6500-дей жас жұмысқа орналастырылды
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда Жетісу өңіріндегі жұмыспен қамту органдарына (1 қазандағы мәлімет бойынша) 12 440 жас жүгінсе, оның 6577-сі жұмысқа орналастырылған. Бұл қатарда 3931 жас тұрақты жұмысқа тұрды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қоғамдық жұмыстарға жастар арасынан 1544 адам, әлеуметтік жұмыстарға – 117 адам, жастар практикасына – 629 түлек, алғашқы жұмыс орнына – 331 адам, ұрпақтар келісімшартына – 25, қысқа мерзімді кәсіби оқытуға 242 тартылды. Электронды еңбек биржасында онлайн оқудан өткендер – 640, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1735 адам жолданды, грант алғандар – 82, шағын несие алғандар – 268 адам.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың сөзінше, қазіргі кезде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 651 адам, оның ішінде жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді оқытуға 628 адам және жұмыс берушілердегі бар жұмыс орнындарына 23 адам жіберілген. Бұл ретте әзірге белгіленген жоспардың орындалуы – 81,3 пайыз. Қысқа мерзімді оқуды 464 адам аяқтап, олардың 435-і тұрақты жұмысқа тұрған.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы шеңберінде қысқа мерзімді оқыту бойынша биыл 800 адамды оқыту жоспарланса, оған 283,6 млн.теңге бөлінген. Ол үшін өңірлік комиссия бүгінгі күні оқу орындары мен орталықтардың тізімін жасап, бекітіпті. Бұл тізімге облыстағы 9 колледж бен 22 оқу орталығы енген.
Облыстың мансап орталықтарының мәліметтеріне қарағанда, техникалық мамандықтарға, сұлулық саласындағы мамандарға деген қажеттілік көп екені байқалады. Атап айтқанда, дәнекерлеуші, автомобиль жөндеуші слесарь, технологиялық қондырғыларды жөндеуші слесарь, электрондық-есептеу машиналарының операторы, ветеринариялық санитар, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, аспаз, электргаз дәнекерлеуші, электромонтер (барлық атауы), кондитер, пішуші, бухгалтер, жиһаз жинақтаушы, маникюр шебері, тігін ісінің шебері және т. б. мамандықтар бойынша оқытылады.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»