Қарлы боранда жолға шықпаңыз

0
210

Желтоқсан айынан бастап құбылған ауа райына қарап: «биыл көктем ерте шығады» деген жорамал жасағандар жаңылған сияқты. Себебі күн күрт жылынып, адамдар қыстық тондарын шешіп, жеңіл-желпі киінген-ді. «Түлен түртсе табиғат, төбеңнен оттай шатырлар» демекші, осқырынған асаудай буырқанған кәрі қыс қаһарына қайта мінді.

Оңтүстік өңірлерде ауа райы жылымық болғанымен Солтүстік, Арқа аймағында боранмен қабаттасқан қалың қардан көлік қозғалысы тоқтатылды. Қағылған дабылға төтенше жағдайлар департаментінің ескертуін елемей жолға шығып кеткен Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстарында қалың қардан бұрқаған боранда адасқандар абырой болғанда аман есен табылды. Сондықтан күннің көзі сәл жылынса, ауа райын болжамай, төтеншеліктер ескерткен ескертулерді көлік жүргізушілері және алыс сапарға шығатын адамдар елеусіз қалдырмаған жөн.
Жетісу аймағының өзінде өткен жылдың соңы желтоқсан айының алғашқы он күндігінде ауа райының қолайсыздығы туындап, боранды болуына байланысты «Үшарал-Достық» автожолында Достық бекеті жағынан 8-ге жуық жүк және 5 жеңіл автокөлік, Ақши ауылы жағынан 2 жүк және 2 жеңіл автокөліктері тұрып қалған болатын. Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде Жетісу облысы ТЖД құтқарушылары қар құрсауында қалған автокөліктерді жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарып, көлікте толғатып отырған 1989 жылы туған жүкті әйелді Үшарал қаласының перзентханасына жеткізген-ді. Эвакуация кезінде қар құрсауынан 43 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылған. Жыл басы қаңтар бастала салысымен Жетісу облысында 48 адам эвакуацияланған. Бұл төртінші қаңтарда болған төтенше жағдай. «Үшарал-Достық» Республикалық маңызы бар автожолының «Теректі» учаскесінде ауа-райының құбылуына байланысты қар құрсауында автокөліктердің тұрып қалғаны туралы хабар түсіп, азаматтарды эвакуациялау үшін шақырту орнына Достық станциясының 10-ӨСБ жеке құрамы жоғары техникасымен жіберілген. Оқиға орнына шақырту түсе салысымен дер кезінде жеткен төтеншеліктер 48 жүк көлігі қар құрсауында қалып қойғанын анықтап, қабылданған шаралар нәтижесінде Беларусь Республикасы азаматтарының 40 жүк көлігінің жүргізушілері және Қазақстан Республикасы азаматтарының 8 жүк көлігінің жүргізушілерін қалың қардан, бұрқасынды бораннан құтқарып қалған. Төтенше жағдай департаменті көлік жүргізушілеріне алыс жолға шығарда «ҚазАвтоЖол» ресми сайтында автожолдардың жабылуы туралы ақпаратты анықтауға кеңес береді. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ АОФ және ЖШС «Алматы ОФ» хабарлауынша: 7 қаңтар сағат 22:40-тан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» (84-184 км.) автожолы көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылғанын хабарлады. ТЖД азаматтардан осы бағытта жол жүруден бас тартуды және өз бағытын алдын ала түзетуді, сондай-ақ 112 қызметі беретін СМС хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды, дауыл туралы ескертулер мен өзге де шұғыл ақпарат алу үшін «Сіз «Дәрмен» тегін мобильді қосымшасын жүктей аласыз» — деп, хабарлама жіберді. Алайда, көлік жүргізушілер ақпаратқа зер салмай тәуекелге бел байлап жолға шығып кетіп жатады дейді. Автожолдар жабылуы туралы ақпаратты көзі шалғандар, әрі жолға шығушылар ауа райы туралы толық мағлұмат алғандары өздеріне абзал екенін төтенше жағдай қызметкерлері айтуда. Мәселен, 7 қаңтарда, Жетісу облысы ТЖД-да «Үшарал-Достық» Республикалық маңызы бар автожолының «Ырғайты» учаскесінде қар құрсауында автокөліктерді құтқаруға тура келіп, 15 жүк көлігі қар құрсауынан құтқарылса, Достық станциясына қар тұтқындауынан 7 жүргізушісімен жүк көлігі эвакуацияланған. Медициналық көмекті қажет етпеген 9 жүргізуші эвакуациядан бас тартқан. Себебі олардың апталық ЖЖМ және азық-түлік қорлары болған.
Желтоқсан, қаңтар айларынан бері Жетісу облысының «Үшарал-Достық» автожолындағы қысқы кезең көңіл алаңдатуда. Бұл өңірде Ебінің желі ұйтқыса, ауыр жүк көліктерінің өзін төңкеріп тастайтын кезеңдер болған. Сондықтан қысы қатты, өте суық, ұзақ аяз, қатты желдің екпіні, қарлы боран мен көшкіндермен ұласып тұрады. «Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша облыстың бірқатар ауданында желдің екпіні 25-30 м/с-тан асатынын алдын ала айтқан-ды. Қысқы кезеңнің басынан бастап қарлы боран мен қатты желдің екпініне байланысты Алакөл ауданында 15 мәрте дауылды ескерту жарияланып, «Үшарал-Достық» республикалық маңызы бар автожолының 9 мәрте жабылуы болды. Бұл аталған учаскеде тұрақты құбылыс болуда. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің негізгі міндеттерінің бірі – халықты төтенше жағдайлардан қорғау және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, яғни, қиын жағдайда жазатайым оқиғаларға жол бермеу болып табылады. Осылайша, құтқарушылар қарлы боранда қалып қалған азаматтарды құтқару үшін үнемі рейдке шығуда. Мәселен, 2023-2024 жылдардағы қысқы кезеңнің басынан бастап «Үшарал-Достық» автожолында 146 адам құтқарылды, оның ішінде 13 бала, 45 шетел азаматы, 17 адам төтенше жағдайлар аймағынан эвакуацияланып, қар құрсауынан 33 техника шығарылған. Төтенше жағдай қызметі тұрғындарға көлік қызметтерін көрсететін компаниялардың басшыларына, тікелей жүргізушілерге дауыл туралы ескертулер мен қозғалыстың жабылуы, шектелуі туралы хабарламаларды елемеуге болмайтындығын айтуда. Мобильді құрылғыларыңызға «Дәрмен» қосымшасын орнатуды, онда дауылды алдын ала ескертулер, автожолдардың жабылуы мен ашылуы туралы ақпарат және сіздің қозғалысыңызды ғана емес, басқа да өмірлік жағдайларды жоспарлауға көмектесетін, пайдалы ақпарат орналастырылған. Сондай-ақ, «Дәрмен» қосымшасында ақпаратты хабарламалар уақытылы келіп түстетінін, келген хабарламаға жіті зер салуды ескертеді. Сонымен қатар, қар көшкіні кезіндегі мінез-құлық ережелерін еске сақтауға, мән беруге шақырады.
– көлікте алыс жолға шыққан кезде сізге жылы заттар, азық-түлік, алғашқы көмек қобдишасы, сүйрету кабелі, күрек, балауыз шамдары, ұялы телефон зарядтағышы, жанар-жағармай қоры және қиын жағдайда сізге пайдалы болуы мүмкін барлық нәрселеріңіз болуы керек;
– қар үйінділерін еңсеруге тырыспау керек, егер мүмкін болса, тоқтап, ең жақын елді мекенге оралып, жолдың тазалануын күту керек;
– егер сіз әлі де елді мекеннен тыс жерлерде, қолайсыз ауа райында қар көшкінінің тұтқыны болсаңыз, көліктен кетуге тырыспаңыз, көліктің қозғалтқышын радиатор жағынан жабыңыз, 112 нөміріне қоңырау шалыңыз;
– көліктен мезгіл-мезгіл шығып, оның астына көмілмеу үшін қарды тырмалау қажет;
– қармен жабылмаған көлік, іздеу тобы үшін жақсы нұсқаулық болып табылады;
– автокөліктің қозғалтқышы «қатып қалмас үшін» оны мезгіл-мезгіл жылытып отыру керек, автомобильді жылыту кезінде пайдаланылған шығу газын кабина ішіне (шанаққа, салонға) кіріп кетуіне жол бермеу керек, осы мақсатта пайдаланылған құбырдың қарға толып кетпеуін және жел бағытында орналасуын қамтамасыз ету маңызды;
– егер жолда бірнеше адам (бірнеше көлікте) бірге болса, барлығын біріктіріп, бір көлікті баспана ретінде пайдаланған жөн және құтқару бөлімшесін күту керектігін назарға салады.

А.БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ