ӘЛЕМІ ӘДЕМІ – ШЫНАРГҮЛ
ОНЫҢ жаны шығармашылықты, фото-өнерді, адамдарға қуаныш сыйлауды сүйеді. Өз ісін жақсы білетін жанның «контент» деп ұйқыға кетіп, «контент» деп оянатын сәттері көп. Өзін қатты жақсы көреді, тыңдай біледі. Жұмыс істеуді қалап тұрса істейді. Билегісі келсе, ән айтқысы келсе қай жерде жүрсе де сол қалауын орындамай тынбайды. Бұл ісін өзі «еркіндік» деп атайды. Айтар сөзі – мығым, ойлары – терең жанның әлемі әдемілікпен ұштасып жатыр. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында осы бір әдемі әлемнің иесімен сырласып қайтқан едік.
«Кешегі күніме, бүгінгі өміріме дән разымын. Ал ертеңім бұдан әрмен жақсы болатынына сенемін», – дейді ол. Оның туған жері Монғолияның Қобда тауының бөктері. Үш жасында ата-анасы балаларының болашағы үшін алаңдап қазақ тілінде білім алсын, қазақи тәлім-тәрбиемен сусындасын деген ниетпен Қазақстанға қоныс аударады. Осылайша Павлодар облысы Шарбақты ауданының Арбиген атты ауылына көшіп келеді. Бұл жерде жеті жылдай тұрып, 2006 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш елді мекеніне ат басын тірейді. Сөйтіп, кейіпкеріміздің жаңа жердегі жаңа өмірі бастау алады. Ата-жұртқа көшіп келгенде оны түсінбей шектейтін қатарластары көп болыпты. Алайда ол мұның бәріне төтеп бере жүріп, өзін табуға жарқын жол аша білді.
Мектептегі кезеңнен ой өрбіткен ол: «9 сыныпқа жаңадан келген кезім, қазақ тілі мен әдебиет сабағында отырмыз. Апай үйге шығарма жазып келіңдер деп тапсырма берді. Бірақ мұғалімнің берген тапсырмасын ешкім орындамаған. Апай ашуланып, бәрімізге ұрсып, келесі сабаққа шығарма, әрі «22 қыркүйек – Тілдер күні» мерекесіне орай тілге қатысты өлең жазыңдар деді. Кімдікі жақсы болса, соны мектепішілік линейкаға шығарып, оқытамын деп тапсырды. Бұл мен үшін аса қиын болмады. Себебі кішкентайымнан өлең жазып, шығармашылыққа жақын болып өстім. Келесі күні мұғалім берген тапсырманы, яғни, өлеңді де, шығарманы да жазып келдім. Азиза апайым жер-көкке сыйдырмай мақтады. Ұстазымның осы бір сөзі менің ары қарай шығармашылығымды дамытуға үлкен демеу болды», – дейді.
Журналистикаға қалай келді?
Мектеп кезінде түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген шақта айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбековпен танысады. Жас дарынның бойындағы қабілет-қарымды байқаған ақын аға оны журналистиканың қыр-сырына баули бастайды. Мақала жазу, деталь ұстау, факт табу, газеттің шығу процесі сияқты журналистиканың қыр-сырымен таныстырып, тәрбиелейді. Базар жағалаған халықтың жағдайын қағазға түсіртіп, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанықтырады. Міне, осылай, қарымды журналист болуға деген тәлім-тәрбие, бойында бұғып жатқан қабілетін ашып, журналист болуға деген құлшынысын арттырады. Алып ұшқан арманмен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Қара шаңырақта шығармашылығын шыңдай түскен кейіпкеріміздің фотоөнерге деген махабатты да оянады.
Фотоөнерге құштарлық
«Журналистика факультетінің 1 курс студентімін. Әр нәрсені көңілге тез қондырып, «гранттан айырыласың» деген қорқыныш бойымызда тұратын сергектеу шағымыз ғой. Осы бір күнде тележурналистика сабағынан беретін Жидегүл Әбдіжәділқызы «Қас-қағым сәтті және эмоцияларды суретке түсіріңдер» деп тапсырма берді. Неге мұндай тапсырма бергенін білмеймін. Апайымыз өте қатал болатын. Сондықтан артық дүниені сұрамай, айтқанын екі етпей орындауға көштік. Қолымда Маржанның сандық фотоаппараты. Мен ҚазҰУ ғимараты орналасқан Тимирязев көшесін бойлай жүріп қызық-қызық кадрларды түсіріп алдым. Түсірген суреттерім өзіме ұнады. Осылайша бойымдағы бұл қабілетімді одан әрі фотожурналистика сабағында шыңдай түстім. Фотожурналист Асылхан Әбдірайым ағайдың үйреткенін де бас шұлғи отырып тыңдап, аракідік түсінбей қалған кездерім болғанымен де фотоға деген құмарлығым арта түсті. Ағайдың сан мәрте айтатын «диафрагма», «выдержка» дегені миыма толық кірді деп айтпай-ақ қояйын. Сөйтіп, жүріп журналистика мамандығы бойныша диплом алдым.
2014 жылы қайным фотосалон ашамын деп мемлекеттік грант ұтып алды. Қайнымның жобасына одан бұрын мен қатты қуандым. Енді бір керемет фотоаппарат алатын болдық қой дедім де журфактағы Асылхан ағайыма хабарластым. Ол маған «Nicon 5300d» ал деді. Осылай әлгі фотоаппартты алдым. Осы бір фотоаппарат менің жеке студия ашуыма сеп болды. Міне, он жылдан астам уақыт бұл фотоаппаратпен нені, кімді түсірмедім десеңізші… Менің қолөнер бұйымдарым, блогымдағы әрбір сапалы суреттерім осы фотоаппаратпен түсірілді.
Ертең не күтіп тұрғанын білмеймін. Бірақ ұстанымым – бақытты сәттен ешқашан бас тартпау керек» – деген кейіпкеріміз сүйікті ісіңді табу жолында әрдайым әрекет ету керектігін де тілге тиек етті.
«Оңашбай» студиясы шақырады…
Әдемі кадр, ессіз эмоцияларды қағып алуды әдетке айналдырған кейіпкеріміз өзінің жұмысы адамға жақсы эмоция, бақытты сәт, әдемі естелік және ең бастысы психологиялық терапия сыйлайтынын айтады.
Бүгінде Талдықорған қаласындағы «Көктем гранд» қонақ үйінен фото-студиясын ашқан әлемі әдемі келіншек өзінің командасын жинап, даму үстінде. Мұнымен қатар фото, видео түсіру, инстаграм жүргізуден шеберлік сабақтары мен курстар өткізуді де қолға алған. «Менің парақшам – кәсіпті дамыту үшін, идея табуға зор септігін тигізетін дайын энциклопедия» дейді ол.
Сүйікті ісімен адамдарға қуаныш сыйлай білген Шынаргүл ханымға шығар шыңыңыз, басар тауыңыз биік бола берсін дейміз. Сізді шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Зарина БЫЖЫБЕК