіміздің өткен санында осыған қатысты қоғамдық палатаның мүшесі В. Яшковтың қала әкімі Ернат Бәзілге қарата айтқан: «Ардагерлер саябағындағы» бейне- камералардың жұмыс істеме-тінінен хабардарсыз ба?» деген сауалын жарияладық.
Шындығы сол, сапасыз жасалған саябақтың сиқы сын көтермей тұр. Сынған орындықтар, жас ағаштарды қиып, аралап жасалған төсе-ніштер де қиратылып біткен. Әрине, адамдардың ісі, бірақ бейнекамера не үшін керек? Адамдар барлық елде бірдей ғой. Бірақ ол елдерде полиция жұмыс істеп тұр, шара қолданады. Ал бізде ше? Бізде бәрі керісінше…
«Ардагерлер саябағын» жаңалау керек деген жобаны жасаудың алдында қоғамның белсенді азаматтарын, ардагерлерді, сол маңда тұратын тұрғындардың басын қосып, пікірлерін тыңдау керек еді. Жоқ, олар өз білгенін істеді. Құнарлы топырақты жойып, жас ағаштарды кесіп тынды. Олар «Ардагерлер саябағы» деген атаудың түбіне еш үңілмеді де…»
Болат ЖҰМАДІЛ, Талдықорған қаласының тұрғыны: «Бұған дейінгі «Ардагерлер саябағы» мен қазіргіні еш са-лыстыруға келмейді. Бүгінгі көркіне қарап көз тояды демей-ақ қоялық, бірақ жасалған істі бағалау мен оны бақылау деген болады. Бізде тәртіп жағы кенжелеу болғандықтан жасалған дүние көзге көрінбей жатады. Мәселен, қазір барсаңыз орындықтар сынып, шағын футбол алаңшасының қоршау торларының ара-жігі ажырап, әр жерден аңғарадай тесілген. Бұны жұмыстың сапасыздығынан демей-ақ қоялық, бұл сол жерге келетіндердің ісі. Негізінде орнатылған бейнекамералар не үшін қажет, осындай бұзақылықтың алдын алу үшін. Саябақты жаңартты екен, оны енді қадағалап, бақылауда ұстап отыру тиіс мекеме болады ғой. Егер әрбір жасалған істің артында бақылау болатын болса, қатаң тәртіп орнатылса, мұндай бей-берекетсіздік орын алмас еді.
Осы саябақты қайта қалыпқа келтірер алдында қалалық депутаттар қаражаттың қайда жұмсалатынынан хабардар болды ғой. Бұл тұрғыда олар халықтың қалаулысы ретінде елдің пікірін біліп, жеткізуі керек еді. Алайда бұған көз жұма қарады. Меніңше, бәрі есеп үшін жұмыс істеп жүрген тәрізді. Бөлінген қаражат тиімді жұмсалды ма, жұмсалмады ма, дұрыс игерілді ме, оларға бәрібір сынды. Жасалған жұмыстың сапасы қандай дегенге де ешкім көңіл аударып, бас қатырып жатқан жоқ. Ендеше, артынан кейін шырылдағаннан не пайда?
Мұндай былықтың басында қалалық әкімдіктің де тұрғанын ешкімнен жа-сыра алмайсың. Егер әкімдіктегілер әр мекемеден талап етіп, сұрау салып отырса, іс алдыға жүрер еді. Меніңше, арадағы «Мәке», «Сәке» деген құрымай, еліміз ешқашан ілгері жылжымайды.
Осы саябақта жаздың басында қоқыс жәшіктері лықа толып, тазаланбай тұрды. Біраз күнді аралатып барғанымда шығарып, тазалап тастапты. Яғни, мұның бәрі бюджеттен ақша бөлінген кезде ғана тазаланады, ал қаржы бөлінбей, кешігіп жатса, ештеңе жасалмайды деген сөз. Саябақты күтіп-баптау жұмысына ақша тұрақты бөлініп тұруы тиіс.
Негізінде бәрі тендр арқылы жүзеге асырылады деп жатамыз. Бізде шетелдегідей тендр дәл уақытында ойнатылса, бәрі қалыппен жүзеге асар еді. Мәселен, шетелде бюрократия деген жоқ. Барлық дүние тез арада шешімін тауып жатады. Олар көктемгі атқарылатын жұмысқа қаңтар айында тендр ойнатып, бір аптаның ішінде жеңімпаз анықталып, ақпан айында ақшаларын алады. Осылай көктем шыға сала жұмысқа кірісіп кетеді. Ал бізде қалай? Ақпан басталғанымен тендр уақытылы ойнатылмайды. Осылай көктем шығады. Сөйтіп созбалақтап жүріп алғанның салдарынан дәл уақытында істелуі тиіс жұмыстар ақсап қалып жатады. Сонымен қатар әр адам өзінің атқарар жұмысына аса жауапкершілікпен қарауы керек: әкімнен бастап, оның қоластындағыларына дейін. Сонда ғана алға жылжу болады.
Өзіңіз тілге тиек еткен көк аспан астындағы дала сахнасы туралы да әркім түрлі ой айтады. Негізінде «Ардагерлер саябағына» амфитеатрды салу қаншалықты қажет еді? Айналып келгенде қыруар қаржы желге ұшып кеткендей көрінеді».
Бижамал апа, қала тұрғыны: «Саябаққа жақын маңда тұрамын. Бұл жердегі жасалған жұмысты бес саусақтай білемін. Себебі күнделікті көзімізбен көріп, тіпті мынау дұрыс жасалмай жатыр деп ескерткен кездер де болды. Бірақ олар сөзімізді құлақтарына қыстырмады. Мәселен, анау балалар ойнайтын алаңдағы темір алтыбақанды орнатқаннан кейін үш күн өтпей жатып ұрлап кетті, ана бір жаттығу велосипедінің аяғын бір-ақ күнде қолды қылды. Саябақты аралап көрсең орнатылған орындықтар шетінен сынып жатыр. Мұның бәрін қарап, бақылайтын күзетші қою керек қой. Тағы бір мәселе: саябақта өсіп тұрған жас ағаштарды қиып, аралап жасалған жерге төселген төсеніштер туралы айтайын. Бұл сол кезде жиналыс болғанда қала әкіміне де айтылды. Мынаны көріп тұрсың ғой: бұл ағаш суықта, жаңбыр жауғанда кеңейіп, ыстықта цементтеп тастасаң да жерден жарып сыртқа шығып кетеді. Міне, қазіргі сиқын көрдің ғой, быт-шыты шықты. Анау жақтағылардың бәрін отынға деп ұрлап кетті. Күнде таңертең осы жерге келіп жаттығу жасаймыз. Кезінде бұл жерде турниктің түр-түрі болған. Қазір көріп тұрғаныңдай бірі де қалмады. Оның орнына балалардың спорттық жабдықтарын орнатты. Бұл жерді «Ардагерлер саябағы» деп бекер айтпаған ғой. Саябақты жаңалаймыз деп көненің көзіндей болған әп-әйбәт спорттық алаңды құртып, орнына ешкімге қажетсіз дүниені жасап қойғаны жаныңды ауыртады.
Алғаш абаттандыру жұмысы жүргенде қаланың сол кездегі әкімі болған жігіт жұмысты аяғына дейін жеткізбей, бар ақшаны қалтасына басып алып, жоқ болды. Жалпы саябақтың қалпына келуіне бастан аяқ шырылдап жүрген Виктор Буковтың қосқан үлесін айту керек. Алғашқыда бұл жерге топырақ төкті, одан кейін сол кісінің айғайымен қайта түзелді. Өзі осы маңға жақын тұратындықтан таңнан келіп құрылыс жұмысын көзден өткізіп, тексеріп кететін-ді. Өзгелерге сүйкімсіз болса да, соның тікелей араласуымен жасалғанын саябаққа күнделікті келетін мен секілді зейнеткерлер жақсы біледі. Қала әкімі, депутаттар, тағы бір ақсақалдар келгенде көздерінше айтқанбыз «ана жерге төселген ағаштарыңның ертең жауын жауғанда қанша жерден цементтеп тастасаң да, одырайып шыға келеді» деп. Айтқанымыз айдай келді. Осыны төсейтіннің алдында саябақтағы қаншама ағаш кесілді, обал-ай. Енді, міне, быт-шыты шықты. Орнатқан бейнекамералары да жұмыс істемейді.
Алғашқыда мұнда күзетші болған. Саябақты тазалап, сыпырып жүретін. Одан кейін ақша төлемеген-ау деймін, ұшты күйлі жоқ болды. Бүгінге дейін саябақ қараусыз тұр. Өткен жылы қала әкімі келіп қурап қалған бірталай ағашты кесеміз деген-тін, бірақ кесілмеді. Бір күні төбемізге құламаса игі еді… Бұл жерде бұрыннан бір дәретхана болды. Содан абаттандыру жұмысын жүр-гізген мердігер мекеме тағы алты дәретхана саламыз деген. Біз шулап жүріп, «оның не керегі бар, саябақты сасытасыңдар» деп әрең тоқтаттық. Сөйтіп үш дәретхана орнатты. Оның екеуінің есігі мүлдем ашылмай, сол қалпында тұр. Құдды бір әдейілеп көрме үшін орнатқан-ау деймін.
Айта берсең шыға береді. Негізі бұл жерге күзетші керек. Осыған дейін қаланың қанша әкімі ауысты. Енді тағы жаңа әкім тағайындалыпты. Бәлкім сол жігіт қолға алатын шығар.
Тағы бір мәселе: саябақтағы ағаштар мен шөптердің бәрі құрап барады. «Көркейту»ЖШС жауапты дейді. Бірақ жұмысшылары ағып жатқан судан алып суғаруды білмейді. Шағын трактормен келеді де мына ортада тұрған дәретхананы жуып кетеді, басқа тірліктерін көргенім жоқ. Бұрын шауып, тазалап, шөптерді алып кететін. Өткен жылы да солай болды. Ал биыл шабылған шөпті жинамай, тастап кетті. Шабылған шөп қураған соң, оның астындағы өсіп келетін шөпті де өсірмейді емес пе.
Ал биліктегілерге, бәрін демейін, басым бөлігіне «Кім шындықты айтса, сол сүйкімсіз» болып көрінеді ғой».
Қуаныш апай, қала тұрғыны: «Саябақ туралы жазғаныңыз жақсы болды. Мұнда құйылған қаражаттың елу пайызы далаға кетті деуге болады. Апам дұрыс айтады. Саябақтағы жасалған көп дүние осы «Буковтың» араласуымен жасалды, мұны айтуымыз керек. Қазір енді айналаға зер салып қараңызшы. Жасалған дүние бүлініп бітті. Орнатқандардың бәрін ұрлап әкетті. Негізі әр нәрсеге бақылау болуы керек. Осыған жауапты мамандар арнайы рейд ұйымдастырып, бәрін көруі тиіс еді. Бірақ, ешкімге ештеңе керегі жоқтай ма дейсің?!
Бұл ардагерлер, зейнеткерлер үшін жасалған саябақ болған соң соған сай етіп жасалуы тиіс қой. Жаяу жүргіншілер үшін аяққа жайлы, кәдімгі жер болуы керек, ал мына брусчаткалар велосипедшілер үшін емес пе. Жарайды, жасасын делік, бірақ соны сапалы етіп жасамады. Ана жаққа барсаңыз брусчатканың бә-рі көтеріліп жатыр. Мына жерде тамаша спорттық алаң болатын. Өте сапалы спорттық снарядттар еді. Соның бәрін алып тастады.
Білесіз бе, кеңес уақытында бұл жер ұйымдарға бекітіліп берілетін. Бекітілген жерді әр ұйым өздері қарайтын. Қазір мұнда күзетші де жоқ.
Жиырма жылдан бері күнделікті келемін. Қазіргі жайына қарап көңіл құлазиды. Ағаштардың бәрін кесіп тастады. Мына жерде жабайы қаражидек (ежевика) өсетін жер бар болатын. Оның да түгі қалмады. Жақсы, бәрін алып тастасын делік, бірақ орнына қайта отырғызу керек қой. Теректерді шапсын, бірақ жаппай кесу деген не сұмдық. Керемет, хош иісті калина, алма ағаштары болды, қазір соның бірі де жоқ.
Осы жерді жасағаннан бастап шулаған едік. Қоғамдық палаталардың мүшелерін шақырдық. Қанша жиналыс өтті. Бірақ халықтың сөзіне құлақ асқан ешбір адам болмады. Ең құрығанда депутаттардың өзі елдің сөзін елемегеннен кейін бізді биліктегілер қайтсін?
Қараусыз қалған саябақта ешкілер де жүрді бір кездері. Қазір енді түйелер пайда болды. Осы маңда тұратын бір адам ұстайды екен. Полицияға шағымданамыз деп едік, «оған ештеңе жасай алмайсыңдар» деді. Неге десеңіз, ол адамның туысы прокуратурада жұмыс істейді-мыс.
Ал енді орнатқан дәретханаларының бірі де жұмыс істемейді, есігі мүлдем ашылған емес. Баяғыдан келе жатқан дәретхана бар, оған да ешкім кірмейтін шығар.
Бұрын саябақты күнделікті тазалап отыратын. Қыстыгүні қардан тазалайтын. Қазір не сыпырмайды, не қоқысты жинамайды. Соған қарағанда ақша төлемейтін болып тұр ғой. Бейнекамераның бірде-бірі жұмыс істемейді. Камера істеп тұрса, ештеңе бүлінбес еді. Мынаны қараңызшы, малдың қиы да жатыр. Ана жерде үлкен тоған болған. Су да тап-таза болып жатушы еді. Соған келіп шомылатынбыз. Қазір оның да түгі қалмады, бақалардың мекені болып қалды. Тексеріс жүргізілсе, мұндай болмас еді».
Екатерина Яшкова, қала тұрғыны: «Саябақ туралы жазамын дейсің бе? Қай жағынан жазасың, мақтайсың ба? «Саябақ» деген жақсы ғой. Өте жақсы жер. Бірақ мұндағы жасалған жұмыстың сапасы сын көтермейді. Ана бір дәретхананы көрдің ғой, оған ешкім де кірмейді. Ал тағы екі дәретхана бар заманауи үлгідегі, бірақ есігі құлыптаулы. Бірде ағаш құлап, шатыры сынып, оны қайта жөндеді. Ішінде раквинасы бар… Бұл жерді елмен ақылдаспай, өздері білгендерін жасады ғой. Мен ойлаймын, саябақтың эскизін жасаған дизайнердің жалақысын қию қажет деп. Шыны сол, мұнда қаншама қаржы жұмсалды. Бірақ, бәрі босқа…
Талдықорғанда 1967 жылдан бері тұрамын. Бұл қаланың әр тасы, құмы мен үшін ыстық. «Ардагерлер саябағындағы» жасалған жұмысты нашар демеймін. Бірақ саябақтағы ағашты қиып, аралап жерге төсеу деген не сұмдық? Қараңызшы: мынау не деген тротуар? Бұл деген жай ағаш қой, қар, жаңбырда шіриді. Сап сау тұрған ағаштарды қиып, осыны салды. Бірталай ағаш кесілді, осыны қиғандардың қаншама уақыты да кетті. Енді сол араланған ағаштарды ел отынға алып кетіп жатыр.
Бейнекамералар орнатты. Бірақ одан не пайда, ешқайсысы да жұмыс істемейді. Өткен жолы біздің үйдің атасы, қоғамдық палатаның мүшесі ретінде «Вечерний Талдықорған» газеті арқылы жаңадан сайланған қала әкіміне «Бейнекамералардың жұмыс жасамайтынынан хабардарсыз ба?» деген сауалын жариялады. Шынында да камералардың бірде-бірі жұмыс істемейді. Осы саябақты жасағалы бері қала әкімі де тұрақтанбайтын болды.
Баяғыда саябақтың екі бірдей тазалаушысы болатын. Оның бірі – Райхан есімді келіншек, осы маңға жақын тұрды. Саябақтың жартысын сол сыпыратын. Жолдар тазаланып, қоқыстар шығарылып, тап тұйнақтай еді. Өткен жылдары қоқыс жинап жүретіндерді көретін-біз. Қазір саябақ қараусыз қалып барады. Жалақы төлемеген соң кім бұл жерге келіп жұмыс істейді. Әкімдіктегілердің жалақысын қосқанша, қара жұмысшыларға көбірек еңбекақы беру керек қой.
Саябақ деген қаланың сәнін кіргізетін орын. Қараңызшы, ана орындықтардың арқасын сындырып тастаған. Егер күнделікті қарайтын адам болғанда бұлай болмас еді.
Жолды жасағанда да проблема болды. Алғашқы мердігер мекеме қызыл балшықты әкеп төкті. Одан кейін жаңбыр жауғанда оның бәрі аяққа жабысты. Содан халық шу көтерген соң біраз уақыт өткеннен кейін барып тасты жол жасалды. Қысқасы, жыры көп болды.
Ал мына «Талқыбаев» көшесі жағынан кіретін жердегі көпір таза менің дауласып жүруіммен жасалды. Алғашында бұл жерге өркеш (горбатый) көпір орнатты. Қыстыгүні ел көпірден өте алмай, тайғанақтап құлай-тынын айтқанмын. Бірақ, олар тыңдамады. Содан тура қыс түскенде, желтоқсан айында ауыстырды ғой».
«Ардагерлер саябағына» қатысты мәселені Талдықорған қалалық ТҮКШ бөліміне хабарласып анықтауды жөн көрдік. Мекеменің қабылдау бөліміне қоңырау шалып хабарласқанымызда тұтқаны көтерген хатшы қыз осы іске жауапты АМАНЖОЛ есімді маманның телефон нөмірін берді. Хабарластық. Белгіленген уақыт ішінде мекемеге бас сұғып, онымен жолықтық. Ол болса нақты ештеңе айта алмады. Қолында бар ақпаратты ұстатып: «Негізінде мен бұл іске жауап бермеймін, бары осы» деді. «Ақпарат неге орыс тілінде жазылған?» дегенімізге орай «Мұны басшылықтан сұраңыз» деген жауап алдық. Сондай-ақ ол жаңартылды деген саябақтың бүгінгі көрінісін, яғни, сынған орындықтар, футбол ойын алаңындағы қоршау торлардың ара-жігі ажырағанын, араланған ағаштардан жасалған төсеніштердің қиратылғанын вандализм ғой дей салды. Бұдан кейін саябаққа абаттандыру жұмысын жүргізген мердігер мекеме басшысының телефонын сұрадық. Беруі берді, алайда оның «хабарласқаныңыздан жауап берсе жақсы ғой» дегені рас болып шықты. Берілген (8 775 432 65 22) нөмірге бірнеше мәрте қоңырау шалғаннан түк шықпады (сөндірулі дей береді). Ақырында интернеттен «Golden City DS» ЖШС туралы іздеуді жөн көрдік. Мердігер компанияның байланыс нөмірін тауып, хабарластық. Тұтқаны көтерген бойжеткен «Ардагерлер саябағының» абаттандыру жұмысына жауапты ЕРАЛЫ есімді азаматтың нөмірін берді. Оның тегін сұрағанымызда «өзінен сұрап алыңыздар» деп тұтқаны тастай салды. Берілген нөмірдің бірі біз хабарласқан: 8 775 432 65 22 болса, екінші нөмір 8 700 432 65 22. Алғашқы нөмір сол баяғыша сөндірулі, ал екіншісіне қоңырау барып тұрғанымен қанша хабарлассақ та, тұтқаны ешкім көтермеді. Жауапкершіліктен қашты ма, кім білсін?!
Айтпақшы, ТҮКШ қызметкері берген ақпараттан да мардымды ештеңе ала алмадық. Екі беттік орысша жазылған қағаздың соңғы бетінде былай дейді: «Осыған байланысты 2021 жылдың 21 қыркүйегінде кезекті қоғамдық тыңдау өтті. Жоғарыда аталған мәселелер бойынша белгілі шаралар қабылданды». Одан кейінгі қорытынды сөйлемді оқысаңыз: «2023 жылдың 27 желтоқсанында нысан пайдалануға берілді» делінген. Бұған енді не деуге болады?!
Сиқы сын көтермеген саябақ туралы Талдықорған қаласы әкімі-нің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашевпен хабарласып, ақпарат сұраған едік. Сол күні-ақ ол қалалық ТҮКШ мекемесінің мамандары жіберген ақпарат негізі осындай деп жіберіпті.
1. 10.05.2020-27.12.2022 жылда-ры жөндеуден өтті.
2. Мердігер: «Golden City DS» ЖШС.
3. Саябақты «Талдықорған Көр-кейту» ЖШС күтіп ұстауда.
4. 27.12.2022 жылы «Талдықо-ған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ-сі қабылдап алды.
5. Барлығы 14 бейнебақылау камерасы орнатылған, электр қуатының өшіуіне байланысты 2-Port Ethernet Transmission талшықты-оптикалық порты уақытша істен шықты, қазіргі уақытта мердігер мекемемен аталған кемшілікті жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
6. Жөндеу жұмысына 475,6 млн. тг. қаржы жұмсалды.
Артынша, баспасөз хатшысына қайта хабарласып, «саябаққа қанша жарық шамдары орнатылғанын, оның бәрі жанып тұра ма» деген сауалға жауап алып берсеңіз деген едік. Алайда, жауап болмады. Осы орайда біз саябаққа барып, қанша жарық шамы орнатылғанын, оның қаншасы жанып тұрғанын, сондай-ақ, бейнекамералардың да жайына қанық болып, көзбен көріп, жайғасып отыратын орындықтар санын да ерінбей санап, біліп қайттық. Сонымен, мұнда 158 жарық шамы орнатылған, оның 56-сы істен шыққан. 107 орындықтың 12-сі сынған. Ал 14 бейне камераның біреуі тіптен жоқ. Біз санаған 13 камераның жұмыс істеп тұрғанын да байқамадық.
Иә, саябақ деген қаланың сәнін ашатын демалыс орындарының бірі. Ал көненің көзіндей болған «Ардагерлер саябағының» жөні тіптен бөлек. Қыруар қаржы кеткен саябақты күтіп ұстау былай тұрсын, ондағы қойған әр затқа ұқыптылықпен қарау көпке ортақ дүние емес пе? Дей тұрғанмен бұған жауапты мекеме не қарап отыр? 478 миллион теңге қаражат бес-он теңге емес қой. «Судың да сұрауы бар» дегендей, жасалған заттың да сұрауы болады. Жылдар бойы жыр болып келетін саябақтың жайына жанын ауыртқандар жаңа орынтаққа жайғасқан қаланың жаңа әкімі Ернат БӘЗІЛ елдің үніне құлақ түрер деп сенеді…
Сарби Қасымбекқызы