ҚАТТЫ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТЫ ШЫҒАРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛУДЕ?
Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің қатысуымен шаһардағы қатты тұрмыстық қалдықты шығаруды ұйымдастыру бойынша брифинг өтті.
Брифингте белгілі болғандай, облыстық маңызы бар қала ретінде Талдықорған халқы үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер өзгертіліпті. ҚТҚ шығару тарифі жеке тұлғалар үшін – 379,53 теңгені (жылға шаққанда 1 м3 – 2846,45 теңге) құрайды. Аталған тариф қалалық мәслихаттың 2023 жылы 22 мамырдағы №3-23 шешімімен бекітіліпті.
Шаһар басшысының сөзінше, Талдықорған қаласында көпқабатты тұрғын үйлер аумағында барлығы 238 ҚТҚ жинау нүктесі орналасқан. «626 контейнер бар. Қазіргі уақытта қалада ҚТҚ шығару бойынша 13 ЖК жұмыс істейді. Мұнда «Газ-53» маркалы 18 бірлік арнайы техника бар. Техниканың орташа сыйымдылығы 20 контейнер, бір контейнерді әкету құны 2500 теңге, онда бір рейс үшін табыс шамамен 50 мың теңгені құрайды», – деді Ернат Бәзіл.
Айтуынша, өңірдегі коммуналдық қалдықтарды шығаруға қызмет көрсетушілерді анықтау мақсатында 2023 жылдың 10 шілдесінде конкурс жарияланған. Алайда, конкурсқа ешбір мекеме қатысуға ынта білдірмеген. Тек өткен
(08.11.2023) жылғы конкурстың нәтижесінде «Жаңа-Сана» ЖШС жеңімпаз атанып, шарт жасасқан. «Жаңа-Сана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ағымдағы айдың 1-інен жұмысын бастапты. Атап айтқанда, контейнерлер үшін 8 бірлік, жерасты контейнерлері үшін 3 бірлік арнайы техника және 43 жұмысшы еңбекке кіріскен.
– КЖТ аумақтарында ҚТҚ әкету жұмысының кестесі күн сайын, жеке аумақтарда аптасына 1 рет жүзеге асырылып, аумақты 5 метр радиуста тазалау, контейнерлерді уақтылы жөндеу, әр 21 күн сайын дезинфекциялау және контейнерлерді жуу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан басқа, ағымдағы жылы 52 бірлік қоқыс алаңдарын орнату жоспарлануда, онда 141 бірлік Еуро контейнерлер орналастыру көзделген. Осы мақсатта 70 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. 17.06.2024 жылы жеткізушіні анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды, – деген Ернат Дүйсенбекұлы алдағы жоспарымен де бөлісті.
Брифинг соңында журналистер мен қала тұрғындары әкімге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да ортаға салды.
Г. БАЙМҰХАН.