ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ТУДЫРҒАН ЖАҢА ЗАҢ

0
31

2025 жылы енгізілген заңдар: заман талабы ма, әлде асығыс шешім бе? Қазақстанда бірқатар жаңа заң қабылданды, олардың кейбірі қоғамда қызу пікірталас тудырды. Әсіресе, көлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салу туралы заң – көпшіліктің наразылығын оятқан басты тақырыптардың бірі болды.

2025 жылы енгізілген бұл заң экологияны жақсарту, ауаға тарайтын зиянды газдардың мөлшерін азайту мақсатында қабылданды. Алайда, суық климатты аймақтарда тұратын жүргізушілер мен көлік иелері үшін бұл шешімнің қолайсыздығы анық байқалды. Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріндегі қыстың қатаң жағдайында көлікті бар болғаны 5 минут қыздыру жеткіліксіз.
«Қыстың суығында көлікті 5 минут қыздыру жеткіліксіз. Қозғалтқыш толық қызбай, көліктің ақаулары көбеюі мүмкін. Сонымен қатар, терезелердегі мұз ерімей қалады, бұл жүргізушінің көру мүмкіндігін шектеп, апатқа әкелуі мүмкін», — дейді көлік жүргізушісі Манарбек.
«Біздің аймақта қыстың қақаған аязында көлікті 10-15 минут қыздыру қажет. Мұны елемей, тек 5 минутпен шектелу – дұрыс емес шешім. Көлікті дұрыс қыздырмау техниканың қызмет ету мерзімін қысқартады», — дейді ауыл тұрғыны Айдос.
«Менің ойымша, бұл заңда кейбір олқылықтар бар. Себебі жаңа көліктер бес минутта қызуға дайын болғанымен, Қазақстандағы барлық тұрғындардың жаңа көлік мінуге мүмкіндігі жоқ. Ескі көліктер үшін бес минут жеткіліксіз болады. Оның үстіне, қазіргі қыс мезгілінде көлікті дұрыс қыздырмау мотордың істен шығуына әкелуі ықтимал», — дейді қала тұрғыны Бауыржан.
«Мен бұл заңға қарсымын, себебі Астана қаласының тұрғыны ретінде мұнда ауа райы өте суық. Қыс мезгілінде аязды күндерде көлікті тек 5 минут қыздырып, жолға шығу мүмкін емес. Бұл уақыт мотордың қажетті температураға дейін қызуына жеткіліксіз. Егер көлік дұрыс қызбаса, оның жұмысы бұзылып, мотор істен шығады. Бұл әсіресе ескі көліктер үшін өте қауіпті», — дейді Астана қаласының тұрғыны Руслан.
Экология мәселесі аса өзекті болғанымен, бұл заңның климаттық ерекшеліктерді ескермеуі – көпшіліктің наразылығын тудырды. Мұндай шешімдер қоғамның бір бөлігін қолайсыз жағдайға қалдырып, заңның негізгі мақсатына жетуін қиындатады.
Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы әртүрлі. Егер оңтүстік өңірлерде бұл заң тиімді болса, солтүстік өңірлерде керісінше мәселелер тудырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай заңдарды қабылдауда аймақтық ерекшеліктер мен халықтың қажеттіліктерін ескеру маңызды.
Қоғамның кейбір мүшелері бұл өзгерістерді қолдағанымен, олардың асығыс әрі толық зерттелмей қабылдануы елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақ-тылыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Экологияны жақсарту, елдің даму бағытын анықтау үшін жасалған қадамдар халықты қолайсыз жағдайға қалдырмауы керек. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту үшін әрбір жаңа заңның пайдасы мен салдары алдын ала зерттелуі тиіс.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ