МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ БАСЫМ
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс, қала, аудандарда «Еңбекпен ер атанған» атты көш керуені ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Журналистер үйінде өткен брифингте Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Қуаныш Сүлейменов баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Яғни аталған жобаның басты мақсаты түрлі мамандық иелерінің беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру. Бұл бағытта мәдениет саласы да жұмысшыларды қолдау мен ынталандыруда өз үлесін қосуды алғашқылардың бірі болып қолға алып отыр. Облыстық театр және филармония әртістері жұмысшылар алдында қойылымдар қойып, концерттер беріп, еңбегімен ер атанған тұлғалардың өмір жолы туралы насихаттайтын музей, галерея, кітапхана көрмелері таныстырылып, олардың демалысын қызықты әрі мазмұнды етуге атсалысу жоспарланған. Бұл шаралар жұмысшылардың рухани дамуын қамтамасыз етіп, олардың еңбекке деген ынтасын арттыратыны анық.
Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты театр, филармония, музей, кітапхана, көркем өнер галереясы, халық шығармашылық орталығы ұжымдарымен бірлесе облыс көлемінде ауқымды жоба іске асырылады.
– Биылғы жыл «Еңбекпен ер атанғандар» деп жариялануына орай 24 қаңтар күні Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен М. Тынышбайұлы атындағы Жетісу облысының тарихи-өлкетану музейінде «Жұмысшы мамандықтары: кеше және бүгін» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өтеді. Шараны өткізу аясында Социалистік еңбек ерлерінің (Н.Алдабергенов, З.Тамшыбаева) жеке заттары, XX ғасырда ауыл шаруашылығында қолданылған еңбек құралдары, «Ажар» тігін фабрикасы мен «Жетісу» аяқ киім фабрикасының тауарларымен безендірілген көрме бойынша экскурсия жүргізіледі. Шарадан кейін бірден аудандарды аралап, мәдениет үйлеріне барып, театрланған қойылымдар мен шағын концерттер ұйымдастырамыз. Аталған бастама Ескелді ауданынан бастау алмақ, — дейді Қуаныш Сүлейменов.
Жобаның мақсаты жұмысшы мамандықтары жылын насихаттау, кәсіптердің мәртебесін көтеру және олардың маңыздылығына аса назар аудару. Сонымен қатар, әр еңбектің лайықты орны бар екенін өскелең ұрпаққа жеткізу, жас буынды еңбекке баулуға шақыра отырып, жұмысшы мамандықтары жылының бастамасы арқылы күнделікті қоғамның игілігі үшін жұмыс істейтіндерге қызығушылықты ояту.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс көлемінде мәдениет саласының мамандары басқа да жобаларды ұйымдастыруды ойластыру үстінде. Алдағы күндері театр сахнасынан жаңа 7 спектакль көрерменге жол тартпақ. Оның ішінде 4 спектакль биылғы жылдың еңбек адамдарына байланысты болады. Филармония ұжымының да түрлі концерттік бағдарламалары жоспарланған. Жетісу саз ансамблі, Мұхан Төлебаев оркестрі, Эстрадалық симфониялық оркестр, басқа да әншілер мен бишілердің басын қосып, ауылдарды аралайтын гастрольдік сапар жыл соңына дейін жалғасын табады.
БАҚ өкілдерімен сұрақ-жауап уақытында Маяковский атындағы кітапхананы 80 жылдығы атап өтілетін Жұматай Жақыпбаевтің атына ауыстыру жайлы ұсыныс айтылды. Бұл жайлы Қуаныш Сүлейменов:
– Бұл сұрақ орынды әрі өзекті тақырып. Аталған ұсынысты Әміре Әрін көптен бері қозғап келеді. Ономастика мәдениет басқармасына қатысты емес, ол біздің құзырымызға жатпайды. Сұрақ қоғамдық даму басқармасына қарайды. Қоғамдық даму басқармасы министрлікке ұсыныс тастаған, алдағы күндері шешімі жария болады. Мен өз тарапымнан Жұматай Жақыпбаевқа мектеп, кітапхананың атын беруге, ол кісіге арнап жазушылардың басын қосатын үлкен ғимарат салу да артық етпейтініне толықтай келісемін.
30 қаңтар күні қазақтың поэзия өнеріне, жалпы осы ақындық шыңның биігіне шыққан азамат, Мұқағалиден асып түспесе кем соқпайтын Жұматай Жақыпбаев 80 жасқа толады. Ақын-жазушылармен ақылдасып, сол күні Дәнеш Рақышев атындағы филармония залында үлкен әдеби сазды кеш өткіземіз. Облыстың басқа да мәдениет ошақтарында жыл бойы Жұматай Жақыпбаевқа арналған шаралар өткізіледі, — дейді.
Сонымен қатар, көрермен сауалдарының қатарында облыстағы мәдениет ошақтарының жоғарыда аталған үлкен жиындарды өткізуге жағдайы жарай ма деген сұрақ болды.
– Облыста 136 мәдениет үйі бар болса, оның барлығы мәдени қызмет атқаруға дайын. Соңғы 2 жылда облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың түрткі болуымен мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базалар жаңартылуда. Бұның бәрі үлкен жетістік, — деді Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы.
Шынымен де соңғы жылдары облыстағы мәдениет саласына айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Мысалы, өткен жылы 12 блокты-модульді мәдениет үйлерінің салынуына қаражат бөлініп, оның 8-і жаңа жыл қарсаңында ауыл азаматтарының қолданысына беріліп, тұсаукесері өткен болатын. Ал қалған 4 мәдениет ошағына бүгінде құрылыс жұмыстары жасалып, халық игілігіне тапсыруға әзірленуде.
2025 жылға 136 мәдениет үйінен бөлек, 17 блокты-модульді клуб салуға қаржы қарастырылған. 5 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Жалпы 30 мәдениет ошағын жұмысқа қосу мақсат етіп қойылған. Аталған істің барлығын жыл соңына дейін тәмамдап, жақсы жаңалықпен бөлісетін күн алыс емес.
Тағы бір ауыз толтыра айтар жаңалықтың бірі аудан, ауыл мәдениет үйлеріне сахналық киімдер тігуге 125 млн. қаражат бөлініп, әр ауылдық мәдениет үйінің бюджетіне 2,5 млн. қаржы жіберілген. Игі бастама наурыз-сәуір айларында аяқталып, сахналық киіммен барлық ауылдық мәдениет ошақтары қамтылады. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай облыс көлемінде орнатылған ескерткіштердің абаттандыру жұмыстарына 185 млн. қаржы бөлінген. Бұл жұмыстар да 9 мамырға дейін өз нәтижесін көрсетпек. Жаркент қаласында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мен сол кездегі қолданыста болған қару жарақтар, жеке заттар қойылған Даңқ мұражайының күрделі жөндеуіне де қаржы бөлінді. Кітапханаларға да республикалық бюджеттен 988 млн. қаражат бөлініп, оның 500 млн. қаржысы Кербұлақ ауданына орталық кітапхана салуға берілді. Ауылдардағы мәдениет мамандарын қамту мақсатында 30 штаттық бірлік қарастырылып, жұмысшылардың еңбекақысы 30%-ға көтерілген.
Өткенімізді жаңғыртып, болашағымызды жарқын ету үшін мәдениет саласындағы өзгерістердің маңызы зор. Ол ұлттың рухын, бірлігін сақтап, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болады. Көңілді көншіткен оң өзгерістер облыстағы мәдениет саласының дамуына айтарлықтай әсер етері сөзсіз. Айтулы бастамалардан жақсы хабар күтеміз.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ