ТӘУЕЛСІЗДІК МОНУМЕНТІ:АЗАТТЫҚТЫҢ АЛТЫН ТҰҒЫРЫ

0
149

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – еліміз үшін ең қасиетті әрі тарихи маңызы зор мереке. Бұл күн 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның егемендік пен тәуелсіздік туралы заң қабылдағанына байланысты жыл сайын атап өтіледі. Тәуелсіздік тек қана саяси дербестік емес, ол – ұлттың рухани бостандығының, тарихы мен мәдениетінің жаңғыруы. Бұл мерекені құрметтеу – әрбір қазақстандықтың борышы.

Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі тәуелсіздікке деген құрметтің символы ретінде халқымыздың тарихы мен мәдениетін паш ететін ескерткіш болып саналады. Ол 1996 жылы 16 желтоқсанда, Қазақстанның тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай, Респуб-лика алаңында салтанатты түрде ашылды. Бұл монумент халықтың тәуелсіздікке деген ұмтылысын, тарихи ерлігін және рухани байлығын бейнелейді.

Тәуелсіздік монументінің ерекшелігі мен тарихы

Тәуелсіздік монументі – жоғары символикалық мәнге ие туынды. Оның орталығында алтын жалатылған мүсін – «Алтын адам» орналасқан. Бұл образ ежелгі сақтардың көшбасшысына, әрі қазақ жерінің тарихи бастауларына меңзейді. «Алтын адам» қазақ халқының бай тарихы мен болашағының жарқын бейнесін көрсетеді.

Монументтің негізінде үш бөліктен тұратын композиция бейнеленген:

1. Орталық мүсін – биік тұғырда орналасқан «Алтын адам», ұлы көшпенділер өркениетінің символы.
2. Рельефтер мен шағын мүсіндер – қазақ халқының тарихи кезеңдерін, билер мен хандардың әділеттілігін, халықтың азаттығы үшін күресін бейнелейді.
3. Архитектуралық үйлесім – монумент айналасындағы кең алаң ұлттық нақыштағы тас плиталармен көмкеріліп, мерекелік және қоғамдық іс-шаралар өткізуге лайықталып салынған.
Монумент авторлары – мүсінші Шота Уәлиханов пен сәулетші Н.Далбай, Ә.Жұмабаев, Қ.Жарылғапов, Қ.Монта-қаев бастаған шығармашылық топ. Олар тәуелсіздікті, бірлік пен тұрақтылықты эстетикалық тұрғыдан көркем бейнелеген.

Тәуелсіздікті құрметтеу –ұлт рухын көтеру

Тәуелсіздік – елдің басты құндылығы. Оны құрметтеу – тарихымызды, мәдениетімізді, ата-бабаларымыздың ерлігін бағалау деген сөз. Тәуелсіздік монументі тек ескерткіш емес, ұлт рухын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін тәлімді орын. Мұнда жыл сайын мереке қарсаңында салтанатты шаралар ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылады.
Бүгінгі жастар үшін тәуелсіздікті құрметтеу – өз болашағын бағалау. Әрбір азамат тәуелсіздіктің мәнін ұғынып, елдің дамуына өз үлесін қосуы керек. Бұл – бізге мұра болып қалған құндылықтарды сақтап, оларды байыту арқылы жүзеге асады.
Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі – егемен еліміздің тарихы мен болашағының символы. Ол Қазақстан халқының тәуелсіздікке деген ұмтылысын көрсететін ерекше мәдени-тарихи ескерткіш. Тәуелсіздік күнін атап өту арқылы біз елдігімізді, бірлігімізді, рухани құндылықтарымызды нығайта түсеміз. Осылайша, әр азамат тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруға атсалыса алады.

Талшын ЕРЛАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ