«АЙНҰР СПИКЕРДІҢ» ТІЛ ҮЙІРЕР ТОРТЫН ЖЕП КӨРДІҢІЗ БЕ?

0
1222

Кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтып жүрген жастар аз емес. Алайда, кәсіпті игеріп кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл, әсіресе, айлықтан-айлыққа әрең күнелтіп жүрген жастар үшін үлкен арманға айналған. Ал «Тәуекел түбі жел қайық, мінесің де кетесің» дегендей, шақшадай басын шарадай етіп, түрлі идеясын түрлендіре отырып кәсіп ашқандардың бірі – Көксу ауданының тұрғыны Айнұр Болатханқызы.

Қолынан шыққан тәтті торты тіл үйірген Айнұр қыздың тегі менімен аттас болғанына қайранмын. Айнұр Бұлғақованың тәттілер дайындайтын орны аудан орталығындағы «Айтуби» көшесінде орналасқан. Алдымыздан қарақаттай қара қыз шығып, күлімдеп қарсы алды. Жанарынан от шашып, қабағынан күн көрінген арудың жұмыс орнына бас сұқтық. Даладағы аптап ыстықтан алқынып торт пісіретін ғимаратқа кіргенімізде бейнебір «Теміртаудағы болат балқытатын өндіріс орнына кіргендей күй кештік» десем асыра айтты демеңіз… Бізді қарсы алған қара қыз да мұсылман жолында жүргендей бүркеніпті. Тойға піскен тоқаштай онын бізге деген ықыласы да ыстық болды. Құдай жылулықтан айырмасын, суысқандар онсыз да көп қой деп танысып біліскенше Айнұр да салқындатқышты іске қосты. Арадағы жеке таныстық пен білістіктен кейін әңгімені Айнұр сұлудың кәсіп ашудағы жолына бұрдық.
Айтуынша, жеке кәсіп ашуды көптен бері ойластырып жүріпті. Бұл салаға келгенге дейін балабақшада тәрбиешілік қызмет атқарып, кәсіп ашуды көп ойланып барып, қолға алған. Бүгінде шағын бизнесін диірменнің тасындай дөңгелетіп отыр.
2020 жылы әлемді жайлаған тажал «ковид» індеті өршіген тұста торт жасап сатуды қолға алыпты. Кәсіптің алғашқы бастауын үйден бастаған кәсіпкердің қолынан шыққан тәтті де дәмді тортқа сұраныс артып, сатып алушылар көптеп келе бастаған. Тортқа деген сұраныстың күн санап артқанын аңғарған жас кәсіпкер осы кәсіппен түбегейлі айналысуға бел буа кіріседі. Құдай қосқан қосағы Ермек Саматұлымен ақылдасып «Айтуби» көшесінің бойынан екі бөлмелі шағын ғимаратты жалға алып, құрал-жабдықтармен жабдықтап, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алады. Жаңа кәсіп бастағандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардан шет қалмай, байқауға қатысып, ең алғаш 180 мың теңге ұтып алып, оған тоңазытқыш және тәтті тағамдар пісіретін пеш сатып алады. Қосымша тапқан табысынан тағы да тиісті құралдарды толықтырады.
«Кәсіпте өзімді қамшылап келемін. Әрі жасаған тәттілерімнің тез өтуін қалаймын. Себебі тез бұзылып кетеді. Сондықтан тапсырысты ретіне қарай жасап, тұтынушыларға дер кезінде жеткізіп тұрамын. Өндірген өнімнің сапасы көңіл көншіткендіктен аудан көлеміндегі елді мекендерден де тапсырыс берушілердің саны артып келеді. Той-томалақ кезінде қарбаластан қолымыз босамайды. Бұрын аудан ішінде ғана тапсырыс қабылдасақ, қазір Талдықорған қаласынан да тапсырыс берушілер артты. Ертеден кешке дейін осы шағын цехта отқа күйіп, өз маңдай теріммен тапқан адал табысыма дән ризамын. Жолдасым спорт мектебінде дзюдодан жаттықтырушы. Төрт балам бар, үлкені 16 жаста, барлығының да кондитерлік кәсіпке икемі бар. Бос уақыттарында маған келіп көмектесіп, жәрдем көрсетеді», – деген Айнұр қыз күн сайын әзірленген торттың бірнеше түрі жақсы өтетінін де тілге тиек етті.
«Сәлем» дүкеніне және Талдықорғандағы «Ақсарай» мейрамханасына торт апарып тұрамыз, келіп алып кететін кісілер де көп, – дейді ол.

Мен – Бұлғақова Айнұр Болатханқызы, (өз тегім Шаймерденова) 23.04.1988 жылы Ескелді ауданы Алдабергенов ауылында дүниеге келгенмін. 1994-2005 жылдар аралығында Матай Байысов орта мектебінде оқып, Көксу ауыл шаруашылық колледжінде аграном мамандығы бойынша диплом алдым. Кейін Алмат қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университетіне сырттай оқуға түсіп, Көксу ауданында тәрбиеші, әдіскер болып жұмыс жасадым. Үшінші мәрте ана атанғанымда кондитер боламын деген шешімге келдім. Қазіргі таңда төрт баланың анасымын.

Кәсіптің қыр-сырын меңгерген Айнұр өңірдегі кәсіп ашқысы келетін жастарға өз тәжірибесімен бөлісіп, оларды оқытып, үйретіп отырады екен.
«2023 жылдан бастап «Айнұр кондитер» атты үш айлық оқыту курсын ашып, 10 оқушыны оқытып, оларды жұмыспен қамтудамын. Қазір цехта өзіммен бірге жанымда 4 жұмысшы бар. Жалақысы күніне 7 мың теңге, айына 210 мың теңге табыс табады. Қажетті шикізатты Алматыдан алып келеміз, қалған керекті «кілегей», «сгущенка» сияқты өнімдерді «Нұрым» дүкенінен аламыз», – дейді Айнұр Бұлғақова.
Кәсіптен нәсіп тапқысы келген әрбір адам ерінбей, жалықпай, көргенін көңілге түйіп, оқып үйренуі тиіс. Бұл жас кәсіпкер Айнұрдың берік ұстанымы.
Кейіпкеріміз болашақта жалға алып отырған жерді ақы-иесі келіссе сатып алып, үлкен ғимарат салуды жоспарлап отыр. Қол астындағы жұмысшылардың да санын арттырып, тәтті тағамдардың түр-түрін пісіріп сатуды алдына мақсат етіп қойған. Қазірдің өзінде сатып отырған өнімдері «вупи пай», «молочная девочка», бисквит», «микс» және тарыдан «пирог» аудан халқының сұранысында. Болашақта үлкен ғимарат салып, заманауи техникалармен жабдықтап, аудан ғана емес, Талдықорған қаласын да тәтті тағаммен қамту ойы барын да жасырмады кондитер. Себебі сапалы өнімге сұраныс әр уақытта бар. Аудан ішінде тұрғандықтан торттың бағасы аса қымбат емес, кішілері – 2300 теңге болса, үлкен торттың бағасы – 3600 теңге.
«Өнім өндіргеннен кейін тұтынушылар талғамына сай болғанын қалаймыз. Торттың дәмді болғанынан бөлек оны безендіру, түр-түсін құбылту, әрі қаптамасына дейін назар аударамыз. Торттың сыртқы қорабын Алматыдағы «Фаруст» деген фабрикадан екі аптада бір барып 800-1000 данаға дейін тапсырыс беріп алып келеміз», – деген бармағынан бал тамған жас кәсіпкердің алда талай белесті бағындыратынын бүгінге дейінгі қам-қарекетінен байқауға болады.
Өзімде ғана болмасын, өзгелер де осы кәсіпті меңгерсін деген қазақтың қарапайым қара қызының іскерлігіне тәнті болдық. «Тойларда үлкен қылып «30х40» пирогтарын жасаймыз» деген Айнұр алғаш бұл жерді ашқанда «Көксу кулинария» деген атаумен бастапты. Кейін бір қыз «Айнұр спикер» десеңіз әдемі естіледі деп ұсыныс айтып, қазіргі күні осы атау-мен жұмысын дөңгелетуде. Кондитер онлайн түрде тұтынушылар тарта білудің қыр-сырымен де бөлісті. Айтуынша, көптеген мейрамханадан тәтті тортқа сұраныс алады, сонымен қатар шама-шарқына қарай қайырымдылық жасап тұратынын да жасырмады.
Талдықорған қаласынан да жер алып кәсібімді жандандырсам деген қара қыз әңгіме желісінде кәсіпті бастау қиын болғанын, алғашқы үш ай жалғыз өзі пештің жалына күйіп жүріп торт пісірген күндерін еске алды. Бес жыл оқып алған дипломымен балабақшада істеген жұмысын тастап, кәсіпкерлікке ден қойып, өзіне де, өзгеге де жұмыс беріп отырған қара қыздың қайсарлығына біз де дән риза болдық.
«Жылқы баласы кісінескенше, адам баласы сөйлескенше» демекші, мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз айтыстағы Айнұр емес, Көксудағы тәтті торт пісіретін Айнұр. Ел ішіне «Айнұр спикер» ретінде танылған сұлу қыздың қолымен жасаған тортын жеп көрдіңіз бе? Көрмесеңіз, тіл үйірер тортынан алыңыз, өкінбейсіз…

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ