АЛИМЕНТ БОЙЫНША ҚАРЫЗ 7 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

0
240

Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі күн кестесінен түспейтін тақырыпқа айналғалы қашан. «Балаң бауыр етің» десе, сол балаларынан «қағынан жеріген құландай» безініп жүрген әке мен ананы көргенде, адам баласы да осыншалықты тасбүйрек болады екен-ау дейсің.

Тіпті, сол ата-ананы адам деп айтуға аузың бармайды. Балаларын бозторғайдай шырылдатып әкелік, аналық парызын өтеуден қашып жүргендерді кім деп айтуға болады? Бас Прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ақпаратқа көз сүзсеңіз, алимент төлеуден жалтарған 6 мың борышкер жауапқа тартылыпты. Қашқын әкелерден балаларына тиесілі қаржыны алу үшін тек қана құзырлы орган ғана емес, полиция, әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдардың бірлесіп жұмылғанын байқайсыз. Екі жыл ішінде прокуратурамен 236 мәжіліс, алқа және үйлестіру кеңестері өткізіліп, алимент төлемеудің негізгі себебі: борышкерлердің жұмысқа орналаспауы, тұрақты табыстың болмауы сарапқа салыныпты. Бұл жағдайды шешу үшін кәсіпкерлерді тарта отырып 200-ге жуық бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жұмыспен қамту органдарында 20 мың жұмыссыз борышкер есепке алынса, оның 9,5 мыңы жұмысқа орналастырылып, 500-ден астамына түрлі ынталандыру шаралары өткізілген. Қырда жүрген құландай қашып-пысып жүрген, алимент төлеуден жалтарған 6 мыңға жуық борышкер әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Қашқын әкелердің соңына шырақ алып түсетін сот орындаушылары өз жұмыстарына немқұрайлы қарағандары үшін 700 қадағалау актісі бойынша тәртіптік жаза алған. Сонымен қатар, 825 жеке сот орындаушы да тиісті түрде жазаланған. Бас прокуратураның берген ақпараттарынан төбе шашыңыз тік тұрады. Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. Туған балаларынан безініп, қара бастарының ғана қамын күйттеп, алимент төлеуден жалтарып жүргендердің ішінде әйелдер де бар (Ерлер — 1476, әйелдер — 142). Алименттен жалтарып жүргендердің көбі 31-40 жасқа дейінгі жастар екен. Астанада — 361, Алматыда — 191, Ақтөбеде — 143, Қостанайда — 140, Жамбылда — 140, Павлодарда — 108, Алматыда — 102, Маңғыстауда — 59 борышкерге іздеу жарияланған. Осы алименттен қашып жүрген қашқындардың бүйректері баламыз бар еді деп бір бүлкілдейді ме? Жүректері сыздай ма? Балаға деген сағыныш сезімі неге оянбайды деп ойлайсың. Мұндай үрдістен Жетісу облысында да алимент төлемеген 100-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Жетісу өңірінің халқымен кездесуінде мәлімдеген болатын. Министрдің мәліметі бойынша жыл басынан бері алимент төлемегені үшін 2000-нан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 111-і Жетісу облысының тұрғындары деген-ді. Жұмыссыз жүрміз дегендерді былай қойғанда, борышкердің бір бөлігі материалдық жағдайы бола тұра алимент төлеуден жалтарса, енді бірі тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент төлей алмағаны айтылған-ды. Осыған байланысты аумақтық әділет басқармалары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдаған. Мәселен, өткен жылдың 9 айында Жетісу өңірінде 121 борышкер жұмысқа орналастырылғаны айтылған болатын. Жетісу облысының облыстық сотында жыл басынан бері алимент өндіруге қатысты 1500 шағым түсіп, 1388 іс сот бұйрығымен қаралған. Алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер тапқан-таянғандарын әке мейірімін сезбеген балаларына берудің орнына құмар ойындарына жұмсапты. «Атаңа не істесең алдыңа сол келеді» демекші, «Жетім қозы тас бауырлар» есейіп ер жеткенде қазір сауық сайран салып, көкектей әр бұтаны бір сағалап жүрген қашқын әкелер мен аналарына қайырым көрсете ме? Жоқ, сенде бізді далаға тастап кеткенсің енді далада өмір сүр дей ме? Балаларының аузындағы нәсібін жырып алған әкелер алимент төлеуден жалтарғандар 426 млн. теңгені құмар ойындарға салған. Алматы облысының прокуратурасы алимент бойынша 157 борышкерді анықтағанын, олар құмар ойындарға 426 млн. теңгеден астам қаражат жұмсаған деп Halyq Uni тілшісі әлеуметтік желіде хабарлады. Мойындарында алимент төлеу туралы міндеттемелері тұрса да балаларына бүйректері бүлк етіп қоймағандар букмекерлік кеңселерде құмар ойындарын ойнапты. Аспанға ұшса аяғынан, жерге кірсе шашынан тартып мойындарындағы берешектерін құстырған облыс прокуратурасы 31 — құмар ойынға салынғандардан 38 миллион теңгеден астам алиментті өндіріпті. Борышкерлер арасында бір миллионнан 24 миллионға дейін алимент қарызы бар борышкер бар екен. Алты борышкерге қатысты алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қабылданған. Ал, Жамбыл облысында борышкерлерден 300 млн. теңге алимент өндірілген. Прокурорлық шаралармен 12 832 кәмелетке толмағандарды асырауға арналған 300 млн. теңгеден астам қарыз өтелгенін айтады. Облыстың жеке сот орындаушыларында 2023 жылы 27 548 баланың мүддесі үшін қарызы 1 млрд. теңге болатын алимент өндіру туралы 19 589 атқарушылық құжат орындауда болған. Прокуратура органдары ӘҚБтК-нің 669-бабына сәйкес алимент бойынша 76 борышкерді әкімшілік жауаптылыққа тартқан. (Олар бойынша берешек сомасы 25 миллион теңгеден астам) болғаны айтылуда. 56 адамға әкімшілік қамауға алу (алимент бойынша қарыз 17 млн. теңге), ал 20-сына әкімшілік айыппұл (8 млн. теңге қарыз) салынған. Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес 10 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (3 борышкерге қатысты сот үкімі шығарылып, 6 тараптардың татуласуына және қарызды өтеуге байланысты тоқтатылған. 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде (2 сотқа жіберілді). «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» демекші Қазақстанның қай аймағына көз салсаңыз борышкерлер мен алименттен жалтарып жүргендерді көресің. Олардың соңына құзырлы органдар шырақ түсіріп желкелеп әкеліп сотта жауапқа тартып жатады. Сот алдында екі тарап келісіп, қарызы төленген болып татуласып жатыр. Әке мен ана неге өз мойнындағы парызды бала алдындағы міндеті деп біліп өтемейді. Алматы прокуратурасы да 2023 жылғы шараларымен 16 мың бала алдындағы 2,5 млрд. теңгеден астам алимент бойынша қарыздар төленгенін баяндайды. Өз ұлына 1,5 млн. теңге қарыз болған әкеге қатысты тергеу жүргізілген. Ажырасқан әйел де, еркек те қайсысы борышкер болса кәмелет жасқа толмаған балаларын асырап бағу үшін ай сайынғы табысының немесе өзге кірісінің бөлігін төлеуге тиісті. Алайда борышкерлер бұл міндетті біле тұра, соңдарынан сот орындаушылар немесе құзырлы орган түспесе алименттен жалтарып жүре береді. Олардың қарыздары миллионнан асып, жылдар бойы мойындарында ілулі тұрады. Ақыр аяғы жауапқа тартылып сот алдында жазаланады. Жауапты борышкерлер ажыраспау керек, ажырасқан екенсің бала-шаға алдындағы жауапкершілікті олар кәмелеттік жасқа толғанша өтеуге міндеттісің. Мәселен, өткен жылы Алматы қалалық алқасының адвокаттары 15 544 азаматқа мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетті. Алматы қаласында 24 мемлекеттік және 288 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Олар жыл басынан бері 731 051 атқарушылық іс жүргізді. Ішкі істер органдарына борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 133 ұсыныс жолданды. Оның ішінде 9-ы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде тіркелген. Біреуі сотқа жіберілді, біреуіне қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы үкім шығарылды. Сондай-ақ, 1328 борышкерге қарызына байланысты республикадан шығуға уақытша тыйым салынды дейді Балайым Кесебаева. «Қарағайдан шайыр, адамнан қайыр кеткені» осы ғой. Алимент төлемей жүрген тек қана ерлер емес, әйелдер де барын мақала басында айттық. Статистикалық мәлімет бойынша Республикада 6 мыңдай борышкер алимент төлемей жүренін Әділет министрі Азамат Есқараев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген. Министрдің айтуынша алимент өндіріп алу өте күрделі дейді. Алимент төлемеудің салдарынан қамтамасыз етілмеген бала-шағаның әлеуметтік мәселесі туындайтыны айтылды. Министрдің айтуынша, өндірісте 303 мың іс қаралуда болса, оның ішінде 13 316 іс бойынша мәселе шешілмей, қиындық туып отыр. Сонымен қоса, 6072 адам нақты алимент төлемей жүргені, 7 219 борышкерге шетелге шығуға тыйым салынғаны айтылды. Жалпы алимент бойынша қарыз – 7 млрд. теңгені құраған. Айуан екеш хайуан да төліне еміренеді. Құста жұмыртқасын жарып шыққан балапаны үшін шырылдайды. Ұясынан қанаттандырып ұшырып шығарады. Ал, адам баласы еркегі де, әйелі де бауыр еті баласын өмірге әкелгеннен кейін солардың ыстығына күйіп, суығына тоңып азамат, азаматша болып қалыптасуына жәрдемдеспейді. Жұмысты сылтауратып отбасын шайқап, құмар ойындарға тәуелді болып бала-шағаларынан жерініп жүргендер «судың да, сұрауы барын» білмейді емес біледі. Ендеше бала-шаға алдындағы жауапкершіліктен неге қашады? Алимент әке де, ана да болмайды. Қол ұстасып өмірге қадам басып, қиындыққа қарсы тұруға адам баласының күш қайраты жетеді. Тек саналы, салиқалы, сабырлық жастарға жетіспейді. Келте ойлайды. Морт сынады. Өмірдің ағысына қарсы жүзуге батылдары жетпейді. Ал оның зардабын неге бала-шаға көруі керек?

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ