ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС ӨРІСТЕЙ ТҮСУ КЕРЕК

0
91

Адамзат баласының санасын улап, ақыл-есінен тандыратын есірткі өнімі өршіп тұр. Шекара таңдамайтын бұл кесепаттың жолын кесіп, оны тасымалдаушыларды, саудалаушыларды және тұтынушыларды құрықтауда, қылмыстың алдын алуда құқық қорғау органдары бірлесе күш жұмылдыруда. Жетісу облысының аумағында есірткінің заңсыз айналымы бойынша Жетісу облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының 2024 жыл басынан бері атқарған жұмыс нәтижелері туралы Журналистер үйінде брифинг өткізді.

Елді естен тандыратын есірткі мен нашақорлыққа қарсы күрес жылдан-жылға қарқын алып келеді. Бұл бағытта Жетісу облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарын баяндап, 26 мамыр мен 26 маусым аралығында «Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне» (26 маусым) орайластырылған айлық басталғанын баян етті. Аталған айлықты полиция департаменті Жетісу облысының әкімдігімен бірлесіп 26 мамырда Жетісу облысында «Спорт есірткіге қарсы!» атты ұранмен тоғызқұмалақ, каратэ жарыстарын өткізіп жатқандарын айтты. Жергілікті билікпен бірлесіп жыл сайын Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналған іс-шаралар кешенін өткізу дәстүрге айналғанын айтқан полиция өкілі: «Бұл шараның басты мақсаты халықты нашақорлықтың таралу қауіпінен хабардар ету, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады және жасөспірімдерде тұрақты есірткі иммунитетін қалыптастыру, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналуына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру», – деді.
Қоғамның басты мәселесіне айналған нашақорлық пен есірткінің таралуы ұлтты аздырып, жұлынға ұялаған құрттай өршіген індет туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ішкі істер органдарына қарата ащы сын айтқан-ды. Әлем жұртын алаңдатып отырған есірткі бизнесіне, оның ішінде синтетикалық есірткі саудасына тоқталып, оны нағыз індет деп атап, нашақорлық балалар арасында тез таралып жатқынын айтқан-ды. Жас талғамай өршіген бұл індетпен күресу де оңай болып тұрған жоқ. Президент пәрменінен кейін «Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысында» Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы Саденов нашақорлыққа қарсы күреске барлық мемлекеттік органның жұмылу керектігін айтып дабыл қаққан-ды. Бұл бағытта, Жетісу облысы полиция департаменті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасында НАШАҚОРЛЫҚҚА және ЕСІРТКІ бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел-іздестіру іс-шаралары мен нашақорлықтың алдын алуда белсенді жұмыстар жүргізіп жатқынын баяндады. Баяндамашы есірткі өнімінің түр-түрге бөлінетінін айта келіп, бұған тәуелді болған жастардың,16-дан 30-жасқа дейінгілердің арасында «крис­тал», «тұз», «меф», «мияу-мияу» деген синтетикалық есірткілер сұранысқа ие болып тұрғанын айтты. Кең тараған «спайстар» – бұл JWH (джи-ви-аш) марихуана тектес синтетика және ТҰЗ (соль) құрамында мефедрон тектесі бар деген полиция өкілі есірткілердің осы түрлерін тест арқылы анықтаудың қиындығы жағдайды одан әрі ушықтыратынын айтты. Жыл басынан бері облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 65 құқық бұзушылық тіркелген (2023 жылы -77), оның ішінде 66 есірткі қылмысы болса, есірткі өткізу, сату (ҚК 297б.) бойынша 19 факт (2023ж.-17) өсім +11,8% құрайды.
Аса ірі мөлшерде есірткі сақтау (ҚК 296б. 4т.) бойынша 8 факт(2023ж.-10), есірткі заттарын заңсыз насихаттау 1 факт (2023 ж. — 1). Сондай-ақ, 37 есірткі теріс қылмыстары анықталып, оның ішінде: 4 факт ҚК 296-бабы 1-бөлігі бойынша қоғамдық орындарда есірткі құралдарын медициналық емес тұтыну, 26 факт ҚК 296-бабы 2-бөлігі бойынша есірткі сақтау, 7 факт ҚК 296-бабы 3-бөлігі бойынша есірткіні ірі мөлшерде сақтау анықталған. Көрсетілген кезең ішінде заңсыз айналымнан 34 кг 604,23 грамм (2023 жылы 29 кг 167 гр.) түрлі есірткі заттары алынды. Яғни биыл, былтырғы жылға қарағанда 5кг 400 грамм есірткі артық тәркіленді. Бұл дегеніміз, есірткіге қарсы жұмыс қарқынды жүргізіліп жатқандығын көрсетеді. Алынған 34 кг әртүрлі есірткі заттары, «синтетика» 50 кг аса (2023 жылы-2 кг.) «марихуана» 28 кг 605 гр (2023 жылы 22кг. 660 гр.) өсім 26,2% құрады; «гашиш» 200 гр. Жыл басынан есірткіні заңсыз таратқаны үшін 12 азамат ұсталған, олардың екеуі бойжеткен. Сонымен қатар, 4 «есірткі жасырушы» болған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен 2 нарколаборатория көзі жойылғанын, Текелі қаласы, Веселая поляна көшесі, № 44 үй мекенжайы бойынша есірткі зертханасының орналасқан жері анықталса, Түркістан облысының тұрғындары Текелі қаласына келіп синтетикалық есірткі өндіргенін әшкерелеген. Ұсталғандардың айтуы бойынша «Telegram» қосымшасынан сілтеме тауып, ол бойынша хат жазысып жүргенін, оның барысында белгісіз адамнан 1 килограмм дайын өнім үшін 1 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы үшін «мефедрон» есірткі затын дайындау және сату жөнінде нұсқама алғаны туралы түсініктеме берген. 2024 жылы Жетісу облысының ПД Кинологиялық қызмет орталығының «Олли» атты қызметтік іздестіру итін қолдану арқылы санкцияланған тінту нәтижесінде Алматы облысына қарасты Іле ауданы, Дружба кенті мекен-жайы бойынша үй ауласында өзара байланысқан екі 40 тонналық теңіз контейнерінің көмегімен құрастырылған синтетикалық есірткі өндіретін есірткі зертханасы анықталды. Тінту барысында қылмыскерге тиесілі рюкзактан 28 мың АҚШ доллары сомасында ақша табылып тәркіленген. Індеттің тағы бір түрі нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында Жетісу облысы ПД-не 2024 жылға арналған есірткіге қарсы және профилактикалық іс-шараларды өткізу үшін бұрын сұралған 18 миллион 208 мың 390 теңгеден (27.09.2023ж. №1-19-20-19-21-7/197-И шығысты хат) жергілікті бюджеттен бар болағыны 11 миллион 666 мың теңге бөлінген.
Нашақорлықтың алдын алу және кәмелетке толмағандарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алуда, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің мәжіліс залында Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сарқытбай Закірұлы Құсайынов университеттің студенттерімен «Қазіргі заманғы есірткі. Есірткіге байланысты құқықтық сауаттылықты қалыптастыру» тақырыбында профилактикалық кездесу өткізді. Сондай-ақ, жыл басынан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы мемлекеттік органдармен бірлесіп, қала мен облыстың жалпы білім беру, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында 346 дәріс өткізіліп, онда жоғары сынып оқушылары мен студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын жеткізді. Оның ішінде: мектептерде – 316, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында – 30, жасөспірімдерге есірткіге қарсы тақырыптағы бейнероликтерді көрсете отырып, есірткі құралдарын, оның ішінде олардың синтетикалық түрлерін қолданудың зияны туралы тақырыптар қамтылды. Сондай-ақ, 36 кездесу, 8 семинар, 6 акция, 3 дөңгелек үстел, 9 мәдени-спорттық іс-шара және 1 конкурс өткізілді, – деген полиция өкілі «Есірткіге қарсымыз!» атты жиын ұйымдастырылып, 4 рейдтік іс-шара өткізіліп, оның барысында 25-тен астам жазба жойылғанын, бұқаралық ақпарат құралдарында есірткіге қарсы бағыттағы 232-ден астам материал, оның 185-і танымал интернет сайттарда («zhetysu.police», «upn_zhetisy» т.б. инстаграмдары, ақпараттық медиа-портал «POLISIA.KZ») жарияланғанын атап өтті. Сондай-ақ, есірткінің жаңа түрлерінің шығуымен оны сатудың да жаңа әдістері пайда болып, қалай таратылатынын мәлімдеді.
Жас талғамай қоғамды кеулеп кеткен індеттің, интернет сайттары арқылы QIWI-кошелек төлем жүйелерінің көмегімен ақшаны қайда аудару қажеттігі, төлем жасалғаннан кейін, олар есірткіні қайдан алып кетуге бағыт көрсетеді. Есірткілер байланыссыз әдіспен, есірткіні қойып кету және жасырын орынға тығу жолымен жиі сатылады. Абоненттік нөмірге «тауарды» қай жерден алып кету қажет екендігі туралы хабарлама келеді. Осылайша, ешкім есірткі сатушы адамды көрмейді және оларды анықтау қиынға соғады. Сонымен қатар, ақпарат үй қабырғаларына, қоршауларға, банкоматтарға, бағандарға, метрода және т.б. жерлерде граффити, жазбалар, пост жазу түріндегі жарнамалар көмегімен таратылады. Көбінесе бейнекамералар жоқ, жарнамаларды кімнің іліп, басып жүргенін анықтау қиынға түсетін және бұл хабарландыруларға ешкім назар аудармайтын жерлер қолданылатынын айтты. Бұл бағытта 37 хабарландыру жойылып, Telegram серверінің қазақстандық әкімшісімен жүргізілуде. Онда қазірдің өзінде жасырын есірткі сатумен айналысатын 56 чат анықталғанын айтты. Адам баласын ақ жолдан айырып, санасын улайтын есірткі өнімдерінің алуан түрін қолданушылар, өнімді тасымалдаушылар және өндірушілер мен аяусыз күресіп жатқан полиция өкілдері есірткі айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатын айтты. Мұндай қылмыстар үшін жаза кісі өлтірген тұтқындалушының жазасынан асып түседі. 7 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді. Есірткіні жарнамалағаны және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жаза 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырса, мессенджерлерде есірткі сайттары мен чаттарды басқару 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы барын айтты. Жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай қоғамды алаңдатып отырған есірткі мен нашақорлықтың тамыры тереңдеп бара жатқанын полиция өкілдерінің жоғарыда көрсеткен фактілерінен айқын көрініп тұр. Бұл қылмысты құрықтау да оңайға соқпай тұрғанын, мұнымен тек қана құзырлы органдар ғана емес, жергілікті билікпен бұқара халық жұмылып күрескенде ғана жеңіске жетуге болатын көзі қарақты жан аңғарады. Әсіресе, жас өрендердің осы қылмысқа тартылуы қоғамды бей-жай қалдырмауы тиіс. Өзекті өртейтін өкініш есірткі өнімін таратушылардың арасында нәзік жанды арулардың жүргені көңілге қаяу салады. Маңдай терін төкпей табыс табудың көзін іздегендерді, торғайды арбаған жыландай торларына түсірген есірткі тасымалдаушылар мен өндірушілер қатарына жасөспірімді тартуда. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та ұдайы айтып келеді. Саналы ұрпақ, дені сау ұлт болу үшін жастарға бойын жаман әдеттен аулақ ұстаудың жолын ұдайы көрсетіп отыру қажет.
Есірткімен күрес бір минут та бәсеңдемеу керек. Себебі оны тасымалдаушылар мен өндірушілер түрлі айла-шараларға баруда. Оның жарқын айғағы Жетісу облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жыл басынан бері атқарған жұмыстарынан аңғаруға болады.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ