НӨЛДЕН БАСТАЛҒАН БИЗНЕС

0
774

Көпбалалы ана ретінде мемлекеттен берілген  қолдау арқылы  тегін білім беру жобасына қатысқан Ескелді ауданының тумасы  Аида Баймұханбетова аз уақыттың ішінде аудан орталығынан тігін цехын ашты. Айтуынша, осындай  мүмкіндікті пайдаланбағанда, тігінші болу деген ой үш ұйықтаса  түсіне кірмеген.

Оның мамандығы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Ұстаздық жолда 20 жылдай еңбек етті.

«Таңғы және түскі ауысымда қатар жұмыс істеп, алғашқы екі баламның қалай өскенін байқамай қалдым. Үшінші баламды  дүниеге әкелгенде жұмыстан кетсем бе деген ой мазалай бастады. Алайда, ипотекаға алған баспананы  төлей алмай қалармын ба деген ой  райымнан қайтарды. Ал 2018 жылы төртінші мәрте декреттік демалысқа шыққанда тағы сол мектепке  қайтып бармауды ойладым. Осылай, 2019 жылы  бесінші  мәрте ана атанып, тек 2022 жылы ұстаздық жұмыстан біржола қол үздім», – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

2022 жылы Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары жаңадан құрылып, аталған аймақтарда тегін білім беру жобасы іске асырылды. Аида ханым осы мүмкіндікті пайдаланып, 2022 жылы Айжани Нұрланқызының  «Табысты отбасы» әлеуметтік пилоттық жобасына қатысады. Мұнда бизнес ашудың жолдары, ондағы мүмкіндіктер мен өзіндік фишкалары түсіндіріліп, тренингтер өткізген мамандар теория тұрғысында бір ай бойы пайдалы ақпараттарымен бөліседі. Онда кірпік жасау, тігін тігу, кондитерлік және ерлерге арналған автодәнекерлеуші мамандықтары бойынша төрт бағытта практикалық білім береді.

«Практикалық білім аларда кондитерлік пен тігіншілік бойынша таңдау жасауға тура келді. Екеуі де жаныма жақын болғанымен, таңдауым  тігін тігуге түсті. Мұнда түрлі фишкаларды үйреніп, киім тігудің қыр-сырын меңгердім. Оқуды бастаған шақта киім өлшемін алуды да білмейтінмін. Қазір  алған  білімімнің және тағы  басқа онлайн курстардың арқасында кәсіби тігіншіге айналдым десем болады. Аталған жобаға «Самұрық-қазына» АҚ демеушілік жасады. Оқу аяқталған соң  арнайы құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Тігіншілікті оқыған бес адамның әрқайсына 2 тігін мәшінкесінен  берілді, – деп сөзін жалғады ол.

Қолдағы мүмкіндікті пайдаланып Қарабұлақтағы сауда үйлерінің бірінен жалға орын алып, жұмысын бастаған   кәсіпкер тапсырыс алудың жолын ойластырады. Алғашқы тапсырысы  аудандағы Мәдениет үйінен түседі. Яғни осындағы 136 балаға бес түрлі концерттік киім тігеді.

2023 жылы «Бизнес бастау» жобасы арқылы мемлекет тарапынан екінші мәрте қаржы алуды көздеп,  өзінің бизнес жоспарын құрады. Кестелеу және принт басумен айналысу бойынша құрылған жоспары жүзеге асып, 1 млн. 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа ие болып, кестелеу машинасын, үстел мен қажетті  тағы басқа құрал-жабдықтарды сатып алады.

«Басында өзгелердің 0 теңгемен бизнес бастадым деген сөзіне: «Қаржы салмай  бизнесті қалай  бастайсың?» деп күлетінмін. Алайда, мемлекеттен көрсетілген көмек арқылы мен де қалтамнан қаржы шығармай, жұмысы жүріп тұрған цехтың иесі атандым. Негізі көзі ашық адамға мемлекеттен түрлі мүмкіндіктер беріледі екен. Бастысы оны дұрыс пайдалана білу керек екеніне  көзім жетті. Болашақта  тағы да басқа онлайн, офлайн курстармен білімімді шыңдап, шәкірт тәрбиелеу ойымда бар. Басты ұстанымым – бір орында тоқтамай, өзімді жетілдіру», – дейді Аида ханым.

Бүгінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша өзгелерді де тұрақты жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміз, алдағы күндерде тігіннің тілін түсінетін мамандардың санын арттыруды көздеуде.

 

Г. ЕРМҰХАНҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ