«Халқыңа адал қызмет еткенің – мұратыңа жеткенің»

0
667

Уәде берген екенсің,

Орындау оны парызың.

Орындалмаған уәдең,

Мойныңдағы қарызың – деген өлең жолдарын  өмірлік ұстанымы  етіп келетін  ақын, сазгер,  Қазақстан  Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, «Халық мұғалімі», Талғар ауданының Құрметті азаматы Камнұр ТӘЛІМҰЛЫМЕН болған бүкпесіз  әңгімеде біраз сауалдың тиегі ағытылды. Ендеше, оқып көріңіз…

АЛАТАУ : – Шерхан Мұртаза «60 –талтүс» деген екен. Сол талтүстегі шағыңызда артыңызға бұрылып, қарасаңыз не көресіз?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  – Қазақтың қайсар мінезді тума талантты ұлы Шерхан  Мұртаза  ағамыз  төбе  құйқамызды  шымырлатып,  шындықты ғана айтуымен ел есінде қалған ерекше тұлға ғой.  Ол кісінің аузынан шашылып түскен сөз маржандары мәнді де дәмді, әрі мәңгі жасай беретін жанды құбылыс қой шіркін! Олай болуының басты себебі, туысына жақпаса да турасын айтып, билік басындағы бектер тұрмақ өзін теңдессіз биліктің иесі санап, қазақтың «тұңғыш ханы»  менмін деген қасқаңа да қасқайып тұрып қарсылығын білдірген қайсарлығы өзін сыйлаған әр қазақтың жүрегінен өшкен жоқ. Кешегі келмеске кеткен кеңес заманының    қасақана ұлтымызды жою үшін мақсатты әрі жоспарлы түрде қолдан жасалған қиянатынан зардап шеккен қазақ халқының қайғысы мен қасіретін бір кісідей ойлап, тереңіне бойлап,  тарихтың бүркеме беттерін ашқан батылдығы мен батырлығына дүйім елі дән риза болатын. Қайсыбір жағымпаз жазғыштар мен қауқарсыз қайраткерлерге ұқсап жағымпаз дана  жалпаңдап биліктің білегін емес, жұртының жүрегін сүйген ірі тұлғаның: «Алпыс – талтүс» деген афоризмі басқа да қанатты сөздерінің қатарында халқының санасында сақталып, көкейінде жатталып ұзақ жасай беретіні еш күмән тудырмасы анық.

Осы орайда Қарағандылық ақын Абзал Бөкен бауырымыздың:

«Асау оймен алысам деп не болды?

Өзім жаққа қаратыппын көп елді.       

Ұстаспауым керек еді ұстастым,

Тірескеннен басқа шара жоқ енді»  – деген жыр шумағы ойыма оралып отыр. Өзіңіз айтқандай,  алпысыңда бұрылып артыңа қарасаңыз  тасқыны қатты өзендей тау қопарып тастағанымыз да шамалы. Әлі де болса істегеннен істемегеніміз, халыққа бергенімізден береріміз көп сияқты. Шындық үшін шыбындай жанын шүберекке түйіп шырқырап өткен қайран Шерағамның: «Алпыс – талтүс» дейтін қанатты сөзінің шындығы да осында жатса керек.

АЛАТАУ : – Бала шағыңызда  кім боламын деп армандап едіңіз?  Осы орайда өскен ұяңыз, ата-анаңыз туралы  айта отырсаңыз?

Камнұр  ТӘЛІМҰЛЫ: – Бала күнімде әнші болсам деп ойладым. Өйткені табиғатынан талантты туған қазақ баласының әу демейтіні жоқ қой. Осыдан тура отыз жыл бұрын алпыс бір жасына қараған шағында дүниеден озған асыл анамыз – Әйімтай апам өте әдемі дауысымен ән салатын еді. Сол кісінің салған сағынышты әуендері әрі табиғи бояуы еш бұзылмаған әсем қоңыр дауысы әлі күнге дейін құлағымда.Үлкен ағам – Хасейін де өте өнерлі жан еді. Аздап ақындығы да болатын. Қоңыр үнді домбырасын қолынан тастамай менің бала күнімде ауылдағы жаңа түскен талай-талай жас келіннің бетін ашып, той-думан мен небір отырыстың гүлі болатын. Тіпті сол өнерінің арқасында ең алғашқы қызметтерінің бірі – ауылдағы клуб меңгерушісі  болды. Ал екеуміздің ортамыздағы өзіме тете Айнажан әпкем де әнші. Талай-талай әнді бірге үйреніп, қатар шырқап, күндіз аттың үстінде қой жайып жүріп, түнде қой қораның шетінде қой күзетіп, жаздың қысқа таңын әнмен атыратын кезіміз де аз болмайтын. Бала кезімде аздап сурет салумен де әуестенгенім бар. Алайда есейе келе саз өнері мен осы сурет өнеріне деген сүйіспеншілік мені еш адастырмастан сөз өнеріне, яғни әдебиет әлеміне алып келгені ақиқат. Әкеміз бен шешеміз адал еңбектің адамдары болды. Совхоздың шаруасын істеп, қойын бақты. Бізді қатарымыздан қалдырмай оқытты. Отбасымызда алты ағайынды болып өстік.Үлкеніміз жаңағы айтқан әнді жақсы көретін марқұм ақын жанды ағатайым  – Хасейін. Одан кейін өзіме тете әнші апайым – Айнажан.  Мен – үшіншімін.  Өзімнен бес жас кіші   Советкүл деген қарындасым болған. Қырық жасында дүниеден озды. Құдайға шүкір ұл-қыздары бар. Одан кейінгі Серік, Берік  інілерім үйлі- баранды немерелі болып өсіп- өніп жатыр.

АЛАТАУ: – Есіміңізді кім қойған? Жалпы адам тағдыры есіміне байланысты деп жатады. Бұл тұста   не айтар  едіңіз?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ: – Адам тағдыры есіміне байланысты дегенді де жоққа шығара алмаймыз. Ол өзі көзге көрінбейтін, ақылмен болжап болуға болмайтын жаратушы  АЛЛАНЫҢ  ғана құзырына тән құлпысы ашылмаған құпияның ісі.

Біздің білетініміз адамзат баласының асыл тәжі болған, пайғамбарлардың сардары, екі ғаламның нұры, АЛЛА тағаланың достысы әрі елшісі, сүйген құлы  Мұхаммедтің: (с.ғ.с.) «Ең бірінші балаларыңа жақсы көркем ат қойыңдар! Екіншісі жақсы үлгілі де өнегелі тәрбие беріңдер!» деген өсиетін жақсы білеміз. Әрі көбіміз АЛЛА елшісінің осы өсиетін орындап, осы талаптың үдесінен шығуға тырысатынымыз да бекер емес. Сондай-ақ, елдің, жердің, таудың,  судың, атақты ата-қоныс өлкелерінің аттарымен де байланыстырып қоятын. Болмаса еліне елеулі, халқына қалаулы болған қайраткер тұлғалардың да аттарын сондай болсын деген ырыммен қоятын ырымшылдығымыз тағы бар. Сонымен қатар белгілі бір кезең,қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге де байланыстырып қоятын есімдердің де болатыны белгілі. Мәселен,  Колхозб ек, Совхозбек, Союзбек, Союзбай, Советбек, Кеңесбек деген секілді… Сөйтіп мен туған жылы да қоғамдағы құбылысқа байланысты коммуна құрылып жатқан тұста 1959-1960 жылдары туылған балалардың арасында аттары маған ұқсастар аз да болса кездеседі. Негізгі түбімен түбірі қазақша болмағанымен де осы бір бар халыққа ортақ интернационалдық терминді таза қазақшалап Камнұр деп атымды қойған жарықтық әжем екен. Әкелеріміздің айтуында әжеміз Мінәш Естекқызы  сұңғақ бойлы сұлу, келбетті, қараторының әдемісі болған қарулы да қайратты кісі болған екен. Әжем мені көрген. Атымды қойған. Ал мен әжемді көрмедім десем  де болады. Себебі әжем  менің екі жасқа толар- толмас шағымда дүниеден озған екен жарықтық.

АЛАТАУ: – Камнұр Тәлімұлы  бала  арман-мақсатына қол жеткізе алды ма?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ: – Әнші, әртіс болмасам да арманым алдаған жоқ. Себебі халыққа қызмет етуші сол әнші, актер, жазушы,  журналист, заңгер, дәрігер, инженер дейсіз бе барлық маман иелерін ең бірінші адам,  одан кейін маман етіп тәрбиелейтін ұстаздық қызметтің негізгі кәсіби мамандығым болғаны үшін де АЛЛАҒА шексіз ризамын. Ақын ретінде мамандығым туралы да тілге тиек еткен жыр жолдарым жетерлік екен. «Тағылым»  деп аталатын ұзағырақ өлеңімде сол бала кезден бергі әнші,ақын, сал-сері әрі жыршы, жырау болуды арман еткенімді айта келіп:

Қиялыммен кеудеме сиып далам,

Тұрғандай таулар басын иіп маған.

Шырқатқан  сан шәкіртті шың басына,

Бәрінен ұстаздығым биік маған – деп түйіндеппін. Осының өзі арман атты арғымағымның арынын жалпақ жұртқа жеткізген ақындық деп аталатын дарынымның бір ұшқыны шығар деп ойлаймын. Ал алдыма қойған мақсат ретінде өмір бойғы ұстанымыма келетін болсам:

Даралықты, даналықты дәріптеп,

Салт-дәстүрдің саф алтын алып кеп.

Жас ұрпақтың санасына сіңірсем,

Нәрлі ойымды әрлі сөзбен әдіптеп…

АЛАТАУ:  – Осы  жасыңызға дейін  көңіліңізге түйіп, тұтынған қағидаңыз не?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  – Бір сөзді болу. Уәдеге беріктік. АЛЛА Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің:(с.ғ.с.) «Сен айтылған сөзіңнің құлысың, айтылмаған сөзіңнің қожасының»  – деген өсиетін берік ұстанамын. Ал енді осыдан кейін ойыма түйген қағидам:

Уәде берген екенсің,

Орындау оны парызың.

Орындалмаған уәдең,

Мойныңдағы қарызың – дегенді жиі айтып осы ұстаныммен жүруге тырысамын.

АЛАТАУ:  – Сіз – ақын, сазгер, Қазақстан  Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, «Халық мұғалімі», Талғар ауданының «Құрметті азаматысыз». Айтыңызшы,  атақты болу  қаншалықты зиян  және пайдалы?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  – Адам баласы атақты болайын деп жұмыс істемейді ғой. Ал, абыройлы болу – бір басқа. Әйгілі әнші-сазгер, ақын Кенен Әзірбаев атамыздың «Басты өлең» деп аталатын әнінің қайырмасында:

«Балыққа саяз судан терең оңай,

Ақынға қара сөзден өлең оңай.

Халқыңа адал қызмет етпесеңіз,

Абырой- атақ шіркін келер ме оңай?»   – деген жолдары бар. Сол тұп-тура шындық. Халқыңа адал қызмет еткенің – мұратыңа жеткенің дер едім. Мен өз басым осы бір атақты болайын,танымал тұлға болайыншы деп қызмет еткен емеспін. Өлеңге, өнерге, еліңе, жұртыңа адал қызмет етсеңіз, атақ- абырой адамды өзі іздеп табатыны сөзсіз. Данышпан Абай атамыздың:»Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?»  – дегені де бар ғой. Бұл –ащы да болса ақиқат. Ондай арсыздықпен алқынып жүріп алған атақтан халқыңның қатарында жүріп иеленген сый-құрметің артық емес пе?

Өзімнің жиі қолданатын сөз тіркесім:

«Елің үшін еңбек етсең,

Халқың сені құрмет етер.

Халқыңа адал қызмет етсең,

Созған қолың көкке жетер» – деген ұстанымдамын. Өз басымды өзіңіз айтқандай соншалықты атақтымын деп айта алмаймын. Атағымның кереметтей бір пайдасын да, зиянын да көрген жоқпын. Мен үшін абырой мен атақтың асқар шыңы ел- жұртымның ықыласы мен халқымның қошемет- құрметі деп білемін.

АЛАТАУ:  – Жақсы  ақын болу маңызды ма әлде  жақсы адам болу ма? 

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  – Ақын болу шарт емес, азамат болу міндетің. Ақын бол, әкім бол, халқыңа рухыңмен жақын бол дер едім. Небір ақындар бар, жазғандары керемет. Оқығанда ойыңнан шығып, көңіліңді көтереді. Ал енді ұлттық мүддеге нақты қызмет етуге келгенде сөзі мен ісінің алшақтығына қарап қарныңыз  ашады. «Ұлтқа қызмет ету –білімнен емес,мінезден»  – деп, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз айтқандай, сөзі сүйкімді болғанымен мінезі жетіспейді. Мінез жетіспеген соң ісі келіспейді.

Адам деген ардақты ат.

Адам атыңды ардақтат!

Тереңнен ойлап,толғанып,

Сөзіңді сөйле салмақтап – деген тіркестерімді өз басым тіліме жиі тиек етемін.

Ал енді әлгінде жақсы ақын деп айтып қалдыңыз ғой. Меніңше «жақсы ақын», «жаман ақын» деп бөліп қараған дұрыс емес. Жаңағы айтқанымдай, біріншіден, ақынның айтқан сөзі мен атқарған ісінің бірлігі керек. Екіншіден, сөздің жүйесі мен өлеңнің киесін терең ұғынып түсіну қажет.

«Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта»  – деп Мұқағали ағамыз айтпақшы,  өлең деген еріккеннің ермегінен емес, өмірдің ащы кермегінен тууы керек.

Абай данаша айтсақ:

«Өлең-сөздің патшасы,сөз сарасы.

Қиыннан қиыстырар  ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бейшарасы…»  –демей ме?

Бұдан артық қалай айтуға болады? Ал енді өлеңдегі өзімнің пір тұтатын ұстазым, қазақтың Қажытайы атанып кеткен ақын,сазгер, сатирик, атбегі әрі этнограф Қажытай Ілиясұлы:

«Өлеңді қорламаймын өлерменше,

Ұстанар жолым осы өле-өлгенше.

Қолжаулық болмас еді-ау, көрінгенге,

Өзіне талап қойса, өлең менше!»  деген екен.

Ендеше ақынға құры жәй өлеңші болмай қиыннан қиыстырып сөз табатын өнерпаз болған жарасады…

АЛАТАУ:  – Қара өлеңнің қара нарына айналған  Камнұр Тәлімұлы қазір  не жазып жүр?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  –  Сіз айтқандай мен өзімді «қара өлеңнің қара нарымын»  деп айта алмаймын. Айтуға аузым да бармайды. Бәзбіреулер үшін ғана солай көрініп, солай елестеуі мүмкін. Мен үшін қара өлеңнің қара нарлары, Мұқағали, Төлеген, Мұқатай, Еркін,Тұманбай,  Жұматай, Қадыр, Қажытай ағаларым дер едім.  Ал енді не жазып жүрсіз дегеніңізге келетін болсақ осы мерейлі жасымның тойланары қарсаңында «Қазына» атты танымдық кітабымды баспадан шығарып жатырмын. Көлемі жиырма үш жарым баспа табақ, төрт бөлімнен тұратын  ұлттық рухымызды көтеріп, тарихи танымымызды тереңдетіп,тамырымыға қан жүгіртсек деген мақсаттан туған еңбек. Онда сөз болған негізгі мәселе дәстүр  мен дініміздің сабақтастығы, тіліміздің байлығына шолу жасап, жігерімізді жанып, намысымызды қайрау.

АЛАТАУ:  – Отбасындағы  әкенің рөлі туралы не айтар едіңіз. Өзіңізді  қандай әкемін деп есептейсіз?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ: – Отбасындағы әкенің рөлі деген мәселеге келетін болсақ жасыратыны жоқ  бүгінгі қоғамда әке тәрбиесі ықпалының әлсіреп бара жатқанын мойындауымыз керек. Бұл жағдайдың қоғамымыздағы ер мен әйелдің ажырасып, балалардың әке қамқорлығынан тыс қалып, ана тәрбиесінде ғана болуы. Ал ажырамаған күннің өзінде менің мақсатым ақша тауып отбасымды асырау деп қана түсінетін кейбір әкелердің бала тәрбиесін тек аналардың мойнына жүктеп қоюы секілді толып жатқан факторлардың да бар екенін жасыра алмаймыз. Алайда осындай кері кетіп бара жатқан кемшілігіміздің негізгі себептерін дер кезінде аңғарып бұл күнде он алты облысымызда филиалдары құрылып, 120 000 -нан астам мүшесі бар «Сенімен болашақ»  деп аталатын қоғамдық бірлестіктің бүкіл қоғамымызға қозғау тудырып жатқанының куәсіміз. Бұл қуанышты бастаманы өзінің жүрек қалауымен қыруар қаржысын жұмсап, бірлестіктің бастамашысы болып басшылық жасап жүрген  үлкен жүректі азамат кәсіпкер Асанов Нұркен Жарылқапұлы бауырымызға айтар алғысымыз шексіз. Мен де сол қоғамның белсенді мүшесі ретінде Алматы қаласы мен облысымыздың бірнеше оқу орындары мен мемлекеттік мекемелердегі ата-аналарға «Отбасындағы әке тәрбиесінің рөлі»  деген тақырыпта дәріс оқып, кездесулерге барып жүрген жайымыз бар.

«Әкең келе жатыр» десе бір бала селт етеді, бір бала селк етеді. Өз кезегі келгенді сесті әкеден есті бала есейіп ер жетеді. «Әкеде сес болмаса, балада ес болмайды» деген тәмсілді де байырғы бабаларымыз босқа айтпаса керек. Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектептің бере алмайтыны да бесенеден белгілі жәйт. Әкесі бар бала мақтаншақ, әкесіз бала жасқаншақ дегенді де дана халқымыз өмірдің өзінен алып айтқан ғой. Өкінішке қарай бүгінгі кейбір әкелері бар балалардың әкелерінің өзі иіс алмас ынжық, әйеліне сөзін өткізе алмай соның ғана ығына жығылып, ол аз болса адуын мінезді әйелдердің өз ерлеріне бойсұнбай ұлы мен қыздарының көзінше ерлерін жебедей жерге тығып жататынын да көріп жүрміз. Анығында айтарымыз отбасындағы әрбір ана өзінің ұл-қыздарын әкесінің сесімен тәрбиелеуі керек.Отағасын отбасында ең алдымен анасы өзі сыйлап, өзі құрметтеп балаларына соны үлгі- өнеге етіп отырса  әке тәрбиесінің  әсері де мол болып, беделінің биіктейтіндігінде сөз жоқ.

«Қатты тәртіп көрсе бала бүгінде,

Өнерімен қуантады түбінде»  немесе,

«Ертең өзің қалмау үшін табаға,

Жақсы өнеге көрсете біл балаға»  деген Жүсіп Баласағұн бабамыздың осы өсиеттерін берік ұстанып, осы бағытта тәрбиелесек,  ұлдарымыздың ұлықты, қыздарымыздың  қылықты болып өсуіне еш шүбәсіз болмасын!

АЛАТАУ:  – Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры ретінде  талай жылдан бері  қазақ тілінің көсегесін көгертуге бар пәрменіңізбен  атсалысып келесіз.  Осы орайда  өзіңіз басшылық жасап отырған орталықтың тынысы туралы  айтып кетсеңіз?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  – Дұрыс айтасыз, осы орталықты  2007 жылы ашылған күнінен бастап табаны күректей 17 жыл  басқарыппын. Көңіліңді көншітетін бір жері өзіңнің әдебіңді, қалпыңды, дәстүр-ғұрып салтыңды, қазақ деген халқыңды сүйесің. Тіліңнің шексіз байлығына басыңды иесің. Оған қалтқысыз қызмет етесің. Бұдан асқан бақыт бар ма?

Ал енді көңіліңді көншітпейтін бір жері, өзге ұлт өкілдеріне, өз тілін білмейтін өзіміздің түрі  ғана қазақ, тілі орыс болып кеткен адамдарға тіл үйретуге келгенде тасбақадай тырбаңдап не жүрісің өнбейді, не ісің мандып жұмысың жүрмейді. Себебі мемлекеттік тілге деген мемлекет тарапынан сұраныстың жоқтығынан қатал талап пен қажеттілік туындатып отырған жоқ. Аса зәрулік пен қажеттілік туындатпаған соң «сол баяғы, баяғы, Байғожаның таяғы»  болып, тіл үйренушілердің сапасының артып, санының көбейіп жатқандары да шамалы. Тіл туралы заңымызды өзгертпей осы  көрген күніміз. Құры әншейін көңіл ғана жұбатып, өзімізді алдарқатамыз. Ең бірінші Тіл туралы заңымыздың 7-ші бабындағы 2-ші тармағы алып тасталынуы керек. «Қазақстанда  мемлекеттік тіл қазақ тілі. Орыс тілі ұлт аралық қатынас тілі. Ол мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады»  деген кешегі кеңес заманынан келе жатқан солақай саясаттың сойылын соғып, өз тілімізді өзіміз өзектен теуіп, заңдық тұрғыда бас көтере алмастай соққы беріп жатқанымызды жоғары биліктегілер түсінетін кез жетті. Мемлекеттік тілді білмейтін, білсе де сөйлегісі келмейтін қаншама мекеме басшылары мен әкім, министр, министрдің орынбасарлары мен депутаттар секілді биік  мансап иелерін ойландыру үшін мемлекеттік тілді білмейтін бір де бір адам мемлекеттік қызметке алынбайды деген талап қойылуы керек. Бұндай талап көршілес Қырғыз мемлекетінде заң жүзінде бекітіліп, іске асырылып та кетті. Бізде де заңға өзгерістер енгізіп  дәл осындай талап қойылған кезде қазақ тілінің көсегесі көгеріп, тасының тек өрге домалайтынына ешкімнің шүбәсіз болмауы керек. Бір болар болмас қана  қаржыға, толар-толмас іс-шаралар өткізіп, өзге ұлттың өкілдерін қазақша бір екі-үш ауыз сөлетіп бейне таспалар түсіріп, арзымайтын жұмыспен арзан атақ жинауды доғару керек. Мұндай талаппен, дәл осындай қарқынмен тіліміздің көсегесі көгереді деу құры бос қиял әрі өз тілімізге өзіміз жасап отырған қиянат.

АЛАТАУ:  – Қазақ тілінің болашағы  туралы не дейсіз. Жалпы қазіргі қоғамда сізді не толғандырады?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  – Қазақ тілінің болашағына деген үмітім зор, сенімім мол. Күн өткен сайын ұлттық рухымыз оянып, бастан өткен кемшіліктерімізді жою мақсатында, егеменді еліміздің ертеңгі болашағының жарқын болуы үшін барлық маңызды мәселелердің тетігін мемлекет болып қолға алсақ, сонда ғана әлем мойындаған әл-қуаты зор тәуелсіз ел боламыз. Тереземіз өзгелермен тең боламыз. Оған біздің ақыл-ойымыз бен парасатымыз, жер байлығы мен кен байлығымыз да, жаратушы АЛЛА тарапынан берілген тіл байлығымыз да жетерлік . Әлеуетті экономиканың да, ғылым мен техниканың да, әрі ұлт аралық қатынастардың да тілі болуға біздің қасиетті қазақ тілінің қабілеті мен қарымы толық  жетеді.

АЛАТАУ: – Сократ: «Өзіңді таны»  деді. Алпыс жасқа толған ағамыз өзін  тани алды ма.  Сіздіңше  өзіңді тануды неден бастау керек?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ: – Адамның өзін-өзі тануы – үлкен бақыт. Егер де ол дәл солай болса. Қайдан келдім? Не үшін келдім? Және қайда барамын? Міне, бүкіл өміріміздің ұзын ырғасы мен  мән мағынасы осы үш-ақ сұрақтың төңірегінде топтасқан екен. Құдайбердінің ұлы  Шәкәрім қажының сөзімен айтсақ:

«Мақтап жүрген өмірің осы болса,

Үш-ақ шумақ өлеңмен болды тәмәм.» Ол аз десеңіз

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда»  дейді данышпан Абай.

Тағыда осы туралы:

«Атымды адам қойған соң,

Қайтып надан болайын»  дегенді айтқан Абай данамыз:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол АЛЛАНЫ жаннан тәтті»  – деген жоқ па?

Ендеше АЛЛАНЫ  таны, АЛЛАНЫ сүй!

АЛЛАНЫҢ өзі махаббатпен жаратқан адамды сүй!

Сол АЛЛАНЫҢ алдына басыңды и!

Адамдықтың бір жолы тойымсыз ғып,

АЛЛАНЫҢ өзі берген нәпсіңді тый! Сонда ғана өзін-өзі таныған құл боласың.

АЛАТАУ:  – Өміріңізде тапқаныңыз көп пе, жоғалтқаныңыз көп пе?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ: –  «Пай, пай өмір өтесің-ау, бір күні! Тыясың-ау, қуанышты күлкіні. Өмір деген бір жарқ еткен найзағай, Өмір деген көк аспанның күркірі»,  – демей ме жыр майталманы Мұқағали ағамыз. Ендеше, сол бір қуаныш пен бір қайғысын алма кезек ұсынып, көк аспандай күркіреген өмірде тапқанымыз да көп, жоғалтқанымыз да аз емес шығар деп ойлаймын.

АЛАТАУ:  –  Әр адам алпыс жасты  әртүрлі бағамдап жатады. Ал сіз   алпыстың   бағасы  неде деп айтар едіңіз?

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ:  – Сұхбатымыздың басын сөз зергері Шерағамыздың «Алпыс –талтүс» деген афоризімінен бастап едік қой. Алпыс деген ақылыңның толысып, адалдыққа болысып, адамдардың не ойлайтынын ақылыңмен тап басатын, тек АЛЛАНЫҢ разылығы үшін ақиқатқа ғана жақтасатын ақсақалды атаның жасы.

«Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,

Әлде кімнің тағдыры бұйырмасын»  –деп жырлап, қырық бес жасында қыршын кеткен   Мұқағали ақынымыз:

«Алпысқа келдіңіздер,

Бәрін де көрдіңіздер.

Бәріне сендіңіздер,

Бәрін де бердіңіздер.

Алпысқа келсек екен енді біздер…  – деп армандаған жасы ғой бұл алпыс.

Сол Мұқағалидың ақындық қуатының аяқ алысына алғашқылардың бірі болып қуанып, ағынан жарыла ақ батасын берген Әбділда атамыз:

«Мен бүгін әппақ шашы бар,

Әбділда деген атамын.

Күн сайын саған Отаным,

Ақ тілеу тілеп жатамын»  –деп жырласа, қазақтың қайсар мінезді қабырғалы ақыны Қалижан Бекқожин атамыз да алпысқа келген шағында «Алты асқар»  атты жинағын шығарып:

«Алты асқар, қалды қиын асулар.

Әр асуда дүркіреген жасым бар.

Арман бар ма, жетінші ақ шоқыда,

Жырламасам қайтып көңілім басылар»  – деп толғанғаны есімде.

Бұл алпыс үшті Пайғамбар жасы деп те жатады біреулер. Ал кейбіреуі қырық жас дейді. Анығын ажыратып айтатын болсақ АЛЛА елшісіне Пайғамбарлық келген жас қырық жас. Жиырма үш жыл өзінің Пайғамбарлық борышын абыроймен атқарып, өмірден озған жасы алпыс үш жас. Біз өзімізді Пайғамбарға балап отырған жоқпыз. Бірақ ежелден бергі халық ұғымында  осындай жас мөлшерін салыстыру дәстүрі бойынша ғана еске алсақ, АЛЛА елшісінің АЛЛА аманатын мойнына алған жасына емес, аманатын аяқтап,ана дүниеге озған жасына келіппіз. Бұл әрине өте терең түрде ойланатын жас.

АЛАТАУ:  – Әңгімеңізге  рақмет!

 

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ