СУСЫЗ ӨМІР ЖОҚ, СУДАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП

0
81

Батыс және Солтүстік өңірлерде болған көктемдегі су тасқыны Оңтүстік өңірлерді де шарпып өтті. Табиғаттың тосын апаты десек те тілсіз жау жайбасарлықты көтермейтінін тағы бір көрсеткен болатын. Оның үстіне биылғы ерте көктеммен басталған жауын-шашын шілде айы біткенше жиілеп жауып тұрды.

Елді мекендер тұрмақ қаланың ішіндегі көше суларын кешіп жүргендер аз болған жоқ. Арық-тоғандар мен су жүретін арналардың бітеліп қалуы, не болмаса кезінде салынған құрылыс жүйелерінің көзбояушылыққа баруынан ағынды сулар жауынмен араласып топан суға айналып кету қауіпінің алдын алу шаралары қай деңгейде жүріп жатыр? Төтенше жағдайға қала және маңайдағы елді мекендер қаншалықты дайын? Одан бөлек, егістік алқаптардағы су жүйесінің түйткілді мәселелері қалай шешілуде? Осы сауалдар төңірегінде Талдықорған қаласы мен Ескелді және Көксу аудандарының әкімдігінен алынған ақпаратқа көз жүгіртелік.
2002 жылдан бастап облыс орталығына айналғалы Талдықорған қаласы күннен-күнге іргесін кеңге жайып келеді. Сәулетті ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлер салынып, шағын аудандар саны артуда. Одан бөлек, бұрын қала есебіне кірмейтін саяжайлар да біртіндеп, кезең-кезеңімен қаланың балансына алынып, жол, мектеп, ауыз су, газ, электр жүйелері тартылып, көпірлер салынуда. Шаруашылықпен айналысып жатқан Өтенай, Еркін ауылдық округіне қарасты аймақтарда егістік және мал шаруашылықтары бар. Жалпы, қаланың арық желілерінің ұзындығы 374,6 шақырымды құрайды (оның ішінде 195,8 км темір бетон каналына қарасты, 178,8 км жер арнасында және 710 арық көпір өткелдері). Сондай-ақ, ұзындығы 23,7 шақырымды құрайтын 7 шаруашылық-ішілік (Кемерашы, Самал, Ынтымақ, Он-Озек, Шығыс, «Шығыс-1», Қаратал) бас каналдары бар. «Оң көзің сол көзіңе қарауыл болсын» демекші, осы нысандар қала әкімдігінің балансында. 2017 жылы Шығыс, Еңбек, Кемерашы магистральдік шаруашылық-ішілік арналарына күрделі жөндеу жүргізілген. Дала жұмыстарымен айналысатын шаруаларға бар жағдай жасау басты мақсат. Мәселен, «Шығыс» каналы – 6 км, 30 га суармалы жерді, «Кемерашы» каналы – 5,1 км, 556 га, «Еңбек» каналы – 7,5 км, 606,9 га суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. 2020 жылы Ынтымақ магистральдік шаруашылық-ішілік каналына күрделі жөндеу жүргізілген. Ұзындығы 3,9 км, 60 га суармалы жерді сумен қамтамасыз ету үшін бүгінгі таңда бұл каналдардың арналарын тиісті дәрежеде ұстауда қала әкімдігі «Қазсушар» РМК балансына беру үшін құжаттар дайындалып жатқан көрінеді. Жалпы, каналдар арқылы жүретін судың жылдық шығыны 17 млн. м3 құрайды. Ал 2024 жылы қалаға суармалы су алу үшін төлем 20,8 млн. теңгені құрайды. Мәселен, 2023 жылы 2,5 шақырым арық желісін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілген.
Су шаруашылық үшін аса қажет болса, одан келетін қауіп-қатер де назардан тыс қалмауы керек. Себебі, от пен су – тілсіз жау. Сондықтан өзендер мен арықтардың, каналдардың арналарын жылма-жыл тазалап, тиісті шараларды атқарып отырмаса, оның арты үлкен апаттарға апаратынын жетісулықтар жақсы білуі тиіс. 2010 жылы «Қызылағаш» су қоймасындағы үлкен апат, су тораптары мен қоймаларына, арық көздеріне жіті қадағалау болмағандықтан адам шығынына жол берілген болатын. Қала әкімдігінің есебі бойынша 10,7 шақырым арықтар желісіне ағымдағы жөндеу жоспарланып отырғанын, қазіргі таңда мердігер ұйымды анықтау бойынша байқау рәсімдері жүргізілуде екен. Сонымен қатар, 2,8 шақырым суару арналарын реконструкциялау мақсатында бір жобаны іске асыру жоспарланыпты.
Арнайы мәліметке көз жүгіртсек, қала ішіндегі 8-9 шағын аудандарда құрылыс жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің аумағындағы арық желісін көшіруге қатысты (ұзындығы 2,8 шақырым сомасы 134 млн. тг. 2023 жылы) сараптаманын оң қорытындысы алынып, байқаудың іс-шаралары жүргізіліп жатқаны да белгілі болды. Сонымен қатар, қала аумағында ұзындығы 10,7 км арық желісіне ағымдағы жөндеу жүргізуге «Аякс» ЖШС-мен келісімшарт рәсімделіпті, (сомасы ҚҚС есебімен 312 млн. теңге болатын) бұл жоба үш кезеңмен жүзеге аспақшы екен.
1- кезең, ұзындығы 3,6 км, хабарландыру сомасы 95,6 млн. теңге.
2 — кезең, ұзындығы 3,5 км, хабарландыру сомасы 92,8 млн. теңге.
3 кезең, ұзындығы 3,5 км, хабарландыру сомасы 92,8 млн. теңге.
2024 жылы «Автовокзал» учаскесінде жұмыстарды бастау бойынша іс-шаралардың жоспарланып жатқанын әрі арық желісіне қызмет көрсету үшін қайта байқау жарияланған (конкурстық құжаттаманы толықтыруға байланысты бірінші байқау тоқтатылғанын), жарияланған сома 54,6 млн. теңгеге бағаланыпты.
Қызмет көрсету шеңберінде қарастырылған жұмыстар бойынша: «Лай мен кірден тазарту», «Ысырманы орнату», «Қоқысты ұстауға арналған торларды орнату 80 дана», «Люктерді орнату 50 дана», «205 м көлбеу (создание уклона) жасау», «30 м көпір өткелдерін ауыстыру жұмыстарына байқау қорытындысы шыққан уақытқа дейін «Жақсымбет» ЖШС мердігерлік ұйымы суды іске қосу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын, атап айтқанда бас каналды тереңдету, көпір өткелдерін тазарту жұмыстарын биылғы жылы сәуір айынан бастау алғаны мәлім болды.Ал қала көшелеріндегі арық желісін тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Арық көздерін ашу, күл-қоқыстардан тазарту қоңыр күзге дейін жалғасын табады. Алайда, Жастар-1 шағын ауданындағы арық жүйесіндегі су арнасынан асып, көшеге жайылып жатқанын көзіміз шалды. Бұған қала әкімдігін айыптаудың еш қажеті де жоқ, сол маңайда тұратын тұрғындар арық көздеріне қарбыздың шапағын, қағаз, тағы басқа да қоқыстарды тастаудың себебінен су ағатын арналар бітеліп, ағын су жағаға жайылуда. Бұл көшеге төселген асфальт жолдың бұзылуына алып келеді. Қала тұрғындары да арық тазалауды әкімдіктің жұмысы деп жобалайтын көрінеді. Бұл қате пікір. Тұрғындар көше бойындағы арық-тоғандарға күл-қоқыс тастамаулары тиіс. Су – тіршілік нәрі, сондықтан оны тиімді пайдалану қажет, қаланың көгалдануына да осы су жүйелері қызмет жасап тұр.
Көксу ауданындағы өндірістік учаскесінде жалпы ұзындығы 767,8 шақырымды құрайтын 81 канал су пайдаланушыларға қызмет көрсетуде. Оның ішінде 261,2 шақырым бетон және 506,6 шақырым жер каналдары бар. Қазіргі таңда каналдардың жай күйі қанағаттанарлық жағдайда, тасқын кезінде каналдарға қауіп қатерлер байқалмаған. Арық-тоғандарға қатысты тазарту ісінде шешімін таппаған мәселелер жоқ, жылма-жыл іс-шаралар жүргізіліп, бақылауда ұсталады.
«Құдай да сақтанғанды сақтайды» демекші, табиғаттың айтпай келетін тосын апаттарына сақадай сай болу басты міндет болып табылады. Төтенше жағдай қызметкерлерімен тізе біріктіріп, алдын ала су жүйелері жүретін каналдарды, арық-тоғандарды, су тораптарын жүйелі бақылауда ұстау қажет. Биылғы Солтүстік, Батыс және Абай облыстарында болған тосын апаттар бұл жұмысқа бей-жай қарамаудағы тағы бір қатаң ескерту болды деген көксулықтар каналдар арқылы егістік алқаптарына баратын судың шығыны өткен жылы 85 410 285 теңгені құрағанын айтады.
Жалпы «Ислам даму банкі» арқылы қарыз есебінде 9 каналға (Науа-тоған, Қызыл-Ауыз, Көктоған, Шекара, Межевой, Жекмет-1 жер тоған, Жекмет-2 лоток, Р-1, Р-3) жалпы құны 7,2 млрд. теңге болатын, ұзындығы 108 шақырым каналды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталуда екен. Оның ішінде, 13282 метр Г-блоктары және 51576 метр темір бетон науалары ауыстырылған. (Мердігер компания «Казстройподряд» ЖШС, автор «Гидротехник жоба», техникалық бақылаушы «Temelsu/Suyapi International Engineering Services Inc.» АҚ құрылыс мерзімі 2023-2026 жылы аяқталуы тиіс). Ал арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 280 км құрайды. Соның ішінде Балпық ауылдық округі бойынша арық жүйесі 90 км ұзындықты құраса, Балпық би ауылының арық жүйелерін тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында «Туранга KZ» ЖШС 6 480 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Қалған 9 ауылдық округ бойынша арық желілерінің тазалығына бюджеттен қаражат қарастырылмапты.
Ескелді ауданы бойынша берілген ақпаратқа көз жүгіртсек, каналдар мен арналардың жағдайы қанағаттанарлық екен.
«Жыл сайын жоспарлы түрде ағымдағы жөндеу, реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Аудан аумағына тиесілі өзендер бассейндік басқармалардың теңгерімінде, бұл жағдайда Қаратал өзені Балқаш-Алакөл бассейндік басқармасының теңгерімінде. Филиал балансындағы Қаратал өзеніндегі су шаруашылығы объектілерінде тасқын кезінде қауіп-қатерлер биыл болған жоқ. Көктемгі су тасқыны аз болды және филиалдың су шаруашылығы объектілеріне залал келтірмеді, авариялық жағдайлар туындамады. Жалпы жағдай үнемі бақылауда. Жыл сайын ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылдың көктемінен бастап бүгінгі күнге дейін механикаландырылған тазарту жұмыстары 163,2 шақырым ұзындықта, бетон жұмыстары 261,1 м3 көлемде жүргізілді. Жөндеу жұмыстары 14 бірлік гидротехникалық құрылыстарға, 10 бірлік гидрометриялық бекеттерге жасалынды. Барлық өндірістік учаскелер су тұтынушылардың өтінімдеріне сәйкес суармалы су беруде. Вегетациялық кезең қалыпты режимде өтуде. Ал каналдар арқылы егістік алқабына баратын судың жылдық шығыны ауа-райына, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің келісімшарт жасауларына және тарифке байланысты жылдың аяғында есептеліп белгілі болады», – делінген берілген мәліметте.
Сондай-ақ, әкімдік берген ақпарат бойынша бүгінгі күні Жетісу облысында «Ислам Даму Банкі» қарыз есебінен «Ирригация және дренажды қалпына келтіру» жобалары іске асырылуда екен. Жобалардың негізгі мақсаты – суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін арттыру үшін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру және бұрын істен шығып кеткен суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосу. Жобалар Ақсу, Көксу аудандарында іске асырылып, Ескелді ауданында аяқталмақ.
Су – тіршілік көзі. Әлем елдерін алаңдатып отырған су мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында кеңінен айтқан болатын. Су көздерін тазалау, тораптар мен су қоймаларын әрі өзен көлдердің арналарын, жыра-тоғандар мен каналдарды күтіп ұстау басты назарда болуы тиіс. Қыс қатаң болып, қар қалың түсіп, көктем шыға жер тоңы күрт жібігенде, төтенше жағдайға сақадай саймыз деген өңірлердің шикілігі биылғы көктемде көрініс бергенін, оның арты адам шығынына ұласып, елді мекендегі тұрғындар топан су астында қалғантын. Жетісу өңірі бұл апаттан аман өтті. Ал Алматы облысын біраз дүрбелеңге салғанын ел ұмыта қойған жоқ. Ендеше, сусыз өмір жоқ, судан келер қауіп көп екенін де естен шығармайық.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ