АРТҚАН ҮМІТ АҚТАЛМАДЫ
Есімі ел жадында мәңгі сақталған алып тұлғаның атында өткен әлеуметтік жобаға журналистер наразылығын білдірді.
Күні кеше журналистер үйінде «Бейсен Құранбек журналистер мектебі жобасын қорытындылау» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. «Аяулы алақан» қоғамдық қорының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Жансерік Байденов жоба барысында атқарылған жұмысты қорытындылады.
Аталған әлеуметтік жобаның негізгі мақсаты — Жетісу облысында Бейсен Құранбектің журналистер мектебін құра отырып, өңірдегі БАҚ өкілдерінің, баспасөз қызметкерлерінің, блогерлер мен журналист-студенттердің кәсіби және сараптамалық біліктілігін арттыру болған. Алайда жоба барысында өткізілген оқу курсына баспасөз қызметкерлерінің көңілі толмады. Олардың айтуынша, бірнеше тақырыптан тұратын мастер-класс ешбір презентациясыз, кейстер келтірусіз, тек қарапайым сөзбен өткізілген. Презентация болған күннің өзінде талқыланған тақырып пен көрсетілген материал мүлдем бір-біріне сәйкес болмаған. 2 сағаттық әр курстың іліп алар, қызмет барысында қолданар жаңашыл тұсы жоқ деген бірнеше журналист брифинг барысында ұйымдастырушыларға түрлі сауалдарын қойды.
Бірнеше бағытта өткізілген жоба барысында журналистер мектебі құрылып, «Өңірлік журналистер пулы» қалыптасыпты. Жоғарыда аталып, сынға іліккен курстың негізгі мақсаты кәсіби журналистикалық құзыреттілікті қалыптастыру, шетелдік кәсіби медиа мамандарының қатысуымен жаңа білімге қол жеткізу болған. Курста «Медиаэтика және медиасауаттылық», «Дата журналистика», «Мультимедиялық журналистика», «Мобилография негіздері», «Копирайтинг», «Фактчекинг», «СММ қызметі», «Медиа мамандарын қоғаммен байланыс орнату», «Медиа ақпараттық сауаттылық», «Әлеуметтік желідегі мәдениет» тақырыптары аясында журналистерге қосымша білім беру қажет еді.
Бір әттеген-айы сабақтың жүйесіз, қадағалаусыз өткені болды — дейді БАҚ саласында бірнеше жылдық еңбек өтілі бар қаламы қарымды журналистер қатары. Сонымен қатар, брифинг барысында еліміздегі білікті, көпті білетін, Бейсен Абайұлының көзін көріп шәкірті болған журналистердің шақырылмағанына қатысты да ескерту айтылды.
Жоба аясында атқарылған келесі бір жұмыс газет, теледидар немесе радио редакциясында «Өңірлік медиа мамандарына арналған» байқаудың өтуі. Тағылымдама нәтижесінде 7 БАҚ өкіліне бір реттік Бейсен Құранбек стипендиясы тағайындалды. Жеңімпаздар Астана және Алматы қаласында орналасқан Қазақстан, Астана телеарналарына, Егемен Қазақстан газеті, Ана тілі, Алаш, Курсив баспалары, «Адырна» ұлттық порталы, Massaget, ULT MEDIA сайттарына 3 күндік тәжірибе алмасуға барады.
Ал, енді «Өңірлік медиа мамандарына арналған тағылымдама» байқауы жайлы сөз өрбітер болсақ, түрлі олқылықтарды ауыз толтыра айтуға болады. Байқауда БАҚ қызметкерлерімен қатар журналистика мамандығының 4 курс студенттері де бақ сынады. Өтінім беріп, арнайы чатқа қосылған күннен бастап-ақ тағылымдаманың тапсырмасы түсініксіз түрде берілді. Студенттер тек байқауға қатысушылардың саны көп болсын деген мақсатта «массовка» ретінде пайдаланылған. Мұның дәлелі уақытынан кешіктірілген жұмысты 21 қараша түнгі сағат 23.30 шамасында жіберуді сұрап, жинатты.
Білімгер ретінде мақала өткізгенімен жеңімпаздар қатары тек бірнеше жылдық еңбек өтілі бар журналистерден тұрғанына Жетісу университетінің 4-курс студенті Мақпал Әділханқызы төмендегідей наразылығын білдірді.
– «Аяулы алақан» қоғамдық қоры ұйымдастырған байқау жарияланған күннен бастап дұрыстап өткізілмеді. 11-12 қараша күндері жауабы шығу керек байқаудың дедлайны 20 қарашаға дейін созылды. Комиссия отырысы қашан, қалай өтеді деп сұрағанда жабық өтеді деп қысқа қайырды. Бірақ, нәтиже шығып, журналистер наразылықтарын білдіргенде ашық өтті деп тағы өз сөздерін теріске шығарды. Журналистер мектебін құруға 6 млн. қаражат жұмсалғанын барлығы біледі. Тағылымдаманың жеті орнын әшейін 7 журналиске бөліп бере салған. Ешқандай да ашық комиссия отырысы болған жоқ. Бірнеше жыл тәжірибесі бар журналистерге 3 күндік тағылымдама неге керек? Мұндай байқаулар студенттерге біліктілігін арттыру, білмегенін үйрену мақсатында өтуі тиіс емес пе?
Ұйымдастыру деңгейі өте нашар болды. Мамандар өз жұмыстарын нақты білмейді, тіпті қазақшаға шорқақ. Ақшаны жарату үшін, көзбояушылықпен жасалған байқау екеніне көзіміз жетті, — деген өкпе назын айтты ол.
Шынтуайтында, байқаудың комиссия мүшелігінде қандай мамандар отыр? Қорытынды қалай шығарылды? Бұл жайлы ешбір ақпарат айтылмады.
Комиссия отырысы ашық өткен болса, неге нәтиже шықпас бұрын Жансерік Маратұлы: «комиссия отырысы жабық түрде қаралады» деп айтты? Байқау жауабы шыққан күннің өзінде журналистер мен студенттер жеке пікірімен бөліспек болып чатқа жазған әр хабарлама өшірілді, соңында тіпті ашылған топта тек админ сөйлейтін болып өзгертілді.
Шілде айында Бейсен Құранбек атындағы журналистер мектебі құрылады деген жаңалық барша БАҚ өкілдерін қуантты деуге болады. Алайда, бүгінде жобаның қорытындысы барша өңірлік журналистердің сеніміне селкеу түсірді. Атауы марқұм Бейсен Абайұлының мәртебесіне сай болып, түрлі жоғары деңгейдегі іс атқарылар деп күткен жоба, өкінішке қарай артқан үмітті ақтамады.
Мектеп құрылады деп жоспарланған шілде айында жоба ұйымдастырушысы Ақжелең Рахатдинқызы: «Бейсен Құранбек атындағы журналис-тер мектебінің құрылуы көрнекті журналистің сара жолын жалғауға ниетті қаламгерлер үшін өте пайдалы болмақ. Қоғам игілігі үшін қызмет ететін тілшілердің жаңа буынын дайындауға мол мүмкіндік береді. Қазақ журналистикасының дамуына үлес қосамыз десек, осындай жобаларды жоғары деңгейде атқарғанымыз жөн. Біз тек қазақ журналистикасымен шектеліп қалмай шетел журналистикасының қыры мен сырын оқып, біліп, қажетті дүниелерді өзімізге алуға мүмкіндік аламыз. Осылайша кәсіби журналистиканың құзыреттілігін қалыптастырып, шетелдік медиа кәсіби мамандарды тарта отырып, оқыту курсын ұйымдастырамыз. Қысқасы, қазақ журналистикасына жанашыр тілшілердің жан-жақты білім алуы үшін бұл мектеп ауадай қажет екенін айтқым келеді. Қазақ журналистикасына орасан зор еңбегі сіңген Бейсен Құранбек аға-ұстазымыздың есімі біздей журналис-тер тұрғанда ұмыт болмауы тиіс», – деген болатын. Бірақ бұл жобаға Бейсен Құранбектің есімін берген болса, өте жоғары деңгейде өтуі тиіс еді.
Брифинг соңында журналистердің айтқан сынына Жансерік Байденов: «Алғаш рет жауапкершілікті алып, өткізіліп тұрған жоба болғандықтан қателіктерімізді кешірулеріңізді сұраймын. Айтылған сынның барлығын қабылдап, келесі жолы аталған олқылықтардың орын алмауына жауап береміз», — деп баспасөз мәслихаты қатысушыларына уәде берді.
Гүлнұр БАЙМҰХАН