Су басудан зардап шеккен тұрғындар әкімдік сатып әперген үйлерге қоныстана бастады
Ескелді ауданына қарасты Абай, Ешкіөлмес, Қарабұлақ ауылдарындағы қатты нөсер салдарынан аула аумақтары мен тұрғын үйлерді су басудан келген шығынды өтеуге бюджеттен 403,5 млн. теңге бөлінді. Мәселен, 22 үй сатып алуға 216,8 млн. теңге, 83 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуге 186,7 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызмет хабарлады.
Ескелді ауданы әкімдігінің деректеріне қарағанда, жобалық-сараптамалық және сметалық ұйыммен бірлесіп су басу салдарынан келтірілген залалды бағалау жұмыстары жүргізілген. Жалпы ауданның ауылдық елді мекендерінде 105 үй, соның ішінде Абай ауылында 11, Ешкіөлмес ауылында 28, Қарабұлақ ауылында 66 үй зардап шеккені анықталды. Зардап шеккен үйлердің 22-сі бұзылады, 83-і ағымдағы және күрделі жөндеуден өтеді.
«Бүгінгі күні аудан әкімдігі 7 үй сатып алды, үйлері бүлінген тұрғындар осы сатып алынған үйлерге қоныстанып жатыр, қалған 15 үйді сатып алу рәсімдері жүргізілу үстінде. Сондай-ақ қалпына келтіру қажет деп тапқан 83 үй иелеріне төлем жасалуда. 21 қыркүйектегі мәліметке сәйкес қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 76 үйдің иелеріне 173,1 млн. теңге төленді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр» , делінген аудан әкімдігінің мәліметінде.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»