КӨКСУ АУДАНЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ КӨҢІЛ КӨНШІТЕДІ
«Түгін тартсаң, майы шыққан» жер жәннаты Жетісу облысында сегіз аудан, екі қала бар. Соның бірі – Көксу ауданы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан құру жолында «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы Халелов Талдықорған қаласындағы Журналистер үйінде өткен брифингте ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 2024 жылғы қаңтар-наурыз айында орындалуы барысында баяндама жасады.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан Кербұлақ, Қаратал, Ескелді аудандарымен шектесіп жатыр. Өңірдің негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Төрт түлікті өргізіп, егін егіп, одан мол өнім алуды мақсат тұтады. 10 ауылдық округ, 34 елді мекеннен тұратын аудан аумағы 7066 шаршы шақырымды құрайды. Онда тұратын халық саны 42,2 мың адам. Ауданда негізгі ұлт өкілі қазақтар 83,4%, 12-ден астам ұлт пен этнос-өкілдері мекендейді. «Жыл басынан бергі алғашқы үш айдың көрсеткіші бойынша 3,5 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығының өнімі, 5,5 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді», – деген аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы негізгі қорға тартылған инвестиция көлеміне де тоқталды.
Өз сөзінде ол негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 2 млрд. 208 млн. теңгені, құрылыс жұмыстарының көлемі 1 млрд. 316 млн. теңгені, бөлшек сауда айналымының көлемі 895 млн. теңгені құрап, 2,1 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылғанын айтты. Нарық заңына орай өндіріс орындарын ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамту Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Жергілікті билік өкілдері осы бағытта өңірлерге инвестициялар тартып, өндіріс орындарын ашып, өңірдің экономикалық ахуалын жақсартуға күш салуда. Көксу ауданы да бұл бағытта елеулі істер атқарып келеді. Оны аудан әкімінің Журналистер үйінде өткізген брифингінде жасаған баяндамасынан аңғардық. Мәселен, өнеркәсіптен басқа барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда өсім байқалатынын айтқан аудан басшысы өнеркәсіп саласында өнімнің төмендеуінің себебіне де тоқталып өтті.
«Былтыр Көксу қант зауыты ақпан-мамыр айларында 9565,6 млн. теңгеге қант қамысынан 26,7 мың тонна өнім өндірген. Ақпан-наурыз айларында 4411,6 млн. теңгеге 12,3 мың тонна өнім шыққан. Биылғы жылы зауыт қант қамысын өңдеуді мамыр айынан бастады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында 30 миллиардтан астам өнім өндіріп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсімді қамтамасыз етеміз», – дейді аудан әкімі.
Жалпы Көксу ауданындағы өнеркәсіп саласында 1 – ірі, 3 – орта кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Көксу қант зауыты мамыр айынан бастап қамыс қантын өндіруді бастады. Жалпы 15 мың тонна қамысты өңдеу жоспарлануда. Қазіргі таңда күніне 300 тоннадай өнім шығаруда. Сондай-ақ майбұршақ өңдейтін «Уызмайиндастри» зауыты 4,7 млрд. теңгеге 15,6 мың тонна өнім шығарса, «Строитель» ЖШС 257 млн. теңгеге 9,3 мың тонна құрылыс материалдарын өндірді. Мемлекеттік және жергілікті бюджетке кіріс кіргізіп отырған шағын және орта бизнес өкілдерінің қарасы бұл ауданда жылдан-жылға қанат жайып келеді. Өзгелерге де жұмыс беріп, өздерінің кәсіптерін ұлғайтып отырған шағын және орта бизнес өкілдері аудан экономикасының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікте 4318 субъект әрекет етуде, оларда 6488 адам жұмыс жасайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім және көрсетілген қызмет көлемі 50 млрд 553 млн. теңгені құраған (2022 жыл – 40816 млн. теңге).
Ауданда 394 (оның 251-і дүкен мен киоскі, 58-і қоғамдық тамақтандыру орыны, 42 – тұрмыстық қызмет көрсету, 40 – сервистік қызмет, 3 – базар) сауда және қызмет көрсету нысандары жұмыстарын жандандыруда. 2024 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бюджетке 1 млрд 197 млн. теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 99,5 пайызға орындалды. Былтырғы жылмен өсім 10,3 пайызды құрады (2023 ж – 1085,4 млн.тг). Республикалық бюджетке жоспардағы 463,4 млн. теңгенің орнына 259,1 млн. теңге түсім түсті немесе 72,7 пайызға орындалды (2023 ж – 356,4 млн.тг). Жергілікті бюджетке болжамдағы 740 млн. теңгенің орнына 937,9 млн. теңге түсіп, 126,7 пайызға орындалды (2023 ж – 729 млн.тг). Оның ішінде: аудан бюджетінің болжамы 338,1 млн. теңгенің орнына 461,7 млн. теңгеге орындалды немесе 136,6 пайыз (2023 жыл – 287,2 млн. теңге).
Аудан бюджетінің қоржынын толтыратын да экономикалық көрсеткіштер мен өндірілген өнімдер. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елді жұмылдыра білген ұтады әрі шағын және орта бизнес иелеріне қолдау көрсетіп, жаңадан кәсіппен айналысқысы келетіндерге бар мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл бағытта аудан әкімінің айтуынша кәсіп ашқысы келгендерге бар мүмкіндіктер жасалуда.
Жетісу өңірінің өзі аграрлық сала болғандықтан негізі табыс көзі де ауыл шаруашылығына тиесілі. Бұл экономикалық көрсеткіштің басым бағыты. Жылдың төрт мезгілінде бел шешпейтін диқан қауымы мен төрт түлікті өргізген шаруалардың қосқан үлесі мол. Мал шаруашылығында 3137 тонна (2023 ж. – 3017т) ет, 3499 тонна (2023 ж. – 3491т) сүт, 421,5 мың дана (2023 ж. – 420,7 мың дана) жұмыртқа өндірілді. Жұмыртқа өндірілгенін, ветеринария саласында 3 блокты-модульдік ветеринарлық пункт орнатылатынын айтты. Сондай-ақ, аудан аумағындағы пайдаланылмайтын немесе мақсатына сай игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын жыл басынан 1770 га (жоспар 7000 га) аудан жер қорына қайтарылғанын, жоспарланған 7 мың гектарды қайтаруды бірінші жарты жылдықта жүзеге асыратындарын айтты.
– Басқа негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша 2024 жылы ауыл шаруашылығының өнім көлемін 50,2 млрд. теңгеге, инвестиция көлемін 12,0 млрд. теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемін 7,3 млрд. теңгеге, бөлшек сауда айналымының көлемін 8,5 млрд. теңгеге жеткізуді және 10 мың шаршы метр тұрғын іске қосуды көздеп отырмыз.
Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығының егістік көлемі 31710 гектарды құрайды, оның ішінде дәнді дақылдар 10830 гектар жоспарланып оның 10620 гектары себілді, майлы дақылдар 11386 гектар жоспарланып 7840 гектар себілді, картоп 1151 га жоспарланып себілгені 700 гектар, бау-бақша мен көкөніс 1025 гектар себу жоспаранып 730 гектар себілді.
2024 жылы 2000 га (2023 ж — 1881 га) қант қызылшасын себу жоспарланып, 2050 гектар себілді.
Мал азығы дақылдарының көлемі 5318 гектар жоспарланып, 3656 гектар себілді, – деген аудан әкімі көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде әрі тиянақты аяқтағандарына тоқталды.
Айтуынша, 7900 гектар ылғал жабу, 4178 га себу алдындағы өндеу жұмыстары (тырмалау), 19632 га жер жыртылып, жоспар 100 пайызға орындалды.
«Көктемгі дала жұмыстарына 1747 тонна тынайтқыш қолданылды, оның 350 тоннасы арзандатылған бағамен алынды. 116 тонна арзандатылған жанар-жағар май жеткізілді. «Жетінар» несиелік серіктестігі арқылы «Кендала», «Агробизнес» бағдарламалары бойынша 144,8 млн. теңге арзандатылған несие алынды», – деді аудан әкімі. Сондай-ақ ол өңірдегі егістік алқаптарға тиесілі ирригациялық жүйелердің жұмысына тоқталды.
Ауданда жалпы ұзындығы 767 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер жұмыс жасайды, каналдар 19143 гектар суармалы жерді қамтиды. Биылғы жылы Ислам даму банкі арқылы І-ші кезеңде ұзындығы 108 шақырымды құрайтын 9 каналға, жалпы құны 7,2 млрд. теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған. Жұмыстардың аяқталу мерзімі 2025 жыл. Ал ІІ-ші кезеңде 288 шақырым каналдарды қалпына келтіру жоспарланды. Тұрғын үй, электр желілері, инженерлік коммуникациялық желілер тарту, құрылыс саласына қатысты аудандағы атқарылған істердің көрсеткіші көңіл көншітеді. Атқарылған жұмыстардың бірінші тоқсандағы көрсеткіші бойынша Балпық би ауылында екі 60 пәтерлік тұрғын үйдің, бір 20 пәтерлік және 21 жеке тұрғын үйдің, Балпық би ауылында жоғарғы вольтты электр желілерін көшіруге және Мәмбет ауылында инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына және Балпық би ауылының жаңа массивіне инженерлік-коммуникациялық желілерінің (кәріз жүйелері) құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайын. Сондай-ақ, Балпық би ауылында блокты-модулді қазандықтың құрылысына жобалау құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде.
Биылғы жылы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен ауданда 50 жеке тұрғын үй салу жоспарланған. Құрылыс аяқталғаннан кейін мемлекет тарапынан аталған үйлер мемлекет меншігіне сатып алынып, халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Қазіргі таңда Балпық би ауылында 30 үйдің және Жарлыөзек ауылында 10 үйдің құрылысы басталған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 12 елді мекенді газдандыру бойынша (Алғабас, Ақшатоған, Айнабұлақ, Бозтоған, Жарлыөзек, Қызылтоған, Талапты, Жетіжал, 10 жылдық Қазақстан, Мәулімбай, Кенарал, Ақтекше ауылдары) жұмыстар жүргізілуде. Оның сыртында 2 елді мекенде (Көксу станциясы және Еңбекшіқазақ ауылы) газ тарту желілерінің құрылысы аяқталмақ. Балпық би ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді газдандыру үшін және 3 ауылдық елді мекенге (Мұқаншы (Жарлыозек а/о), Надырызбек, Каратал ауылдары) газ тартуға жобалар сараптамадан өткені де тілге тиек етілді. Сондай-ақ, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуде З.Тамшыбай ауылында және Көксу станциясында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу (18,5 млн. теңгеге) биыл аяқталмақ.
2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде 2 ауылдағы 4 көшеге (Жарлыөзек – 3, Мұқыры – 1) көше шамдары орнатылуда. Оның сыртында 2 ауылдық округтің 12 көшесіне (Мұсабек – 7, Айнабұлақ – 5) жарық шамдарын орнату басталған. Мұнымен қатар Айнабұлақ бекетінде балаларға арналған ойын алаңы іске қосылса, Балпық би ауылында ойын алаңдарының жайластыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы баяндамада жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге және қалыпта ұстау мақсатында 2024 жылы 8 елді мекеннің 36 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін де айтты.
А. БҰЛҒАҚОВ.