КӨКСУ АУДАНЫНЫҢ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ЕРЛЕП ТҰР

0
205

Жеріне шыбық қадасаң, жеті күнде шынар ағашқа айналып шыға келетін Жетісу өңірі де биыл жыл жауын-шашынды болып тұр. Ерте көктемнен бастау алған дала жұмыстарына диқаншылардың көңілі тоқ.

Шілде айының басы жауынды болуы танаптағы егіндердің дән алуына, пісіп-жетілуіне септігін тигізуде. Қазір ауыл шаруашылығы күздік бидайларын орып, қамбаға бастырып алудың қам-қарекетін жасауда. Сондай-ақ, мал азығы қатар дайындалуда. Көксу ауданында шопан қауымы малын жаз жайлауға өргізіп әкетсе, ойдағы шаруалар егістік басында жүр. Еккен егінді күтіп-баптау, арам шөптен тазарту, суғару жұмыстары белең алуда.
«Өткенді айтпай жаңаның жаңғыруы екіталай» демекші, аудан еңбеккерлері өткен 2023 жылы 43,5 млрд. теңгенің өнімін өндірген болатын.
Дала жұмыстарына ерте көктемнен қамданған шаруалар егіс және күзгі жинау жұмыстарын жүргізу үшін 420 тонна арзандатылған дизель отынымен қамтылып, 495 млн. 60 мың теңгеге 34 жаңа техника алған. Бұл заманауи техникалармен мерзімінде қамтамасыз етілген, шарулардың алаңсыз жұмыс істеуіне зор мүмкіндік берді», – дейді аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы.
Мол өнім алуды көздеген аудан еңбеккерлері өткен жылы 31,7 мың гектар жерге дақылдар сепкен. Оның ішінде 54,6 мың тонна дәнді дақыл, 20,2 мың тонна майлы дақылдар, 80,3 мың тонна қант қызылшасы, 55,7 мың тонна көкөніс пен картоп жиналса, мал шаруашылығында 9 758 мың тонна ет, 25,061 мың тонна сүт, 7,01 мың дана жұмыртқа өндірілген. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларға қатысты Балпық би ауылдық округінде орналасқан ИП «Каримов» 400 бастан 600 басқа кеңейтілсе, Жарлыөзек ауылдық округінде орналасқан 40 басқа арналған «Жамбай» және 300 басқа арналған «Ақмажан» тауарлы сүт фермасы құрылса, Лабасы ауылдық округінде 100 басқа арналған «Береке» бордақылау алаңы ашылған болатын. Жылма-жыл аграрлық салаға басымдық беріліп, экономикалық көрсеткіштері өрлеп келетін Көксу ауданы ауылшаруашылық саласы бойынша үздіктер қатарында келеді. Биыл да өткен жылдың көрсеткіштерінен кем өнім алмауды көздеп отырған аудан еңбеккерлері 2024 жылды табысты аяқтауды мақсат етуде. Аудан бойынша бес айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл марқайтады.
Аудан басшысының сөзінше, бес айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5 868,9 млн. теңге, ал 2024 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 31382,1 га құрайды . 10500 га дәнді дақылдар (3625 га бидай, 5284 га арпа, 1670 га дәндік жүгері), 11182,1 га майлы дақылдар (11170,6 га май бұршақ, 12 га күнбағыс,) 2337 га қант қызылшасы, 864,1 га картоп, 984 га көкөніс және бақша дақылдары, 5514,4 га мал азығы (4140,4 га көп жылдық шөп, 1249 га бір жылдық шөп, 125 га сүрлем жүгері) егіліпті. Тәтті түбір өсіруде кеңестік кезеңде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген аудан шаруалары бүгінгі күнге қант қызылшасы дақылына 1385 га химиялық өңдеу, 952 га қолмен шөптеу жұмыстарын жүргізіп, 1810 га минералды тыңайтқыштар берілген. Қызылшаны қопсыту жұмыстары 2453 га, 91 пайызға орындалып, 2149 га суғару жұмыстары жүргізілген. Май бұршақ дақылына да 10640 га химиялық өңдеу жұмысы, 7960 га минералды тыңайтқыш беріліп, 7648 га суғарылса, дәндік жүгерінің 2000 га химиялық өңдеу жүргізіліп, 1415 га суғарылған. «Қазақтың жаны малмен бірге екені» әлімсақтан айтылып келеді. Табын-табын ірі қара, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, түйе өсіріп отырған шаруашылықтар жылдың төрт мезгілінде де бел шешіп дем алған емес. Малын жаз жайлауға өргізіп жібергендер енді қыстық азығын жинауға күш салуда. Одан бөлек қыстаудағы мал қораларын күтіп-баптау да қосымша жұмыс. Қора-қопсыға күрделі жөндеу жұмыстарын да ширата түскен.
Аудан бойынша мал азығы дақылының көлемі 5318 га құрайды. Оның ішінде: 4140,4 га көпжылдық шөп (1589, 4 га бұрынғы жоңышқа, биылға себілгені 2551 га ), 1249 га бір жылдық шөп, 125 га сүрлем жүгері егілген. Бүгінгі таңда жоңышқаның бірінші шабындығынан 1589 га, яғни 12079 тн, екінші шабындығынан 850 га-дан 6375 тн өнім, бір жылдық шөп 470 га орылып, сондай-ақ шабындық шөп көлемі 5423 га құрады. Сонымен бірге, 1940 га шабындық шабылып, 18430 тн өнім, барлығын қосқанда 41300 тн мал азығы дақылы жиналған. «Мұның бәрі тынымсыз қам-қарекеттің нәтижесі» дей келе аудан басшысы көктемгі дала жұмыстарына бекітілген нормативтерге сәйкес «Госагро» порталы арқылы 113 шаруашылықтан 382 тонна өтінімдер түскенін де тілге тиек етті.
Биыл ауыл шаруашылығына қауіп-қатер шегірткеден келді. Республика бойынша дабыл қағылып, шегірткемен күрес жүргізілді. Бүгінгі күнге жоспарланған 5570 га саяқ шегірткеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жергілікті атқарушы органдар есебінен жүргізілді.
Ауыл шаруашылығына қатысты несие бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасына сәйкес 8 ауылдық округтен 41 адам 322 млн. 978 мың теңгеге, оның ішінде 35 адамнан мал шаруашылығына қатысты 270 млн. 833 мың теңге, басқа бағыттар бойынша 6 адамнан 52 млн. 145 мың теңгеге өтінім берілді. Мал шаруашылығы бағытына байланысты 25 адамнан 170 млн. 625 мыңға, басқа бағыттар бойынша 4 адамнан 33 млн. 90 мың теңге мақұлданды. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарына «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша төрт шаруа қожалығына – 77 млн. 800 мың теңге берілсе, бес бірдей шаруа қожалығының құжаттары 110 млн. 300 мың теңгеге мақұлданып, аудан бойынша 226 млн. 880 мың теңгеге 18 дана техника алыныпты.
Аудан экономикасының қайнар көзі ауыл шаруашылығына тиесілі. Сондықтан аудан еңбеккерлерінің өлшеусіз жұмыстары жайлы таңды-таңға ұластырып айтуға болады. Жұмылып жұдырық болғанның арқасында шаруалардың да әл-ауқаты жылдан-жылға жақсаруда.
Жалпы ауыл шаруашылығының құлаш жаюының арқасында ауыл көркі де ажарланып келеді. Төрт түлік өсіріп-өргізіп отырған соң басымдық дала және мал саласына берілуде. Өзге салалар да назардан тыс қалып жатпағанын тілге тиек еткен аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы мал шаруашылығы саласы бойынша бес айда өндірілген өнім көлемін де атап өтті. Айтуынша ауданда 49,2 мың бас ірі қара, 246,9 мың бас ұсақ мал, 28,3 мың бас жылқы, 223 бас түйе, 26,1 мың бас құс бар. Ал аудан бойынша жалпы 1,5 мың басқа арналған 7 тауарлы сүт фермасы, 3,5 мың басқа арналған 9 бордақылау алаңы болса, жыл басынан 310 тонна ет өндірілген. Алдағы уақытта ауданның бордақылау алаңдарын, сүт-тауар фермаларын толық жүктеп, қайта өңдеу өндірістерін салу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жасалуда.
«Шаруа қожалықтарына Үкімет тарапынан беріліп отырған жеңілдетілген несиелер және берілетін субсидиялар туралы хабарландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Жыл аяғына дейін ауыл шаруашылығындағы атқарылған жұмыстар бойынша жоғары межеге жетеміз деген ойдамыз», – дейді аудан басшысы.
«Елде болса ерінге тиеді» деген осы. Ендеше, еңбекші елдің ырысы мол болғай. Ал көсегесі көгерген Көксу ауданының еңбеккерлері ерлеп тұр…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ