«ЕРКЕК ҮЙДІҢ ЕГЕСІ, ӘЙЕЛ ҮЙДІҢ ШЕГЕСІ»

0
228

Отбасының татулығы, береке-бірлігі, бақытты болуы әр адам үшін үлкен маңызға ие. Тіпті мемлекет және қоғам үшін де жауапкершілігі басым мәселе. Бүгінгі қоғамда шаңырақтың шайқалуы жас талғамайтын дәрежеге жетті. Отбасы құндылықтары аяққа тапталуда. Бүгін қосылып, ертең ажырасып жатқан жастардың бірін-бірі кінәлауы белең алып барады.

Екі ортада көздері жәутеңдеген тірі жетімдер психологиялық соққы алуда. Қазақтың «еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» тәмсілі тасада қалды. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған ана мен баланың зарынан құлақ тұнады. Қоғамды алаңдатып тұрғаны да осы гендерлік саясат.

Сананы улап, ұлттық кодымызды бұзып жаншыған батыстық идеология қазақ қоғамын жалындай шарпыды. Жаһанданудың жұтқыншағына жұтылып, ұлымыз «қызтеке», қызымыз «еркек шора» болып шыға келді. Мұның сыртында әлеуметтік желідегі түрлі керағар көріністер, анайы-жабайы тағылымдар жасты да, жасамысты да тәубесінен жаңылдырды. Үлкеннің алдынан қия өтпейтін, кішіге ізет көрсететін әдеп пен ғұрып ескінің сарқыншағы саналды. Ата-ананы ардақтау, қарияға құрмет көрсету үрдістері қазақи тәрбиені, салт-дәстүрді жаһандану деген жалмауыз жұтып қойды. «Қағынан жеріген құландай» ойнақтап жүріп от басқандар өз перзенттерін қара жолдың бойына, әжетханаға тастады, одан зорлық-зомбылық көрсетіп қиянат жасаса, бағып-қаққан ата-аналарына дөрекі сөйлеп, қол көтеріп, қартайғанда қарттар үйіне тоғыта салу, қаңғытып жіберу белең алды. Екі күннің бірінде адам жаны түршігетін, айтуға аузың бармайтын, көруге көзің шыдамайтын сұмдықтарды көгілдір экран мен әлеуметтік желі жариялап жатады. Әсіресе, әйел қауымы мен бесіктен белі шықпаған балаларға көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылықты айтуға мәжбүр болып отырмыз. Тіпті ашық сот жүйесін өткізіп, экс министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан азаматтық некедегі Салтанаттың құрбан болуы әлеуметтік желі арқылы шартарапқа тарады. Отбасын ойрандағандардың тізімі мұнымен бітпейді. Шет мемлекетте елшілік қызметте жүрген күйеуінен тағы бір азаматша он жыл бойы зорлық-зомбылық көргенін айтып Мемлекет басшысынан көмек сұрады. Отбасы туралы заң қатайды, әйелге қол көтергендер ауыр қылмыс жасағандар санатында ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылатын болды. Отбасының тәлім-тәрбиесі, жанұяның ынтымағы жайлы идеологиялық жұмыстар жандануда. Үлгілі отбасылардың байқауы жылда ұйымдастырылып келеді. Ерлермен иықтасып отбасын, кәсібін жандандырып отырған нәзік жандылар туралы бейнесюжеттер, мақалалар жарық көруде. Отбасының күнгейі мен көлеңкесін сараптай отырып біз Ескелді ауданындағы кәсіпкер әйелдер мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» және зорлық-зомбылыққа ұшыраған нәзік жандылар туралы мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз. Кәсіптен нәсіп тауып, отбасының берекесін айрандай ұйытып отырғандардан жас отбасылар өнеге алса құба-құп. Ескелді ауданы көлемінде 3 797 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 211 орта кәсіпорын, 1 620 жеке кәсіпорын, 1 946 жеке шаруа қожалығы бар. Аталған кәсіпорындарда 6 124 адам жұмыс жасаса, жеке кәсіппен айналысатындардың 60 пайызын әйелдер құрайды. Әйелдер көбінесе ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қонақ үй бизнесі, сауда ісі, шаштараз және тағы басқа кәсіпкерліктің барлық саласында жұмыс істеуде. Жергілікті билікпен өзара қарым-қатынас деңгейін күшейтуде жас кәсіпкерлерге қолдау білдіру үшін атқарушы билік қоян-қолтық жұмыс жасайды. Кәсібін дөңгелетіп, халыққа пайдасын тигізіп жүрген беделді әйелдердің барын аудан әкімдігі мақтанышпен айтады. Мәселен, Қарабұлақ ауылындағы жолаушылар тасымалын ұйымдастырып жүрген «Тасымал» ЖШС-нің директоры Жолдагутова Жанат Сақыпжамалқызы, Қарабұлақ ауылындағы «Витязь» дүкендер желісінің басшысы Хильниченко Мая Ивановна, Қайнарлы ауылындағы «Черкашина» шаруа қожалығының басшысы Черкашина Зинаида Евгеньевна, Бақтыбай ауылында жаңа «Диас» балабақшасын ашып, ел игілігіне қызмет жасап жүрген Арайлым Раисова сияқты беделді азаматшалар бар.
Осы азаматшалардан басқа шағын кәсіпкерлікте жұмыс жасайтындардың басым бөлігі әйелдер. Сонымен қоса жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Әйел кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары, олар белсенді түрде қайырымдылықпен айналысып жүргендер, – дейді аудан әкімі Мұрат Мұхтарұлы Бектұров.
Аудан бойынша ҚР Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы арқылы жыл басынан: Жастар практикасына – 11 азаматша, Алғашқы жұмыс орнына – 10 азаматша, Әлеуметтік жұмыс орнына – 21 азаматша, Күміс жас жобасына – 28 азаматша, Қоғамдық жұмыс орнына – 251 азаматша, Тұрақты жұмысқа – 71 азаматша жіберілген. «Алтын алқа» – 273, «Күміс алқа» – 497. Барлығы – 770 әйел бар. Қоғамда үлкен резонанс тудырған зорлық-зомбылыққа қатысты аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жоспарлы түрде жұмыс істеуде. Ауданда өткізіліп жатқан кез келген іс-шараның басында әйел азаматтар жүретінін, гендерлік саясатты жүзеге асыру әйелдердің және балалардың құқықтарын қорғау, әйелдердің бастамаларын қолдау мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зорлық-зомбылықтан жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар мерзіміне сай атқарылады. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Ескелді ауданының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің құқығын қорғау бағытында консультативтік және психологиялық көмек түрлерін көрсетуде. Бұл бағытта жыл басынан бері тұрғындардың қатысуымен 10-ға жуық кездесу өткізілді.
Аудан әкімі Мұрат Мұхтарұлының сөзінше, Ескелді аудандық Аналар кеңесі және Ақсақалдар кеңесі «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат» бағытында көптеген маңызды іс-шараларды аудандық комиссиямен бірігіп атқаруда. Аналар кеңесінің мүшелері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірігіп жастар арасында отбасылық құндылықты насихаттау және отбасылық дәстүрлерді дәріптеу бағытындағы жұмыстар ұдайы жүргізіледі. Жыл басынан бері жастардың қатысуымен 10-ға жуық кездесу өткізіліпті.
Сондай-ақ, аудан басшысы Ескелді ауданында бір аудандық және он бір ауылдық Аналар кеңесі, бір аудандық және он бір ауылдық Ақсақалдар кеңесі құрылып жұмыс істеуде екенін де тілге тиек етті. Айтуынша, әр ауылдық округте кеңес төрағалары сайланған. Жұмыс жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Отбасылық құндылықты насихаттау және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жұмыстар алдағы уақытта да жүзеге асырылмақ.
Отбасының бүтіндігі – мемлекеттің бүтіндігі. Әйел – ердің қабырғасынан жаралғандығы жайлы Құран кәрімде айтылады. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың міндеті. Баланың көзінше әйелге жәбір көрсету еркектің ерсі әрекеті. Көптеген отбасында бала тәрбиесінің ақсауы жанұядағы ауыз бірліктің жоқтығынан. Қазақтың «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол» деген текті де тергеуінді тәмсілі бар. Отбасы тұрмақ, құдай қосқан көршімен тату-тәтті тұру қасиетті Құранда да жазылған. Сондықтан зорлық-зомбылыққа қарсы тұру тек заңмен ғана шектелмейді. Мұны әрбір отбасындағы отағасы мен отанасы жете түсінулері керек. Әсіресе жас отбасыларға байырғы бабалардың тағылымды тәрбиесін бүгінгі заманмен ұштастырып, «ескіні елеп, жаңаны жаңғыртып» тұру үлкен міндет.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ