ТАЛПЫНҒАНҒА ТАУДАЙ НӘСІП БАР

0
248

Шыны керек, елімізге оралған, әсіресе, Қытай елінен келген қандастарымыз өте еңбекқор. Саудаға, қызмет көрсету саласына, қара жұмысқа да бейім. Әйтеуір тыным таппайды. Шағын ауылдың өзінде табыс көзін тауып, еңбек еткен қандастарымызға қарап жергілікті халық та етек-жеңін жия бастаған секілді ме дейсің… Өзгеге үлгі болып отырған осындай еңбекқор қандастарымыздың бірі – Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында тұрады.

Мақалаға арқау болған кейіпкеріміз Нағызған Тілек Қытай Халық Республикасындағы Тарбағатай өңірі, Тола ауылында дүниеге келген. Сол мекенде мектеп бітіріп, жастайынан еңбекке араласты. Дәнекерлеуші мамандығын алып, қытайлардың жанында жүріп, мотористің жұмысын да игерді.
– Шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болған соң атамекенге оралуды мақсат еттім. Сөйтіп, он жыл бұрын Қазақстанның азаматы боламыз деп шешім қабылдап елге келдік. Себебі Қытай елінде бұрынғыдай емес, жастар қазақ тілін ұмытып барады. Өйткені саясат сондай, оған ешкім қарсы шыға алмайды. Мысалы, қазір сонда қалған әпкелерімнің қыздары қазақша амандасуды ғана біледі. Бұйыртса оларды да елге алдыртсақ па деп отырмыз. Өз басым ата-анамды, отбасымды алып Қазақстанға келгеніме ризамын. Қытайда дүниеге келген үш балам ешқандай қысым көрмей, ана тілімізде еркін сөйлеп, өсіп келеді. Мұнда келіп егіз ұлды болдық. Бұл да бір Алланың бізге берген сыйы ғой, – деп ағынан жарылды Нағызған Тілек.
Елге келген соң үш жыл моторист болып жұмыс істегенімен, алатын саймандары тапшы болғандықтан бұл кәсіпті жүргізу қиынға түскен. Содан талмай ізденудің арқасында өзбек халқының өкілдерінен тандыр нан пісіруді үйренеді. Содан нан пісіріп, оны сатқанымен бұл істе саудасы алға баса қоймайды.
Нәсіпті кәсіп іздеген ол етік тігу ісін қолға алмақшы болады. Сөйтіп, көрші ауылдағы таныс ағасынан барып етік тігуді үйренеді. Осылай кішкентай ғана ескі етік тігетін мәшінке сатып алып, соған риза болып жүргенде мемлекеттен қайтарымсыз гранттар берілетінін естиді. Ол кезде қазіргідей миллион деген жоқ, шамамен 270 мың теңгедей грантты жеңіп алады. Мемлекет қолдауының арқасында Нағызхан Тілек кәсібін одан әрі дамытып қана қоймай, білімін жетілдіруге де ден қояды. Осы орайда Астанаға барып, ел арасында етік тігудің шебері атанған, өзінің жеке брендін қалыптастырып үлгерген Самғау есімді жігіттен білім алады. Білімге құйған ақшасы зая кетпей, етік тігудің сан түрлі қыр-сырын үйренеді.
Осылай ауылдан, қаладағы сауда орталықтарынан орын алып, кәсібін дамытуға бел сыбана кіріседі. Алайда, «онлайн сауда» дамығалы дүкенде отырып саудалаудың мардымсыз екенін біліп, түрлі курстарды оқи жүріп, әлеуметтік желіде сауда-саттық жасаудың да тәсілін игере бастайды. Сөйтіп, Тик-Ток желісі арқылы өзінің тіккен аяқ киімдерін көрермендерге көрсетіп, онлайн сауданы бастап кетеді.
– Шүкір, онлайн саудаға көшкелі бері аяқ-киімдерім өтіп жатыр. Бүгінде айына 20-25 аяқ киім сатылады. Қуантарлығы, қазір аяқ киімнің табаны мен желімін ғана Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркиядан аламыз. Басқа қажетті жабдықтарды, атап айтсақ, былғарысы, етіктің ішіне тігілетін жүні, табанның бетіне салынатын бұқаның терісі қайыс та өзіміздің Тараз, Шымкент, Алматы қалаларынан шығады. Бұрынғыдай Қытайға ауыз ашып отырмаймыз. Алғашында өзімізден шыққан жүннің иісі болатын, оны өзіміз соңына дейін өңдеуге тура келетін. Ал қазір түк иісі жоқ. «Біздің мамандар да бәсекеге қабілетті шикізатты шығаратын болды-ау» деп қуанып отырамыз, – дейді кәсіпкер сатып алынған терілерін көрсетіп.
Кәсіпкердің сөзінше, таза былғарыдан тігілетін етіктердің бағасы 25 мың теңгеден басталып 45 мың теңгеге дейін барады. Аяқ киім тіккізгісі келетіндер маманға хабарласып, қонышы ұзынын да, қысқасын да, оюлысын да, ерлер мен әйелдерге, балаларға да арнап тапсырыс беруге болады екен.
«Жетістікке жеткен әр еркектің артында мықты әйелі болады» демекші, Нағызхан Тілектің де зайыбы күйеуінің жанында үнемі қолдау көрсетіп жүріп, етік тігу кәсібін игеріп алған.
– Екеуміз шаңырақ көтергелі жолдасым бір күн де жұмыссыз жатқан емес. Осы күнге дейін сәтсіздіктер болды. Бірақ мен әрқашан оған сенетінімді айтып, қолдау көрсетіп отырамын. Сондықтан болар, берекеміз артып, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, – дейді Наурызхан Мұхтарбекқызы.
Кейіпкеріміз кәсібін одан әрі өрлету жолында бизнес жоспарын жазып, мемлекеттен 3 млн. теңге грант ұтып алып, Алматы қаласынан етік тігуге арналған бірнеше тігін мәшінкесін сатып алады.
«Еліміз мұндай қолдау көрсетіп жатқанда қалай қол қусырып отырамыз?! Ізденсе, талаптанса екі қолға бір жұмыс табылады. Міне, қолдау да бар. Ең бастысы жатпау керек. Білмесең сұра, бару керек болса бар. Ұялып, жасқанатын кез емес», – деп сөзін жалғаған Нағызған Тілек еліміздің кәсіпкерлерді қолдау саясатына деген ризашылығын да білдірді.
Ізденуден шаршамайтын кәсіпкер осыдан екі-үш ай бұрын (400 мың теңге төлеп) еліміздегі мобилографияның атасы атанған Қыран Талапбектен алған сабағының арқасында ісін одан әрі дөңгелетіп, нәтижесін де көре бастаған. «Тик-Ток желісіне салып жатқан бейнероликтерімнің сапасы артып, клиенттер көбейді», – деген ол елімізде етік тігу сияқты кәсіпте бәсекелестіктің жоқтығына назар аударылып, қолға алынса, бәрі де табысқа жететінін айтты.
Кәсібін нәсібіне айналдырып, ұлттық өнерді жандандыруға үлес қосып отырған Нағызхан Тілектің алға қойған мақсаты көп. Ең бастысы – еліне адал еңбек етіп, балаларын да еңбекке баулуды мақсат етеді… «Несиемді мемлекет неге кешірмейді» деп үкіметке өкпелеп жүргенше, әр қазақ осы Нағызхан Тілек сияқты ізденіп, мемлекеттің беріп отырған көмегін пайдаланса, талпынса, береке де келеді емес пе?!

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ