ТЕКЕЛІ МОНО ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?
Жыл соңында әдеттегідей, әкімдер журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, жыл қорытындысынан хабардар етіп отыратыны жақсы-ақ шара. Солардың бірі Текелі қаласының әкімі Алмас Қабдұлұлының журналистермен өткізген баспасөз мәслихаты, яғни, жыл қорытындысы туралы.
Әкімнің баяндамасындағы цифрларды қайталап, оқырманның уақытын алмауды жөн көрдік. Өйткені ол цифрлар өткен жылмен салыстырмалы түрде берілмеген соң, түскен қаражат пен инвестиция, ауылшаруашылығында өндірілген өнім де аз ба, әлде көп пе белгісіз. Белгілісі – 5 бюджеттік емес жобаны іске асыру қолға алынғаны. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайған сыңайлы. Өйткені Текеліде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Ал өнеркәсіп өнімі — 26,2 млрд.теңгеге өндірілді дегенін де салыстырмалы цифрлар болмаған соң түсінбедік.
Баспана салу жағынан Текеліде оңды жетістіктер бар екен. Баспана салу және сату саласында жыл басынан 13,8 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Оның 9 мың шаршы метрі бюджет есебінен, 4,8 мың шаршы метрі халық қаражаты есебінен жасалған.
Жиын барысында ойын, спорт алаңдарын салу және жөндеу жұмыстарында атқарылған істер баяндалды. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау, көше жарықтарын орнату, су құбырларын ауыстыру және жөндеу, көшелердегі кірме жолдардың асфальтталуы, қаланы табиғи газбен қамту және қаланың басты жолдарын жөндеу сияқты басты мәселелер аясында жүргізілген жұмыстар мен бөлінген қаржының мөлшерімен толығырақ бөлісті.
Әлеуметтік сала мәселелері бойынша да жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2 мыңға жуық жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылғанын, Білім беру саласында инфрақұрылымның қолдау қоры есебінен Рудничный ауылындағы 200 орынға арналған 30 орындық шағын орталығымен орта мектептің құрылысы қаржыландырылады деп жоспарланғаны айтылды.
Ал денсаулық сақтау саласында 2024 жылы «Металлург» шағын ауданында блокты-модульді медициналық пункті қолданысқа берілгенін, 2025 жылға жедел жәрдем станциясына арналған блокты-модульді конструкция құрылысына 90 млн. теңге қаражат бөлінетінін айтты.
Әкімнің баяндамасы аяқталғаннан кейін журналистер қауымы көкейіндегі сұрақтарымен алмасып, түрлі мәселелермен жаңалықтардың рас өтірігін анықтады.
Сұрақ: Текелі қаласында шаңғы-биатлонын салу туралы қандай жұмыстар жасалынуда?
Қала әкімі: «Президенттің тапсырмасына сәйкес құрылыс жұмыстарына проект жасалды. 11,3 млрд. қаражат жұмсалады деген жоспарлар бар. Қазір ол бойынша біздің, облыстың тарапынан министрлікке сұраныс жіберілді. Қабылданған жағдайда жұмыстар 2 жыл аралығында толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Шаңғы-биатлонын салуға қолайлы жер де қарастырылған. Текесу деген аумақта комплекс салу оңтайлы. Алайда аталған жердің жартысы жеке меншікте, қалған жартысы жалға берілген. Инвесторлар тартылып, жоба мақұлданса жұмыстар басталады».
Сұрақ: Тұрмысы нашар отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынуда дедіңіз. Ал оның тапсырыс берушісі кім — облыс па, әлде қала әкімдігі ме?
Әкім: Тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін өзіміз. Яғни өз қаржымызға саламыз. Әрине, республикадан несие ретінде қаржы беріледі. Биыл 40 пәтерді жалға берілетін етіп, қалған 40 пәтерді несие ретінде бердік. Сатып алынатын үйлерге қаржы республикалық бюджеттен беріледі. 10%-ға жуық қаржы облыстан беріледі. Пәтерлердің барлығы 2 жылдан артық қолданылмаған немесе жаңа болуы шарт.
Сұрақ: Текелі қаласына кіре берісте 20 шақты тұрғын үй салынып жатқан жер бар. Оны кім салып жатыр? Нысанның паспорты деген болушы еді мердігер мекеменің аты, аяқталатын уақыты, басшысы жазылып тұратын. Ол жоқ. Жұмысшылар да білмейді кім екенін?
Әкім Алмас: «Қалаға кіре беріс аумақта бізде газдың құрылысы жасалған. Ол жақта құжаты ілулі тұр. Үйлердің де салыну паспорттары тұрған. «Шымыр» компаниясы инвестициялық жобаға өзінің қаражатынан 60 пәтерлі үй бастап кетті. Басқа кіре берісте құжаты жоқ құрылыс жоқ», — деді.
Осы бағыттағы басқа да сұрақтарымызға әкім Алмастан ұтымды жауап ала алмадық. Білім саласы, қаланың ыстық сумен қамтамасыз етілуі туралы сұрақтарға әкім біржақты ғана жауап беріп, «бәрі бар, бәрі дұрыс, сіз ыстық суы жоқ үйге қашан бардыңыз, қай үйге бардыңыз?» деп журналистің өзіне сұрақ қоюмен шектелді. Бірақ проблемалық сұрақтардың біразын шешуге күш салатынын айтты. Қысқаша айтқанда, әкімнің журналистермен өткізген баспасөз мәслихатына көңіліміз толмай қайттық.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ