КІТАПХАНА ЖАҢҒЫРЫП ОҚЫРМАН ЖАНДАНДЫ

Кітапхана – халықтың рухани байлығы мен мәдени дамуының айнасы. Қазіргі цифрлану дәуірінде де оқырман мен кітап арасындағы байланысты сақтау, кітап оқу мәдениетін насихаттау өзектілігін жойған емес.
Жетісу облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы осы бағытта заман талабына сай жаңарып, қорын толықтырып, оқырмандарға барынша қолайлы орта қалыптастырып келеді. Бұл туралы облыстық орталық кітапхананың директоры Самал Қанатханқызы Шаяхметовамен сұхбат барысында танысып, білістік. Кітап қорының жаңаруы, электронды ресурстардың көбеюі мен жас оқырмандардың белсенділігі – аталған кітапхананың көркеюінің айғағы. «Бұл қандай бастамалар екен?» деп ойлансаңыз, сұхбатымызды оқуға кеңес береміз оқырман.
– Бүгінгі таңда облыстық кітапхананың қорында қанша кітап пен басылым бар? Жыл сайын кітапхана жаңа кітаптармен қаншалықты толықтырылады? (Соңғы жылдары қор қалай жаңарып келеді? Электронды ресурстар үлесі артып жатыр ма?)
– Бүгінгі таңда облыстық кітапханамыздың кітап қорында 205 966 дана кітап пен 14 188 басылым бар. Ал облыс бойынша жалпы кітап қоры 2 827 437 дана кітапты, басылымдар саны 91 513-ті құрайды. Бұл – аймақ тұрғындарының рухани және мәдени сұранысын өтеуге бағытталған үлкен әлеует. Кітапхана қоры бірнеше бағытта толықтырылып келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыспен келіп түсетін жаңа әдебиеттер, жергілікті бюджет арқылы алынған басылымдар және облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген кітаптар мен «Кітапханаға кітап сыйла» атты акция аясында да кітапхана сөрелері жаңа кітаптармен толықтырылуда.
Биыл алғаш рет кітапханамызға Жетісу облысы әкімінің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен 9 млн. 500 мың теңге қаржы бөлініп, оқырмандарымыздың сұранысындағы 2130 дана жаңа кітап қорымызға келіп түсті. Сонымен қатар, 2 ПланСкан аппараты алынды. Бұл кітапханамыздың оқырмандарына сапалы қызмет көрсетуге маңызды ықпал беретін фактор.
Сонымен қатар әдебиет оқуға қолжетімділікті арттыру мақсатында Жетісу облысы құрылғалы келісімдерімен жергілікті авторлардың шығармалары Қазақ Ұлттық Электрондық Кітапханасының (ҚазҰЭК) сайтына облыс бойынша 173 дана кітап енгізілген. Оның ішінде 109 дана кітап облыстық кітапхана қорынан енді. Бұл өз кезегінде электронды ресурстардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Қазіргі таңда кітапханада тіркелген оқырман саны қанша? (Олардың ішінде жастардың үлесі қандай, оқырман белсенділігіне қатысты қандай өзгерістер байқалады?)
– Қазіргі таңда Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында 14 336 оқырман тіркелген, ал Жетісу облысына қарасты кітапханаларда оқырман саны 211 267 құрайды. Оқырмандарды кітапханаға тарту мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру біздің басты мақсатымыз. Осы мақсатқа жету барысында түрлі форматта мәдени іс-шаралар өткіземіз.
Кейінгі жылдары оқырмандардың қызығушылығын арттыру мақсатында еркін форматтағы шараларды жиі өткіземіз. Себебі келушілердің басым бөлігі жас буын болғандықтан ресми форматтағы шараларды еркін форматқа көшіріп, бүгінгі кітапхананы рухани демалыс орталығы жағынан ұсынудамыз. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жастардың кітапханаға келуі жиілеп, оқырмандарымыздың саны өсуде. Сонымен қатар, кейінгі кезде оқырмандарымыздың қысқа, тез қолжетімді мәліметтерден, әлеуметтік желілерден шаршағандары байқалып, дәстүрлі кітап оқуға құлшынысы артқаны да байқалады.
– Кітапханашылардың еңбек жағдайы мен жалақысы туралы айтып өтсеңіз. (Бұл сала мамандарының еңбегін ынталандыру немесе қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?)
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кітапхана саласының әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатында соңғы үш жылда бірқатар маңызды шаралар қабылданып, жағдайлар жасалуда. Кейінгі жылдары кітапханашылардың жалақылары біршама көтеріліп, кітапханаға жақсы кадрлар тартылуда.
Сонымен қатар, жылда жұмысқа деген құлшыныстарын, шығармашылықтарын дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында Жетісу кітапханашылары арасында «Үздік жас кітапханашы», «Үздік жыл әдіскері», «Үздік библиограф», «Үздік балаларға арналған жоба» байқаулары жүйелі түрде ұйымдастырылып «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесінде арнайы бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
– Кітапхананың алдыға қойған даму жоспары мен жаңа жобалары қандай? (Оқырман тарту немесе кітап оқу мәдениетін насихаттау тұрғысынан қандай бастамалар бар?)
– Кітапхананың даму жолда-рындағы аса маңызды факторлар ол әрине оқырмандарға — келіп кітап оқуларына ыңғайлы жағдай туғызу және жақсы білікті кітапханашы кадрларды оқыту. Оқырмандарға жағдай жасау бағытында кітапхананың жиһаздарын біртіндеп жаңартып, жағдай жасалуда. Ал кітапханашылардың біліктіліктерін арттыру мақсатында жылда Алматы қаласында орналасқан Ұлттық кітапханаға біліктілік арттыру курстарына барады. Облыстық кітапханамызда әдістемелік-тренинг сабақтары да жоспарлы түрде ұйымдастырылады. Тренингте акцент тек кітапханашылардың шара өткізу, әлеуметтік желілермен жұмыс жасауына ғана емес, аса зейін кітапханашылардың ішкі жұмыстарына беріледі. Биылғы жылы Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінің кітапханашысы Нұрланов Рауан Әуесбекұлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына — 2025» фестивалінде «Айырықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған кітапхананың үздік қызметкері» номинациясын жеңіп алды.
Облыстық кітапхана жыл сайын ұйымдастыратын «Үздік жас кітапханашы – 2025» байқауының облыстық іріктеу кезеңінде Ескелді ауданы, Көкжазық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нүсіп Айжан Бекежанқызы 1-орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Айжан облыс намысын қорғап, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында өткен республикалық байқауға қатысып, жоғары дайындық пен кәсібиліктің арқасында Бас жүлдені жеңіп алды.
2025 жылдың 17-18 қыркүйек күндері аралығында Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында өткен Қазақстан Кітапханалық Одақтың кезекті жұмыс отырысында Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы «Ең үздік ақпараттық кітапхана сайты» номинациясына ие болды.
Осы жетістіктеріміз сапалы еңбектің, кітапханашылардың өз жұмыстарына құрметпен қарауы мен ауызбіршілігіміздің нәтижесі деп есептейміз.
– Самал Қанатханқызы берген толыққанды жауабыңызға рахмет. Бүгінгі таңда кітапхана – тек кітап оқитын орын емес, рухани демалыс, шығармашылық пен білім алаңы. Жетісу облысының кітапханашылары өз еңбегімен осы идеяны іс жүзінде дәлелдеп жүр. Осы орайда, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана ұжымын және барша кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жемісті, оқырмандарыңыз көп, руханият жолындағы қызметтеріңіз берекелі болсын!
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ