ҚАРТТАРДЫҢ ДА ӨНЕРГЕ БАР ТАЛАСЫ

0
33

Ардагерлер – халқымыздың шежіре кітабын арқалап келе жатқан, өмірдің талай дауылын көріп, рухын сындырмаған асыл азаматтар. Олар – ел тарихының куәгері ғана емес, оның тірі айғағы. Әрбірінің жүрек түкпірінде сақталған жылдар естелігі, ұлт жадында мәңгі жаңғырып тұрар тағылым ізі бар.

Қарттардың өткен өмірі бір дәуірдің айнасы, бір ұлттың ұраны. Ардагердің әрбір сөзі – тарих, әрбір ісі – өнеге. Бүгінгі тыныштық пен бейбіт өмірдің тамыры дәл сол жандардың қажырлы еңбегінде, төгілген терінде, от пен оқтың арасынан аман шыққан ерлік жолында жатыр. Сол үшін де біз оларды қадірлеу арқылы өткенге тағзым етіп, келешекке сенім ұялатып отырмыз. Ардагерге құрмет – ел рухына құрмет. Себебі оларсыз елдің өткені тұл, бүгіні мәнсіз болар еді.

ҚАРТТАР – БІЗДІҢ ҚАЗЫНАМЫЗ

Қазыналы қарттарымыз ұлттың жүрегі, ел рухының ең биік шыңы. Олардың маңдайында уақыттың ізі, көзінде өмірдің нұры, жүрегінде халықтың үміті бар. Олар ұлттық болмыстың тамыры, дәстүр мен мәдениеттің алтын діңгегі.
Жасы ұлғайса да, жаны жас тұлғалар ән айтқанда үндері өмірге деген махаббатты, домбыра шалғанда саусақтары жастық шағының жалынды лебін сездіреді. Осы жандардың

арқасында ұлттық өнер мен рухани мұра үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Қазан айының 1-і Халықаралық қарттар күні – мейірім мен құрметтің, ізет пен ризашылықтың мерекесі тойланған болатын. Осы күн аясында өткен әрбір іс-шара ардагерлерге деген алғыс пен сүйіспеншіліктің көрінісі.
Міне, сондай рухты мерекенің бір айғағы өткен газет нөмірлерінің бірінде жариялаған байқау болмақ. Талдықорған қаласында өткен дәстүрлі «Ардагер әншілер байқауы» ән арқылы өмірге деген сүйіспеншілігін білдірген, өнер арқылы ұлт рухын асқақтатқан жандардың мерейін паш еткен мереке болды.

ӨНЕР – МӘҢГІЛІК, АРДАГЕР – ӨШПЕС ШЫРАҚ

Қазанның 8-і күні Талдықорған қаласындағы Ардагерлер үйінде өткен байқау – қарттардың жанына шуақ, көңіліне қуаныш сыйлаған ұлы мереке іспетті.
58 ардагер сахна төріне көтеріліп, ән мен күй арқылы өмірге деген сүйіспеншілігін паш етті. Әрбірі өз дәуірінің куәгері, өз заманындағы сахнаның саңлағы.
Сахна төрінде шырқалған әр әуен – жүректен шыққан шын сыр, өмірдің өзі. Ардагерлердің ән салған сәтінде көрерменнің көзіне жас үйіріліп, залды ерекше толқыныс кернеді. Себебі бұл әндер уақыттың үнін, ұлттың рухын жеткізді.
Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан 17 өнерпаз қазанның 14-і күні өткен қорытынды гала-концертте өз таланттарын жоғары деңгейде көрсетті. Кешті Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Керімбеков Ақшабай Дүйсенбекұлы құттықтау сөзбен ашып:
– Ардагердің әні – елдің жаны. Өнер – мәңгі өлмейтін рухтың айғағы. Сіздер – соның жарқын дәлелісіздер, – деп ізгі тілек білдірді.
Сахна төрінде қазақтың дәстүрлі әндерімен қатар, классикалық шығармалар мен заманауи туындылар шырқалды. Домбыра мен баянның үні, вокалды аспаптардың әуені бірігіп, залды бір сәтке уақыт тереңіне жетеледі. Ардагерлердің сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі жастарға үлгі болды.

ЖҮЛДЕГЕРЛЕР МЕН МАРАПАТ ИЕГЕРЛЕРІ

Өнер додасының көркін қыздырған қазылар алқасы – ел мәдениетінің жанашырлары Нұрғалиева Дина Нұрғалиқызы, Есенгелдинова Сая Қабдыкенқызы, Боқашева Айман Көпесбайқызы. Олар қатысушылардың әрбір қимылынан, әрбір нотасынан жүрек жылуын сезініп, әділ бағасын берді.
Байқау жеңімпаздары:
Бас жүлде Доспанбетова Рая. Оның даусы тыңдарманның жүрегін елжіретіп, сахнаны нағыз рухани мекенге айналдырды. І орынды әуені нәзік, үні мөлдір, сахнадағы тұрысы айбынды Ардақ Ибраева иеленді. ІІ орын «Ретро» тобы және трио: Елена Тетченко, Тамара Воробьева, Зухра Искакова сияқты ардагерлерге бұйырды. Олар ән арқылы достық пен бірліктің үнін жеткізді. ІІІ орын сахнада шынайылық пен рух биігін көрсеткен Дарияш Көңбай, Тұрсынғазы Жұманкөзов, Асхат Исатаевтарға берілді.
Ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар да өз иелерін тапты. Олардың қатарында сахнада ерекше жарқ еткен Боқашева Айман Көпесбайқызы, Қайниса Мұхаметқали, Күланда Шабанбайқызы, Гүлмира Бостайқызы, Саяқ Көкенов, Дариға Аманғалиқызы және басқа да өнер иелері бар.
Бұл марапаттар бойында әншілік дарыны бар ардагерлердің өмір бойғы адалдығына, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігіне берілген құрмет.

ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ, ӨНЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Бұл байқау тек ән жарысы емес, адам рухының салтанаты, өмірге деген сенімнің символы. Ардагерлердің сахнаға шыққан әрбір сәті ұлт жадындағы мәңгілік естелік. Олардың үні – жастықтың жалынын, елдің еңсесін, өмірдің мәнін жеткізген ұлы үн.
Осындай мәдени жобалар ұрпақ сабақтастығын нығайтып, жас буынға ұлттық рухты сіңіреді. Ән арқылы ата-баба аманаты, дәстүрдің алтын арқауы жалғасып отыр.
Жасы егде болса да, рухы биік бұл өнерпаздар өмірге деген құштарлықтың, өнерге деген адалдықтың нағыз үлгісі. Олар арқылы жастар тек өнерді ғана емес, адамдықты, еңбекті, елге қызмет етуді үйренеді.
Мұндай шаралар респуб-ликалық деңгейде кеңейтілсе – қарттарымыздың әлеуетін ашып, өмірге деген шабытын еселей түсері сөзсіз. Бұл – ұлт мәдениетінің өрісін кеңейтіп, ел рухының биіктеуіне жол ашады. Тілші түйіні: Ардагерлер – ұлттың ұяты, рухтың шырағы, елдің айнасы. Олардың еңбегі мен ерлігі тарихымыздың мәңгі өшпес парағы. Ал олардың өнерге деген махаббаттары өмірге деген құлшыныстың айғағы. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді дана қазақ. Расында, ардагердің бар болмысы – халқымыздың айнасы мен бейнесі. Сахна төрінде шырқалған әрбір ән – өткен мен бүгіннің, аға буын мен жас буынның арасындағы алтын көпір.
Ардагерлердің әні – ел жадындағы үміттің үні, рухтың биігі. Оларға тағзым – ұлттың мәңгілік рухына тағзым!

 

Нурила НҰРБОЛҚЫЗЫ