ПОЭЗИЯ — ӘЙЕЛГЕ ҰҚСАЙДЫ…

0
435

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ, ақын: – Өмірде әйелдерге әр түрлі теңеулер айтылады. Оларды айға, күнге, мың құлпырған гүлге балап жатамыз. Бәлкім ол да дұрыс болар. Алайда мен керісінше барлық сұлулықты әйел затына теңер едім. Мысалы: иілген бір самсап тұрған жеміс ағашын көргенде неге «менің анам сияқты екен» демейміз. Сол секілді көргенде көңіліңді көтеретін жайнаған гүлге қарап неге «менің жарыма ұқсайды екен» демеске.
Болмаса өзі ұшып шыққан ұясына шөпті бір талдап тасып жүрген ақ тамақ қарлығаштарды көргенде «менің апке-қарындастарымнан аумайды екен» демейміз. Қыздарымызды неге ақ сұңқар құстың балапанына теңемейміз. Жеңге мен келіндерді бейбітшіліктің ерке құсы – ақ кептерлерге неге баламасқа? Сол сияқты аққуды не үшін ғашығымызға телімейміз – деген көптеген сұрақ алдымнан шыға бергендіктен мен асыл поэзияны аяулы жандарға теңедім. Өйткені оның әлемінде жоғарыда айтылған күллі сұлулықтармен қатар қуаныш пен қайғы, өкініш пен үміт, мейірім мен махаббат, достық пен қастық, сатқындық пен сенім іспетті өмірдің (тағы да басқа) мұғжизалы сәттері дәл осы құдіретті поэзиядан табылары хақ.
Әлгі «жер бетіндегі ең алғашқы ақынның тұңғыш өлеңі әйелге арналса, ең соңғы шайырдың жыры да нәзік жандыға бағышталатынына еш күмән жоқ» деген тәмсіл бекер болмаса керек.
Көктемнің ең көркем мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңындағы осындай орайы келген ойдың бір ғана көрінісі мына өлеңімнен табылып, қиялыммен ұштасқандай болып отыр…
КАМЕЛИЯ
Ақ қардың арасында тауда көшкен,
Тап-таза шаң-тозаңнан аулақ өскен.
«Камелия» дейтұғын гүлді көріп,
Бір сәтке айырылып қалғам естен.

Көп гүлдер көркіне оның тең келмеген,
Керімсал неткен сұлу мен көрмеген?!
Сағағы самал желмен ырғалғанда,
Менің де жүрегімде тербелді өлең.

Арудай алатұғын күліп қарсы,
(Кейпіңнен кербезденген сыр ұқсамшы)
Көзіндей жәудір қыздың мөлдіреген,
Жапырақ жанарыңда тұнық тамшы.

О, Камелия!
Жаралған ерек мөлдір,
Сезіміңмен жанымды қоректендір!
Жетер ме екен өзіңе, бекер ме әлде,
Саған дейін сан түрлі мен өпкен гүл?!


ПІКІР ЖАЗУ